16 Қазан, 2010

Күнкөріс минимумының кейбір мезеттері

1037 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Статистика агенттігінің қыркүйек айының басындағы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда макроэкономиканың халықтың тұрмыстық жағдайын білдіретін басты көрсеткіштерінің бірі – күнкөріс минимумының көлемі тамызда шілде айына қарағанда, 6,1 пайызға өсіп, яғни 838 теңгеге көтеріліп, 14 587 теңгеге жетті. Ал осы көрсеткішті 2009 жылғы тамыздағы мөлшермен салыстырсақ, оның 7,5 пайызға артқаны байқалады. Осы жерде күнкөріс мини­мумы дегеніміздің не екенін бір рет еске түсіре кеткеннің артық­тығы бол­мас. 1999 жылғы 16 қа­рашада қ­а­былданған “Күнкөріс минимумы ту­ралы” Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­ның Заңында оның “мөлшері жағы­нан ең төменгі тұтыну қоржыны­ның құнына тең бір адамға шақ­қандағы ең аз ақ­шалай табыс” екендігі атап көр­сетілген. Қаржы-экономикалық сөздікте “адамның тіршілік қаре­кетін қолдау және оның жұмыс күшін қалпына кел­тіру үшін қажет ақшалай қара­жат­тың ең төмен деңгейі (минимумы)” екендігі келтірілген. Күнкөріс ми­нимумын анықтау әдістемесі бүкіл отба­сының немесе бір қызмет­кердің шы­ғыны мен табысының тең­герімі болып табылатын тұтыну бюджетін (күнкөріс минимумы­ның бюджетін) құрауға негізде­леді. Жоғарыдағы заң бұдан әрі “Күн­көріс минимумының мөлше­рін ста­тистика жөніндегі уәкілетті орган және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі уәкілетті мем­ле­кеттік орган ең төменгі азық-тү­лік емес тауарлар мен қызмет шы­ғындарының бекітілген үлесі қо­сылған ең төменгі азық-түлік қор­жы­нының құ­нына қарай есептеп шығара­тынын” мағлұм етеді. Статистика агенттігінің тамыз айындағы мәліметі бойынша, тұрғын­дардың азық-түлік тауарларын сатып алу шығынының құрылымы мынадай бөлініске түскен (пайыз есебімен): ет және балық – 18,5; сүт, майлы тағамдар мен жұмыртқа – 14,2; жеміс-жидек пен көкөніс – 16,8; нан өнімдері мен жарма өнімдері – 7,9%; қант, шәй және дәмдеуіштер – 2,6. Осы бөліністі одан әрі жалғастырып, күнкөріс минимумының мөлшерін тұрғындардың әртүрлі жас-жыныстық топтарына қарай бөлшектеп көрсетсек, ол мынадай көрініске ие бола­ды (теңге есебімен): 0-13 жастардағы балалар – 12 908; 14-17 жастардағы жас­өспірімдер (ұлдар) – 18 177; 14-17 жас­тардағы жасөспірімдер (қыздар) – 13 880; жастары 18-ден жоғары еңбекке жарамды тұрғындар (ерлер) – 17 139; жастары 18-ден жоғары еңбекке жарамды тұрғындар (әйелдер) – 13 594; зейнеткерлер мен егде жастағы кісілер – 13 442. Бұдан шығатын қорытынды: біздің елімізде еңбек ететін жастағы кісілерден гөрі жасөспірімдер, әйелдерден гөрі ер кісілер күнкөріске көбірек шығынды алатын көрінеді. Осы жерде күнкөріс минимумының жылдан-жылға, айдан-айға ұлғайып келе жатқанын да айтуымыз керек. Респуб­ликада 2000 жылы оның мөлшері жан басына шаққанда 4 945 теңге болған екен. Келесі 2001 жылы 5 655 теңгеге көтерілді. Содан кейінгі 2002-2004 жылдары ол 6 мың теңгенің (6 003, 6 457, 6 785) ауқымынан шыға алмай қойды. Алайда, аздап болса да өсім бар екені байқалды. Ал 2005 жылы 7 618 теңге болып, келесі мыңдықтың белесінен асқан мөлшер 2006 жылы 8 410 теңгеге табан тіреді. Содан соңғы 2007 жылы минимум мезіреті 9 653 теңгеге тұрақтады. Сосын келесі 2008 жылы бірден 3 мың теңгеге жуық өсім жасалды да, ол сол деңгейде екі жылдай тұрып қалды. Әдепкіде 12 364 теңге болған көрсеткіш 2009 жылы болар-болмас қана үлес алып, 12 660 теңге тарапынан аса алмады. Сондықтан биылғы өсімді тағы бір сілкініс ретінде қабылдауға әбден болады. Әлбетте, дәл қазіргі 14 587 теңге мөлшері де бірден бола салған жоқ. Бұл үшін биылғы 2010 жылдың басында, қаңтар айында күнкөріс минимумының 12 141 теңге болып тұрғанын айтсақ та жеткілікті. Сол тұста тіпті соның алдын­дағы жылдан төмен қарай құлдырап кету үрдісі де байқалған еді. Тек ақпан айында ғана 12 438 мың теңгеге қайта көтеріліп, 2008 жылдың деңгейінен аса алдық. Ал наурызда 12 713 теңгемен былтырғы мөл­шерден озуға айналдық. Расында бұл өр­леу­дің басы болды. Соның нәтижесінде сәуір айында – 12 891, мамырда – 13 073, маусымда 13 965 теңге өлшем­дерінен өттік. Бірақ шілде айы тағы төмен түсудің түрін танытты – бұл кезде көрсеткіш 13 743 теңге болып шыға келді. Әдетте күнкөріс минимумын анықтау үш мақсат үшін жасалады. Ол арқылы біз, біріншіден, тіршілік ету жағдайының бағасын біліп, кедейліктің соңғы шегін анықтаймыз, екіншіден, әлеуметтік саясаттың бағыттарын айқындап алып, тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шараларды жүзеге асырамыз, үшіншіден, бекітілетін ең төменгі айлық жалақының, зейнетақының, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшерін негіздеп аламыз. Ал ең төменгі айлық жалақы мен ең төменгі зейнет­ақының көлемі жыл сайын оларды күн­көріс минимумының мөлшеріне дейін са­ты­лап жеткізу ұстанымы ескеріле келе, сол кездегі күнкөріс минимумының негізінде заң актілерімен бекітіліп отырады. Мұның арғы жағында ең төменгі тұтыным қоржынының мөлшері де анықталып шығады. Еліміздің 1999 жылғы 16 қарашада қабылданған “Күнкөріс минимумы туралы” заңы Қазақстандағы ең төменгі тұтыным қоржынын белгілеу мен пайдаланудың құқықтық базасын бекітіп береді. Ең төменгі тұтыным қоржыны (кейде “себет” деп де айты­лады) күнкөріс минимумының мөлшерін белгілеу үшін тағайындалады. Ол азық-түлік себетінен және азық-түлік емес тауарлар мен қызмет түрлеріне кететін шығындардан құралады. Ал азық-түлік себетінің құнын және азық-түлік емес тауарлар мен қызмет шығындарын анық­тау тәртібін “Күнкөріс минимумының мөлшерін есептеу ережелері” белгілейді. Азық-түлік қоржынын денсаулық сақтау саласының уәкілетті органы физиоло­гиялық нормасын анықтап берген азық-түлік тағамдарының ғылыми негіздемесі бойынша статистикалық орган есептеп шығарады. Ол тұрғындардың әртүрлі жас-жыныстық топтары үшін белгіленген азық-түлік қоржынына кіретін азық-түліктік тұтыным тағамдарының ғылыми негізделген физиологиялық нормасын ағымдағы айдың ортасында республика­лық маңызы бар қаладағы, астанадағы, облыстар мен аудандар орталықтарындағы бөлшек сауда жүйесінің көрнекті нысан­дарында тіркелген орта бағаға көбейту арқылы жасалады. Ал азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер шығындарының құны ең төменгі азық-түлік себетінің құнын Үкімет белгілеп берген тәртіппен алынған азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерінің ең төменгі шығындар үлесіне ұлғайту жолымен анықталады. Осы ретте Статистика агенттігі есеп­теп шығарған еліміз тұрғындарының негізгі азық-түлік тағамдарының ең төменгі тұтыным нормаларына да көз жүгіртіп өткеннің артықтығы болмас. Бұл тізімге қарасақ, республиканың азық-түлік қоржынының дәл қазіргі жылға есеп­телген құрылымы алдан шығады. Онда бізде ең төменгі мөлшер бойынша тұр­ғындардың жылына 13 кило ұн, 70,07 кило бидай ұнымен байытылған нан, 4,4 кило макарон өнімдерін, 8,5 кило күріш, 2 кило қарақұмық, 95 кило картоп, 25 кило ақ жапырақты капуста, 20 кило сәбіз, 20 кило пияз, 10 кило бақша өнім­дерін (қарбыз), 25 кило алма, 4,5 кило жүзім, 18 кило қант, 15 кило сиыр еті, 6,3 кило қой еті, 5 кило құс еті, 3,2 жылқы еті, сары май 4,4 кило, 7 литр күнбағыс ма­йы, 84,5 литр сүт тұтынатыны көрсетілген. Күнкөріс минимумы туралы сөз қоз­ғағанда, тоқталып өтпеске келмейтін тағы бір сала жоғарыда айтылған ең төменгі айлық жалақы жайы болмақ. Ең төменгі жалақы – кез келген меншік ныса­нын­дағы кәсіпорындарда ең аз айлық мөл­шер­леме немесе сағаттық ақы төлеу түрін­дегі еңбек ақының мемлекет ресми белгі­леген ең төменгі деңгейі. Оның мөлшері жыл сайын республикалық бюджет бекі­тілер кезде белгіленеді. Сол кезде ең тө­менгі деңгейдегі тұтыну бюджеті басшы­лыққа алынады. Жалпы, ең төменгі айлық жалақы мемлекеттік әлеуметтік кепіл бо­лып табылады. Статистика агент­тігінің мә­лімдеуінше, оның ең төменгі мөлшері биылғы қаңтар айының 1-інде 14 952 теңге болды. Ал 2000 жылы ол бар-жоғы 2 680 теңге еді. Содан бергі он жылдың ішінде бұл мөлшер ұдайы өсу үстінде келді. Серік ПІРНАЗАР.