19 Қазан, 2010

Мұрагер десе мұрагер

2604 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Тәтті деген ауылда (Жам­был облысы, Меркі ауданы) дү­ниеге келген осы бір та­лант­ты қазақ баласының сол қо­лының салалы саусақтары­нан төгілген ғажап күйлерді тұң­ғыш рет Түркияда естідім. Ру­хыңды оя­тып, делебе қоз­дырар күйлердің кереметіне сүйсініп, адам сол қолымен де осын­ша­ма сұлу дыбыстар ту­ды­ра ала­ды екен-ау, деп ой­лауым мұң екен, қа­сымда отырған адам: “Нұрғиса Тілендиев те солақай күйші бол­ған ғой” деп сыбыр ете қалды. Күйшінің аты Мұ­ра­гер екен – Мұрагер Сауранбаев. Өндірдей қазақ баласы күн сайын кешкілік түрік дәм­хана­сында шай ішіп отырып, алуан сарындағы күйлерді домбыра­мен бебеулеткенде ен далада қаза­қтың мың тұлпары дүркі­рей көшіп бара жатқан­дай көрі­нетін. Жаныңа дәру болар домбыраның үнін мұна­расы айға асылған Айя София да, мың жұмбағын ішіне бүккен Топ­қапының сарайлары да мүлгіп тыңдап тұратындай еді. Түрігі бар, басқа да сан мың­даған шетелдік туристері бар ша­һар­дың бір бұрышында Құрман­ғазы, Дина, Дәулеткерей, Нұрғиса­дай дала тудырған дарындардың шығар­ма­лары шалқығанда айна­ладағылар қос ішектің құдіретімен төгілген күй-шежірелерді ұйып тың­дап, қо­шеметтерін аямаушы еді. Мұрагер­дің айналасындағы қазақ­тың қыз-жігіттері домбыра мен Мұ­ра­герге көр­сетілген зәредей жа­сан­дылығы жоқ құрметті бүкіл ұлт­тық мәдени мұра­мызға жаса­лынып жатқан ал­ғыс­тай қабылдап жүрдік. Шашауына шаң жұқтыр­ма­ған Шәмшінің ша­бытты ән­дерін­дей, түріктің ішінде де “Үскі дара­ны” білмейтіні некен-саяқ. Мұра­гер осы мұңды ғазалды дом­­быраға салғанда кардаштарымыз ішкен асын жерге қойып, жаны­мыз­ға жетіп келеді. Бір кезде олар жүрек шымырлатар әнге қосылып кет­кен­дерін байқа­май да қалады. Дом­быраға Ақер­ке­нің (Тәжібаева) қо­бы­­зының үні қосылғанда тіпті керемет. Ал біз қазақтың сүйріктей керім ұлы домбыраның қос ішегімен жа­ны­на жұртты жинап, құрметке бөле­ніп, Қазақстан деген елден кел­генін – қа­зақтың баласы, қо­лын­дағы ас­па­бы – қазақтың дом­бырасы екенін айтады. Мұрагермен мұнан кейін де өмір соқпақтарында сапарлас бо­лып келеміз. Қара домбыраның қа­сиеті қазақ баласын әлемнің әр түкпіріне жетектеп, ұлттық мұра­ларымызды насихаттатумен келеді. Солақай күй­шіге сондайда тағы бір тәнті болаты­ның, ол шетелдіктер алдында күйді нәші­не келтіріп тартып қана қой­майды, тарихын да ағылшын тілінде тамаша баяндап өтеді. Содан кейін өзіне ғана жара­сар еркелікпен, кейде өндірдей кел­бетіне қона қалар аса бай­салды­лық­пен күй атасы Құр­ман­ғазыны, кеше ғана өнер­сүйер қауым­ды қамықтырып кеткен Тілен­диевті қайта тірілткендей, күй­лерді кезе­гімен төге жөнеледі. Мұрагер Сауранбаев Алматы қа­ла­лық “Көкіл” музыка мек­тебінің тү­легі, ҚМЭБИ-ге грантпен қабыл­данып, үздік бітірген. Бүгінгі таңда Қазақ ұлттық аграрлық уни­верси­те­ті­нің Жастар әкімшілігінің төрағасы. Өнер іздеген, білім қуған жігіт жетістіксіз де емес. Республикалық 2003 жылы “Жас музыкант” бай­қауының жеңімпазы атанса, 2002 жылы Голливудта өткен халық­ара­лық өнер додасының алтын меда­лін жеңіп алды. Араға бес жыл са­лып Н.Тілендиев атындағы рес­пуб­лика­лық байқаудың бас жүлдесін ием­ден­ді. Өткен жылы ғана Мұра­гер республикалық “Жастар” сый­лы­ғы­ның “Жыл таланты” номина­циясы бойынша жарқ ете қалды. Мұрагер ұстаздарым дегенде ал­ды­мен Абдулхамит Райымбер­генов пен Айгүл Үлкенбаеваны алға сала­ды. Алайда, қандай да бір табыс­тар­ға жету үшін өмір деген мұға­лім­нің өзінен тынымсыз үйре­не беру қажеттігін түйсінетін талант ие­сі мына жалғанда жолық­қан жақ­сы адамдардың бәрін ұстаз деп та­нып, тағылым алып жүретінін аңғарасың. Бүгінде домбыраны ДЭККО стиліне салып, музыкалық мұра­ларды шоу-бизнеске бағындырған күйшілерді күндіз шам алып іздеу­дің қажеті жоқ. Қазақ өнеріндегі бұл сүрлеу әлі күнге өнертану­шы­лар мен жұртшылықтың ара­сында екіұдай пікірталас тудырып келе жатқанын білеміз. Осы мәселеге орай Мұрагер: – Уақыт өзінің дегенін жасай­ды. Бұл үдерісті құптауға да, құп­тамауға да болады. Жастар ДЭККО стилін­дегі “Адайды” тың­да­ған­да арқаланып кетеді. Атал­мыш бағыт­тағы кез келген күйді сүйсініп тың­дай­ды. Ал аға буын өкілдері дом­быраның таби­ғи үнін бұзып аламыз деп бұл идеяға қарсы шығып жүр. Бұл мәсе­леге бір жақ­ты қарауға бол­май­ды. Бұл бағыт­тың арқасында жас­тар емес, ұлттық өнерді түсіне бермейтін жандар да домбыраға бас­қаша көз­қараспен қарайтын бол­ды. Екінші жағынан, ырғақты бұзып алмау керек. Ата-ба­ба­­ларымыз ама­нат­қа қал­дырған дом­быраның қо­ңыр үні кең ауқым­ды, белгілі бір нотаға, заңға бағын­байды. Жылдам басталып, жәй бітуі мүмкін. Ал классикалық музы­ка­­лар, эстрада бір ырғаққа сай ке­ле­ді. Оған күйді сый­­дырғанда табиғи болмысы өз­геріп кететінін айтпай қалуға бол­май­ды. Меніңше, күй өз қалпында орын­­далсын және оның эстрадалық әр­леуі ырғақты бұзбай­тын болса – онда ол құлаққа жағым­ды естіледі, – дейді. Бір қызығы, Мұрагер домбыра­н­ы 5 сыныптан кейін ғана қолға ұстап көрген. Өнер әлемінің тала­бы­на сал­саңыз, бұл болашақта музы­кант бо­ла­мын деген талапкер үшін тым кеш деседі. Оның үстіне Мұра­гердің әке-шешесі де өнер ауылы­нан емес. Дом­быраны ары-бері тың­қылдатып, әуес­теніп жүр­генін бай­қа­ған анасы оны сондағы музыка мек­тебіне бере­ді. Бірақ, көп ұзамай Сауран­баев­т­ар­дың отбасы Алматыға көшіп келеді. Жазмыштың жетегі шығар, өнер үйрену үшін “кексе” болып қалған 6 сынып оқушысы Райқұл Мол­дыбековтің қолына түскен. Райқұл атамызды білетіндер оның бөлек болмыстағы ұстаз, ғажайып күйші екенін бағалайды. Ал қағілез баланы ол кісі өзіндік ерекше тәсілдермен күйшілікке баулыған. Осыдан кейін көзге түсе бастаған талантты шә­кірт­ті концерттердің бірінде “Көкіл” музыка мектебінің директоры Абдулхамит Райым­бергенов байқап, осы мектепте күй­шіліктің қыр-сырын тереңірек меңгере бастайды. Мұрагердің өзге үйренушілер сияқ­ты алғашқыда халық күйлері “Келіншек”, “Еркем-айды” орын­дап, 2000 жылы “Балақай” бай­қауы­ның жеңімпазы атанады. Міне, сол домбыраның арқа­сын­да күй аталарының киесімен Мұра­гер дәстүрлі орындаушы­лардың бай­қауында әлі күнге дейін дара көзге түсіп келеді. Дүниенің әр қиы­ры­нан дәм, қолпаш пен қошемет бұйырып жатса – дом­быраның арқасы, өнердің қол­дағаны деп біледі. “Қаншама өнер көрсетіп жүр­сем де, домбыраны дәл қазақтың өзін­дей еш­кім тыңдай да, түсіне де ал­май­ды. Өз­гелер таң қалады, тәнті болады, қос ішек­ті аспапты қолына алып, тың­қыл­датып көреді. Бірақ, қазақтай оның тілін түсінбек емес”, дейді Мұрагер. Мектептегі бала күнінде есімі ерсілеу естілетін сияқты болып көрініп, “Мура” деп замандас­тары­мен танысып жүргенін күліп еске алатын күйші жігіт уақыт өте келе әкесі өзіне ерекше есім сый­лағанын түсініп, тіпті осы атқа лайық болуға ұмтылып та келеді. – Үлкендер күй тыңдап болған­нан кейін риза болысып, Мұрагер десе мұрагер бол! Нұрағаңның мұ­ра­гері бол! – деп бата берісіп жата­ды, – дейді ол. – Өкінішке орай, Нұр­ғи­са ағамызды тірісінде көзім­мен кө­ріп, батасын ала алмадым... Дегенмен, 2007 жылы Қаратауда Н.Тілендиев атын­дағы рес­публи­ка­лық байқау өт­келі жат­қанын естіген Мұрагер осы­ған әб­ден дайындала бастайды. Нұр­ғиса Тілендиевтің репертуарын алып, күй шерту әдісін, болмысын дендеп зерттеп, дәстүрлі орындау­шылар­дың додасында бағын сынап көр­мек­ке бел байлайды. Нә­ти­жесінде, бас жүл­дені жеңіп алған Мұрагер осы бай­қаудың темір тұл­парын мі­ніп Ал­ма­ты­ға арқа­ланып, абыроймен оралады. Таяуда Мұрагер Сауранбаев Та­раз қаласында өзінің тұңғыш кон­цертін берді. Туған жеріне өнерімен тағзым етті. Домбырасын көтере келіп, ал­ғаш­қы ұстаз­дары­ның, дос-жаранның, өскен өлкенің батасын алды. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.