16 Қазан, 2010

Төрағалықтың тоғыз айы

506 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ-ның үшінші – адами өлшемі аясындағы қызметі ашықтығымен ерекшеленеді. Негізінен оған демократияландыру, адам құқығы мен бостандығын қорғау, адам саудасына қарсы күрес, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен сайлау заңнамаларының сақталуын қамтамасыз ету, тағы басқа да мәселелер жатады. Сонымен қатар, үшінші өлшемде қауіпсіздік тұжырымдамасына негізделген шаралар қарастырылып, соған халықаралық қоғамдастықтың назары аударылады. 3. АДАМИ ӨЛШЕМ БОЙЫНША Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы міндетіне кірісе салысымен, Ұйым аясында гуманитарлық “себет” мәселелерін алға жылжы­туға ерекше маңыз берді. Сон­дықтан да еліміздің төрағалығы ЕҚЫҰ қызметінің тиімділігін арттырып, оның мәртебесін көте­руге қатысты белсенді іс-қимыл танытуымен өтіп келеді. Осыған байланысты Қа­зақстан бүгінде Ұйымның Демо­кратиялық инс­титуттары және адам құқығы жөніндегі бюросының, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың, БАҚ еркін­дігі жөніндегі өкілдің және Пар­ламенттік Ассамблеяның жұмыс­тарына қолдау көрсете отырып, олар­мен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Еліміз, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға қатысушы іргелі мем­ле­кеттермен өзара қатынасты сенімді әрі бейтарапты түрде жүргізуде. Ұйымға төрағалықтың тоғыз айында Қазақстан ЕҚЫҰ-ның гу­манитарлық өлшемі аясында та­рих­та қалатын, өзге елдерге үлгі бола­тын ауқымды жұмыстар атқарды. Оны көптеген мүше елдер мен әріп­тес мемлекеттер қазірдің өзінде жоғары бағалауда. Қазақстан Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде дер шағында тиімді кон­сультациялар жүргізе отырып, қатысушы елдермен консенсустық уағдаластыққа қол жеткізді. Соның нәтижесінде ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесі 2010 жылы өткізілетін гума­нитарлық өлшемнің барлық шара­лары бойынша шешім қабылдады. Ол жоспарланған бес міндетті іс-шарадан, яғни үш қосымша кеңес­тен және адами өлшем жөніндегі семинар мен гуманитарлық сала­да­ғы шолу конференциясынан тұ­ра­ды. Қазіргі кезде аталған осы іс-шаралар белгіленген жоспар бойынша өз уақытында өткізіліп келеді. Мысалы, биылғы жылдың 6-7 мамырында Венада “Гендерлік балансты ілгерілету және әйел­дердің қоғамдық-саяси өмірге қа­тысуы” деген тақырыпта Ұйым­ның жыл сайынғы бірінші қо­сым­ша кеңесі өтті. Кеңеске қаты­сушылар алдағы уақытта гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін ұлттық заңна­малар мен халықара­лық құжаттар­ды соған жақын­датуға ықпал ету, әйелдердің саяси партиялар мен қоғамдық өмірдегі мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту жайында пікір алмасты, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал қазақстандық делега­ция елімізде ұлттық гендерлік саясат қалай жү­зеге асырылып жатқанын тәжірибе негізінде ортаға салды. Кеңес жұмысына 250-ден астам адам қатысты. Жиынды ұйым­дас­тырушылардың бағалауынша, бұл – рекордтық көрсеткіш. Әйелдердің құқығын қорғау, сондай-ақ гендерлік теңдік сая­саты Қазақстан үшін де, ЕҚЫҰ кеңіс­тігін­дегі елдер үшін де аса өзекті мәселелердің әрі басым бағыт­тардың бірі болып табылады. Сол себепті Ұйымның Іс басын­дағы төрағасы бастапқы кезде-ақ өзінің гендерлік мәселелер жө­ніндегі жеке өкілі лауазымын бекі­ту туралы бас­тама көтерген бо­латын. Бұл баста­ма қолдау тауып, осы жылдың 13 шілдесінде аталған қызметке Ашық қоғам инсти­тутының саяси мәсе­лелер жөнін­дегі сарапшысы аме­рикалық Уэнди Паттен бекітілді. Консенсустық негізде қабыл­дан­ған шешімге сәйкес “Ұлттық азшылыққа жататын тұлғалар бі­лімі: интеграция және тең мүм­кіндік” тақырыбындағы екінші қосымша кеңес 2010 жылдың 22-23 шілдесінде Вена қаласында өтті. Бұл жиынның ең басты ерек­ше­лігі, ЕҚЫҰ қызметінің тарихында гу­ма­нитарлық өлшем бойынша ұлт­тық азшылық құқықтарын қор­ғау проб­лемаларына арналған тұңғыш іс-шара екендігінде жатыр. Осыған және онда қаралған өзекті мәсе­лелерге байланысты ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебек Қазақстанға шынайы алғысын білдірді. Ұйымның үшінші өлшеміне сот әділдігі мен заң үстемдігі де кіреді. Әрі ол адами өлшемнің ма­ңызды бағыттарының бірі болып табыла­ды. Сондықтан да еліміз 17-19 мамырда Варшавада “Тәуелсіз сот жүйесін нығайту және жұрт­шы­лық­тың әділ сотқа қолже­тімділігі” деген тақырыпта се­ми­нар өткізуге ұйытқы болды. Онда сот тәуел­сіз­дігі мен сот әділдігіне қатысты өзекті мәселелер қарас­тырылды. Қазақстан төрағалығы барысында, сондай-ақ Ұйым ке­ңістігінде толеранттылық пен мә­дениет­ара­лық үнқатысуды ор­нықтыруға ерекше мән беріп отыр. Еліміздің этносаралық және конфес­сия­аралық келісімді нығай­туда әлем елдерінде үлгі болатын тәжірибесі бар. Жалпы, толеранттылық тақы­ры­бы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығында да, келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық ету кезінде де күн тәртібінен түспейді. Бұған үсті­міздегі жылдың 29-30 маусымында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның толе­ранттылық және кемсітушілік жөніндегі конференция нақты дәлел болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жиында сөйлеген сөзінде өтіп бара жатқан онжылдықта толеранттылық сая­са­тында айтарлықтай алға басу­шы­лық болғанын, оған енді бірлесіп талдау жасау қажеттігін, жаңа он­жыл­дыққа “ЕҚЫҰ: жаңа онжыл­дыққа толеранттылықпен” атты шартты белгідегі құжатпен шығу керектігін қадап айтқан болатын. Бұл конференцияға Ұйымға мүше мемлекеттермен қатар, көп­теген халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың да өкілдері қатысып, қордаланып қалған діни кемсітушіліктің проблемаларын талқылаған еді. Ұйымның адами өлшемі аясындағы тағы бір жиын Қазақстанның бастамашы болуы­мен 10-11 маусымда Данияда өтті. Бұл конференция ЕҚЫҰ-ның адами өлшемінің негізін қалаған Копенгаген құжатының 20 жыл­дығына арналды. Конференцияға қатысушылардың пікірінше, жиын аса табысты болды. Онда Ұйымға мүше мемлекеттердің өткен кезең­де Копенгаген құжатында көрсе­тілген міндеттемелерді орын­даудың қо­рытындысы шығары­лып, құжатта мазмұндалған мәсе­лелерді әрі қарай жүзеге асырудың жолдары қарастырылды. Қазақстан Ұйымның төрағасы ретінде байқаушыларды елдерде өтетін сайлауларға жіберу үдерісін де жалғастырып келеді. Сонымен қатар, парламентаралық байла­ныс­­тарды тереңдету жайына да баса мән беруде. Мысалы, биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы миссиясының құрамында қазақстандық байқау­шылар Украинадағы президенттік, Тә­жікстандағы парламенттік, Гру­зиядағы муниципальдық сайлаулар мен Қырғызстандағы референ­думға қатысты. Ал парламент­ара­лық бай­ланыстар туралы айтқанда, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Қазақстан Парламентінің ұйым­дастыруымен 2010 жылдың 14-16 ма­мырында Алматыда өткен “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшем­дері” тақырыбындағы трансазия­лық парламенттік форумның орны ерекше бөлек. Бұл форумның орны ерекше бөлек деп атағанымыздың мәнісі мынада: аталған форум Қазақстан­ның Ұйымға төрағалық еткеннен бергі уақыт ішінде өткізген ең ірі және аса ауқымды шараларының бірі болып табылады. Екіншіден, форум жұмысына ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің парламентарийлері ғана емес, Жерорта теңізі мен Азия­дағы әріптес елдердің және Пәкстан мен Катардың парла­ментшілері, сондай-ақ диплома­тия­­лық корпустың, ЕҚЫҰ инс­титут­тарының, өзге де парла­менттік ұйымдардың өкілдері қа­тысты. Алқалы жиында Ауған­стандағы жағ­дай, лаңкестікпен, есірткі тра­фигімен күрес, қару­сыздану, эко­номикалық даму, ресурстарды басқару, еңбек көші-қонын реттеу, экологиялық проб­лемалар, діни толерант­тылық, адам саудасына қарсы күрес, гендерлік теңдік се­кіл­ді аса өзекті мәселелер талқы­ланды. Қатысу­шылар назарынан Қыр­ғыз­стан­дағы жағдай да сырт қалған жоқ. Осы тұста тоқтала кетейік, елі­міз төрағалық кезінде ЕҚЫҰ-ға әріптес Азиядағы елдермен ынты­мақтастықты кеңейтуді де мақсат тұтқан болатын. Осыған бай­ланысты Қазақстан Республи­касының тікелей ұйытқы болуы­мен қаңтар айында Тайландта “Заңсыз есірткі өндірісімен күрес және шекара қауіпсіздігін ны­ғайту”, ақпан айында Ұлан-Ба­торда “Қа­зіргі заманғы құлдық үлгісіне қарсы күрес: ұлттық, өңірлік, халық­аралық тәжірибе”, 26-27 сәуірде Алматыда “Сол­түстік-Шығыс Азия­дағы қауіп­сіздік мәселелері бойынша көп тарапты ынты­мақ­тастық және ЕҚЫҰ-ның тәжіри­бесі” деген тақырыптарда семи­нарлар мен дөңгелек үстелдер өтті. Осы жиындардың соңғысына Сол­түстік Кореяның сарапшылары да қатысты. Жылдың басында Мемлекет басшысының шешімімен Қазақ­стан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, Ко­миссия төрағалығына Мемле­кеттік хатшы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев бекітілген еді. Комиссия аясында Президент Әкімшілігі Басшысының орын­басары Мәулен Әшімбаев жетек­шілік ететін гуманитарлық жұмыс тобының үйлестірушілік қызметін, сондай-ақ Сыртқы істер ми­нистрлігі жанындағы консульта­тив­тік кеңесші орган – ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі кон­­суль­тативтік кеңесінің гума­ни­­тарлық бағыттар бойынша ат­қар­­ған жұ­мыстарын атап өткен жөн. Қазақстан жыл соңына дейін тағы да бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Соның ең бастысы әрі аса ауқымдысы – Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммиті. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.