Он бес жүлде өзімізде қалды
Жақында Астанада кекушинкай каратэ-додан ерлер, әйелдер және жасөспірімдер арасында өткен ашық Азия чемпионаты аяқталды.
Жарысқа құрлықтың 9 елінен қатысқан 70-ке жуық спортшылардың арасында Қазақстан құрамасы 5 алтын, 6 күміс және 4 қола медальді жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Бұл сынға ұлттық құрама сапында 30-ға жуық каратэшілер қатысқанымен, солардың арасында әйелдер жарысында Наргиз Кенжебек (60 кг-ден жоғары) алтын жүлдені, Гүлсанат Самғалиева (60 кг) мен Эльвира Әбілғазина (60 кг-ден жоғары) күміс медальды жеңіп алса, Назгүл Малынбаева (60 кг-ден жоғары) қола медальды қанағат тұтты.
Ерлер арасында 75 кг-ге дейінгі салмақтағы алтын, күміс, қола жүлделердің бәрі және 75-кг-ден жоғары бәсекелерде бір алтын медальды жапондар иеленсе, осы салмақтағы күміс және қола жүлдені Азамат Дүкенов пен Аслан Мұстафин еншіледі. Ал жасөспірімдер арасында Данияр Әлимусинов (55 кг-ге дейін) алтын, Исламбек Жұмабек күміс медальды мойнына тақса, 60 кг-ға дейінгі салмақта Наурызхан Қорқыт бірінші орынды, Мәулен Шаймин екінші және Сабырбек Қожахметов үшінші орынды иеленді. Одан әрі Аян Бексайытов өз салмағында (65 кг-ге дейін) алтын, Аспан Сәдуақасов қола жүлдегер атанса, 65 кг-ден жоғары салмақта Василий Купренович бірінші орынды, Нұрзада Тұрабаев екінші орынды жеңіп алды.