Мәселенің мәнісі
“Не бел кетеді, не белбеу үзіледі”
“Мен, Әшірбай Гүлзира Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты Құтарыс ауылдық округінде орналасқан Ақарыс елді мекеніндегі №31 Бәйдібек атындағы жалпы орта мектебіне 2003 жылы жолдамамен келіп орналастым. Басында бәрі де жақсы болатын. Даудың басы бір топ мұғалімнің аудандық қаржы полициясына жазған арызынан басталды. Себебі, біздердің, яғни бір топ ұстаздың зейнетақы қорына ақшасы түспеген. Сол арызға қол қойғандардың ішінен директор тек мені ғана қудалауға кірісті. Ол маған ескертпей, менің сыртымнан кәсіподақ жиналысын өткізіп, күн тәртібіне менің қызметтік ісімді талқылаған болып, жұмыстан босату туралы мәселе қараған. Жиналысқа қатысқан азаматтардан тек қана сол М.Орманға туысқандық қарым-қатынасы бар мұғалімдер ғана оның ниетін мақұлдап, мені жұмыстан шығарылсын деп дауыс берген. Яғни, М.Орман менің мәселемді сырттай талқылап, менің тағдырымды сырттай шешеді. “Білімі саяз, сауатсыз” деген ауыр айып тағып, менің құқығымды аяқасты етеді. Онымен қоймай, М.Орман өзінің мақсатын жүзеге асыру ниетінде мектептің 17 мұғалімін және ата-аналарды арандатты. Оның негізгі ойы – мені мектептен, ұжымнан аластату болатын. Өзінің маған деген қиянатын жүзеге асыру үшін М.Орман менің басқан ізімді аңдуға, сыртымнан жала жабуға, жалған актілер түзуге дағдыланып алды.
2008 жылы Сайрам аудандық сотында менің талап-арызым бойынша іс қарау барысында оның маған қатысты шығарған №54 санды бұйрығын өз қолымен жоятынына уәде берген болатын. Сонымен бірге М.Орман сот алдында 2-ші санатқа (категория) өтуіме ықпал ететінін, маған ендігәрі ешқандай қиянат көрсетпейтіні туралы соттың алдында уәде берді. Соған сеніп, мен бітімгершілікке келісім бердім. Алайда ол бұл уәделерден тайқып, арада бес-алты күн өткеннен кейін мені заңсыз бұйрықпен жұмыстан босатты. Онысымен қоймай, маған мектеп ұжымының алдында балағат сөздер айтып, қол жұмсады (көкірегімнен итеріп жіберді).
2009 жылы 24 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қадағалау алқасының қаулысымен өз жұмысыма қайта тұрдым. Мектеп директоры М.Орманның мені жұмыстан шығарған бұйрығы заңсыз деп танылды.
Менің бір емес, бірнеше рет сот арқылы құқығымды қорғағаныма қарамастан, мектеп директорының қиянат іс-әрекеті тыйылар емес. Сыртымнан күнде жиналыс жасау, ұжымды маған қарсы қою, мәжбүрлеп “қолдау хатқа” қол қойғызу әліге дейін жалғасуда. Үстіміздегі жылдың 10 қыркүйегінде аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Рысбаевтың қатысуымен кәсіподақ жиналысы өтті. Осы жиналыста Б.Рысбаев мені “барлық жерге айтып шықтым, сені ешқайда жұмысқа алмайды” деп қорқытты. Бір сөзбен айтқанда, бұл жиналыс М.Орманның іс-әрекетін талдауға емес, менің мәселемді қарауға арналды”.
Мұғалім Әшірбай Гүлзираның редакцияға жазған арыз-хатының ұзын-ырғасы осындай. Оңтүстікке сапар кезінде арыз иесімен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті.
– Гүлзира, мектеп директорымен екеуіңіздің араңыздағы текетірес бүкіл мектептің, мектеп ұжымының қалыпты жұмыс істеуіне кесірін тигізеді деп ойламайсыз ба?
– Егер Орман Мақұлбек директорлық қызметтен кетпесе, ұжымда ешқашан береке болмайды.
– Мәселен, сізге ауыл ақсақалдары, дуалы ауыз қариялар келіп, “Гүлзира қарағым, осы дауды өршітпей, Орман Мақұлбекті кешіре салсаңшы” деп өтініш айтса не істер едіңіз?
– Мен алған бетімнен қайтпаймын. Орман Мақұлбекті қызметтен кетірмей қоймаймын. “Не бел кетеді, не белбеу үзіледі” деген принципке бекінгенмін...
“Ол арыз жазуға шаршамаса да, мен ақталудан шаршадым”
“Мен Сайрам ауданы Құтарыс ауыл округіне қарасты Ақарыс елді мекенінде орналасқан №31 Бәйдібек атындағы жалпы орта мектебінде 1974 жылдан бері мұғалім, 1991 жылдан бастап мектеп директоры қызметіндемін. Мектептің мұғалімі Әшірбай Гүлзира Амангелдіқызы 2007 жылдан бері маған негізсіз жала жабумен келеді. Жеке пиғылды ұстана отырып, жала жабу әрекеттерін бүгінгі күнге дейін доғарар емес. 2007 жылы “зейнетақы қорын есепшімен бірге жеп қойды” деген жаламен аудандық қаржы полициясына шағымданды. Тексеру нәтижесінде заң бұзушылық анықталмады. Ата-аналар оның үстінен жұмысында өрескел қателіктерге жол бергендігі туралы маған және аудандық білім бөліміне арыз түсірген. “Түскен арызды мектеп директоры әдейі ұйымдастырды”, деген жалған мәліметпен менің үстімнен тағы да арыз жазды. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, бұл арыз да өз дәлелін таппады. Кейін: “Мектепке туған-туысқандарын жинап алған”, деп аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясына, Сайрам аймағы бойынша қаржы полициясына арыз жазды. Бұл арызы да тексеріліп, дәлелін таппады. Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Н.Қырғызәлиевке “мені көкірегімнен итеріп жіберді, соның салдарынан құлап, жарақат алдым” деген жалаға толы арызы да тексерілді. Бұл да бұрынғы арыздарындай дәлелін таппады. Осы тексерулердің барлық құжаты менде сақталған. Мектеп мұғалімдері А.Ахметова, Г.Жақыпова, Айжан Ахметова, З.Есенбайдың дипломдары жалған деп, сол үшін мектеп директорының үстінен іс қозғалсын деген тағы да арыз жазды. Тексеру барысында аталған мұғалімдердің дипломдарының жалған екендігі дәлелденбеді.
Сайрам аудандық әкімдігі тарапынан Әшірбай Гүлзираның шағымына орай, жалпы мектептегі мән-жайды анықтау мақсатында әкімнің орынбасары Б.Рысбаевтың төрағалығымен “Нұр Отан” партиясы, кәсіподақ, ата-аналар комитеті мүшелері қатынасқан жалпы жиналыста тексеруге келгендер көп жағдайға көз жеткізді. Әшірбай Гүлзира сол жиналыста маған тағар кінәсі не екенін түсіндіріп бере алмады.
Мектеп ұжымы Әшірбай Гүлзираның мектепте жұмыс істеуіне бүтіндей қарсы. Ол мектептің ішкі еңбек тәртібін сақтамайды. Қалаған уақытында келеді, қалаған уақытында кетеді. Жасалған ескертпелерге пысқырмайды да. “Үстеріңнен арыз жазамын” деген қоқанлоқымен қорқытып болды”.
... Бұл мектеп директоры Орман Мақұлбектің бізбен кездескенде айтқан уәжі.
– Ауылдың аумағынан шығып, аудан, облысты шулатқан, жаңғырығы Астанаға жеткен осы текетіресті тоқтатудың амалын жасамадыңыз ба?
– Бүкіл мүмкіндігін іздедім. Оған талай адам тоқтау айтты. Тыңдамады. Тіпті, туыстық қатысы бар бір сыйлы кісіге өтініш білдірдім. Оны да тыңдамапты. “Алған бетімнен қайтпаймын”, депті.
– Екеуара кикілжіңнің ақыры немен тынады деп ойлайсыз?
– Шынымды айтсам, ол жала жабуға шаршамағанымен, мен ақталудан шаршадым. Сол ауылдың ақсақалымын. Ел ішінде абыройым да бар. Бірақ осы барысы болса, сол абыройдан жұрнақ та қалмайды-ау деп қорқамын.
Қойылмай қалған сұрақтар немесе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
Айғайы Астанаға жеткен бұл даудың нүктесі қойылған жоқ. Әл-әзір сол нүктенің қойылатын түрі де байқалмайды. “Не бел кеткенше, не белбеу үзілгенше” деген Гүлзира Әшірбай да, “жалған жаладан ақталудан шаршадым” деген Мақұлбек Орман да текетірестерін тоқтатар емес. Олар үшін шегінетін жер қалмаған сияқты.
Айтпақшы, арыз иесімен қоштасар кезде: “Сенің әрекетің кекшілдік емес пе?” деген сұрақты қойғымыз-ақ келіп еді. Қоя алмадық. Бәлкім, Гүлзира Әшірбай бұл сұрағымызды басқаша түсініп қалар деп. Сол сияқты Мақұлбек Орманға да: “Сіз директорлықтан кетсеңіз ауыл да, аудан да тынышталып қалар ма еді?” деген сұрақты қойғымыз келген. Оған да сол сұрақты қоя алмадық. Көңіліне келіп қала ма деген күдікпен.
Түбінде бұл сұрақтар да қойылар, оған тиісті жауаптары да қайтарылар, екеуара текетірес те тоқтар... бірақ оған дейін ел іші алатайдай бүлінбесе нетті...
Шарафаддин ӘМІР, Астана – Шымкент.