16 қазанда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен әңгімелесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Әңгімелесуші тараптар екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқыға салды. Атап айтқанда, ҚР Президенті Н.Назарбаев пен РФ Президенті Д.Медведевтің ағымдағы жылдың қыркүйек айында Өскемен қаласында болған кездесуінде қол жеткізген келісімдерінің орындалу барысы, сонымен қатар, Қырғызстандағы сайлаудан кейінгі жағдайдың дамуы қарастырылды.
Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитінің мазмұндық мәселелеріне және оның саяси құжаттарын дайындау мәселелеріне баса назар аударды. Осы орайда тараптар өзара конструктивті ықпалдастық пен алдағы жоғарғы деңгейдегі кездесулердегі негізгі тақырыптар бойынша келісілген ортақ ұстанымдарды ойластыруды қолдайтындықтарын жеткізді. Оның ең басты мақсаты еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікте бірыңғай және бөлінбейтін қауіпсіздік қауымдастығын құру болып табылады.