20 Қазан, 2010

“Біздің жақта қыс ұзақ”

949 рет көрсетілді
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі  Манарбек САПАРҒАЛИЕВ: – Манарбек Қадылғұмарұлы, сіздің Алматы мен Астанада лауазымды орындарда, сосын Өскемен қаласының әкімі болғаныңыз енді, міне бір жыл­­­дан асты жетпіс мыңға жуық тұр­­ғы­ны бар Тарбағатай ауданының тізгінін ұстап, жауапты қызметіңіз арқылы ел алғысына бөлене бастағаныңыздан хабардармыз. Қазір Тарбағатай десе бүкіл республика халқы елең ете қа­лады. Себебі белгілі, көктемде ауа райы қүрт жылыған кезде Көкжыра, Жән­тікей, Қарғыба сияқты елді ме­кендерде бұрын-соңды болмаған тасқын су бес жүзге тарта тұрғын үйді, мал қораларын қиратып, ондаған мың бас малды қырғынға ұшыратты. Сын-сәтте береке-бірліктің үлгісін таныт­тыңыздар, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, ақыры бұл қиындықты да жеңіп шық­тыңыздар. Сол туралы қиын болса да еске ала кетсек. – Көне көз қариялардың өзі би­ыл­ғыдай қатал қыстың жарты ғасыр­дан астам уақыттан бері болмағанын еске алады. Барқытбелдің теріскейін мекен­деген халық Тарбағатай өңірінде қардың жұқа болатынына үйренген, сондықтан мал азығын жеткілікті мөлшерде әзірлеп алатын. Қатарынан үш-төрт ай бойы күн суық болып, аяз 40 градустан түспей тұрды. Қардың қалыңдығы кей жерлерде төрт-бес метр­ден асып жығылды. Малға жа­йылым болмады. Жемшөп жетіспей, мал қырыла бастады. Ал 17 наурызда су тасқыны нағыз апатқа айналды. Сенесіз бе, Көкжыра ауылында би­іктігі бір метрдей нөпір су ірі қараның өзін ағы­зып әкетіп, адамдар қайық­тарды пайда­лана бастады. Алдын-ала сақтық жасау­дың нәтижесінде абырой болғанда мал шығынына жол беріл­меді. Дабыл қағыл­ды. Ең алдымен халқының алғысына бөлене бастаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жедел жетті. Соңынан іле-шала Төтенше жағдайлар министрі В. Божко ұшып келді. Сын сәтте еліміз­дің барлық облыстарындағы ағайын­дарымыз қол ұшын берді. Оңтүстік Қа­зақ­стан, Қы­зылорда, Жамбыл, Пав­ло­дар және Қа­рағанды, басқа да облыстар­дың бас­шы­лары техникамен, азық-түлікпен, қаржымен көмектесіп жатты. Өңір басшысы Б. Сапарбаев тек Тарбағатай емес, Зайсан ауданының Тасбастау, Күр­шім, Маралды, барлығы су басқан 23 ел­ді мекенді қамқорлығына алып, тұрғын үйлер салу жөнінде нақты тап­­сырма берді. Елбасы Н. Назар­баевтың сәлемін жеткізді. “Қаржы бөлеміз, тұр­ғын үй салып береміз, малды же­ңіл­дікпен (небәрі екі несие пайыз) алуға мүм­кіндік жасаймыз, ең бас­тысы, са­бырлы болып, өз үйлеріңізді салуға бел­сене араласыңыздар, барлық қиын­дық­ты жеңіп шығасыздар” деген. Со­дан бері жарты жыл зымырап өте шық­ты. Қазір барлық қиындықтар арт­­та қалды. Жарты жылда өңір бас­шы­сы Бердібек Мәшбекұлы Тар­бағатайға жиырма рет келіпті. Тек бір ауданға ғана. Аудан жұртшылығының өңір басшысына алғысы ерекше. Со­нымен бірге, облыс әкімінің орынба­сары, тасқын су басталғаннан бері апат аймағынан шықпай, бүкіл істі ба­қылауға алып, кемшіліктер мен проб­лемалардың шешілуіне ықпал жа­саған Серік Тәукебаевтың қызметіне аудан халқы шын ризашылығын біл­діреді. Облыс әкімінің орынбасары Тү­­­сіпхан Түсіпбеков те бұл өңірде ай­лап жатып, апат зардаптарын жоюға бел­­сене араласты. Оған да алғыс айтамыз. – Тасқын су зардаптарын жоюда өзіңіздің орынбасарларыңыз Сіләмбек Әзімхановтың, Сәумен Жақаевтың, Асхат Смайыловтың және аппарат қызметкерлері мен аудан халқының күндіз-түні еңбек еткенін жақсы білеміз. Енді, міне, ауыр күндер артта қалған сыңайлы. Қазіргі жағдай туралы не айтасыз? – Жетінші қыркүйекте Елбасы Н. Назарбаев Тарбағатай ауданының Көк­жыра ауылына келді. Елбасы ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп, бірнеше әлеуметтік ғимараттарды, тұрғын үй­­лерді салтанатты жағдайда ашты. Ха­лықпен кездесуде апаттың алдын алуға көп еңбек сіңірген өңір басшысы Бердібек Сапарбаевқа алғысын айтып, қолын қысқан кезде біз де қатты риза болдық. Бұл азаматтың еңбегін бағалау, әділ іске оң баға беру деген сөз. Өңір басшысы Елбасына сонау Зайсан зілзаласы кезінде тұрғын үйлер құрылысы үш-төрт жылға созылғаны, ал Тарбағатайдағы құрылысты небәрі төрт-бес айда салып бітіргені жайлы хабардар етті. Шынында да солай болды. Қазір барлық тұрғын үйлерге жұрт қоныстана бастады. Үш мектеп­тің құрылысы да пайдалануға беріл­мек. “Парыз” қоры арқылы қоныс той­ын жасаушыларға жаңа жиһаз­дарды сыйға тартты. Бұдан артық қан­дай қамқорлық керек. Береке, бірлік пен ынтымақтың нәтижесі осындай. Тарбағатайлықтар Елбасына, облыс әкіміне шын жүректен ризашылығын білдіреді. Біздің жақта қыс ұзақ. Биылғы қыстың да қатал болатын түрі бар. Қазірден бастап оған қам жасаудамыз. Бұл күндері ауданда 2454 шаруашы­лық құрылымы тіркелген, оның ішін­де үш өндірістік кооператив, 2443 ша­руа қожалығы, 8 өнім өңдейтін кә­сіпорын жұмыс істеп тұр. Қыстың жай­сыз болуы мен көктемгі су тас­қынының салдарынан өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда мал басы едәуір азайды. Ал қазақ үшін малдың алатын орны ерекше. Ірі қара 10968, қой мен ешкі 60 мың басқа азайды. Соған қарамастан бізде 390738 қой-ешкі, 120 мыңдай ірі қара, 20 мыңдай жылқы қыстамаға барады. Қазір қожалықтар мал азығын дай­ындап алды. Үкіметтің екі пайыздық жеңілдікпен беріп отырған несиесі мал басын қайта көбейте ме деген үміт те жоқ емес. Ауданда шағын кәсіпкерлік жолға қойылған. 361 сауда дүкені, 48 қоғам­дық тамақтандыру орны, 64 қызмет көрсету мекемесі, 19 жанар-жағармай құю стансасы, 17 дәріхана, 34 шағын наубайхана халыққа қызмет көрсетуде. Тек биыл алты сауда дүкені, екі қоғамдық тамақтандыру орны, бір наубайхана ашылды. Үстіміздегі жыл­дың сегіз айында шағын кәсіп­кер­лік­пен шұғылданатындар аудан бюд­жетіне 62,1 миллион теңге салық түсірген. – Манарбек Қадылғұмарұлы, ау­данның даму деңгейі жөнінде не айтасыз? – Аудан экономикасы жыл сайын дамуда. Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дары аудан бюджеті 900 млн. теңге болса, ол бүгінгі күні 3 млрд. 586 млн. теңгеге немесе 4 есеге артты. Осы бір ғана көрсеткіштен көп нәрсені аң­ғаруға болады. Аудан экономикасын дамытуда ау­­ыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің көлемі артып келеді. Бұл күні асыл тұқымды қой малы аудандағы барлық қойдың жеті пайызын құрайды. Жер өз иесін тапты. Егістік көлемі арта тү­­суде. Халықты қыс мезгілінде кө­кө­ніс­­пен қамтамасыз ету мақсатында жы­лыжайлар салу қолға алынды. Аудан экономикасына инвести­ция­лар тарту көлемі артты. Кәсіп­кер­лік саласы дамып келеді. Аудан бюд­жетінің кіріс жоспары толығымен ор­ындалуда. Ал кемшіліктер жағына ке­лер болсақ, өз өнімдерімізді аудан ау­ма­­ғында өңдеп ел игілігіне толық жа­рата алмай келеміз. Бұл орайда, аудан әкімдігі кәсіпкерліктің қандай түрін болсын дамытуға қолдау көрсетуге әрқашанда әзір. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың биылғы жылы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­­станның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмасына сай “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дарламасы аудан экономикасын да­мытудың басты жоспары болуы тиіс. – Ел экономикасын сауықтыруда елеулі орын алатын ойыңызды білсек? – Шынын айтқанда, қазіргі әлем­дік экономикалық дағдарыс кезінде “Жол картасы” бағдарламасын елі­міз­­ді дағдарыстан алып шығудың стра­тегиялық жоспары деп айтуымыз ке­рек. Бұл орайда ауданымызда ау­­қым­ды шаралар мен жоспарлы жұмыстар атқарылды. Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стра­тегиясын іске асыру аясында ауданда өткен жылы “Жол картасы” бағдар­ламасы шеңберінде 61,5 млн. теңге қаржы қарастырылып, 75 жоба бой­ынша 220 адам жұмыспен қамтылды. Биыл осы бағдарламаға 431 млн. 824 мың 700 теңге қаржы бөлінді. Оның 296 млн. 413 мың 500 теңгесі республикалық бюджеттен, 135 млн. 411 мың 200 теңгесі аудандық бюд­жет­тен. Бұл 2009 жылғы қаржыдан 7 есеге артық деген сөз. Бұл қаржы 40 жо­ба­ны жүзеге асыруға бағытталатын бо­ла­ды. Соның есебінен 483 жаңа жұ­мыс орны ашылды. – Елбасының бастамасымен өткі­зілген әкімдердің тұрғындар алдындағы есепті кездесулері халық пен билік ара­сындағы байланыстың шешуші факто­ры екендігі сөзсіз. Сіз де барлық ауыл­дық округтерде кездесулер өткізіп, есеп берген шығарсыз? – Халықтың мұң-мұқтажын, та­лап-тілегін, өтініштері мен арыздарын әкімдер шешпегенде, кімдер шешеді деген заңды сұрақ туады. Елбасы­мыздың осы орайда жүргізіп отырған саясатын өте орынды деп есептеймін. “Әкім бол, халқыңа жақын бол” деп халық тегін айтпайды. Сондықтан әкім­дер халық алдында жиі есеп беріп оты­рулары қажет. Бұның өзі халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатыны сөзсіз. Ал өзіме келетін болсақ, барлық ауылдық округтерде халық алдында есеп бердім. Халық мұны қанағаттанарлық сезіммен қарсы алды. Өз пікірлерін айтты. Болашақта атқаратын жұмысымызға бағыт-бағдар берді. Бір қуанарлығы халық шама-шарқы келгенше еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосатындықтарын мәлім етті. – Ауданның экономикалық-әлеу­мет­тік рухани саласын дамытуда қан­дай басым бағыт-бағдарыңыз бар? Осы туралы оқырмандармен ой бөліссеңіз. – Биыл білім беру, денсаулық сақ­тау, мәдениет салаларының материал­дық-техникалық базаларын нығайтуға бөлінген қаржы игерілу үстінде. Ха­лықты әлеуметтік жағынан қорғау са­ласына да қомақты қаржы бөлінген. Алдағы жылы да бұл мәселелер өз жалғасын табатын болады. Сонымен қатар ауданымызда тұр­ғын үй құрылысы, көлік-коммуни­кация, қызметі салаларын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, биыл аудан орталығы Ақсуат ауылындағы су құбырларын қайта жаңғыртуға 90 млн. теңге бө­лініп игерілуде. Жалпы, бұл құбырдың жобалық сомасы 253,3 млн. теңге, ол 2010-2011 жылдарға қаралып отыр. Барлық жөнделетін құбырдың ұзын­ды­ғы 19,3 шақырымды құрайды. Биыл құрылысы республикалық бюд­жет арқылы жүргізіліп жатқан ау­дан орталығы Ақсуат ауылындағы 75 тө­сектік аурухана мен 100 адам қабыл­дай­тын емхананың және Ақжар ауы­лын­дағы 50 төсектік өкпе ауруына қар­сы емдейтін аурухананың құры­лы­сы аяқталып, пайдалануға берілуі жос­парлануда. Көкжыра мен Жәнтікейде орта мектеп, үш дәрігерлік амбула­то­рия іске қосылмақ. Жолдар жөнделіп, көпір салынуда. Бұл аудан халқы үшін зор жаңалық, үлкен қуаныш болмақ. Қысқаша айтқанда, басты бағыт-бағдарымыз халықтың әл-ауқатын арт­тыру. Осы мақсатта біздің алды­мыз­да зор міндеттер тұр. Олар өнер­кә­сіп және ауыл шаруашылығы өнім­де­рінің көлемін көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтерін жан­дан­ды­ру, инвестиция салудың барлық тә­сілдері мен әдістерін қолдана отырып, аудан экономикасына түрлі нысандар мен инвестициялар тарту, белсенді кәсіпорындардың үлесін арттыру және басқалар. Бұл мақсаттар сөзсіз жүзеге асырылады. Еңбекші халықтың көте­ріңкі көңіл-күйі, еңбек белсенділігі береке-бірлігі мен ұйымшылдығы – зор табыстар кепілі. – Жұмыста шешуші тұлға – кадр. Бұл баяғыдан келе жатқан қағида ғой. Жалпы, кадр таңдауда нені басшылық­қа аласыз. – Қай салада болсын жұмысты бір жолға қойып, оның тиімділігін арт­тырып, ұйымдастыруда, атқарылған жұмыстың нәтижелі болуында басты тұлға кадр екені сөзсіз. Мен өз ба­сым қолынан іс келетін, білімді, жаңа технологияларды меңгерген, бүгінгі күн талабына сай шешім қабылдап нә­тижелі жұмыс істей алатын адам­дарға қолдау көрсетуге үнемі даярмын. Жастар біздің болашағымыз. Олар­ды жұмысқа үйрету, тәрбиелеу біз­дің басты мақсаттарымыздың бірі бо­луы керек. Мол тәжірибе жинап, ұзақ жыл жемісті еңбек етіп келе жатқан кадр­лардың еңбегі кімге де болсын үлгі-өнеге. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Оңдасын ЕЛУБАЙ. Суретте: аудан әкімі М.Сапар­ғалиев.
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар