“Нұр Отан” ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек СӘДІБЕКОВ: “Қоғамдық қабылдаулар күрмеулі мәселелерді шешуге септеседі”
“Нұр Отан” ХДП халықтың есігін емін-еркін ашатын мекемелердің біріне айналып келеді. Өмір болған соң әркімнің басынан әрқилы жағдай өтеді. Ел ішінде күштімін дейтіндер момынның хақысын жеп, есе бермей кететін уақыттары көп болады. Мәселен, бір ауданда ұрлық болып, полицейлер бір адамнан күдіктенеді де кінәсін мойнына қою үшін біраз зәбір көрсетеді. Ұрып соғады. Кейінірек шын ұры табылғанда кінәсіз ұсталғаннан кешірім сұраса, өздеріне жаман боларын білген соң, оған пәле салуға дейін барады. Олардың қисынына салсаң, әлгінің денесіндегі жарақат іздері мас болып құлағанының салдары екен. Бұлармен жағаласқанға ұқсайды. Шілбиген неме біреуінің погонын жұлып алған ба, әйтеуір тағар айыптары көп. “Қарға қарғаның көзін шұқымайды” дейді халық.
Құқық қорғау органдарынан теңдік ала алмаған әлгі байғұс әділдікті “Нұр Отаннан” табады.
Бұл бір ғана мысал. “Нұр Отан” ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалына барсаң, қоғамдық қабылдауда ұбақ-шұбақ кезекті көресің.
Халықтың сеніміне ие болған партия өз мүшелеріне де талапты күшейтіп келеді.
Партия қатарын сапалық жағынан нығайту – оған мүше болуды мансапқа жетудің баспалдағы деп қана түсінетін және тек сол үшін пайдаланғысы келетін сыбайлас, жең ұшынан жалғасқандар мен кездейсоқ адамдардан арылу үшін, әрбір партия мүшесінің қызметіне принциптік баға беруді талап етіп отыр. Бүгінге дейін облыстық партия ұйымы қатарынан әртүрлі себеппен 871 адам шығарылды. Бұл жолдан қосылған жолбикелерден арылу болса керек.
Біз жақында “Нұр Отан” ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек СӘДІБЕКОВКЕ жолығып, партияның атқарып жатқан жұмыстарының бір парасымен танысқан едік.
– Бүгінгі таңда, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы партияның бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыру бойынша мақсатты да нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі есептік мәліметтер бойынша партия мүшелерінің саны 81187-ге жетті. Ал республика көлемінде “Нұр Отан” партиясы мүшелерінің саны 800 мыңға жуық. Жыл басынан бері 2601 адам мүшелікке қабылданды. Облыс аумағында 295 бастауыш партия ұйымы жұмыс істеуде. Партия мүшелерінің ең көп шоғырланған аймақтары – Түркістан қаласы мен Сайрам, Сарыағаш және Мақтаарал аудандары. Партия қатарына жаңа мүшелер тарту жөнінен ең белсенді жұмысты Арыс, Кентау қалалары және Шымкент қаласының Абай және Мақтаарал аудандары жүргізуде. Ал “Жас Отан” жастар қанатының мүшелері 20 мыңнан асты. Партия мүшелері жергілікті атқарушы билік органдары мен мәслихат депутаттарының басым көпшілігін құрауда.
Облыс көлемінде өткізілетін барлық іс-шараларды ұйымдастырудың негізі жүйелі кесте болып табылады. Жүйелі кестеде түрлі тақырыптық бағытта: қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, спорттық, ұйымдастыру-әдістемелік, экологиялық акциялар қамтылған.
Сонымен қатар азаматтық қоғам институттары үкіметтік емес ұйымдары, ұлттық-мәдени орталықтарымен, кәсіподақ ұйымдарымен әріптестік қарым-қатынас орнатылып, Елбасы саясатын насихаттауда бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстарды үйлестіруде облыс әкімі, “Нұр Отан” ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов жемісті жұмыс істеп келеді.
– Ұласбек Сәдібекұлы, облыстық саяси бюро мәжілісінде қандай мәселелер талқыланып жүр. Бұрын Кеңес одағы кезінде партия бюросынан кінәлі болғандар “бұйраланып шықтық, жанымыз әупірімдеп қалды” деп жататын еді. Сіздер де азуға басасыздар ма?
– Партия жазалаушы орган емес. Оны кеңестік кездегі шаш ал десе бас алатын әпербақан саясатпен шендестіруге болмайды. Біздің өз міндетіміз, демократиялық дамуға байланысты ұстаған өз қағидаттарымыз бар, одан айнымаймыз.
Облыстық саяси кеңес бюросы мәжілістерінде облыстық мәслихат депутаттары, партия фракциясы мүшелерінің депутаттық жұмыстарының есептері тыңдалады.
“Жол картасы” бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстары туралы әкімдердің есептері тыңдалып жатыр. Осы есептерді тыңдау барысында облыстық филиал жанынан құрылған сарапшы комиссия анықтаған кемшіліктерді жою және жүзеге асырылған жұмыстар бойынша ІІІ тоқсанның қорытындысымен облыстық филиалға ақпарат береді.
Облыс көлемінде конго-қырым қанды безгегінің таралуына байланысты орын алған төтенше жағдайға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар және облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың барысы туралы облыстық ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау басқармалары және Денсаулық сақтау министрлігі Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшыларының есептері тыңдалды.
Партияның сайлауалды тұғырнамасы мен облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының аймақтық бағдарламасын жүзеге асыруға облыстық партия ұйымының атсалысуы және өңірімізде қабылданған шешімдерге тиісті әсер-ықпалы барлық деңгейдегі мәслихаттардағы “Нұр Отан” партиясына мүше депутаттардың қызметімен қадағаланады.
Облыс көлемінде бүгінгі күнде 16 қоғамдық қабылдау бөлмесі қызмет істейді. 2010 жылдың 8 айында партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 4369 арыз-шағым түсті. Оның 2956-ы жазбаша, 1413-і ауызша. Облыстық партия ұйымы мен облыстық прокуратура, экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті, облыстық ішкі істер департаменті, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің өңірлік басқармасы – Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тәртіптік кеңес өзара түсіністік пен ынтымақ жөніндегі меморандумға қол қойды. Бүгінгі таңда осы меморандум аясында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.
2010 жылғы 22 шілдеде Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Сәттібек Оңғарбаев облыстық филиалда қоғамдық қабылдау өткізді. қоғамдық қабылдау барысында тұрғындардың өзекті құқық саласындағы шешімін таппай жүрген мәселелердің оңтайлы шешім табуына әсер етті.
Осыдан басқа “Нұр Отан” партиясы жүйелі кестесіне сәйкес облыс аумағындағы “Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына азаматтық бақылау” акциясы ұйымдастырылып өткізілуде. Акция барысында облыстық прокуратура мен қаржы полициясының жауапты қызметкерлері және “Нұр Отан” партиясы мүшелерінен құралған жұмыс тобы құрылып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына, заң нормаларының сақталуына сараптамалық жұмыстар жүргізуде.
– Қалада жастар тақырыбында өткен бір пікірталаста жастар тарапынан жұмысқа орналасудың қитұрқы әрекеттері бар екендігі айтылды. Мекемеге маман керек. Заң талабы бойынша басылымдарға хабарландыру береді. Облыстық “Жастар орталығы” талай білімді түлектерді ұсынған. Алайда, ешқайсысы өтпейтінге ұқсайды. Зерттеп қарасаң, тамыр-таныстарын алады екен деседі. Сіз осыған келісесіз бе? Партия өтініш айтып алдына келген жастарды жұмысқа орналастыруда осындай кедергілерді байқай ма?
– Мұның енді екі жағы бар. Мәселен, мұғалімдердің тамыз конференциясында Шымкент қаласының 66 маманға сұраныс беріп, 221 мұғалімді жұмысқа қабылдағаны жайлы дерек айтылды. Осыдан апталық сағат саны толық болмай, мұғалімдердің жалақысы жарымсыз болады. Маркетинг болмағандықтан Оңтүстікте мұғалім, заңгер сияқты мамандықты оқығандардың саны тым көбейіп кеткен. Жеке меншік оқу орындары да көп. Сонда бір бос орынға 20-30 адамға дейін келетін жайттар болады. Өтпей қалғандардың бәрі өкпелі болатындығы белгілі. Пара беру жағдайлары да осындайда етек алады. Бұл жөнінде де бізге арызданатындар көп. Бірақ, көзбен көріп, қолмен ұстағаннан кейін әділ төрелік айту қиын.
Партия филиалы алдына келген барлық азаматтарға жұмыс тауып бермегенімен, мүмкіндігінше көмектесіп келеді.
Облыстағы жергілікті жерлердегі орын алған өзекті мәселелерді шешу мақсатында 49 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Онда 306 азаматтың мәселесі қаралып, оның 204-і оң шешімін тапты.
Облыс тұрғындарына құқықтық көмек көрсету мақсатында және тұрмысы төмен азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында аптасына 2 рет сейсенбі және бейсенбі күндері облыстық адвокаттар алқасының мүшелері мен әділет департаментінің қызметкерлері филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінде 1067 азаматқа тегін заңгерлік кеңес берілді.
2010 жылдың сәуір айынан бастап “Тәуелсіз заңгерлер” қоғамдық бірлестігінің заңгерлері меморандумға сәйкес филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыс тұрғындарына күнделікті сағат 10.00-13.00 аралығында тегін заңгерлік кеңес беріп келеді.
Партия филиалының ұсынысымен 201 тұрмысы төмен азамат пен Ұлы Отан соғысының ардагерлері 2009-2010 жылдары жылу беру маусымында пайдаланған жылуға төленетін төлемақыдан босатылды.
Қоғамдық қабылдаулар барысында “Жол картасы” бағдарламасының “Жастар тәжірибесі” бойынша 169 азамат, “Ақылы қоғамдық жұмыс” бойынша 218 азамат жұмысқа орналастырылды.
– Жөн екен. Партия жанынан құрылған бақылау бекеттері әу баста құрылғанда тым-ақ белсенді еді. Қазір екпіні басылып қалғандай көрінеді. Себебі қандай? Осыған жалғас сұрақ, қандай келеңсіздіктердің алдын алдыңыздар?
– Бұл ойыңызға қосылмаймын. Партиялық бақылау бекеттері қырағылығын жоғалтқан жоқ. “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы тарапынан облыс аумағында қабылданған бағдарламалар аясында салынудағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан барлық нысандарда партиялық бақылау бекеттері құрылып жұмыс істеуде.
Ағымдағы жылы облыс аумағында 473 бақылау бекеті құрылды.
Қазіргі таңда бірқатар нысандардың құрылысының аяқталуына байланысты 120 партиялық бақылау бекеті өз жұмысын тоқтатып, 353 партиялық бақылау бекеті бақылау жұмыстарын жүргізуде.
Құрылыс нысандарындағы жіберіліп жатқан кемшіліктер барысында партиялық бақылау бекеттері мүшелері “дабыл” қағып, орын алған кемшіліктерді дер кезінде жоюға ықпал жасауда.
Партиялық бақылау бекеттері тарапынан айтылған ескертулерге қарамастан мердігер мекемелердің салғырттығына байланысты құрылыс жұмыстары өз мезгілінде аяқталмай отырған нысандар да баршылық.
Шымкент қаласы, “Азат” елді мекеніндегі 550 орындық орта мектебінің құрылысы 2006 жылы басталған. Аталмыш нысан бүгінгі күнге пайдалануға берілмей отыр. Бастапқы конкурстық құны – 257 140 311 теңге (мердігер “Казболгарстрой” ЖШС) .
2008 жылы желтоқсан айында мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттамалары қайта есептеліп, мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша нысанның жалпы сметалық құны 422 691 мың теңгені құраған.
Бүгінгі күні нысан құрылысын басқа мердігер (“КазHіtekEuroBuіldіng” ЖШС) жүргізуде. Мектеп құрылысын толық аяқтап, пайдалануға тапсыру үшін жергілікті бюджеттен 61,0 млн. теңге қосымша қаржы қаралып отыр.
Бәйдібек ауданы, Жарықбас елді мекеніндегі салынып жатқан Өтешов мектебінің құрылысын “Зәулім құрылыс” ЖШС бастаған. Биылға 296 438 мың теңге қаржы толық қаралып, үстіміздегі жылы пайдалануға берілуге тиіс құрылыс нысанының іргетасы құйылып, 1 қыркүйектен бастап 1-блокта кірпіш қалау жұмыстары басталды. Алайда, жоспар бойынша осы жылы аяқталуы тиіс нысан аяқталмау қаупінде тұр.
Ауыз су және ағын су мәселелерін шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарда да кемшіліктер анықталуда. Мысалы, Отырар ауданы орталығының су жүйелерін қайта жаңғырту жобасына 660 млн. теңге бөлініп, мердігер мекеме (“Астана LRS” пласт” – ЖШС) анықталған болатын. Партиялық бақылау жұмыстарының қорытындысына сай, мердігер мекеме жобада көрсетілген жұмыстарды орындамай отырғаны анықталып отыр. Олар: № 6 ұңғы жұмыс істемейді, № 4 ұңғы күрделі жөндеуден өтпеген, сусынағы болмаған, бұзылған көшелер қалпына келтірілмеген, су есептегіштер қойылмаған, орнын тот басқан, құдықтар сметаға сай істелмеген. Екі метрдің орнына 1,0-1,5 метр ғана, жалпы тартылған су жүйесі жобадағы 65114 метр орнына 55139 метр немесе 9975 метр жетпейді. Оған қоса нысанда пайдаланып жатқан барлық материалдардың сапа сертификаттары жоқ.
Төрткөл елді мекеніндегі су жүйесінің құбырларын орнату жұмыстарына 58,0 млн. қаржы қаралып, “Раустрой” ЖШС жеңімпаз атанған. Жоба бойынша 10 шақырым су жүйесі тартылып, қыркүйек айына дейін ауыл тұрғындарына ауыз су берілу керек еді. Мердігер мекеменің әрекетсіздігіне байланысты бүгінгі күнге ауыз су жүйесі әлі толық іске қосылған жоқ.
Жоғарыда атап көрсетілген сапасыз жұмыстар мен құрылыс нысандарында орын алып жатқан кемшіліктерді партиялық бақылау бекеттерінен келіп түсетін нақты мәліметтерге сай, анықталған кемшіліктерді жою мақсатында құзырлы органдарға ұсыныс хат жолданды.
– Елбасымыз, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюро мәжілісінде сыбайлас жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түспейтін ең басты бағыттың бірі екендігін атап айтып, “Нұр Отан” партиясының осы бағытта жұмысын күшейтуін тапсырды. Ал оңтүстікте қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Елбасымыз белгілеген бағыт бойынша жақсы жұмыстар жүріп жатыр деп сеніммен айтуға болады. “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы мен филиал жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес тарапынан облысымыздың қала, аудандары мен басқармаларында “Оңтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасының” орындалу барысымен танысып, сараптамалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесі бойынша жоғарыда атап көрсетілген комиссиялардың бірлескен отырысында тиісті аудандар мен мекемелер басшыларының есептері жоспарлы түрде тыңдалуда.
Ағымдағы жылы Шардара ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылған жұмыстарын сараптау барысында аудандық білім бөлімі атқарылған жұмыстар туралы мардымды ешнәрсе көрсете алмады. Аудан аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жұмысын басқа мектептерге әдістемелік үлгі ретінде таратып жүрміз деп көрсеткен М.Әуезов атындағы мектеп басшылығы “ондай жұмыстардан мүлдем хабарсыз екендіктерін” айтты. Яғни, көзбояушылыққа барған. Онымен кімді алдайды?
Осыдан басқа, Түлкібас, Қазығұрт, Бәйдібек аудандары әкімдерінің, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті, әділет басқармасы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қаржы министрлігінің облыстық аумақтық басқармалары басшыларының есептері тыңдалып, орын алған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді.
Осы баяндалған жұмыстар барша аудандық және қалалық партия филиалдарында да сабақтасып, өз үндестігін, үйлесімін табуда. Бұл өткізілген іс-шаралардың жергілікті тұрғындарға әсерлілігі санының көптігінде емес, керісінше оның мәнді ұғымында болып табылады.
Еліміздің саяси жүйесінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев басшылық ететін “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының көшбасшы партия болуы халықтың сеніміне ие болуына, ел алдындағы бедел-абыройына тікелей байланысты.
Қазіргі кезде біздің бұл мәртебеге қолымыз жетіп отыр. Жылдар бойы қажырлы еңбекпен ие болған осынау абыройға тоқмейілсуге болмайды. Біздің кешенді идеологиялық жұмысымыздың нәтижелі болуы – қоғамдық проблемалардың деңгейін қаншалықты нақты сезінуімізге, оларды шешу жолдарын жедел таба білуімізге бірден-бір байланысты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.