Орал қаласында “Мемлекеттік тіл саясаты: жаңа кезең мен жаңа міндеттер” атты ІІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Онда халықаралық жиынға қатысушыларды Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев құттықтап өңірде мемлекеттік тіл мәселелеріне қатысты іс-шаралар жүйелі жүргізіліп келе жатқанын айтты.
Халықаралық конференцияның жұмыс тәртібіне сай пленарлық және секциялық мәжілістерде мемлекеттік тіл проблемаларына қатысты бірнеше баяндамалар тыңдалды. Осындай басты баяндаманың бірін Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров жасады. Жасыратыны жоқ, осы тектес ғылыми практикалық конференцияларда жасалған баяндамалар тыңдала бермейді. Өйткені, олардың көпшілігі бір-біріне ұқсас, тартымсыз әрі сүреңсіз болып келеді. Бұл жолы олай болған жоқ. Комитет төрағасының нақты мысалдар мен тұжырымдарға толы баяндамасы конференцияға қатысушылар тарапынан толық қолдау тапты.
Бұдан әрі конференцияға қатысушылар мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттары, елдегі тілдік жағдай, проблемалық аспектілер мен оның шешу жолдары, ұлттық ономастика мен терминология, қазақ жазуы мен ұлттық әліпби және тіл әдістемесінің өзекті мәселелері жөнінде ой тарқатты.
Халықаралық конференцияның жұмыс қорытындыларына орай тиісті қарар қабылданды.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
----------------------------------
Суреттерде: конференциядан көрініс.
Суретттерді түсірген Рафхат Халелов.