Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес қазақстандық тауарларға басымдық беру бағытындағы ізденістер жылдан-жылға ширай түсіп келе жатқандығы мәлім. Бұл шараның ел экономикасының тез нығаюына, төл өндірістің тың серпінмен өркендеуіне ықпалы зор екеніне көз жетіп отыр. Жаңаша дамудың осы маңызды бір қырын одан әрі қарқынды жүргізуде бірқатар өзекті мәселелер шешімі табылуы да қажет. Қарағандыда өткен Қазақстан тауар өндірушілерінің “Қазақстандықты таңдаймыз” республикалық форумында бұл жөнінде жан-жақты сөз қозғалды.
Аталған жиынның алғашқысы да өндірісті өңір орталығында ұйымдастырылған болатын. Екінші рет оның қайта таңдап алынуы кездейсоқ емес. Облыс ел индустриясының негізін құрайтын өнеркәсіптік тұрғыдан аса қуатты өңірлердің бірі және индустриялық-инновациялық дамудың көш басында танылып келеді. Аймақта қазақстандық үлесті арттыру бойынша жұмыстарды үйлестірудің жинақталған тәжірбиесі бар. Сондай-ақ, “Қазақмыс” корпорациясы мен “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы сияқты алыптар орналасқан. Екеуінің, әсіресе, “Қазақмыстың” отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге қолдауы көлдей. Мұның алдындағыдай осы жолғы форум да оның атсалысуымен ұйымдастырылды.
Онда Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, облыс әкімі Серік Нығметов атап өткендей, іргелі экономикалық табыстарға қол жеткізуге отандық өнімнің өтімділігінің өсуі елеулі әсер етпек. Жергілікті тауар өткізушілердің бәсекелестік қабілетін күшейтуге, өз қызметтерін жандандыруға мүмкіндіктері уақыт өткен сайын кең. Үкімет жанынан қазақстандық мазмұнды дамыту жөнінде сараптау кеңесі жұмыс істей бастады. Енді осыған байланысты мәселелер жиі қаралады. Тауарлар сату мен қызметтер көрсетуде қазақстандық үлесті үлкейту үшін жаңа заңнамалық ережелер қабылданды, құқықтық негіз жасалынды. Кеден одағы шарттары ескеріліп, өзгертулер, толықтырулар енгізілді. Тапсырыс көздері кеңейтілді.
Сонымен бірге жер қойнаулары мен табиғат байлықтарын игерумен шұғылданушы шетелдік компанияларда қазақстандық үлес деңгейін көтеру, осы үлесте қөрсетілетін қызмет түрлерінен гөрі нақты өнім көлемін салмақтандыру қажеттігін айналып өтпеске болмайды. Жалпы, бұдан былай қарай мемлекет қолдауына сүйене бермей тауар өндірушілердің өз белсенділіктерін күшейтуі керектігі көңіл мазалауға тиіс. Сырттан сапалы әрі арзан заттар мен құрал-жабдықтар көбірек келуі мүмкін шақта бәсекелестікке дайын болу мәселесі тіреліп тұр деп айтуға болады.
Сөз кезегінде “Қазақмыс” корпорциясы ЖШС басқармасы төрағасы Эдуард Огай баян еткендей, “Қазақстандықты таңдаймыз” бағдарламасын іске асыруда тараптармен өзара тиімді серіктестік-қарым-қатынастар орнатылған. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың сегіз айында отандық өнімдерді қолдану көлемі 67 млрд. теңгені құрауы соның айғағы. Оларды сатып алу ұлғая бермек. Мұнымен корпорацияда құрылған арнаулы департамент айналысады. Ондағы мамандар Қазақстанның барлық өңірлеріндегі 55 ірі кәсіпорынды аралап шығып, қажетті өнімдерді қалап қайтыпты. Бұған қоса компанияда электронды сатып алулар жүйесіне тіркелу тәртібін түсіндіретін электронды тендерлердің өткізілу көрсетілімі ұйымдастырылған. Биыл 600-ге жуық отандық тауар өндірушілер осынау өндіріс ошағының аталған жүйесіне қатысуға шақырулар алды деді ол. Жиналғандарға және құлаққағыс қылынғандай корпорацияның алдағы 7 жылдық жұмыс бағдарламасымен қай-қайсысының таныса алуына мүмкіндігі бар. Соған сәйкес өздері өткізбек өнімдер көлемін белгілеп, тапсырыстарды нақтылап, атқарылмақ істерді алаңсыз бағдарлай алады.
Бірінші форумда “Қазақмыс” басшыларының отандық тауар өндіруге ынта танытушы шағын және орта бизнес топтарына қаржылық, яғни жеңілдетілген несие беру арқылы көмек көрсету жөнінде айтқан сөздері жерде қалмапты. Павлодардағы “Қазэнергокабель” АҚ директоры Дмитрий Цымбаль сондай қолдау арқылы алюминий кабелін шығару күрт ұлғайғанын қуана жеткізді. Мұндай қамқорлық шапағаты “Қарағандырезинотехника” ЖШС-ге де тиіпті. Резина бұйымдарын өндіру жыл басынан бері 2 есеге өскен екен мұнда. Инновациялық өнімді шығару үшін бірлескен кәсіпорындар құру, отандық кәсіпкерлерді қаржыландыруға жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты нығайту, жоғары білікті қазақстандық мамандар даярлау, қазақстандық өндірушілер игеру үшін тауарлар тізбесін жасау бағытындағы іс-шаралар тартымды бола түсері талассыз.
Бұл кеңес жұмысы “Металлургия және металл өңдеу”, “Мәшине жасау, тау-кен шахталық құрал-жабдықтар”, “Құрылыс индустриясы”, “Технологиялық химия және резинотехникалық өнімдер”, Электротехникалық құрал-жабдықтар мен материалдары тақырыптары бойынша бес секцияда жалғасты. Отандық кәсіпорындар өкілдері қызмет кезінде туындайтын мәселелерді талқыға салып, ынтымақтастықты беріктіруге бағытталған ой-ұсыныстарды бөлісті. “NaDLoC” жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі АҚ әзірлеген “Интернет порталы”, “Өндірушілер мен жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргізуде қолданылатын тауар, жұмыс және қызмет түрлерінің реестрі” ақпараттық жүйесі мен ережелері таныстырылды.
Әу баста әр істің көз қорқытатындығы белгілі. Өндірісте қазақстандық үлесті арттыру солай көрінсе де, ұмтылыс екпіні оны ұмыттырғандай. Отандық өнім өтімділігі өрлеу өрісі екені қазір кім-кімге түсінікті.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.