Көпшілікке белгілі, үдемелі индустриялық және инновациялық даму, сонымен қатар еңбек өнімділігінің қарқынды түрде өсе түсуі Қазақстанның әлем елдері арасында алдыңғы шептен көрінуіне мүмкіндік беретіндігін Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының айтуынша “әр өңірдегі әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес, сонымен бірге жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяудағы онжылдықта бүкіл еліміздің жалпыұлттық міндетіне айналуы тиіс”. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, мемлекеттік маңызы зор “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” бағдарламасын дәйектілікпен жүзеге асыруда “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры айтарлықтай ауқымды үлес қосуда.
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ оны бірінші кезекте инвестициялық жобалар бизнесімен бірге жүзеге асыру қажет деп есептейді. Мәселен, жалпы құны 46 миллиард доллар тұратын 237 жобаның, жалпы құны 20 миллиардқа жуық 42 жоба “Самұрық-Қазына” қоры немесе оның еншілес компаниялары арқылы жүзеге асырылды және келешекте оның қарқыны жетіле түспек. Тағы бір атап айтарлық маңызды мәселе, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша әртүрлі салаларда бірқатар жобаларды қолға алып, онымен жүйелі түрде айналысуда.
Қорға тікелей бекітілген іргелі жобалардың арасында энергетика саласында Шарын өзеніндегі Мойнақ ГЭС құрылысы, Балқаштағы жылу-электр стансасы құрылысы, Шардара ГЭС-ін жетілдіру және тағы басқа ауқымды жұмыстар бар. Ал, енді мұнай мен газ саласына келсек, бұл саладағы атқарылатын іс-шаралар да жетіп артылады. Мәселен, Атырау қаласындағы мұнай өңдеу зауытын (НПЗ) жаңғырту мен жетілдіру жұмыстарын атап айтқан жөн сияқты. Мұнда келешекте мұнайды қайта өңдеуді тереңдету кешенінің құрылысы, көлік инфрақұрылымын дамыту, ваккумдық блокты реконструкциялау және өзге де құрылыс жұмыстары жалғасын табуда.
Сонымен қатар, көлік, мұнай, химия және фармацевтика салаларында да бірқатар іргелі жобалар жүзеге асырылмақ. Мәселен, электровоз өндірісін ұйымдастыру, Қазақстандағы “Таман” ЖШС-дағы базасында жүк тиейтін вагондар өндірісінің қуатын арттыру, “Жетіген-Қорғас” теміржолы құрылысы жобаларының қажеттілігі мол екендігі айтпаса да түсінікті. Өзге салалар сияқты, еліміздегі маңыздылығы зор салалардың бірі – фармацевтика саласын одан әрі жетілдіру – бүгінгі таңдағы басты талаптардың бірі. Соған орай, Астана қаласындағы фармацевтикалық фабриканың құрылысын көтеріп, Шымкенттегі фабрика қуатын одан әрі кеңейту көзделіп отыр. Сонымен, қоғамның ең басты құндылығы – адам десек, оның денсаулығын қорғаудан артық мақсат болуы мүмкін бе?
“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры биылғы 2010 жылы тұтастай алғанда стратегиялық бағытта, яғни экономиканы тұрақтандырып, оның тиімділігін арттыру бағытындағы өз жұмысын одан әрі жалғастыруда. “Самұрық-Қазына” қоры өткен 2009 жылы Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының басты операторы болғаны көпшілікке жақсы белгілі. Ал, биылғы жылы қор елімізде мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қабылдануына орай бұл бағыттағы іргелі жобалармен айналысуда. Мәселен, “Индустрияландыру картасы” жобасына инвестиция тартуда алдын-ала жоспарланған қаражаттың елу пайызға жуығы (22 миллиард доллар) тартылды.
Қор жетекшілерінің пікірінше, биылғы 2010 жылдың қорытындысында, негізгі және еншілес компаниялардың өндірістік және қаржылық көрсеткіштер бойынша басты жоспарлары ойдағыдай орындалмақ. Бір құптарлығы, еліміздің экономикасын тұрақтандыру бағыты аясында “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ институттары арқылы орта және шағын бизнеске қолдау көрсетілуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының еліміздің экономикасы саласындағы жақын бес жыл мерзімдегі басты стратегиялық құжат екендігі зор жауапкершілік жүктейтіндігі белгілі.
Бұл орайда “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ биылғы 2010 жылы іргелі жиырма жобаны жүзеге асыруды бастайтындығы көп нәрседен хабар берсе керек. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, бұл жобалардың арасындағы төрт жоба жыл аяғына дейін енгізілмек. Оның ішінде Тараз металлургия зауыты, “Медеу-Шымбұлақ” құрылыс кешенін жетілдіру де бар. Сонымен қатар, Павлодарда жүк вагондары өндірісі, Атырауда мұнай өңдеу зауыты және Ақтауда битум зауытындағы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған. Тағы бір назар аударарлық мәселе, республикалық басқару орталығы аясында “Самұрық-Қазына” басқару орталығының құрылуы болып отыр. Бір құптарлығы, бұл орталық барлық инвест-жобаларға бақылау жасамақ. Сонымен, қазіргі және келешектегі ауқымды міндет – индустрияландыруды одан әрі дамытумен бірге, оның өркендеуіне қолайлы жағдай жасау.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.