Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.
Астана Саммиті қарсаңында Венада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Шолу конференциясы екінші бөлімінің күн тәртібінде 19 қазанда дағдарыс кезеңіндегі экономикалық-экологиялық салалардың маңызы, сондай-ақ Ұйым өңірінде қауіпсіздікті нығайтуда жаһандық сынақтарға қарсы тұру мақсатындағы ынтымақтастықты дамыту және оның жолдарын іздестіру тақырыптары тұр. Мұның өзі ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер экономикалық-экологиялық өлшемдерде қол жеткізген нәтижелерді шолудың маңыздылығын көрсетсе керек.
Қазақстан дипломаты Ерболат Сембаев атап көрсеткеніндей, “Ұйым аясында Бонн құжатынан бастап стратегиялық маңызы зор Маастрихт құжатына дейін осы екі саладағы қазіргі бар қағидаттар мен міндеттемелерді ЕҚЫҰ мүшелерінің орындауына шолу жүргізу айрықша қажет”. Бұл тұрғыда энергетикалық қауіпсіздік, көші-қон, тұрақты даму және көлік қауіпсіздігі секілді салалардағы бірлескен жұмысты нығайту мүмкіндіктерін қарастыру керек. Ал бұл тақырыптар биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық форумының тақырыбы болып табылады.
Экономикалық-экологиялық проблемалардың ЕҚЫҰ қызметіндегі басқа бағыттарға мүмкін болатын ықпалын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес және лайықты басқару, лас ақшаларды тазалау мен лаңкестікті қаржыландыру секілді салалар арасындағы тығыз байланысты ескере отырып, жаңа сынақтарға, соның ішінде трансұлттық сипаттағы сынақтарға тиімді қарсы тұру бірлескен жұмысты қажет ететіні атап өтілді.
ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық қызметінің үйлестірушісі Горан Свиланович жаңа сынақтарға барлық өлшемдерді қамти отырып, қарсы тұру жолдарын іздеудің маңызды екендігін атап көрсетті. “Экономикалық-экологиялық өлшем ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастыққа негізделген қауіпсіздікке деген жалпыға ортақ көзқарасының әрдайым ажырағысыз бөлігі болып келді”, деді ол.
Шынында да жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңінде қай кездегіге қарағанда да халықаралық және өңірлік ұйымдар, сондай-ақ үкіметтік емес құрылымдар мен іскерлік топтар арасындағы ынтымақтастықтың ЕҚЫҰ өңірінде өркендеу мен тұрақтылық үшін айрықша мәні бар екені ерекше өткір көрінді. Мүше мемлекеттердің міндеттемелерін орындауы мен экономикалық-экологиялық қызметті нығайту мақсатында алға ілгерілеу жолдарын анықтауын шолу бүгінгі таңда айрықша өзекті болып табылады.
26 қазанға дейін созылатын Шолу конференциясында қарастырылып жатқан экономикалық тақырып мөлдірлікті арттыру, сыбайлас жемқорлықпен, лас ақшаны тазалаумен және лаңкестікті қаржыландырумен күресті күшейту жолы арқылы лайықты басқаруды нығайту; көлік және энергетикалық қауіпсіздік; көші-қон; технологиялық инновация мен жаңғыртуды дамыту арқылы тұрақты даму мен экономикалық өсуді қамтамасыз ету; сондай-ақ әлеуметтік даму мәселелерін қамтиды.
Астана Саммиті қарсаңында маңыздылығына айрықша мән беріліп отырған осы шараның экологиялық бөлігі барысында экономикалық басқару мақсатындағы әлеуетті нығайту; қоршаған ортаны қорғау; табиғат ресурстарын тұрақты пайдалану және оны басқару; қоршаған ортаның ластануына, жер ресурстарының бүлінуіне жол бермеу; экологиялық тәуекелдер, табиғи және техногендік апаттар тақырыптары талқыланатын болады.
Шолу конференциясының бұған дейін өткен бірінші бөлімінің және қазір Венада болып жатқан екінші бөлімнің қорытындылары 1-2 желтоқсанда болатын ЕҚЫҰ Саммитінің барысындағы пікірталасқа негіз қалайтыны сөзсіз.