Кеден одағы – кемелдену кепілі
– Болат Бидахметұлы, Кеден одағы Кеден кодексінің 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енуі Қазақстанның сыртқы сауда көрсеткіштеріне қалай әсер етті?
– Кеден одағы жағдайында жұмыс істегенімізге 9 ай толса, Кеден одағы Кеден кодексінің бірегей ережесі бойынша біртұтас кеден аумағында жұмыс істеп жатқанымызға бір тоқсан ғана өтті. Сыртқы саудада теріс өзгерістер орын алған жоқ деп қазірдің өзінде сеніммен айтуға болады. Оның есесіне сыртқы сауда айналымы көрсеткіштеріндегі өсу тенденциялары мен оның құрылымындағы сапалы өзгерістер туралы айтуға толық негіз бар.
Кеден органдарының оперативті мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасының Кеден одағынан тыс елдермен сауда айналымының көлемі 2010 жылдың қаңтар-тамыз айларында 54975 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (2009 жылы—43090 миллион АҚШ долл.) 27 пайызға немесе 11885 миллион АҚШ долларына артты.
Алты айдың қорытындысы бойынша Ресейден келген импорт 1,1 миллиард АҚШ долларына немесе 2009 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға өсті. Сонымен бірге Қазақстаннан Ресейге шығарылған экспорт та өсу тенденциясына ие болып 1,2 миллиард АҚШ долларына немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 78 пайызға ұлғайды.
Жарты жыл ішінде біз минералды өнімдерді (2 есеге жуық), металдан жасалған бұйымдарды (2,4 есе), химия өнімдерін (1,4 есе) көбірек экспорттай бастадық, сондай-ақ тоқыма бұйымдарында да (1,4 есе) аздаған өсу бар. Шикізат импортының сыртында Ресейден жабдықтар (6 пайыз) мен құрылыс материалдары (39 пайыз) және азық-түлік (3 пайыз) әкелу арта түсті. Осылайша, алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 2,3 миллиард АҚШ долларына, ал Беларусь Республикасымен арада 74,7 миллион АҚШ долларына ұлғайды.
Осы орайда кедендік ресімдеудің жойылуына сәйкес есептілік құрылымына өзгерістер енгізілуіне байланысты 3-тоқсандағы тауар айналымы туралы мәліметтердің кейінірек белгілі болатынын да айта кету керек. Дегенмен 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап импортқа қосылған құн салығының іс жүзіндегі түсуінің динамикасы Ресеймен арадағы сауданың оң сипатта екенін бейнелейді. Ал ол өз кезегінде өсу тенденциясының сақталып отырғанын айғақтайды.
Менің пайымдауымша, Кеден одағы ішіндегі өзара тауар айналымының өсуіне біздің елдеріміз арасындағы саудада жоқ, үшінші елдерге қатысты сақталып отырған баж салықтарының өсуі мен сауда-саттықты жүзеге асыруда Кеден одағы ішіндегі кедендік процедуралардың жеңілдетілуі жағдай жасады.
— Қалай ойлайсыз, Кеден одағы жағдайында кедендік әкімшілендіру сапасына нұқсан келген жоқ па?
— Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен арадағы саудада кедендік ресімдеулер жойылған жағдайдағы кедендік әкімшілендірудің сапасына үшінші елдермен арадағы шекаралық сауда-саттықты сипаттайтын сандар арқылы баға беруге болады.
Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі болып табылатын Қытаймен арадағы сауда айналымы 2010 жылдың шілде-тамыз айларында 2445 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 746 миллион АҚШ долларына немесе 43 пайызға көп. Тауар айналымының айтарлықтай өсуі экспорттың 45 пайызға (534 миллион АҚШ долл.), сол сияқты, импорттың 40 пайызға (212 миллион АҚШ долл.) артуы арқылы да қамтамасыз етіліп отыр.
Талдау жасалып отырған кезең ішінде Қырғызстанмен арадағы тауар айналымы 111 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл алдындағы жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 26 пайызға (88 миллион АҚШ долл.) артық. Сол сияқты экспорт 80 миллион, импорт 32 миллион АҚШ долларын құрады. Осылайша экспорттың—15, ал импорттың 66 пайызға артқаны байқалып отыр.
Халық тұтынатын тауарлардың әкелінуіне талдай жасай отырып та кедендік әкімшілендіру деңгейі туралы айтуға болады. Осы орайда Қазақстанның бұрынғысынша Қытай Халық Республикасында өндірілген халық тұтынатын тауарлардың негізгі тұтынушысы болып табылатынын атап көрсету қажет. Осы жағдайды, сол сияқты тауардың аталған түріне қатысты көзбояушылықтардың тым жоғары екенін ескере отырып, Қазақстан Республикасының кеден қызметі Қазақстан-Қытай шекарасындағы әкімшілендіруді жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қабылдады. Аталған шаралар бүгінде ойлағандай нәтижелерге қол жеткізуге жағдай жасап отыр. Айталық, бұрнағы жылдары Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара сауда-саттық мәліметтеріне салыстырмалы талдау жасау барысында елдер арасындағы сауда көлемінде айтарлықтай айырмашылықтар көрініс берсе, мемлекеттердің кеден қызметтерінің 2009 жылы жүргізген салыстырмалы талдаулары статистикалық мәліметтердегі қиғаштықтардың жойылғанын, елдердің “айналы” көрсеткіштерінің үйлесетінін көрсетті. Ал ол тауарларды декларациялауда нақтылықтардың арта түскенін, контрабандалық жүктер тасымалының қысқарғанын және соған сәйкес тасымалданатын тауардан алынатын кедендік төлемдер мен салықтардың ұлғая түскенін білдіреді.
— Қазақстан Үкіметі қабылдаған жеке тұлғалардың автокөлік құралдарын әкелуін жеңілдету жөніндегі шаралардың нәтижелері қандай?
— Автомобильдерді жеке басына пайдалану үшін әкелгендер импортқа ҚҚС пен акцизді және Бірегей кеден тарифінің ставкасы бойынша баж салығын төлемейді, тек бір жолғы кедендік төлем ретіндегі төлемді ғана төлейді. Оның ставкасы 2010 жылдың 1 шілдесіндегі №682 қаулымен белгіленген. Олардың мөлшері автокөліктің шыққан жылына байланысты болады. Бүтіндей алғанда, жеңілдікті режім шыққанына үш жылдан астам уақыт өткен, бірақ он жылдан аспаған автомобильдерге ғана қолданылады. Ставкалар қозғалтқыштың көлеміне байланысты бір текше сантиметр үшін 0,35 еуродан 0,6 еуроға дейінгі аралықты құрайды. Сол сияқты автомобильдерді қайталап әкелуге де жол ашық, бірақ екі немесе одан да көп автомобиль болған жағдайда ставка көтеріле түседі. Егер мәшинеге жеті жылдан аспаса, текше сантиметрі үшін 0,85-тен 2,25 еуроға дейін салық салынады. Егер мәшинеге 7 жыл толып, бірақ 10 жылдан аспаса әр текше сантиметр үшін 2-ден 3 еуроға дейін салық салынады.
2010 жылдың шілде-қыркүйек айларында белгіленген жалпыға ортақ режім бойынша да (ЖКД), жеңілдетілген режім бойынша да жеке тұлғалар үшін 14122 автокөлік құралдары еркін айналымға жіберілді. Олар бойынша барлығы 7,8 миллиард теңге кедендік төлемдер мен салықтар төленді.
Осы орайда егер ЖКД (жүк-кедендік декларация) бойынша 3693 автомобиль ресімделсе, жеке тұлғалар үшін жеңілдетілген режім арқылы (ККО бойынша) үш есе дерлік артық автомобильдер ресімделді.
— Кеден одағының кедендік заңнамалары жеке тұлғалардың тауар тасымалдауына қандай да бір жеңілдіктер жасай алды ма?
— Ең алдымен 2010 жылдың 18 маусымында Санкт-Петербургте Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Жеке тұлғалардың тауарларды жеке басқа пайдалану үшін Кеден одағының кедендік шекараларынан алып өту және оларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы келісімге қол қойылғанын айта кету керек. Бұл құжат 2010 жылдың 30 маусымында Қазақстан Республикасы заңымен ратификацияланды.
Біртұтас кеден аумағын құру және Кеден одағын қалыптастыру туралы 2007 жылдың 6 қазанындағы келісімнің және Кеден одағының Кеден кодексі туралы 2009 жылғы 27 қарашадағы келісімнің ережелеріне негізделген аталған келісімде баж салығынсыз енгізу нормасы 1000 доллардан 1500 еуроға дейін ұлғайтылған. Сол сияқты Кеден одағынан сырт жерлерге бұрын шығарылған тауарларды, қолданыста болған мәдени құндылықтарды құны мен салмағы бойынша шектеусіз және кедендік төлемдер мен салықтар төлеместен әкелуге болады. Сонымен бірге аталмыш құжатта жеке пайдалану үшін қажет тауарларды тек жеке тұлғаның өзі ғана әкеліп қоймай, сондай-ақ тасымалдаушының жеке тұлғаның мекен-жайына жеткізіп беруіне де рұқсат етілген. Ал жеке тұлғалардың жеке пайдаланымындағы тауарлар бойынша төлемдер ККО (кедендік кіріс ордері) бойынша (ЖКД бойынша емес) бірегей кедендік төлемдер ставкасы бойынша төленеді.
— Валюталар қозғалысы мәселесіне қатысты қандай түсініктеме берер едіңіз?
— Кеден одағын құру шеңберінде Жеке тұлғалардың қолма-қол ақшалай қаржыларын және (немесе) ақшалық құралдарды Кеден одағының кедендік шекаралары арқылы алып өту тәртібі туралы келісім әзірленіп, соған сәйкес жеке тұлғалардың қолма-қол ақшалай қаржыларын және (немесе) жол чектерін енгізу және шығару нормалары белгіленді.
Ол бойынша жеке тұлғалар жалпы сомасы 10 мың АҚШ долларына тең немесе одан аспайтын ақшалай қаржыны және (немесе) жол чектерін бір мезгілде әкелген және шығарған жағдайда, ондай қолма-қол ақшалар және (немесе) жол чектері жазбаша түрде кедендік декларациялауға жатпайды.
Ал жеке тұлғалар жалпы сомасы 10 мың АҚШ долларынан асатын ақшалай қаржыны және (немесе) жол чектерін енгізгенде және шығарғанда, ондай қолма-қол ақшалай қаржылар және (немесе) жол чектері енгізіліп отырған ақшалай қаржының және (немесе) жол чектерінің барлық сомасына жолаушының кедендік декларациясын ұсыну арқылы жазбаша түрде кедендік декларациялауға жатады.
Жеке тұлғаның ақшалық құралдарын (вексельдер, банк чектері, бағалы қағаздар), жол чектерінен тыс, енгізуі және шығаруы жолаушының кеден декларациясын ұсынуы арқылы жазбаша түрде кедендік декларациялау арқылы жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта аталған келісім ратификациялану сатысынан өтуде, осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жоғарыда аталған енгізу нормалары күшіне енетін болады. Ал аталмыш келісім күшіне енгенге дейін бұрынғы ережелер қолданыла береді.
Сонымен қатар, валюта қозғалысы кезінде Кеден одағына мүше елдер арасында жоғарыда аталған норманың күші жүрмейтінін де атап өткім келеді.
— Сөз соңында кедендік баж салықтарының Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы бөлінісі туралы да айтып берсеңіз.
— Үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында енгізілген орташа айлық баж салықтары 12,5 миллиард теңгені құрады.
2010 жылдың 1 қыркүйегінен күшіне енуіне байланысты қыркүйек айында Қазақстан Республикасының бюджетіне 24,5 миллиард теңге аударылды. Осылайша үстіміздегі жылдың 9 айында бюджетке 124,5 миллиард теңге енгізілген тауардан түскен кедендік баж салықтары келіп түсті.
Егер кедендік төлемдерді Кеден одағына мүше елдер арасында бөлер болсақ, ол төмендегідей болады. Қазақстан—7,33 пайыз, Ресей—87,97 пайыз және Беларусь—4,70 пайыз.
— Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.