көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңі болуға тиіс
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Б.Саудабаевтың “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттеріне сұхбаты
– Құрметті Қанат Бекмырзаұлы! Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) оның 10 жылдығы кезінде төрағалық етуіне байланысты біздің құттықтауларымызды қабыл алыңыз.
2010 жылдың 11 маусымында Ташкентте өткен ШЫҰ Саммитінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымның құрылуының он жылдығы қарсаңында Қазақстанның төрағалық етуі аймақтағы саяси жағдайларды ескере келгенде елімізге ерекше жауапкершілік жүктейтінін атап көрсеткен еді. Осыған байланысты, ШЫҰ төрағасы ретіндегі Қазақстанның іс жүзіндегі қадамдары, сондай-ақ көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін қатысушы мемлекеттердің күш-жігерлерінің неге бағытталатыны жөнінде білсек деп едік.
– Ең алдымен, біздің ШЫҰ сияқты беделді ұйымға төрағалық етуімізге үлкен жауапкершілікпен қарайтынымызды атап өткім келеді. Қазақстанның осындай құрметті лауазымдағы іс-қимылдары Президент Н.Ә.Назарбаев айқындап берген біздің төрағалықтың “Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жолындағы 10 жыл” атты ұранына сәйкес келетін болады. Біз назарды тар ауқымдағы ұлттық басымдықтарға ғана аудармаймыз, күш-жігерімізді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына ортақ мәселелерге бағыттаймыз. Ұйым қызметінің табысты болуы оған қатысушы мемлекеттердің мүдделері сәйкес келгенде ғана қамтамасыз етіледі.
Өзара сенімділік пен теңдіктің, мәдениеттердің әртүрлілігіне құрметтің және өзара тиімді біріккен дамуға талпыныстың “Шанхай рухын” басшылыққа ала отырып, Қазақстан ұйымның мерейтойлық датаға іс жүзіндегі нақты нәтижелермен келуіне қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сыртқы істер министрлігі ұйымға алдыңғы төрағалықтардың қызметіне, мүше мемлекеттердің арасындағы қол қойылған құжаттар мен қол жеткізілген уағдаластықтарға уақтылы талдау жасауға байланысты айтарлықтай жұмыс көлемін атқарды.
СІМ-нің жетекшілігімен Қазақстанда ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, ол ШЫҰ-ның 2010-2011 жылдарға арналған Іс-қимылдар жоспарын әзірлеу мен бекіту нысанында ұйымның қызметіне елеулі жаңашылдық енгізуге қол жеткізіп отыр. Бұл жоспар 2011 жылдың 11 маусымында Ташкентте өткен саммитте Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамалары негізінде әзірленген болатын. Сондай-ақ, мұндай құжаттың ШЫҰ шеңберінде бірінші рет қабылданып отырғанын атап өткім келеді. Бұл құжат Қазақстанның төрағалығы кезеңіне есептелген және ұйым қызметінің саясат пен аймақтық қауіпсіздік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, халықаралық байланыстарды кеңейту, тұрақты жұмыс атқарушы органдардың қызметін оңтайландыру мен ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитіне дайындық сияқты салаларды қамтиды.
Біздің ШЫҰ бойынша серіктестеріміз қазірдің өзінде Қазақстан төрағалығының айтарлықтай белсенді және қарқынды жүріп жатқанын атап өтуде.
Біріншіден, Қазақстан тарапы Астанадағы саммитті өткізуден бір жыл бұрын оны өткізу күнін 2011 жылдың 15 маусымы деп белгіледі. Шанхайда 10 жыл бұрын дәл сол күні ШЫҰ құрылған саммит өткен болатын. Қазір бұл күн Шанхай ынтымақтастық ұйымының ресми құрылған күні деп аталады.
Екіншіден, мен атап өткендей, біз ұйымның бір мемлекет төрағалық еткен кезеңдегі басымдықтарын белгілейтін ШЫҰ үшін жаңа құжат пішіні, яғни Іс-қимыл жоспарын ұсынып, оны тәжірибеге енгізіп отырмыз.
Үшіншіден, қазақстандық төрағалық кезеңінде ШЫҰ елдерінде, тұтастай алғанда, әртүрлі деңгейдегі және пішіндегі 90-ға жуық іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Осылардың арқасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда іс жүзіндегі жаңа нәтижелерге жетеміз және ұйымның мерейтойын лайықты қарсы аламыз деп үміттенеміз.
Жалпы, 1 қазандағы жағдай бойынша, ШЫҰ-да 32 іс-шара өткізілді, бұл да тиімді төрағалықты дәлелдейді.
Төртіншіден, Қазақстан тарапы ШЫҰ-ға төрағалығын бастағаннан соң осы жылдың маусым-шілде айларында алғаш рет ұйымның барлық астаналарында төрағалық етуші елдің басқа мүше мемлекеттермен біздің төрағалық кезеңіндегі көпжақты өзара іс-әрекеттер басымдықтарын келісу жөніндегі екі жақты консультацияларын өткізді.
Бесіншіден, ұйымның бүкіл ағымдағы қызметін үйлестіруді және басқаруды жүзеге асыратын негізгі орган – Ұлттық үйлестірушілер кеңесі ШЫҰ тарихында оның алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарын және кезекті саммитінің мазмұндық мәселелерін ешқашан бұлайша ерте бекітпеген.
Алтыншыдан, біз төрағалықтың ресми логотипі мен ұранын бекіттік, бұл да бұрын ШЫҰ шеңберінде тәжірибеге кең енгізілмеген. Оларды қолдану ұйымды және төраға елді тануды арттыра түсуге мүмкіндік береді, біздің ұйым шеңберіндегі нақты іс-әрекеттерімізге қосымша назар аудартады.
Айта кетсек, логотип Шанхай ынтымақтастық ұйымының эмблемасы болып табылады, ондағы самғаған бүркіт – Қазақстан символы. Бүркіттен төмен ұйымның екі жұмыс тілінде (орыс және қытай тілдері) “Қазақстан” жазуы, жазудың екі бүйірінде Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төрағалық ету жылдары – 2010-2011 жылдар көрсетілген.
Жалпы, Ташкент саммитінде Елбасымыз айтып кеткендей, Қазақстан “ШЫҰ үйлестіру тетіктерін нығайту, барлық бағыттардағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету және біздің ұйымның халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыру үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге ниетті”.
Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаевтың ШЫҰ-ның халықаралық саясатта маңызды факторлардың бірі ретінде қалыптасуы мен дамуындағы ғана емес, сонымен бірге, ағымдағы төрағалық кезінде біздің басымдықтарымызды жүзеге асырудағы тиімді және нақты жұмысты қамтамасыз етуде атқарған және атқарып отырған аса зор рөлін ерекше атап өткім келеді. Мемлекет басшысының пайымдаулары мен нақты нұсқаулары Сыртқы істер министрлігіне және басқа да ведомстволарға белгіленген және айтарлықтай күрделі бағдарламаны уақтылы және тиімді орындауға мүмкіндік беруде.
– Соңғы жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия өңірінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде барған сайын маңызды фактор болып келеді. ШЫҰ құрылуы мен дамуының негізге алынатын мақсатының өзі де қауіпсіздікке төнетін қауіп пен қыр көрсетулерге қарсы әрекет ету ғой. Қазақстанның өз төрағалығы барысында Орталық Азия өңіріндегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қолдау бойынша қабылдаған шаралары туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, өңірлік қауіпсіздік мәселелері Шанхай ұйымының әрдайым басты назарында. Егер естеріңізде болса, ШЫҰ сенім шараларын нығайту мен шекара аудандарында қарулы күштерді қысқарту туралы 1996 жылғы Шанхай және 1997 жылғы Мәскеу келісімдерінің негізінде құрылған болатын. Содан соң, уақыт талабына сай, ұйым қызметінің алдыңғы қатарына “үш зұлымдыққа” қарсы, яғни терроршылдыққа, сепаратизмге және экстремизмге қарсы тұру мәселесі шықты. Осы пайымдаулардан ШЫҰ шеңберінде Ташкентте Өңірлік терроризмге қарсы құрылым (ӨТҚҚ) құрылды және тиімді қызмет атқаруда. ӨТҚҚ қызметі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзырлы органдарына жәрдемдесуге, үйлестіруге және өзара әрекет етуге бағытталған.
ӨТҚҚ шеңберінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер тұрақты негізде бірлескен антитеррорлық оқу-жаттығулар жүргізеді, “үш зұлымдықпен” күресуде ынтымақтасудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіреді, террорлық, экстремистік және сепаратистік әрекетке қатысқан тұлғалардың бірыңғай тізбесі жаңартылады.
ӨТҚҚ желісінде мүше мемлекеттердің аумақтарында өткізілетін ірі халықаралық шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тығыз өзара әрекеттестік жолға қойылған. Солардың негізгілерінің қатарында Бейжіңдегі Олимпия ойындарын, Шанхайдағы дүниежүзілік ЭКСПО-2010 көрмесін, сонымен бірге, алда Астанада ұйымдастырылатын ЕҚЫҰ Саммитін, Гуанчжоуда өтетін жазғы Азия ойындары мен Қазақстанда өтетін Қысқы Азия ойындарын атап көрсетуге болады. Осындай ынтымақтастықтың арқасында, тек 2009 жылдың өзінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында 99 теракті ұйымдастыру әрекеттерінің жолы кесілді.
Біздің төрағалық кезінде Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететін бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Осылайша, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Алматыда ӨТҚҚ Кеңесінің отырысы өтті, отырыста Қырғызстандағы жағдайды қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Қорытындысы бойынша Қырғызстанның оңтүстік облыстарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ШЫҰ-ға мүше мелекеттердің құзыретті органдарының қырғыз тарапына жәрдем көрсетуі, соның ішінде террорлық, экстремистік және сепаратистік ұйымдардың өңірдегі жағдайды тұрақсыздандыруға ықтимал ұмтылыстары мен әрекеттері туралы уақтылы ақпарат алмасуды жолға қою арқылы жәрдемдесуі жөнінде шешім қабылданды.
Қырғызстан туралы айтқанда, Қазақстанның ШЫҰ төрағасы ретінде көршілес мемлекетке көмектесу үшін барынша күшін салып жатқанын атап өткен жөн. Біздің бастамамызбен мүше мемлекеттер көрсетілетін гуманитарлық көмек номенклатурасын алдын ала келісу жұмыстарын жүргізеді, бұл қайталауды болдырмауға және ұйым бойынша серіктестердің мүмкіндіктерін ұтымды бөлуге жәрдемдеседі. Қырғызстанның жапа шеккен оңтүстік аймақтарынан балаларды ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің балалар лагеріне жіберу мақсатында қабылдау ұйымдастырылды. Қазақстанда мұндай демалыс Жамбыл облысындағы “Тау самалы” сауықтыру кешенінде ұйымдастырылды. Жалпы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қырғызстанға 50 млн. АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық және қаржылық көмек көрсетті, соның 13 миллионы біздің еліміздің үлесінде.
Қырғызстанда парламенттік сайлау дайындығының және оны өткізудің мониторингі үшін ШЫҰ Хатшылығының жауапты қызметкерлері мен мүше мемлекеттердің өкілдерінен тұратын ШЫҰ Қадағалаушылар миссиясы құрылып, ағымдағы жылдың 8-12 қазаны аралығында Қырғызстанда болды.
Қазақстандық төрағалықтың маңызды шараларының бірі осы жылдың 9-25 қыркүйегінде Жамбыл облысының Мәтібұлақ полигонында “Бейбіт миссия – 2010” атты антитеррорлық әскери жаттығудың өткізілуі болды. ШЫҰ щеңберінде жетінші рет болған бұл маневрлер терроршылардың әрекеттерінен пайда болған дағдарыстық ахуалдарды шешудің бірыңғай әдістерін әзірлеуге, ШЫҰ мемлекеттері қарулы күштерінің бірлескен іс-шараларын жүргізу барысында өзара әрекеттесуді ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Жаттығуларға алты мыңға жуық әскери қызметші, танктер, бронетранспортерлер, жаяу әскер әскери машиналары, бомбалаушы және жойғыш ұшақтар, тікұшақтар және тағы басқа техникалар тартылды. Маневрлер барысында әскерді басқару, өзара әрекеттесу, антитеррорлық соғысты жүргізу бойынша әрекеттерді қамтамасыз ету операциялары үйретілді.
Жаттығулар үш кезеңде ұйымдастырылды бас штаб бастықтарының әскери-саяси консультациялары, біріккен антитеррорлық операцияға дайындық және оны өткізу. Әскери жаттығулардың шеңберінде, сонымен бірге, ШЫҰ-ға қатысушы елдердің арнайы қызметтерінің қатысуымен антитеррорлық операцияның жеке кезеңі көрініс тапты.
Бұдан басқа, Іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2011 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуін, қорғаныс министрлерінің, ішкі істер министрлерінің, нашақорлыққа қарсы құрылым басшыларының кеңестерін өткізу жоспарлануда. Барлық осы шаралар кезінде ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризмге, сепаратизмге және экстермизмге, есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұру мәселелері басты тақырыптар болады деп күтілуде.
Сонымен бірге, “ШЫҰ – қауіпсіздік және ынтымақтастық жолындағы 10 жыл” атты ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Конференцияға мүше мемлекеттердің өкілдері және қадағалаушылары, ШЫҰ проблемаларымен айналысып жүрген сарапшылар қатысып, ұйым қызметіне шолу жасайды және оның дамуының келешегі туралы ойларымен бөліседі деп жоспарланған.
– Мүше мемлекеттердің күш-жігер жұмсауы арқасында ШЫҰ бірте-бірте саяси-экономикалық сипатқа бағытталған ұйымға айналып келеді деп атап айтуға болады. Сауда, экономика, көлік, ауылшаруашылық және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықтың жан-жақты дамуы байқалады. Дүниежүзілік дағдарыстың келеңсіз салдарын жеңу бойынша ШЫҰ елдері қандай шаралар қолданып жатқаны және Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық өзара әрекеттесуі қандай бағытта жүргізілетіні туралы айтып берсеңіз.
– Өткен 2009 жыл барлық мүше мемлекеттер үшін де оңай болған жоқ. Бір мезгілде жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс негізінде өндірістік, энергетикалық, экологиялық, азық-түліктік, әлеуметтік, тіпті әскери-саяси дағдарыс белгілері байқалғандықтан, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев оны “жалпыөркениеттік дағдарыс” деп сипаттады.
Осы экономикалық күрделі кезеңде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары қалыптасқан елеулі әлеует пен ұйымның өсе түсіп отырған халықаралық беделі негізінде сындарлы үнқатысуды қолдау және көпжақты ынтымақтастықты тереңдету мақсатында 2009 жылдың қазан айында Бейжің қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарларын еңсеру мен экономиканы одан әрі дамыту бойынша көпжақты экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде бірлескен бастама көтерді.
Шанхай ұйымының елдері сақталған дағдарыс құбылыстарына қарамастан, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын орындау жөніндегі Іс-шаралар жоспарын дәйекті іске асыруға күш салуда. Біздің ойымызша, сауда-экономикалық саладағы өзара әрекеттесудің негізгі екпіні біздің елдеріміз бен халықтарымыздың ұйымның нақты пайдасын сезінуіне мүмкіндік беретін нәтижелерге жетуге бағытталуы тиіс.
Сондықтан, Қазақстан дайындаған Іс-қимыл жоспарының басты бағыт-арқаулары ШЫҰ шеңберіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тереңдетілуі мен оның формаларының әртараптануы болып табылады.
Экономикалық кооперация Шанхай ұйымы қызметінің маңызды бағыттарының қатарына кіреді және салалық министрліктер мен ведомстволар басшылары кеңестерінің, ШЫҰ Іскерлер кеңесінің, ШЫҰ Банкаралық бірлестігінің, арнайы жұмыс топтарының жұмыстарын жандандыруды талап етеді. Олар ұлттық экономикаларды қолдау мен дамытуға жәрдемдесу шараларын жүзеге асыру, ғаламдық дағдарыс құбылыстарының одан әрі таралу қаупі мен олардың әлеуметтік-экономикалық игіліктер мен өңір елдерінің экономикалық деңгейіне теріс ықпалдарын азайту жөніндегі қадамдарын келісіп отырады.
Сонымен бірге, ШЫҰ-ға мүше әртүрлі мемлекеттерде бір жыл ішінде тиімді өзара ықпалдасудың мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету мен бірлескен жобаларды іске асыру және әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың келеңсіз салдарын жеңу мақсатында экономикалық бағыттағы бірқатар іс-шаралар, іскерлік топ өкілдері мен ықтимал инвесторлардың форумдары мен кездесулерін өткізу жоспарланып отыр. Мысалы, жақында Үрімші сауда-экономикалық жәрмеңкесі мен Байкал экономикалық форумы аясында “ШЫҰ күндері” аса табысты өтті. Қазіргі уақытта 2011 жылы Астана экономикалық форумы шеңберінде осындай іс-шара өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Осы айда Ресейде өтетін сыртқы сауда және экономика министрлерінің кеңесі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Олардың қол жеткізген нақты және іс жүзіндегі келісімдері ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикаларын тездетіп даму жолына шығаруға жәрдемдесетініне сенемін.
Сонымен қатар, қазан айына өткізілуі жоспарланып отырған ауыл шаруашылығы министрлерінің бірінші кеңесі де бақыланып отырған табиғи апаттар тұрғысында өзекті болып саналады. Оның нәтижелері өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жәрдемдесетіні сөзсіз.
– Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық маңызды, тіпті ШЫҰ елдері халықтары байланыстарын бекітетін деп айтарлық деңгейден көріне бастады. Жыл сайын Шанхай ұйымының шеңберінде әртүрлі мәдени және концерттік іс-шаралар өткізілуде. Қазақстандық төрағалық кезеңінде Шанхай ұйымының мәдени-гуманитарлық әртүрлілігін дамыту мақсатында ұйым күш-жігері қайда бағыт ұстайтыны жөнінде қысқаша айта кетсеңіз.
– Меніңше, екіжақты немесе көпжақты негізіне қарамастан, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық өзара әрекеттесу дәрежесінің индикаторы болып табылады. Соңғы жылдары ШЫҰ шеңберінде бұл бағыт елеулі дамуға ие болды.
Білім министрлерінің кеңесі жүйелі сипат алды, кезекті кездесу қыркүйектің соңында Новосибирск қаласында өткізілді. Мүше мемлекеттердің жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланыстар жолға қойылды, олар қазір “ШЫҰ Университеті” бірегей жобасын іске асыру бойынша жұмыс жасауда. Таяуда “Интерра” форумы шеңберінде Новосибирск қаласында 56 ректор қатысқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер университеттерінің саммиті өткізілді.
“ШЫҰ Университетінің” негізгі миссиясы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін басымдықты мүдде білдірілетін мамандықтар бойынша келісілген инновациялық білім беру бағдарламалары негізінде жоғары білікті маман кадрларды үйлестіре дайындауды жүзеге асыру болып табылады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мүдделеріне сүйене отырып, Университет дамуының бірінші кезеңінде өлкетану, экология, энергетика, ІT - технология және нанотехнология мамандықтары бойынша дайындау жүргізіледі. Келешекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің келісімі бойынша, басқа бағыттар енгізіліп, мамандықтардың жиынтықтары нақтыланады.
“ШЫҰ Университеті” студенттермен, аспиранттармен, докторанттар және ғылыми-педагогикалық қызметкерлермен алмасуды кеңейтуге, ғылыми-зерттеулер ынтымақтастығын арттыруға, заманауи білім беру әдістемелері мен технологияларын енгізуге, “ШЫҰ Университетінің” білім беру туралы құжаттарын тану тетіктері мен баламалылығын жасауға бағытталған келісімдер негізінде өзара әрекет ететін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер жоғары оқу орындарының достастығы болып табылады. Аталған Университеттің бағдарламасымен білім алатын студент кез келген семестрден бастап келісілген білім алу бағдарламасын іске асыратын шетелдің бас жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыра алады.
Өзара іс-қимылды келістіру мақсатында тұрақты негізде мәдениет министрлерінің кездесулері өтеді. Келесі жылғы Астана саммиті аясында ШЫҰ өнер фестивалін, көркем көрме мен “ШЫҰ кубогі” үшін жасөспірімдер спорт жарыстарын өткізу көзделіп отыр.
ШЫҰ шеңберінде қатысушы мемлекеттердің жастар ұйымдары арасында көпжақты байланыстар дамуының келешегі зор. 2009 жылы ШЫҰ Жастар кеңесі құрылып, мүше мемлекеттерде елеулі жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге, бұл құрылымда да төрағалық Қазақстан тарапына – “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының “Жас Отан” жастар қанаты мен Қазақстанның Жастар конгресіне өткенін ескере отырып, келесі жылы Астанада Жастар кеңесінің отырысын өткізу жоспарлануда. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жастары арасындағы байланысты дамыту “Шанхай рухының” сабақтастығын, ШЫҰ құрылуының негізіне алынған идеяларды, мақсаттар мен міндеттерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ұйым шеңберіндегі экологиялық басымдықтарды Қазақстан бүтіндей қолдайды. Қоршаған ортаны қорғау мәселелері біздің өңір үшін маңызды болып қала береді. Қазіргі таңда аталған салада ынтымақтастық тұжырымдамасын келісу жұмыстары жүргізілуде. Біздің өңіріміз үшін осы күрделі мәселе бойынша ортақ бәтуаға қол жеткізудің сәті түсер деп үміттенеміз.
Қазіргі кезде денсаулық сақтау, ғылым және техника, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша қадамдар қолға алынуда. Жұқпалы аурулардың алдын алу мен таратпау жолындағы күреске үлкен мән беріледі. Біздің төрағалық мерзімінде бірінші рет денсаулық сақтау министрлерінің кеңесін өткізу жоспарлануда.
Сонымен бірге, Қазақстан туризм және спорт саласында ШЫҰ бойынша әріптестерімен екіжақты жұмыс нәтижелерін көпжақты қалыпқа ауыстыруды көздеп отыр. ШЫҰ-ға кіретін мемлекеттердің әрқайсысының тарихында ізін қалдырған Ұлы Жібек жолы маршрутымен туристік арналарды кеңейту бойынша ірі жобаға қатысу мүмкіншіліктері бар.
– Ең соңында, 2011 жылдың 15 маусымында болатын ұйымның 10 жылдығына – ШЫҰ тарихындағы ерекше оқиғаға дайындық жұмыстары туралы білсек деп едік. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығына байланысты ұйымға мүше Мемлекеттер басшыларының саммиті Астана қаласында өтетіні белгілі. Осыған орай, Қазақстан аталған оқиғаны қалай ұйымдастырмақшы және мерейтойлық Астана Саммитінде әлемдік қоғамдастық нені көріп, тамашалай алады.
– Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ШЫҰ Саммитін өткізу – біз үшін үлкен абырой мен жауапкершілік. Және де бұл Шанхай ұйымының басқа елдері тарапынан бізге көрсетілген сенім, Елбасымыз бен Қазақстанның халықаралық аренадағы өскелең беделі мен еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық табыстарының дәлелі болып табылады.
Алдағы іс-шараның мерейтойлық сипатын ескере отырып, ол ШЫҰ тарихында есте қаларлық оқиға болуы тиіс. Қазіргі уақытта саммитті хаттамалық, мазмұндық және ақпараттық қамтамасыз ету жөніндегі барлық жұмыспен айналысатын ұйымдастыру комитеті құрылуда.
Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өтетін мерейтойлық саммит тек жоғары ұйымдастыру және мазмұндық деңгейде ғана өтіп қоймай, сонымен бірге, Шанхай ынтымақтастық ұйымының одан әрі дамуы мен нығаюының да маңызды кезеңі болатындығына кәміл сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескендер Александр ТАРАКОВ, Сауытбек АБДРАХМАНОВ.