21 Қазан, 2010

Ізгіліктен із қалады

443 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Адамдардың дарқан пейілмен, адал көңілмен бір-бірін дос тұта өмір сүруі­нен, өзара жарасымды сыйлас­тығынан, сағы­нышы мен бауырмалдығынан асқан дү­ние­де қандай ізгілік болушы еді? Бүгінгі әр-әр жерден бой көрсетіп қала­тын түрлі соқтығыстар мен қақтығыстар, өзімшіл­діктен өрілетін өктемдік өрес­келдігі дүние жүзі жұртшылығын елең­детпей қоймай­ды. Ешбір соғыс өртінсіз, “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман” деп ке­шегі ата-бабалар аңсап өткендей, халық­тардың бір-бірімен тату-тәтті, бір ата-ана­ның баласындай ұйым­шыл­дықта ұйысқан тірлігіне жетер ба­қыт­тың жоқтығын жұмыла қозғаудың өзі бір игі дәстүр екен. Сол дәстүрді енді мұ­нан былайғы уақытта елорда өзінің енші­сіне қалдырып, Астана төрі ылғи да осындай танымал қонақтарға толып, жаһандық проблемаларды шешуге тіке­лей Қазақ елі мұрындық болып жат­са, елдің өркениет жолындағы өрелі көшінің бірі осы болмақ. Кеше Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы ұйымдастыру комитетінің тең төрағасы, Парламент Сенатының депу­таты Төлеген Мұхамеджановтың БАҚ өкілдеріне берген қорытынды сұх­батында осы мәселе төңірегінде ой өрбі­ді. “Келген қонақтардың бәрінің ойлары бір жерден шықты. Әрине, басты құжат қабылданды, бірақ оның алда әлі де болса ширатыла түсетін тұстары баршы­лық, сондықтан оны ең биік деңгейге жеткізіп алғаннан кейін ғана жұртшы­лыққа ұсынбақ ойы­мыз бар”, деді ол. Елбасының қатысуы­мен өткен Қазақ­стан халқы Ассамблеясы сессиясында Әзірбайжан музыка өнерінің қайраткері Полад Бюль-Бюль оғлы форумды екі жылда бір рет Астанада өткізсек деп өз ұсынысын жеткізгенін, бірақ бұл әзірге форумға қатысушылар­дың жеке өздері­нің ғана пікірі екенін, өйткені оны қазір­дің өзінде сұрап алғы­сы келіп жат­қан елдердің баршылық еке­нін айтты. Мәселен, жақында Үндістан­нан осындай ресми хат келіп түсіпті. Болгария мен Ресей де қолқа салып, қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Т.Мұхамеджанов мұндай форумның жаңадан бой көтеріп келе жатқан елорда үшін айтарлықтай шара екенін, келешекте мұны елдің төл бренді ретінде танытса, артық болмайтынын тілге тиек еткен. “Бұл елімізге, халқымызға үлкен абырой әкелетін форум” деп түйіндеген сөзін. Бұйыртса, елорданың алдынан әлі мұндай талай айдын кезіге берер, бірақ та әлемнің әр елінен келген қонақтар­дың көңілі жас қалаға айрықша бұры­лып, Қазақ елін танып, таңдап жатуы­ның өзі әлемдік қоғамдастық алдындағы Қазақстанның абырой-беделінің қанша­лық биік деңгейге өскендігін аңғарт­қандай әсер қалдырады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.