ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының созылмалы жанжалдарды реттеу жөніндегі арнаулы өкілі елші Болат Нұрғалиев Приднестровье жанжалын реттеу бойынша “5+2” тұрғысындағы үдерістің жалғасуын құптап, ресми келіссөздерді қайтадан бастауға шақырды.
ЕҚЫҰ-ның Венадағы хатшылығында “5+2” тұрғысындағы екі күндік бейресми кездесу аяқталды, оған Молдова Республикасы мен Приднестровье тараптары, сондай-ақ Ресей Федерациясы, Украина, Америка Құрама Штаттары, Еуропа Одағы және ЕҚЫҰ секілді араағайын және бақылаушы елдер мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
“Келіссөздер үдерісіне қатысты қозғалыс еркіндігі мен кепілдіктер жүйесі – “5+2” тұрғысындағы кездесудің негізгі екі тақырыбы осылар, – деп мәлімдеді елші Нұрғалиев. – Біз осы кездесу барысында елеулі ілгерілеушілікке қол жеткіздік. Екі саладағы да прогресс Днестрдің екі жағалауындағы қарапайым адамдардың тұрмысын жақсартуға, сондай-ақ тараптар арасындағы сенімді нығайтуға септеседі, мұның өзі жанжалды саяси реттеу үшін қажет”.
Бұл биылғы жылда “5+2” тұрғысында өткізіліп отырған төртінші кездесу. Жыл басынан бері келіссөздер үдерісі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда реттеуге болатындай, әлдеқайда интенсивті және әлдеқайда жемісті тұрғыда өтіп жатыр. Бұл “5+2” үдерісіне қатысты алға қойған мақсатқа жететініміз жөнінде сенімділік білдіруге мүмкіндік береді. Ал мұндай мақсат – ресми келіссөздерді жалғастыру биылғы жылдың алғашқы кездесуінде келісілген болатын.
Төртінші кездесуді өткізгенге дейін біз өңірлерде болып, екі тараптың да Бірлескен сараптамалық жұмыс топтарының жетекшілерімен кездестік, – дейді Қазақстан дипломаты. – “5+2” тұрғысындағы кездесуде біз бұл топтардың тиімділігін жедел арттыру тетіктерін талқыладық.
Келіссөздерге қатысушылар қазіргі саяси оқиғалар мен Молдовадағы, сол секілді Приднестровьедегі сайлаулар келіссөздер қызметінде үзіліс туғызбауға тиіс деген уағдаластыққа қол жеткізді. Елші Нұрғалиев тараптар бұдан кейінгі қадамдар, соның ішінде қараша айының ортасында болатын келіссөздердің келесі кезеңін өткізу туралы уағдаласқанын атап өтті.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан.