21 Қазан, 2010

Бәрекелдіге толы бір жыл

519 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
“Егемен Қазақстан” газеті өткен жылы 1 жел­тоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалсын” деген Жарлығын жариялады. Қасына “Жас келсе – іске” деген мақала беріліп, ол “Қ. Бозымбаев Елбасының сеніміне лайық кісілік пен кішілік, іскерлік пен ұйымдастырушылық тұрғысында жақсы қырынан танылады деген ойдамыз” деген сөздермен аяқталды. Санап отырсақ, содан бері арада бір жыл сынаптай сырғып өте шығыпты. Жарлыққа 30 қарашада қол қойылып, Премьер-Министр К. Мәсімов Тараз қаласына сол күні ұшақпен келіп, жаңа әкімді таныстырған. Жаңа әкімнің Елбасы сенімін ақтауға берген уәдесі де есте. Ал сенімді ақтау үшін атқарылған істің ұсақ-түйегі бол­­майды. Қарапайым халықтың игілігіне, өңірдің өркендеуіне арналған істің бәрі үлкен, бәрі игі. Сондықтан болар, облыс абыройын ойлай жү­ре­тін әлеумет “сенімді ақтау” деген сөздің салма­ғын пайымдай келе, көптен бері көңілдерін күпті қылып келе жатқан кейбір мәселелердің бір жыл­­да қолға алынғанына кәдімгідей қуанып қалған. Ең алдымен, отыз жылдан бері (бәлкім, одан да көп) облыс орталығының сәнін келтіріп, қабырғасы қалқиып, терезелері үңірейіп тұрған сегіз қабатты ғимараттың сайқымазақ сиқы ойға оралған. Бұрынғы-соңғы облыс әкімдері бұл мәселені білмеді немесе ешқандай әрекет жасамады демейміз. Бірақ қайсысы болмасын осы көзге қораш дүниені қолға алып, іске құлшына кіріспек болғанымен ауру өтіп кеткен дімкәске тап болған емшідей шарасыз күйге түсе берген. Шарасыз­дықтың соңы әлгі көзге күйік болған ғимарат­сымақтың “жүзін” шыбын-шіркейден қорғануға арналған материалмен бүркеп қоюға соқтырған. Басқалай амал қалмаса, енді қайтпек? “Жас келсе – іске” дегеннің жар­қын мысалы, міне, талай жылдан бері жергілікті биліктің дәрменсіздігін танытып тұрған сол нысанның ауласы бүгінде құрылысшылардың қарқынды еңбегіне толды да кетті. Ел-жұрттың бір-бірінен таңғала сұрайтыны: “Айта-айта ауыз талған мәселе Қ. Бозымбаевтың келуін күтіп тұр­ғандай аяқ астынан қалай шешілді?”. “Құрылысты аяқтауға қажетті 592786,97 мың теңге қай “қоржыннан” алынды?”. Бұл, әрине, “екінші пландағы” сауалдар, ал, ең басты мәселе – облыс, қала тұрғындарының қуанышында болып отыр. Өйткені, өңір экономикасы басындағылардың “қаржы жоқ” деген тоңмойын түсініктерінің бұзылуы жұрт жүрегін жібітті. Болашақта әкімшілік үйі болады деп жоспарланған ғимараттың жауапкершілігін Тараз қаласындағы “Ремэнерго” ЖШС мойнына алыпты. Олар құрылыс жұмысын келесі жылдың 30 мамырында аяқтап, пайдалануға бермекші. Ал биылғы жылдың жұмысы үшін бөлінген 128260,0 мың теңгенің 128260,0 мыңы игерілген. Қазір жүзден астам құрылысшы жұдырықтай жұмылып, жұмыс істеп жатыр. Бозымбаевтың ел-жұртты “бәрекелді” дегіз­ген тағы бір ісі – Тараз қаласының “батыс қақпасы” арқылы өтетін асфальт жолдың өркениетті қалаларға тән үлгімен қайта жасалуы болды. Автомобильдер бір жақты бағытта еркін қатынайтын тақтайдай тегіс жолдың ортасына электр бағандары қойылып, шамдар орнатылған. Әр түрлі сәнмен жасалған тұғыр тастардың үстіне өсімдік құмыралары қойылып, оған отыр­ғы­зылған әсем гүлдер бүгінде желектей жайқалып тұр. Облысты А. Тшанов бас­қарып тұрған кезде ортағасырлық сәулет өне­рінің салтанатымен са­лынған “қақпа” да жа­ңа­рып, түнгі жарықтармен жарқырай түсті. Әлбетте, мұның бәрі облыс басшысының ел­ге болса екен деген игі тілегінен туындаған оңды іс екендігінде сөз жоқ. Дегенмен, “алтын шық­қан жерді белден қаз” деген де жақсы сөз бар. Сондықтан, Тараз қаласының шығысынан да ос­ындай “қақпа” орнатылып, қаланың кіреберісіне өркениет үлгісімен жобаланған асфальт жол тө­сел­се, нұр үстіне нұр болар еді деген жұрт тілегін де жеткізе кеткіміз келеді. Неге? Өйткені, су аға­ды, тас қалады. Мысалы, А. Тшановтан қалған “ба­тыс қақпа” сияқты “Бозымбаевтың шығыс қақ­пасы” деген белгі де көз тартып тұрар болса, ол сөз жоқ ел айта жүрер игі істердің бірінен болар еді. Тараздықтарды мұңайтып жүрген тағы бір мәселе “Һибатулла Тарази” атындағы орталық мешіттің қасындағы басталуы тәуір бастал­ға­нымен, аяқталуы ауыр болған медресе құрылысы болатын. Ол да шығыс пен батысты жалғаған орталық көшенің бойына орналасқандықтан, жолаушы­лардың көңілін қобалжыта беретін. Сондықтан болар, Қанат Алдабергенұлы облысқа басшылыққа келген бетте елді елең еткізіп, медресе құрылысын тез арада аяқтауға уәде берді. Әкім уәдесінде тұрды. Медресе бір жылға жетпей аяқталды. Ел нығыметі, ұлт руханияты, ұрпақ ғидаяты жолындағы іске ұйытқы болу, белсен­ділік таныту ел-жұртты одан бетер риза қылды. Келелі жиында кездесіп қалған облыстық қазақ драма театрының әртісі Жасұзақ Әйт­пен­бетовтің, мысалы, “медресе құрылысы­ның қар­қынды жұмысын көріп, әй, бір риза болғаным-ай” деген үні әлі құлағымда тұр. Тараз қаласы – ислам діні ту тіккен шаһар десек, онда замана талабына сай медресе болуын тарихи әділдік деп түсіну керек. Елімізде небәрі сегіз медресе бар екен, ендеше соның тоғы­зын­шысы Қ. Бозымбаевтың ұйытқы болуымен дү­ниеге келгенінде дау жоқ. Жақында ҚМДБ бас­қармасының төрағасы, бас мүфти Ә. Дербісәлі келіп, аталмыш медресені мұхтарам жамағатты “аллаһу акбарлатып” ашып беріп кетті. Одан кейін... “қара құрлықта” футболдан әлем чемпионаты дүріл­деп өтіп жатқанда Қ. Бозымбаев тараздық жас футболшыларды тосын сыйлықпен таңғал­ды­рып тастады. Атап айт­сақ, Әйтеке би көшесін­дегі көп қабатты тұрғын үйдің ауласынан шағын фут­бол алаңы ашылды. Ер­екшелігі – ол ж­а­сан­ды “шөппен” жабылған. Көгалдан айырмасы жоқ бұл жасанды жамыл­ғы­ны іскер азаматтар со­нау Голландиядан ар­­найы алдырыпты. Сөз­дің тоқетері, балалар ала доп тебетін алаңның құ­ры­лысы халықаралық та­лаптарға сай. Әкімнің айтуына қарағанда, ал­дағы уақытта облыс кө­ле­мінде осындай 20 фут­бол алаңы са­лынбақшы. Оның тең жартысы Та­раз қаласындағы көп­қа­бат­ты тұрғын үйлердің ау­ла­­сы­нан орын теппек. – Елбасы Нұр­сұл­тан Назар­баевтың би­ыл­­ғы Жолдауында Қа­зақ­стан халқы­ның кемінде 30 па­йы­зын бұқара­лық спортпен қамту мәселесі алға қойылды. Бүгінде об­лыста 4 000 бала фут­бол спорты­мен айна­лы­са­ды. Сондықтан, бұ­қа­ра­лық спорт­тың дамуы­на ерекше көңіл бөлеміз. Футбол алаңдарымен бір­ге биыл облыста 20 бокс залы ашылады. Спорттың басқа түр­ле­рін дамыту да жоспарла­нып отыр, – деген Қ. Бозымбаев, ауладағы жасыл алаңға келіп ала допты алғашқылардың бірі болып өзі тепкен уақытта. Жақында облыс әкімі Мойын­құм ауданынан оралды. Облысқа басшы болып келген кезінде де алғашқы сапарын осы ауданнан бастап, шет қонып, қиыр жайлаған өңір халқының тұрмы­сымен танысқан болатын. Содан бері Мойынқұм ауданы экономикасы мен мәдениетін өркендету облыс әкімі аппарат мәжілісінің күн тәртібінен түскен емес. Ақбақайдың алтыны мен Мыңа­рал­­дың цементін өндіруге ниет еткен жұмыс­шы­лардың арасында жиі болады. Елбасымен болған “телекөпірде” Мыңаралдың болашақ цемент зауыты көрсетілді. Неге? Өйткені, облыста ин­дус­триялық-инновациялық экономиканы қа­лыптастыру барысында дүниеге келген және елі­міздегі ірі инвестициялық жобаның бірі “Мың­арал Тас компаниясының” ісі болып табылады. Елбасы Н. Назарбаев Мыңарал цементін Бал­қаш­тан салынатын болашақ үлкен жобалардың құрылысына пайдалану керектігін сол “теле­көпір” кезінде және жақында облысқа жасаған арнайы жұмыс сапары барысында тілге тиек етіп, баса назар аударды. Ол күн де алыс емес сияқты. Зауыт құрылысының бүгінге дейін 95 пайызы аяқталды. Енді технологиялық жүйелер мен жабдықтар сынаққа дайындық үстінде. Құдай қаласа, 1 қарашада сынақ басталып, 15 қарашада Мыңарал цементі шығарыла бастамақ. Ал 15 желтоқсанда зауыт толық іске қосылмақшы. Демек, Мыңарал цемент зауыты тәуелсіздік күніне тамаша тарту болғалы тұр. Қалай дегенмен, Жамбыл өңірін химия өнеркәсібінсіз көзге елестету мүмкін емес. Сон­дықтан болар, осыдан екі жылдай уақыт бұрын осы саланы дамытудың кейбір мәселелерін қараған республикалық семинарға Елбасының өзі төрағалық етіп: – Жамбыл өңірі – химия өнеркәсібінің кіндігі болған, болып қала береді. Кешегі кеңес өкіметінің кезінде біз фосфордың үштен бірін шығаратынбыз, қазір сол өндіріс қарқыны бә­сең­сіп қалды. Сондықтан ел болып, Үкімет болып тиісті жұмыстар атқарып, осы пайдалы салаға қаржы тартып, халықтың әлеуметтік жағдайын түзеуге, табиғат байлығын өркениетті нарық тала­бына сәйкес игеру арқылы елімізге көп пайда кел­­тіру жағын ойлауымыз керек. Химия саласын­­да біз әлі күшіміз жетіп, қолымыз тиіп жөндеп жұмыс жасағанымыз жоқ. Бұл – ел экономи­­ка­сын өркендетуге қомақты үлес қосып келе жатқан темір, көмір, мұнай, газ сияқты байлығымызбен пара-пар, яғни болашақта халқымыздың жағдайы­ның жақсаруына үлкен пайдасын тигізетін сала. Елдегі фосфор кенінің қазіргі нақты белгіленген қоры 5-6 миллиард тонна дейтін болсақ, жалпы жобасы шамамен 15 миллиард тоннаға жетіп отыр. Яғни, біз фосфор кенінің қоры бойынша дүние жүзіндегі төртінші орында тұрған елміз деп батыл мәлімдеуімізге болады, – деген болатын. Сонымен бірге елге келіп жатқан “Еуро Хим Удобрения” компаниясына да қолдау көрсету керек екеніне тоқталып: – Ресейлік “Еуро Хим Удобрения” компа­ниясының еліміздің химия өндірісіне қаржы са­луын біз құптаймыз. Енді Үкімет пен Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі бұл мә­селені тез арада және ешқандай кедергісіз шешуі керек. Өйткені ел-жұртқа “Еуро Хим Удобрения” компаниясының бюрократтық кедергісіз жұмыс істеп кеткені қажет болып отыр, – деген-ді. Міне, жақында облыста болған кезінде Ел­басы екі жыл бұрын айтылған осы игі істің әлі күнге дейін орнынан жылжымағанына, “Еуро Хим Удобрения” компаниясы басшылығының әр­түрлі деңгейдегі, әртүрлі мемлекеттік дә­ліз­дердегі кедергілерге ұшырағанына қатты қын­жы­лыс білдірді. Қынжылып қана қойған жоқ, ел-жұрт­тың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ауа­дай қажет осындай инвесторларды кеудесінен итеріп отырған лауазымды басшылармен жұмыс істесе алмайтынын ашық айтты. Сөйтіп, “Еуро Хим Удобрения” мәселесін бір ай ішінде шешіп, оның ел экономикасын көтеру үшін жасамақ болған жобасына кедергі жасалмауын қатаң талап етті. Мәселенің мәнісі былай болған-ды. “Еуро Хим Удобрения” компаниясы Еуропадағы тың­айтқыштар шығаратын ірі үштіктің қатарына кіреді. Сол компания Қаратау қаласындағы 1993 жылдан бері тоқтап тұрған “Сарытас” зауытын алаңымен қоса сатып алған-ды. Бірақ бір-екі жыл­да зауытты іске қосып, фосфор кенін өн­ді­румен айналыса бастамақ болған компанияның кедергіден кедергіге тап болып жүргеніне, міне, табаны күректей төрт-бес жыл болып қалды. Айтайын дегеніміз, жамбылдық жамағат екі жыл бұрынғы мәселені ұмыт қалдырмай, қайта еске салып, шенеуніктердің екі аяғын бір етікке тыққан Елбасыға бір разы болса, қаратаулықтар үшін “қаны” жерге тамбайтын қат мәселені бизнес-форумның күн тәртібіне сыналап енгізіп отырған Қ. Бозымбаевқа екі разы болып еді. Облыс әкімінің Шу, Сарысу, Талас, Жуалы, Жамбыл, Тұрар Рысқұлов атындағы және Байзақ аудандарында да жиі болып, өндіріс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ауыз су, жол және байланыс салалары бойынша да атқарылмай жатқан істердің “өлі нүктесінен” алға жылжуына тікелей ықпал етіп жүргеніне куәміз. Жергілікті билік тізгінін ұстаған басшы ретінде бизнес өкіл­дерімен де тіл табысып, ел әлеуеті, халық мүддесі үшін түсіністікпен жұмыс істеп жатыр. Бұл тұрғыда, әсіресе, “Жасұлан және К” компаниясы басшылығының облыс өркениеті, қала мәдениеті турасындағы билікпен бірлесе атқарып жатқан жақсы істері халықтың көз алдында. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму ба­рысының бағыты да дұрыс. Өнеркәсіп кәсіп­орындары бірінші жартыжылдықта 51,9 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. Бұл 2009 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға артық. “АльБасар” және “Жасұлан және К” ЖШС-лары индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде бүгінгі таңда жалпы құны 1,6 млрд. теңге болатын 2 жобаны жүзеге асырып үлгерді. Бүгінгі күнге дейін облыс экономикасын да­мы­туды жеделдету мақсатында және аймаққа ин­вес­тициялар тарту үшін ынтымақтастық туралы 5 келісім мен 2 меморандумға, 1 экспорттық келісімге және 1 қарыз келісіміне қол қойылған. Құжаттарға қол қою Италиядан, Франциядан, Испаниядан, Ресейден және Ираннан келген әріп­тестермен экономикалық байланысты ны­ғайтуға жағдай жасауда. Атап айтқанда, облысы әкімдігі мен Ресейдің “Русгидро” ААҚ арасында гидроэнергетиканы, жел энергиясын және жаңартылған энергияның басқа да түрлерін да­мыту саласындағы ынтымақтастық ірі істерге бастама болмақ. Сондай-ақ, ирандық “Диба Сан” компаниясы басшылығы қой шаруашылығын дамыту және агроөнеркәсіп секторында бір­лес­кен жобаларды жүзеге асыруға кіріспек. Облыста өте ірі мал бордақылау алаңы мен жем-шөп ба­засын жасау жөнінде Малайзияның ұлттық ірі-қара шаруашылығы корпорациясы да ынта танытуда. “Тараз” ӘӨК пен испандық “Конт­рак­та Техникал Ресорсес” компаниясы арасындағы ынтымақтастық бірегей мамандандырылған шетелдік техникалар мен қондырғыларды әкелуге мүдделі болып отыр. Италиялық “Сефита” ком­па­ниясы өкілдері жамбылдық “Фабрика ПОШ-Тараз” ЖШС-мен бірге облыста жіп иіру өндірісін дамыта бастады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы облыста “Энерджи-Тараз” ЖШС қуат сақтауға ыңғайлы, яғни бұрынғы лампыларға қарағанда 60 пайызға үнемді лампылар шығаруды қолға алуы да көңіл қуантады. Ал мұндай ізденіс пен еңбек, әріптестік пен бәсекелестік аймақ өндірісін әлемдік рынокқа шығаруға жол ашары ақиқат. Жалпы, облыста алдағы уақытта 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Ауыл тұрғындарының нәсібі – аграрлық са­ланың да абыройы арта бастады. Ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнім көлемі үстіміздегі жыл­дың қаңтар-маусымында 17,2 млрд. теңгені не­месе өткен жылдың осы кезеңімен салыстыр­ған­да 102,1 пайызды құрады. Егін шаруашылығында да нәтиже жаман емес. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығын қолдауға республикалық бюд­жет­тен 1673,6 млн. теңге субсидия қаралыпты. Бұдан басқа, облыстық бюджеттен асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға 16 млн. тенге субсидия бөлінген. Жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызу және өсіру ісі де тиянақталып, жолға қойыла бастапты. Облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 0,2 пайызға, оларда қызмет жасайтын адам саны 2,5 пайызға өсіп, 34,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Эконо­ми­каның дамуы, халықтың өмір сүру деңгейінің өсуі, әлеуметтік мәселелердің шешілуі, көпбала­лы отбасыларды қолдау бойынша жүйелі іс-ша­раларды іске асыру да облыстағы демографиялық жағдайды жақсартуға ықпал етуде. Облыс бас­шысының ықпалы арқасында Тараз қаласындағы перзентханалар іскер әйелдер қауымдастығының қоғамдық бірлестігінің назарына алына бастады. Әсіресе, олардың “Ашық жүрек” атты қайы­рым­дылық іс-шарасы жамбылдық жас ата-аналарды ерекше әсерге бөледі. Облыс орталығындағы №1-ші перзентхананың бас дәрігері Қ. Сағын­ға­лиеваның айтуынша, мұнда бір айда 600-ге жуық нәрестенің кіндігі кесіледі екен. Ал үстіміздегі жылдың өткен 5 айы ішінде іңгәлаған 3000 сәби дүние есігін ашыпты. Облыс іскер әйелдері қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлдар Нұрымованың Мойынқұм ауданынан келген жас ана Айсұлу Әбдірахманова дүниеге әкелген Мирас атты ұлға “нағашы әже” атанып, бесік сыйлауын облыстағы жаңа дәстүрге балау керек сияқты. Шынында, перзентханаға жабдықтары жалт-жұлт еткен ақ бесікпен келу бұрын-соңды қолға алынбаған сый-сияпат еді. Мұны, тіпті, алдағы уақытта еліміз бойынша дәстүрге айналдырса артық болмас. Перзентханада белін бекітіп, отбасына оралғалы отырған аналардың қуанышына ортақтасып, “нағашылық” жолмен бесік сыйлау немесе ақшалай сыйлық беру жаңашыл басшылардың ғана жан-дүниесін жарып шығатын жарқын іс. Басшының жағымды бейнесі ұлттық руханиятты қастерлеуден, ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ұйытқы болатын істерінен де байқалады. Бозымбаевтың бұл тұрғыдағы атап айтар ісін, әсіресе, батыр Бауыржан Момыш­ұлы­ның 100 жылдық тойын елдік пен ерлік мерекесі ретінде ерекше екпін беруімен асқақтады десек қателеспейміз. Ұлтының тілі мен діліне, салты мен дәстүріне деген ілтипаты да осы жиында анық аңғарылып тұрды. Облысқа алғаш келген кезінде ресми тілге көше беретін Қанат Алдабергенұлының кейінгі кездері ана тілінде көбірек және түсінікті сөйлеуге тырысатыны көзге анық байқалып тұрады. Басшы ісінің барысын байыптап, байқау үшін бір жыл, әрине, аз. Бірақ тақыр жерден сүрінетін кейбіреулер үшін бір жыл кейде бір ғасырдай ұзақ болып көрінеді. Елбасы жақында облысқа жасаған жұмыс сапарында батыр Баукең ескерткішінің қасына жиылған ардагерлерге жолығып, жас басшының бастамаларына көп болып қолдау көр­се­­тіңіздер деген тұрғыда тілек айтқан болатын. Шы­­нында, Қ. Бозымбаев ісінің бастамасы жаман емес. Оны ел-жұрттың өзі де көріп, куә болып отыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Суреттерде: 1. “Мейірім” орталығында жаңа компьютерлік томография іске қосылды. 2. Перзентханадағы анаға бесік сыйлау – жаңа дәстүр.