Еліміз Конституциясының қабылданғанына тура 15 жыл толуы қарсаңында осы оқиғаға орайлас сыр шертетін бір толымды туынды баспа жүзінен жарық көрді. Оны атының өзінен асқақтықтың айбары еседі. Бір қарағанда, “Хақ пен халық” деген атауы тым жоғары кеңістіктен естіліп тұрғандай көрінетін бұл кітап беттерін парақтап оқи келгенде, осы тақырыпты дұрыс еншілеп отырғанын байқата түседі.
Хақ пен халық қашанда бірге. Алайда, осыны түсіну үшін, осы қағидатқа жету үшін адамзат баласы өзінің осы кезге дейінгі эволюциялық өсу жолдарында қаншама дүрмекті дүрбелеңдер мен зорайған зобалаңдарды басынан өткерді десеңізші! Біз сөз етіп отырған кітап тарихтың сонау қыртысты қойнауларынан таспа тартып, әңгіменің өзегін осылардың жайын баян етуден бастайды.
Белгілі маман Серікқазы Кәкібалановтың редакциялық жетекшілігімен жарыққа шыққан бұл еңбек төрт автордың –Н.Қалиев, С.Мұсатаев, А.Нүкенов, Н.Сейдин сынды ғалымдардың бір жағынан өз елін өзі билеуге деген хақын жүзеге асырған қазақ халқының бүгінгі жетістіктері мен сәтсіздіктерін тарихи тұрғыдан зерделеуге, екінші жағынан билік тізгінін өз қолына алған тұтас қоғам мен мемлекеттің конституциялық дамуын егжей-тегжейлі қарастыруға арналған мақалалардың жиынтығынан құралады. Олар төрт тарауға біріктірілген. Кітаптың “Қазақ елін қарыштатқан қағида” атты бірінші тарауы, міне, біздің бүгінгі Ата Заңымыздың алғашқы алғышарттары болып табылатын хандық дәуірлеріміздегі заңдар жинақтары жайынан толғана сыр шертеді. Арғы бастауы Түрік, Түргеш, Қарлық, Қыпшақ дәуірлерінен бұлақ көзін тартатын бергі Қазақ хандығы тұсындағы “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы”, сосынғы Әз-Тәукенің атақты “Жеті жарғысы” заңдары осы өткелекті жолдардың өзексіз өтпегенін көрсетеді. Бұдан бөлек, “Күлтөбенің басында күнде жиын” құрған қазақ хандары мен билері қазақы дәстүрмен ауызша шешім шығаруда үлкен мектеп қалыптастырған. Одан да бергідегі азаттықтың амалын арқалаған алаштықтар ісі де қазақтардың еркіндіктері мен бостандықтарын сақтап қалуға барынша аянбай жасалған қарышты қадамдардың бірі болды.
“Егемендікті еселеудің есебі” деп аталатын екінші бөлім, өзінің атынан байқалып тұрғандай, дербес мемлекет пен оның институттарының қалыптасуын жан-жақты саралай көрсете отырып, бүгінгі күннің нақтылы шындығына жүгінеді. Онда елдегі биліктің үш тармағы туралы сөз бола келіп, олардың арасындағы қоғамдық қатынастарды реттеуші Конституцияның рөліне айрықша назар аударылады. Тарауда егемендік алған еліміздің кешегі Одақ құрамындағы басқа республикалар сияқты бірден халықаралық қауымдастыққа қызу араласып кеткені баяндалады. Сол араластықта жас мемлекеттің беделін көтеріп, позициясын нығайтуында Конституцияның атқарған рөлі аз болған жоқ. Бұл үрдіс мемлекеттің сан-салалы жақтарын жетілдірумен бірге, бірінші кезекте оның саяси жүйесін ретке келтіру талабын қойды. Осы орайда демократия принциптерінің негізгі элементі болып табылатын биліктің бөліну жүйесін де айқындап, тиісті ретке келтіру қажеттілігі туындайды. Еңбек бұл жұмыстардың қалай жүзеге асырыла бастағанын тиісті деректер арқылы одан әрі тереңдете әңгімелеп кетеді. Ал бұдан кейінгі екі тарауда қабылданғанына 15 жыл толып отырған Конституциямыздың ұңғыл-шұңғылы түбегейлі зерттеледі. Олар Ата Заңымыздың әлеуетін барынша молынан ашып көрсетеді. Қазіргі Конституцияның өмірлік қажеттіліктері мен өзектілігі мемлекетіміз бен қоғамымыздың бүгінгі даму ерекшеліктері арнасынан қарастырылады. Айналып келгенде, кітап елдік туралы еңселі еңбек болып шыққан.
Жалпыға түсінікті тілмен жазылған жинақы жинақтың тілі тартымды, дерегі терең. Сондықтан да қызықты оқылады.
Серік ПІРНАЗАР.