21 Қазан, 2010

Маңызды мәселелер бойынша нақты шешім

541 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы палатаның жалпы отырысы болып өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Онда “Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне салық салу мәселелері бой­ынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы” заң жо­басы бірінші оқылымда талқыға түсті. Бұл заң жобасы бойынша Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндама жасады. Заң жобасы мемлекеттің қар­жылық қажеттіліктерін қамтама­сыз ету, халықаралық салық салу жүйесін жетілдіру және халық­аралық тәжірибеге сәйкес салық салу мәселелері жөніндегі халық­аралық шарттарды әкімшілен­діру, сондай-ақ салық заңна­масының жекелеген нормаларын нақтылау мақсатында әзірленген. Бұл жоба бойынша Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов қо­сымша түсінік берді. Талқы­лаудан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ жалпы отырыста “Еуропа мәдени конвенциясын ратификациялау туралы” заң жо­басы қаралды. Аталған конвен­цияның көздеген мақсаты туралы Мәдениет министрлігінің жауап­ты хатшысы Жанна Құрман­ға­лие­ва баяндама жасады. Пала­та­ның Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік комите­тінің мүшесі Бағила Баймағам­бетова қосымша түсінік берді. Конвенцияда Еуропаның ортақ мәдени игілігін қорғау және оған ұлттық үлесті дамытуды көтер­мелеу шаралары анықталған. Конвенцияға қатысу Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы тамыздың 29-ындағы Жарлығымен бекітілген 2009-2011 жылдарға арналған “Еуро­паға жол” мемлекеттік бағдар­ламасында белгіленген мәселелер тұрғысынан өзекті болып табылады. Конвенцияға қосылу сондай-ақ Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің тілін, тарихын және мәдениетін зерттеуді да­мы­туға, сондай-ақ Еуропа білім министрлерінің 1999 жылғы мау­сымның 19-ындағы “Еуропа жоғары білім кеңістігі” ортақ мә­лімдемесіне (Болон деклара­циясы) қатысушы мемлекеттер құрған Болон үдерісіне қатысуға мүмкіндік беріп, осының ая­сында Еуропа мемлекеттері тара­пынан Қазақстан Рес­публика­сының жоғары оқу орын­дары­ның дипломдары та­нылады. “Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы” Қазақстан Республикасы Заңы­ның 11-бабына сәйкес Конвен­ция ратификациялауға жатады. Депутаттардың дауыс беруімен заң жобасы мақұлданып, Сенат­тың қарауына жіберілді. Сонымен бірге, жалпы оты­рыста палата Үкіметтен келіп түс­кен жаңа заң жобаларына қо­рытынды әзірлеу уақыттарын нақтылау бойынша шешім шы­ғарды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне “Ғылым туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобаларымен жұ­мысты жалғастыру міндеті жүк­телді. Ал Экономикалық рефор­ма және өңірлік даму комите­тінің ұсынысымен “Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне көлік мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жөнінде мәселе қаралды.