Қазір ғой, Оңтүстіктің асфальт жол салуға машықтанып алғаны. Бүгінде екі асфальт зауыты бар “Береке А” компаниясының бас директоры Рәшкүл Оспанәлиеваның жұмысшылары тоқсаныншы жылдары шағын бір алаңқайға асфальт төсейді. “Асфальт деген күн өткен соң қатар еді, біздікі күнде бассаң түкті кілемдей былқылдайды да жатады. Сөйтсек, битумы нашар екен”, дейді облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер бүгіндері күліп.
Оңтүстіктің жігіттері, жүдә, пысық қой. Сондықтан да оларды “тәшкен көрген” деп жатады. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомагистралі салынатындығы жөнінде сыбыс шыққанда іскер жігіттер битумға өте зәрулік болатындығын біліп, тәуекелдің қайығына мінген.
Бүгінде “Битум” ЖШС Төле би ауданындағы ең серпінді жобалардың бірі. “Жыланбұзған” елді мекенінің батыс жақ беткейін бетке алсаң көкке ұмсынған, самсап тұрған зымыран пішіндес қондырғыларды көресің. Бұл – көзіңіз алдағандай, ғарыш айлағы емес, битум зауыты. 2007 жылы бастаған кәсіпорын 2010 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген. Жылына 6 мың тонна битум дайындайды. Біз барғанда зауыт Ресейден шикізат күтіп тоқтап тұр екен.
Учаске бастығы Талғат Шәңкібаевтан шикізатты Қазақстанның ішінен іздеп көруге неге болмайтындығын сұрағанбыз. Іздестіріпті. Бірақ, сапасы айтарлықтай емес. Сондықтан, керекті гудрон шикізаты Ресейден тасымалданады. Көп партияға тапсырыс берілген. Ол қондырғылардың астындағы алып қазандықтарға құйылып алынады да, май шайқағандай сапырып, қажетті температураға дейін көтереді. Жаңа қондырғылармен жабдықталған зауыттың артықшылығы, бір мезетте битумның 5 түрлі маркасын айырып шығаратындығында.
Білмеген нәрсеңнің құпиясына қаныққың келеді. Битумға неге бес түрлі марка керек?
Талғат түсіндіреді. Табиғаттың мезгілдеріне қарай жаз бен күзге лайықты битумдар ыстық және салқын болып бөлінеді. Жер жағдайына қарай түрлі маркаларға сұраныс түсіп жатады.
– Біз үш кезекте 100 адамды жұмысқа алдық. Бірақ, бұл жеткіліксіз екен. Төртінші кезекке операторлар алуды ойластырып жатырмыз, – дейді учаске бастығы. – Өйткені, операторлар шаршаса аппараттағы қалыпты температураны жоғалтып алады да, бір марканың орнына екіншісі шығып кетеді.
Қарапайым жұмысшының оператор болып, кнопкамен басқарылатын аппаратпен жұмыс істеуі қиын. Бұған сауатты мамандар керек. Зауытқа керекті мамандар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің базасында дайындалады. Зауыттың өніміне сұраныс көп. Қызылордада “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автомагистралін салуға қатысып жатқан италиялық фирма көп көлемге тапсырыс берген. Кезекте тұрғандар жетеді.
– Үш жүз миллион теңгеге салынған битум зауыты жаз маусымында екі жүзге дейін жұмысшы қабылдай алады, – дейді Төле би ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков. – Облыстың ішінде битум шығаратын шағын зауыттар болғанымен мұнымен шендесері жоқ. Қазақстанның келешегі осындай іргелі өндіріс орындарының көптігінде. Бұрын асфальт жолы үшін битум іздеп кәсіпкерлер Ресейге дейін сабылатын еді. Қазір өз жігіттеріміз осы олқылықтардың орнын толтырды. Сол үшін оларға рахмет.
...Қырға шықсаңыз көкке ұмсынған зымыран пішіндес қондырғыларды көресіз. Бұлар зымырандар емес, өзіміздің іскер жігіттердің замана ыңғайын байқап іске қосқан алып кәсіпорны. Битум өндірісінің алғашқы қарлығашы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерді түсірген автор.