19 Қазан, 2010

Жобалардың жүзеге асу барысы қаралды

541 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте елімізде жүзеге асу үстіндегі индустриялық-инновациялық жобалардың қазіргі барысы қаралды. Мәселені талқылауға кіріспес бұрын Үкімет басшысы Елбасы мектептер мен ауруханалардың, бала бақшалардың, басқа да әлеуметтік нысандардың құрылыс нормалары мен ережелерін қайта қарау жөнінде тапсырма бергендігін айтты. Премьер-Министрдің ай­туын­ша, осы іске бөлінген мемле­кет қаржысы тиімсіз пайдаланы­луда. “Бізге үлкен ғимараттардың орнына адамдар мен балалардың қажеттілігіне сай нысандарды салу керек” деп пысықтады Кәрім Мәсімов. Осы­ған орай әлеу­меттік нысандар­дың құрылыс нормалары мен ережелері бір ай мерзімі ішінде рет­ке келуі керек. Ал тиісті ше­шім­ді қабыл­дауға  бір апта уақыт берілді. Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сы мемлекеттен әлеуметтік кө­мек алатын адамдар тізімін рет­ке келтіруді де тапсырған екен. Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ер­бол Орынбаевтың айтуынша, бұл тізім өте үлкен бол­ғандықтан кімге қан­дай кө­мек берілетіндігі де күрделеніп, шатысып кеткен. Ендігі кезекте оны бір ізге салу талабы қойы­лып отыр. Осыған орай Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдерге мәселені қарап, өз ұсыныстарын әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Қозғалған әңгіменің ың­ғай­ына қарағанда, алдағы уақытта аудандық деңгейдегі денсаулық сақтау және оқу бөлімдері бол­мауы да мүмкін. Бұл қызмет тіке­лей аудан әкімдіктеріне берілетін іспетті. Мұнан кейін селекторлық кеңес күн тәртібі бойынша мәселені қарауға кірісті. Ин­дус­трияландыру жобаларының жү­зе­ге асуы жөнінде баяндама жа­са­ған Индустрия және жаңа тех­но­логиялар министрінің орынбаса­ры Берік Камалиевтің айтуы бойынша, еліміздің индус­трия­лан­дыру картасы аясында жалпы құны 840 миллиард теңгені құ­райтын 144 жобаны жүзеге асыру көзделген болатын. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында оның 72-сі аяқталды. Олардың жалпы құны – 459 миллиард теңге. Ендігі кезекте тағы осын­дай 72 жобаны аяқтау белгілен­ген еді. Өмір өз өзгерістерін ен­гіз­ді. Қазіргі жағдай бойынша жыл соңына дейін 80 жобаны жүзеге асыруға болатындығы анық­талып отыр. Осылардың нәтижесінде елімізде 24 мың жұмыс орны ашылмақ. Іске қосылған жобалардың бірқатары қазірдің өзінде толық қуатында жұмыс істеуге кірісті. Басқа жобалар бойынша да осын­дай деңгейге жету міндеті қой­ылады. Сондықтан іске қо­сылған жобалардың аяқ алысы қатаң бақылауда ұсталады. Сонымен, биылғы жылы қазір­гі жағдай бойынша алғанда, бар­лы­ғы 152 жоба пайдалануға беріл­мек. Олардың жалпы құны 805 мил­лиард теңгені құрайтын болады. Берік Камалиевтің айтуы бойынша, әкімдіктер бірқатар жобалардың жүзеге асыру мер­зімін кейінге қалдыру жөнінде өтініш жасаған. Мәселені тал­қы­лай келе осындай жеті жобаның мерзімін кері шегеру орынды деп табылып отыр. Олардың орны жаңа жобалармен толықтырыл­ды. Аталған мәселе бойынша бар­лық облыстар мен Астана, Алматы қалаларының басшыла­ры интерактивті байланыс арқы­лы сөз алып, өздерінің өңір­ле­рін­дегі іс барысы жайлы баяндап берді. Аталған мәселені қоры­тын­дылаған Үкімет басшысы Кә­рім Мәсімов үстіміздегі жылдың екінші жартысы бойынша іске қосылатын жобалардың тұсау­ке­сері 20 желтоқсанда өткізілетін­ді­гін мәлімдеді. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен әкім­діктер осы кезеңге әзір болуы керек. Оларға қойылатын негізгі талаптардың бірі — іске қосы­ла­тын жобалардың толық қуатында жұмыс істеуі. Жобалардың эко­номикалық тиімділігінің өзі осындай шарттар арқылы айқындалатын болады. Селекторлық кеңес мұнан кейін Үкімет отырысымен жал­ғас­ты. Онда еліміздегі бәсеке­лес­тікті арттырудың, ғарыш қыз­меті­нің, техникалық реттеудің, сауданы дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған салалық бағ­дарламалары талқыланды. Осы мәселелерге байланысты сөзінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Кеден одағы аясында бірыңғай экономикалық кеңістік құру қазақстандық кәсіпкерлердің ал­дында үлкен мүмкіндіктер аша­ты­нын атап көрсетті. “Біз бірың­ғай экономикалық кеңістік құру жөнінде жасалу үстіндегі келісімдердің қазіргі барысында осы уақытқа дейін жүзеге асыра алмай келген маңызды мәселеміз – Ресейдің темір жол қызметіне қолжетімділіктің үлкен мүмкін­ді­гіне ұмтылып отырмыз. Атал­ған мәселеге байланысты Кеден одағы комиссиясының қазақ­стан­дық тарабы еліміздің мүдде­сін қорғау жолында сәтті жұ­мыс­тар жүргізіп келеді. Ендігі ке­зек­те қол жеткізген мүмкін­дік­терімізді пайдалануға еліміздің бизнес қауымдастығы әзір болуы керек”, деген Үкімет басшысы комиссия жұмысына “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасының тартылуы тиісті екендігін қадап тұрып айтты. Жоғарыдағы аталған барлық бағдарламалар жобасы Үкімет мү­шелерінің  қолдауына ие болды.