Бокс
ТӨРТІНШІ БОЛЫП ТҰРАҚТАДЫ
Жақында Моңғолияның астанасы – Ұлан Батырда бокстан студенттер арасында өткен әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан құрамасы бір алтын, төрт күміс және төрт қола медальді иеленді.
Жарыста жалғыз алтын жүлдені 91 кило салмақтағы Данияр Үстембаев жеңіп алды. Ол финалда ресейлік Александр Караказянды 5:2 есебімен жеңді. Ал күміс жүлдені Мардан Берікбаев (49 кг.), Хабибулла Исмаил-Ахунов (52 кг.), Ғани Жайлауов (60 кг.) және Рүстем Сыбаев (69 кг.) еншіледі. Қола жүлде Айдар Шәрібаев (64 кг.), Әділбек Ниязымбетов (75 кг.), Арбек Әбдіғаниев (82 кг.) және ең ауыр салмақтағы Рүстем Іргебаевқа бұйырды.
Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтаған Қазақстан құрамасының алдында бірінші орынға үш алтын, үш күміс және екі қола жүлдені иеленген Моңғолия командасы, екінші орынға Ресей құрамасы, ал үшінші орынға Түркия боксшылары жайғасты.
ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ ЖАҚЫН ҚАЛДЫ
16 қазанда Таразда Қазақстан Бокс федерациясының кубогы жолындағы кезекті бәсекелер өтеді. Онда “Оңтүстік” дивизионына кіретін Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының командалары қолғап түйістіреді.
Мұның алдында кубоктың ширек финалдық кездесулері Маңғыстау мен Атырау өңірлерінің арасында өтіп, алғашқысы жеңіске жетсе, одан кейін Астанада жергілікті боксшылар мен Шығыс Қазақстан өрендерінің арасында өткен бәсекеде елордалықтар жартылай финалға шыққан болатын. Енді Таразда өтетін үшінші ширек финалдан кейін келесі айналымға жолдама беретін кезекті кездесу 30 қазанда Қарағанды мен Қостанай облыстарының арасында өтеді. Осы жекпе-жекте жеңіске жеткен команда жартылай финалда Астана командасымен кездессе, Маңғыстау боксшылары бүгін Таразда болатын кездесудің жеңімпазымен күш сынасады.
Жартылай финалдық жекпе-жектер 13 және 27 қараша күндері өтеді. Ал финал Астанада 16 желтоқсан күні болады.
Қазақ күресі
БАЛУАНДАР БӘСЕКЕСІ
22-23 қазан күндері Астанада Халықаралық күрес қауымдастығының (FІLA) қамқорлығымен ұлттық күрес түріміз – қазақ күресінен ІІІ әлем чемпионаты мен күрестен V бүкіләлемдік ойындар өтеді.
Осы кезге дейін екі жылда бір рет өтіп келе жатқан әлем чемпионаты биылғы жылдан бастап ХКҚ-ның ресми күнтізбесіне енгізілді. Биылғы сынға әлемнің 13 елінен 200-ден астам балуан қатысатынын растаса, оған құрметті қонақ ретінде FІLA президенті Рафаэль Мартинетти келеді деп күтілуде. Бәсеке “Дәулет” спорт кешенінде өтеді.
Чемпонаттың ұйымдастырушысы әрі демеушісі 2003 жылы Германияның Мюнхень қаласында Дүние жүзі қазақтары құрылтайында құрылған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы болып табылады (президенті – Серік Төкеев).
Қазақ күресінен әлем чемпионаты осы кезге дейін 2006 жылы Алматыда, 2008 жылы Ресейдің Ор қаласында өткен болатын.
Кекушинкай каратэ-до
ЖҮЛДЕГЕ ҮМІТТІЛЕР ЖЕТЕДІ
Бүгін Астанада ерлер, әйелдер және жасөспірімдер арасында Кекушинкай каратэ-додан ХІІ ашық Азия чемпионаты жалауын көтереді.
Елорданың “Дәулет” спорт кешенінде өтетін бәсекеге сары құрлықтың 15-тен астам елінен командалар қатысады. Сонымен бірге, оған Ресей құрамасы да қатысуға ниет білдіріп отыр.
Азия чемпионатында Қазақстан құрамасында 30 спортшы бақ сынасады. Олардың ішінде жастар арасындағы әлем чемпионы Азамат Тәкенов, Азия чемпионатының жүлдегері Аян Маханов, Жапония чемпионатына қатысушы Дастан Алдашев бар.
Футбол
ШТОРК ОРНЫН БОСАТТЫ
Футболдан 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің аясында Қазақстан құрамасы бірде-бір ұпай ала алмай, қарсыластарынан бірінен соң бірі ұтыла бергеннен кейін 2009 жылғы қаңтар айынан бері құрама тізгінін ұстап келген неміс маманы Бернд Шторк бас бапкерлік қызметінен кетті.
Шторк Қазақстанға 2008 жылы маусымда келген болатын. Сол кезден бастап ол “Алматы” клубын, одан кейін еліміздің жастар құрамасын жаттықтырды. Ал осы жылдың қараша айында Қазақстан Футбол федерациясы оған ұлттық құраманы сеніп тапсырды. Алайда, ол жаңа қызметіне бірден кірісіп кетпеді. Алдымен бас бапкердің міндетін атқарушы болып “сыннан” өткендей болды. Содан кейін барып қана ұлттық құрмаманың тізгінін 2009 жылдың 30 қаңтарынан бастап ұстады. Сол кезден бері Шторктың жасағы үш рет қана жеңіске жетті. Команда Андорра, Эстония және Оманды ғана ұтыпты. Ал басқа ойындардың бәрінде жеңілді. Дегенмен, Шторк пен оның алдында құраманы жаттықтырған голландиялық Арно Пайперстің еліміздің бас командасына еуропалық футбол ойынын қалыптастыруға еңбегі болғанын атап өткен жөн.
Баскетбол
КУБОК ИЕСІ — “ЖОЛБАРЫСТАР”
Көкшетауда баскетболдан әйелдер арасында ел кубогының финалдық кездесулері аяқталды.
Онда павлодарлық “Ертіс” командасымен күш сынасқан астаналық “Жолбарыстар” клубы қарсыластарын 73:46 есебімен жеңіп, үшінші мәрте кубок иегері атанды.
“Астана Жолбарыстары” клубының директоры Валериан Коптеловтің айтуынша, олар осыншама есеппен павлодарлықтарды алғаш рет жеңіп отыр. Осының өзі команданың жыл сайын шеберлігі артып келе жатқанын көрсетеді.
Ел кубогының финалынан кейін өткен дәстүрлі марапаттау рәсімінде Евгения Чернова командаға 19 ұпай әкелгені үшін ойынның үздік ойыншыларының бірі ретінде танылды. Сонымен бірге финалда 18 ұпаймен астаналықтардың жеңісіне елеулі үлес қосқан команда капитаны Анастасия Алишаускайте Қазақстан кубогының үздік ойыншысы атанды. Ал жарыстың үздік шабуылшысы атағына Виктория Пазнюк ие болды.
Енді командалар 20 қазанда Тараз қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады.
Дастан КЕНЖАЛИН.