Көпшілікке белгілі, Альянс Банкі өз қаражаты есебінен несиелеу бағдарламасын іске қосқаннан бергі уақытта қаржы институтының клиенттері айтарлықтай көбейді. Әрине, мұның өзі клиенттермен арадағы жұмыстың қолайлы әрі тиімді ұйымдастырылғандығының нақты нәтижесі екендігі ақиқат. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, қазірдің өзінде жалпы сомасы 9,9 миллиард теңгеге он жеті мыңнан астам несие берілді . Сондай-ақ, бұл бағытта өзге де іргелі де ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Міне, осындай кеңінен ойластырылған, мазмұны терең несиелеу бағдарламасы Альянс Банкінің 2013 жылға дейінгі даму стратегиясына толықтай сай келуі де көп нәрседен хабар берсе керек.
Еліміздегі қаржы институттарының арасында өнімдері айтарлықтай басымдықтарға ие Альянс Банкі өз клиенттерінің дамуына қолайлы әрі тиімді жағдайлар жасап, оны одан әрі жетілдіре түсуде. Мәселен, Альянс Банкінің несиелеу нарығындағы көпшілік назарын аударарлық бағдарламалардың арасында “Альянскредит Экспресс” және “Альянскредит Тұтынушылық” несиелерін атап айтуға болады. Негізінен жеке тұлғаларды несиелендіруге арналған бұл бағдарламалардың да өзіндік ерекшеліктермен қатар артықшылықтары да бар. Ең бастысы, қаржы институтының өзге бағдарламаларындағы сияқты мұнда да тұтынушылар үшін несиелеудің тиімді шарттары ұсынылады. Анығырақ айтқанда, “Экспресс кредит” өнімінің қаржыландыру мерзімі – 6 айдан 36 айға дейін созылады. Бір құптарлығы, бұл қаржы тұтынушылық мақсаттарға жылдық 26 пайыз мөлшерлемесімен беріледі, жылдық тиімді мөлшерлемесі (ЖТМ) 37,7 пайыздан.
“Альянскредит Экспресс” өнімі зейнетақы жинақтау қоры салымшыларына, бюджеттік ұйымдар өкілдеріне, сондай-ақ банктің жалақы жобасының қатысушыларына несие жылдық 20 пайызбен, (ЖТМ - 26,5 пайыз) ұсынылады. Клиенттерге берілетін займның ең төменгі сомасы – 50000 теңге, ал ең жоғарғы деңгейі – 1 500 000 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Тағы бір атап айтарлық жәйт “Альянскредит Экспрессті” алушыларға қойылатын талаптар, яғни шарттар да бар.
Бұл орайда несие алушыларға қойылатын ең алғашқы талап – клиент Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Сонымен қатар, мұндай қарыз 21 жасқа толған азаматтар мен азаматшаларға ғана беріледі. Ескерте кететін бір мәселе – несиені толықтай төлеген уақытқа дейін займшының жасы, әйелдер үшін – 58-ге, ерлер үшін – 63-ке дейін, яғни зейнеткерлік жастан аспағаны жөн. Анығырақ айтқанда, зейнеткерлерге банк бұл бағыттағы өз қызметін ұсына алмайды.
Альянс Банкінен тұтынушылық мақсаттарға жұмсауға негізделген несие алу үшін қажетті құжаттар соншалықты көп те емес. Ең алдымен, займды алуға арналған өтініш – анкета толтыру қажет. Сондай-ақ, займшының жеке куәлігі (тұпнұсқасы) салық төлеушінің куәлігі (СТН), азаматтардың тіркеу кітабы немесе (несие менеджері куәландырған) несие алушының тұратын жерін нақтылайтын анықтама болуы тиіс. Сонымен қатар, займшының соңғы алты айдағы тапқан табысы, яғни кірісі немесе жалақысы туралы мәлімет беретін өзге де құжаттар, зейнетақы қорындағы займшының жеке зейнеткерлік қорынан көшірме (соңғы алты айдағы), займшының әлеуметтік жеке коды (ӘЖК) керек.
“Альянскредит Экспресс” өнімін иелену үшін қажетті ерекше шарттардың бірі займшының еңбек мерзіміне де қатысты, яғни клиенттің жалпы еңбек өтілі бір жылдан кем болмауы шарт. Сонымен қоса, оның соңғы жұмыс орнындағы еңбек ету мерзімі – алты айдан кем түспегені жөн.
Ал “Альянскредит Тұтынушылық” несиесінің “Экспресстен” басты айырмашылығы берілетін сомасында әрі кепілдікке жылжымайтын мүлік қойылуы қажет екенін ескерген жөн. Шұғыл мұқтаждықтарға берілетін несие 100 000 теңгеден 7 500 000 теңгеге дейінгі сомада 12 айдан 84 айға дейінгі мерзімге беріледі. Оның үстемақы мөлшерлемесі кірістер расталған жағдайда жылдық 18%-бен, ал ЖТМО-ның үзіндісімен кірістерді жарым-жартылай растағанда 22%-бен қолжетімді (ЖТМ – 20,42 пайыздан кем емес).
Несие кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмайтын, кез келген тұтынушылық мақсаттар үшін беріледі. Несие мөлшері қамсыздандырудың (жер телімдерінен басқа жылжымайтын мүлік) бағасына тәуелді: кіріс расталған жағдайда кепілдіктің нарық құнынан 70%-на дейін; ЖТМО-ның үзіндісімен кірістерді жарым-жартылай растағанда – 50 пайызына дейін.
Сала мамандары “Альянс Банкінің клиенттері ірі көлемдегі сомаларды ұзақ мерзімге тарта алатындығын және оларға несиелер бойынша ең бәсекелес үстемақы мөлшерлемелері ұсынылып отырғандығын” атап айтуда. Шын мәнісінде де, өз клиенттеріне көрсетілетін қызметтің сапасын және мазмұнын арттырып, оның түрлерін көбейтумен бірге, банк ұжымы бұл бағытта іскерлік пен кәсіби біліктілікті одан әрі жетілдіруде.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.