Еліміз өз Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына келе жатыр. Бірінші қыркүйекте Парламент палатасының бірлескен отырысында Н.Назарбаев: “біз бүкіл келесі 2011 жылды “Тәуелсіздіктің 20 жылы” ұранымен өткізуге тиіспіз” деп атап көрсетті. Елбасы бұл мерекені жақсы жетістіктермен, айтулы табыстармен қарсы алу үшін жаңа күш-жігермен еңбек ету қажеттігіне баса назар аударды. Өйткені, мерекені атап өту той тойлау, аста-төк мол дастарқан жайып, қызық думан жасау емес. Қол жеткен биігіңді бір саралап көріп, жаңа белестерді анықтау болып табылады.
Жиырма жыл Қазақстан үшін ғасырларға бергісіз жылдар болды. Еліміз әлемдік
қауымдастықтың белді мүшелерінің қатарынан табылды. Мұсылман елдерінің ішінен бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету абыройына ие болды. Еуропалық және азиялық саяси оқиғалардың түйткіл мәселелерін шешуге белсене араласып отыр. Дүние жүзінде етек алып, әлі де бетінен қайтпай отырған әлемдік дағдарысқа қарамастан, Қазақстан экономика тізгінін өз қолында мығым ұстап, күрт шегініске барған жоқ, рецессияға ұрынған жоқ, қалыпты даму үстінде.
Мұның өзі тәуелсіз жас республиканың ішкі-сыртқы саясатының дұрыс бағытта екенінің, мақсатты түрде оңтайлы жүргізіліп отырғанының дәлелі болып табылады.
Тәуелсіздік жылдары елеулі табыстарға қол жеткізілді. Ең бастысы, қазақ мемлекеттігінің негізі қаланып, оның келешегінің бағдары айқындалды.
Мемлекет дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда, үстемдікке ие болған әлеуметтік топтың қолындағы қару. Ал біздің Ата Заңымызда жазылғанындай, Қазақстан Республикасы демократиялық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет болып табылады. Бірақ бұл мақсат әлі түбегейлі шешіліп болған жоқ. Бұл үшін мемлекетті белгілі бір әлеуметтік топтың қолындағы қарудан шын мәніндегі жалпы халықтық, қоғам мүшелерінің бәрінің мүддесін қорғайтын әділетті, демократиялық, әлеуметтік мемлекетке айналдыруымыз қажет. Бұл әлі жүзеге асқан жоқ. Рас, бұл бағытта елімізде елеулі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан да тәуелсіздік идеясы толық салтанат құрып отыр деп айту әлі ертерек. Тәуелсіздікті баянды ету, оның әлеуетін барынша тиімді пайдалану үздіксіз жалғаса беретін үдеріс. Тәуелсіздік бір рет қол жетіп, одан әрі тұрақты күй кешетін феномен емес, ол үздіксіз қозғалыстағы, даму үстіндегі үдеріс. Тәуелсіздік қанатын кеңге жайып, тамырын тереңге жібере беретін құбылыс.
Спортта белгілі мөлшерге дейін рекордты жаңартуға болады. Бірақ оның шегі бар, ол адам мүмкіндігінен тым ұзап кете алмайды. Бұл адам қабілеті дамуының белгілі бір жоғарғы нүктесі, адам өз мүмкіндігінен тым алыстап кете алмайды, белгілі бір деңгейге жеткен соң оның спорттағы көрсеткіші тұрақтап қалады. Ал Тәуелсіздік олай емес, тұсалып бір орында тұрып қалмайды, ол әрдайым қозғалыста болады. Бірақ бұл әрқашан алға жылжу деген мағынаны бермейді. Дамудың өзі түрлі кезеңдерден өтеді, өрлеу, баяулау, дағдарыс-тоқырау, қайта өрлеу кезеңдерін бастан кешіреді.
Тәуелсіздік кең ұғым. Ол жеке адамның, әлеуметтік топтың, саяси партияның, тұтас елдің тәуелсіздігі болады.
Дүниежүзілік қауымдастық біртұтас әлем болса, Қазақстан оның бір бөлігі. Ол өзінің Тәуелсіздігін осы қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде сезіне алуы керек, бұл тұтастықтан тысқары Қазақстан Тәуелсіздігінің мәні жоқ. Өйткені, Қазақстан бұл қауымдастықтың құрамына кірмей, оқшау өмір сүруі мүмкін емес. Ел тәуелсіздігінің мәні қауымдастықтың бір бөлшегі бола отырып, өзін тәуелсіз сезінуінен, дамудың жалпы заңдылықтарын сақтай білуінен еркіндікті шынайы пайдалана алуынан көрінеді.
Шынайы тәуелсіздіктің мәнін түсіну үшін қарапайым мысалға жүгінейік. Екі адамның өмірін мысалға алайық. Біреуі үлкен фирмада жұмыс істейді. Жалақысы жоғары, отбасы бар, әйелі де еңбек етеді, екі баласы мектепте оқиды. Үй иесі өз өміріне риза, ұжымы алдында, үй іші алдында белгілі жауапкершілігі бар, олардың талап-тілегімен үнемі санасады. Мұны ол еркіндігімнен айырылдым деп санамайды
Ал екінші кісі еш жерде істемейді, жалғыз тұрады. Әке-шешесінен қалған үй-мүлікті жалға беріп, күнін көреді. Өзін емін-еркін сезінеді. Аузына келгенін айтады. Ешкімнен қымсынбайды. Өзін нағыз еркін адаммын деп түсінеді. Сонда бұл екеуінің қайсысы нағыз еркін адам дейсіз? Әрине, біріншісін. Ол ұжымда, отбасы алдында белгілі жауапкершілік көрсетеді, бірақ ол өзін еркін адам деп сезінеді. Екіншінікі жалған еркіндік. Оның ұжымнан тыс өмірінің еш мәні жоқ. Оның еркіндігі мәнсіз бостандық болып табылады. Сондықтан да тәуелсіз болудың әр түрі бар. Үлкенді-кішілі қауымдастықтың құрамынан тыс еркіндік те болады. Сондай-ақ қауымдастықтың мүшесі бола отырып, оның ортақ заңдылықтарын, тәртіп-реттіліктерін сақтай отырып, өзін еркін сезіну де бар. Екіншісі біріншісінен гөрі тиімдірек.
Тәуелсіздікті жариялаумен мемлекеттің егемендігі қалыптаса қалмайды. Ол ұзақ жылдарға созылатын үдеріс. Декрет, заң қабылдау бір күндік шара. Ол тәуелсіз дамудың алғашқы бастамасы ғана. Нағыз Тәуелсіздік атрибуттары біртіндеп жүзеге асырылады. Тәуелсіздік мемлекеттің өмір сүруінің ахуалы. Шын Тәуелсіздік және жалған Тәуелсіздік болады. Шын Тәуелсіздік дегеніміз, мемлекет құраушы ұлттың, өз халқының мүддесін қорғай білетін заңдары бар, әрі оларды мүлтіксіз жүзеге асыра алатын мемлекеттік басқару аппараты бар, дүниежүзілік қауымдастық құрамында бола отырып, өз елінің түбегейлі ұлттық мүдделерін қорғай алатын, сатқындық жасамайтын билік органдары бар, өз алдына тәуелсіз ішкі-сыртқы саясатты жүргізе алатын басшылығы бар мемлекет қана өзін тәуелсіз сезіне алады. Билік органдарына ат төбеліндей шенеуніктер жайласып алып, өздерінің ғана мүдделерін қорғап, бүкіл саясатты осы тоғышар мақсатқа пайдаланатын, сыртқы күштердің ықпалымен жүретін компрадорлық қуыршақ билікке бағынған мемлекет шын мәніндегі тәуелсіздікке ие деп айтуға болмайды.
Тәуелсіз сыртқы және ішкі саясаты, дербес экономикасы, ұлттық мәдениеті мен тілі бар, әлемге танымал тұлғалары бар, ұлттық брэнді мен тарихи дәстүрі бар, тәуелсіз қорғаныс қабілеті бар, қауіпсіздігі ойластырылған, елінің, азаматтарының құқығы мен ар-намысын, азаматтығын қорғай алатын құзыреті, халықаралық үні мен моральдық бет-бейнесі бар мемлекет қана тәуелсіз болып табылады.
Тәуелсіздікті философия тілімен айтқанда құбылыс деп танимыз. Оған материалдық обьект, оқиға, тіршілік, нақтылы дүние ұғымдары кіреді. Құбылыс дегеніміздің өзі мәннің көрініс беруінің формасы болып табылады. Мән дегеніміз болса, ол системаның, оқиғаның, үдерістің, өмірдің, нақтылы ақиқаттың өзегі, негізі. Құбылыс пен мән өзара тығыз сабақтас, бірінсіз бірі жоқ. Құбылыссыз мән көріне алмайды, мәнсіз құбылыстың бағасы жоқ. Құбылыстың мәні бірден көріне бермейді. Кейде ол өзінің мәнін бейнелей алмайды. Соның сұлбасынан ғана хабар береді. Мұның өзі өмір шындығын бұрмаланған, солақай қалпында бейнелеудің салдарынан болады. Бұл мәнді жалған, бұрмаланған күйінде бейнелеу деген сөз.
Тәуелсіздікті құбылыс деп қабылдасақ, оның мәні, негізгі мазмұны бірден көзге шалына бермейді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын көзге елестетіп көрелік, ұзақ жылдар аңсап, армандап қол жеткізген Тәуелсіздік халыққа бірден өзінің мәнісін аша алған жоқ. Керісінше, бостандықты зарыға күткен халық көп қиындыққа белшесінен малына кетті. Тәуелсіздіктің жұпар самалын құшырлана жұтқан жұртшылық күтпеген тосын жайларға тап болды. Жоқшылық пен тапшылық, хаос пен берекетсіздік, көшеге өрекпіп шыққан көпшілік, жалған ұраншылдық, өткенді сыпыра жамандау, жадағай ақыл айту, еңбек тәртібін аяққа басу, мемлекеттік мүлікті жаппай талау, шектен шыққан бассыздық өріс алды. Мұның бәрін жұрт тәуелсіздік берген еркіндік деп түсінді. Тәуелсіздік өзінің шын мәнісін аша алмады. Негізгі мәнінің орнына жалған, бұрмаланған жайсыз түрін алға тартты. Тәуелсіздіктің сынаржақ, жартылай мәні ғана ашылды. Қиындыққа, жоқшылыққа тап болған көпшілік күткен тәуелсіздігіміз осы ма деп те күдіктенді. Ел ол кезде Тәуелсіздіктің түпкі мәнін емес, оның адекваттылықтан алыс көрінісіне, яғни жалған сұлбасына ғана кезікті. Кез келген сұлба бірден нағыз мәңге ие бола алмайды. Бұл үшін қажетті жағдайлардың пісіп жетілуі қажет. Сонда ғана ол өз мазмұнын, мәнін көрсете алады.
Лотерея билеті арқылы мәшине ұтып алуға болады, бұл кездейсоқтық жағдай, бірақ бұл заңдылық емес, лотерея ойынына қатысқан адамның бәрі бірдей ұтысқа ие болады деген сөз емес, ілуде біреудің ұтысқа ие болуы ықтимал. Бұл – кездейсоқтық жағдай. Мұндай кездейсоқтықтың бәрін жоққа шығаруға тағы болмайды, оның шындыққа айналу ықтималдығы да бар. Бірақ олардың шындыққа айналу ықтималдығы жоққа тән, тіпті мүмкін емес деуге де жақын.
Тәуелсіздік өзінің шын мәнін таныту үшін уақыт керек етті. Өйткені, егемен ел болу – бір күндік, бір сәттік шаруа емес, ол декларация қабылдап, тәуелсіздікті жария етсек болды, Тәуелсіздік өз жемісін бере береді, өз мәнін-мазмұнын сыйлай салады деп ойлау дұрыс емес. Тәуелсіздік өз мәнін, өз мүмкіндігін толық ашуы үшін көп атрибуттарды жүзеге асыру қажет болды. Оларсыз шын тәуелсіздікке жету мүмкін емес. Тәуелсіздік – тарихи үдеріс.
Тәуелсіздік туралы Парламент заң әзірледі, Президент оған ұйытқы болды, заңгерлер, саясаткерлер тер төкті. Парламент Тәуелсіздік туралы заңды басым дауыспен қабылдады. Осыған қарап елімізге тәуелсіздікті, егемендікті жеке тұлғалар әперді десек, артық айтқандық болар еді. Рас, тәуелсіздікті паш етуде, оның тарихи маңызын ұлықтауда олар маңызды рөл атқарды. Бірақ тәуелсіздікті осы шағын топтың еңбегінің, бастамашылығының жемісі десек, қателесеміз. Олар тәуелсіздікті Парламент арқылы заңдастырды, юриспруденция талабымен ресмилендірді, қағаз жүзінде ретке келтірді.
Ал тәуелсіздік болса, жалпы халықтың ғасырлар бойғы ой-арманының, ежелгі мақсат-ниетінің орындалуы. Бұл бір күннің – 16 желтоқсанның ғана жемісі емес. Ол тарихи үдерістің дамуының жемісі, тарихи себептердің жүзеге асқан салдары болып табылады.
Тәуелсіздік – тарихи нақтылы, нақты шындық.
Тәуелсіздік кейбіреулер айтып жүргендей, төбеден дайын күйінде түсе салған сыйлық емес, ол көлденең кездескен көк атты сыйлаған базарлық емес, ол бір сөзбен айтқанда, кездейсоқ құбылыс емес. Тәуелсіздік халықтың ғасырлар бойғы күресінің, аңсаған арманының бабалар тілегінің заңды ақиқатқа, шындыққа ұласуы, тарихи қажеттілік болып табылады. Қажеттілік дегеніміз не? Оның құрамдық, анықтауыш күштері қандай?
Халықтың, қазақтардың еркін, тәуелсіз ел болып өмір сүруге ежелден қақысы болды. Оған мүмкіндігі де болды. Ұлан-байтақ территориясы, ұшан-теңіз байлығы, ержүрек, еңбек сүйгіш, дарынды халқы болды. Бірақ бұл мүмкіндіктер нақты шындыққа айнала алмады. Тарихи алғышарттар пісіп жетілу қажет болды. ХХ ғасырдың соңында сол алғышарттар пісіп жетілді, обьективті және субьективті факторлар кемеліне келді. Мүмкіндіктердің шындыққа айналу сәті туды. Қазақ елі егемендікке ие болды. Өз мемлекеттігін жария етті. Қазір оның жиырма жылдығы қарсаңында отырмыз.
Қажеттілік дегеніміз, дамудың оралып немесе аттап өтуге болмайтын міндетті сатысы. Ұлттық жаңару, өсіп-жетілу белгілі бір уақытта дамудың жаңа сатысына көтерілуді міндетті түрде қажет етеді. Бұл дегеніміз, қажеттілік. Елдің егемендікке қол жетуі тарихи үдерістің қажетті шарттылықтарды бастан кешіру арқылы жаңа сапа деңгейіне аяқ басуы болып табылады.
Бұл қажеттілік белгілі бір заңдылықпен өрнектеледі. Кез келген қажеттілік салыстырмалы сипатқа ие. Бір және сол құбылыс белгілі бір жағдайда қажеттілік болса, ол қайсыбір жағдайда кездейсоқтық болып табылады. Мәселен, Қазақстан көп жылдардан Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіре алмай келеді. Ал көршіміз Қырғызстан болса, ол ұйымға әлдеқашан мүше. Екі елдің экономикалық жағдайы екі түрлі, екінші елдің біздің республикадан бұрын БСҰ-на мүше болуы кездейсоқтық жай, Қазақстан үшін қажеттілік әлі пісіп жетілмей отыр. Еліміз Ресеймен бір мезгілде бұл ұйымға мүше болуға ұйғарып отыр. Өйткені, Қазақстан үшін сауда жолы көбінесе Ресей арқылы өтеді. Сондықтан да тауар айналымы үшін екі елдің бұл ұйымға бірдей мүше болуы тиімді.
Екі елдің мүддесі түйіспеген жағдайда бұл шара кездейсоқтық сипат алады. Ал екі ел мүддесі тоғысқанда бұл экономикалық ынтымақтастық қажеттілік болып есептеледі.
Кез келген қоғамдық прогресс қажетті заңдылықтарды басшылыққа алудың, жүзеге асырудың арқасында көп кездейсоқтықтарды бастан кешіре отырып, кері шегініске де жол береді. Басқарудағы кемшіліктер, субьективтік факторлардың ықпал етуі арқасында даму барысы түрлі ауытқуларға ұшырайды. Даму қарқыны бәсеңдеп, тежеледі, тіпті дағдарысқа, тоқырауға дейін барады. Әлемдік экономикалық және қаржылық дағдарыс осындай ауытқу факторларының әсері болып табылады.
Біздің қазіргі тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық өмірі түрлі қайшылықтарды бастан кешіріп отыр. Қайшылықсыз қоғам жоқ. Қайшылықтың орын алуы дамудың, өсіп-өркендеудің, жаңарудың кепілі, алғышарты. Қайшылық өздігінен шешілмейді. Ол ішкі-сыртқы күштердің тікелей әрекет етуінің арқасында шешіледі. Қайшылықты шешу үдерісі дамуды, жаңа сапаның пайда болуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан қоғамында әр кезеңде әр түрлі қайшылықтар белең алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өндіріс пен тұтыну арасында теңсіздік, қарама-қайшылық бой көрсетті. Тұтынудан сұраныс асып түсті, тауарлар жетіспеді, тіпті азық-түлік тапшылығы бағаны өсіріп жіберді, тауарларды өндіру мен тұтынудың арасында алшақтық пайда болды.
Қоғамдық өмірдің рухани саласында да қайшылықтар өріс алды. Тәуелсіздікті арқаланған елдің кейбір байырғы тұрғындары ұлттық мемлекетті дереу жариялауды, келімсектер елден кетсін, Қазақ елі жасасын, ұлттық мәдениет пен қазақ тілі жасасын деді. Бір тілде оқып, бір тілде сөйлеуге көшейік. Жер біздікі, ел біздікі, біздің барлық салада үстемдікке ие болуымыз керек. Ұлттық сана мен ұлттық дәстүрді тезірек қалпына келтіруіміз керек. Уақыт оздырмау керек. Тарихты қайта жазып, мектеп бағдарламаларын қайта қарау қажет. Физика, химия, биологияға дейінгі төл оқулықтарымыз болуы керек, деді.
Па, шіркін, бостандық, еркіндік не дегізбейді. Ел іші дүрліге түсті. Қызылдар мен отаршылардан арылуымыз керек. Бодандық бұғаудан біржола босануымыз керек. Бәрі өзімізше, қазаққа тән төл құндылықтар болуға тиіс. Кешегі отарлықтың шекпені тарих қоқырсығына тасталуы керек дегендей өрекпулер аз болған жоқ. Қоғамдық пікірдегі бұл асығыстықтар елде қайшылық туғызды. Қайшылықтардың шешімі тез табылмаса, қоғам дағдарыс құшағына ілініп, ел дамуында кері шегініс болатыны сөзсіз еді. Бірақ салиқалы ойлай білетіндер де аз болмады. Олар бәрін сарапқа салып, ақылға жеңдірді. Ел сабасына түсіп, жайлап жаңа дүниені жасауға кірісті.
Дамудың секірмелі жолы терістеліп, ел қалыпты өрлеу, жаңару жолына түсті. Мұнда елдің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың батыл күш-жігер жұмсауы, саясатты көрегендікпен байсалды жүргізуі шешуші рөл атқарды.
Тәуелсіз мемлекет құру бақыты ХХ ғасырдың соңында біздің ұрпақтың үлесіне тиді, оны ақылмен, жауапкершілікпен жүзеге асыру – біздің парызымыз, деді Елбасы. Тәуелсіздікті орнықтыру үшін күрес бүкілхалықтық, тұтас ұлттық идеяға айналды. Тәуелсіздікті жалпы халық қолдады, оны баянды ету бәріміздің ортақ ісіміз деп танылды. Бұл егемен елдің жаңаруына кең жол ашты. Өйткені, ұлт, халық қажет етпеген, қолдамаған жағдайда тәуелсіздікті орнықтыру тіпті мүмкін емес еді.
Елде тәуелсіздіктің орнауын кейбір шағын топ өкілдері, саясаткерлер, заңгерлер өздерінің еңбегінің, күресінің жемісі етіп көрсетуге әуестенушілік байқалады, яғни Римді құтқарған қаздар дегендей ыңғай танытады. Бұл түбірімен жаңсақ түсінік. Тәуелсіздікті жеңіп алу нендей бір шағын топтың іс-әрекетінің, төнкерістің нәтижесі емес, барша халықтың, бүкіл ұлттық қозғалыстың ерік-жігерінің шындыққа айналуы, тарихи жемісі.
Қоғамда қайшылық әлі де жеткілікті. Оны зерттеп, анықтап отырмасақ, ол қайшылық өсе береді. Қайшылықсыз қоғам дамуын тоқтатады. Сол қайшылықтарды дер кезінде көре біліп, оларды шешіп отыру – дамудың шарты.
Бізде бәрі жақсы, бәрі тамаша деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Бұл бағытта билікпен бірге қоғам, саяси партиялар елмен, бұқара көпшілікпен әрдайым жұмыс істеулері қажет. Бәрін сайлау науқанына қалдырмай, үгіт-түсінік, елмен тілдесу, пікірлесу, керек болса ақылдасу жұмыстары, социология тілімен айтқанда, мониторинг жүргізуді естен шығаруға болмайды.
Бұл туралы Елбасы, “Нұр Отан” партиясының лидері Ақтөбеде аймақтық партия мектебінің ашылуына орай, партия активімен кездесуде жан-жақты айтып берді.
Рас, бізде бұқаралық жұмыс әлі де өз дәрежесінде емес. Алыс аймақтардың, шағын ауылдың тұрғындары, зейнеткерлердің басым бөлігі, оқу орындарына түспеген жастар қоғам өмірінен сырт қалып, назардан, рухани әсер ету ықпалынан шеттеп қалуда. Бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет ошақтары оларға жетпейді, тіпті байланысы да нашар. Дәрігерлік көмек көрсету, адамдардың денсаулығын сақтау, дер кезінде аурудың алдын алу шаралары нашар жүргізіледі. Мұның бәрі адамдардың көңіл күйіне тікелей әсер етеді, қоғамдық белсенділігі кемиді. Отаншылдық сезімі, елге, билік саясатына қолдау көрсетуі төмен болады. Мұның бәрі азаматтардың отаншылдық, патриоттық сезімін тәрбиелеуге кері әсерін тигізеді. Отаныңды сүй, еліңді қастерле деп жалынды ұран тастағанмен, қоғам назарынан шетқақпай қалған жас-кәрілердің бұл сезімі қалыптаспайды. Өзіне сәулесі түспеген, қамқорлық құшағын ашпаған Отан, елді жұртшылық тебіреніп, сай-сүйегі елжіреп қабылдай алмайды, оның тағдырына немқұрайлы қарайды. Әр адамға ең түсінікті, ең жақын саясат бұл өз мүддесіне қатысы бар, өзіне жылуы бар дүниелерді тез қабылдайды, жете ұғынады. Басқа дерексіз, жадағай жалпылама өсиет-ұрандар халықтың, жеке адамның миына кіріп те шықпайды. Сондықтан да, бізде күн сайын ресми жиындарда, мемлекеттік-қоғамдық шараларда жастардың, халықтың патриоттық сезімдерін, отаншылдық қабілеттерін тәрбиелеудің бірден-бір тиімді жолы – адамдардың күнделікті мүдделерін, сұраныстарын қанағаттандыру жолында нақты шараларды жүзеге асыру болып табылады. Қатардағы қарапайым әрбір адам бұл қамқорлықты дұрыс түсініп, жоғары бағалай біледі. Осы арқылы оның жергілікті билік өкіліне, Үкіметке, Елбасына, түптеп келгенде өз Отанына, өз еліне деген сүйіспеншілік сезімі бірте-бірте артып, ол өз елінің нағыз патриотына айналады. Бізде тәрбиенің осы жағына үлкен мән берілмей келеді. Мұның орнына билік, саяси партиялар көбінесе үлкен саясатпен әуестеніп, халықаралық конференциялар, форумдар, семинар-кеңестер өткізуге құмар. Екі-үш күндік салтанатты жиындар өткізу, жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың мерейтойларын ат шаптырып, думандатып өткізуімен әуестенушілік бар. Әрі оны бір жерде емес, бірнеше аймақтарда қайталап өткізу әдетке айналған. Негізінен оған шақырушылар ұлтымыздың танымал өкілдері саналатын адамдардың бір тобын анда да, мында да шақыру өріс алған, стандартқа айналған, бірыңғай бір-біріне ұқсас сценариймен өткізу дәстүрге енген. Міндетті түрде гүл шоғын қою, ақындар айтысы, ғылыми конференциялар (онда қандай ғылым ашылады дейсіз), естелік кітап тарату, аста-төк дастарқан жайып, ас беру, ат жарыс, бәйге ұйымдастырылып, жеңіл мәшине мен ат мінгізу, шапан-шекпен кигізу, “аса сыйлы қонақтарға” арнайы сый-сияпат тарату – бір сөзбен айтқанда, осы сценарий азды-кем өзгерістермен барлық жерде қайталанып, “стандартқа” айналды. Айлар бойы дайындалып, мұрыннан су кетіп әзірленген той-томалақ екі-үш күнге созылып, әрең дегенде аяқталады. Жергілікті биліктегі шенеуніктер күн-түн демей уақыттарын осыған жұмсайды. Халық пен жұмыс жайына қалады. Шенеуніктер өз шараларының көршілердікінен кем болмауына көп күш салады, бар білгенін, күш-жігерін, уақытын аямайды. Бұған қоса қаншама қаржы жұмсалады. Үкіметтен кеткен шығын аз ғой, неге тарығасыздар дейді олар. Жұмсағанымыз бизнесмендердің, қаржыгерлердің, кәсіпкерлердің ақшасы. Бюджеттен жүз теңге де алған жоқпыз, дейді жергілікті әкімдік өкілдері, той ұйымдастырушылар.
Әрине, бұл жақсы, мемлекет қаржысын үнемдеу керек. Ал сонда демеушілердің қолдаулары шашылып жатқан байлық па екен? Оларды неге ұқыпты пайдаланбай, оңды-солды жұмсауға, артық ысырап жасауға аямаймыз. Оларды басқа әлеуметтік мәселелерді, сұраныстарды шешуге жұмсауға болмай ма? Бізде кезегін күтіп тұрған қаншама сұраныстар бар десеңізші.
Кәсіпкерлердің де қаржысы мемлекет қаржысындай үнемшілікті, тиімді пайдалануды, орын-орнымен жұмсауды талап етеді. Мұның өзі де іскерліктің, өркениеттіліктің, жақсы шаруақорлықтың үлгі-өнегесі болып табылатыны сөзсіз.
Қайшылықтардың бірі әлеуметтік топтардың жіктелісі, өзара бөлектенуі, бір-бірінен оқшаулануы. Қоғамда шағын топ қатты байып, алпауыттарға айналды. Бұл алпауыттар ел тәуелсіздік алғаннан кейін, дамудың жаңа жолына, капиталистік жүйесіне көшкеннен кейін пайда болды. Алпауыттарға көзқарас біркелкі емес, негізінен жағымсыз, оларды қалың көпшілік ұнатпайды. Сондықтан да оларға деген қоғамда ұнамсыз көзқарас басым. Алпауыттар болса, өздерін жоғары санайды, қоғамның ұйытқысы, қаймағы деп біледі. Халыққа жұмыс тауып беріп отырмыз, мемлекетке салық төлеп, елдің әлеуметтік әжеттерін өтеп отырмыз, саяси билікке демеушілік жасап, сайлау шығындарын көтеріп, билікті жеңіске жеткізіп отырмыз, біз елдің негізгі тұтқасымыз деген пікірде. Жалдамалы еңбекпен өз күндерін көріп отырған орташа тап пен қоғамның жырындысы, сормаңдайы саналатын, жолы болмаған, үйсіз-күйсіз тақыр кедейлері алпауыттарды ұната қоймайды. Өздерінің сұрғылт, қоңырқай өмірлерін, тапшылық тақсыретіне кезіккендерін солардан көреді. Бұларды қоғамның кемтарларына айналдырған осы алпауыттар деп түсінеді. Бұл өкпелі ашу-ызаның, байлар мен кедейлер арасындағы қайшылықтың алдын алып, оны шешудің жолдарын іздестірмесе, биліктің режіміне қауіп төндіруі мүмкін. Билік өзінің күш қолдану құрылымдарына ғана сүйенбей, ішкі саясатты ізгілендіру мен оның әлеуметтік сипатын күшейтуге басты назар аударуы керек. Бай мен кедей арасындағы қайшылықты билік өз саясатын халыққа жақындату арқылы еңсермесе, тәуелсіздікке қауіп төнуі ықтимал. Елбасы, ұлт лидері Н.Назарбаевтың көрегендігі сонда, ол облыстарды аралағанда халықтың төменгі топтарының мұң-мұқтажын көзбен көріп, әлеуметтік-тұрмыстық кемшіліктерді шешудің салиқалы жолдарын анықтауға зер салып отырады.
Халықтың ренішін болдырмау, әлеуметтік хал-ахуалын жақсарту үшін елді жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірлердің біркелкі дамуына жағдай жасаудың қажеттілігін алға тартады. Бір облысты, бір қаланы ғана емес, барлық аймақтарда өндіргіш күштерді дамыту, инфрақұрылымдармен, байланыс, жол қатынастарымен қамтылуына баса назар аударады. Әр аймақтың шикізат, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану арқылы өңірлердің біркелкі дамуына, өсіп-гүлденуіне қамқорлық жасайды. Соның нәтижесінде, елдің жұмыспен қамтамасыз етілуі, өз мүмкіндіктерінің толық іске қосылуы барынша ескеріледі. Мұның өзі орын алып отырған немесе енді көріне бастаған қайшылықтардың алдын алуға көмектеседі.
Бай мен кедей арасындағы қайшылықтардың шиеленісуін болдырмау және алдын алу үшін кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі мен адами қасиеттерін ізгілендірудің пайдасы мол. Жиі-жиі өткізіліп тұратын кәсіпкерлердің, қаржыгерлердің, қоғамның ауқатты топтарының форумдары мен бас қосуларында Елбасы осы мәселелерге ұдайы екпін түсіріп отырады. Бұл өз нәтижесін беруде. Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде Қазақстан халқы бұл қиыншылықты едәуір еңсеріп, елдің тұрмыс деңгейінің төмендеуіне жол бермей отыр.
Өндіріс пен еңбек өнімділігі арасында да сәйкессіздік орын алуда. Жұмыс орындарының жетіспеуі мен сырттан келген басы артық жұмыс қолдары, өз аяғымен келген босқындар арзан жұмыс қолын жасақтап, өнеркәсіп, өндіріс иелерінің озық технологияны қолдануына кері әсер етіп отыр. Осыған қарамастан Үкімет елді инновациялаудың, индустрияландырудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жасап, өнеркәсіпті, құрылысты модернизациялаудың жолдарын белгілеп, дамудың интенсивті бағытын берік ұстанып отыр.
Мұның өзі еліміздің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір алғышарты болып табылады. Үкімет осыны жете ұғынып, Н.Назарбаевтың Жолдауында айтылған міндеттерге сай экономикалық саясатта сілкініс туғызып отыр. Экономиканы шикізат өндіруден дайын өнім шығару, өңдеу өнеркәсібін дамыту, мәшине жасау мен ғылымды керек ететін салаларды дамытуға басты бағыт ұсталып отыр. Бұл өндіріс пен еңбек өнімділігі арасындағы қайшылықтың ықпалын кемітуге жағдай жасайды.
Әлеуметтік салада да шешуін күтіп тұрған шаруалар жеткілікті. Тікелей өндірісте істейтіндер мен зейнеткерлер санының арақатынасында сәйкессіздік туып отыр. Әрбір жұмыс істейтін жанға шаққанда зейнеткердің үлес салмағы өсіп келеді. Бұл да белгілі мөлшерде әлеуметтік салада қайшылық туғызады.
Рухани өмірде де жиі-жиі қайшылықтар туып отырады. Тәуелсіз Қазақстанда жаңа ұрпақ, жас ұрпақ өсіп келеді. Тәуелсіздік жылы туған сәбидің өзі қазір жиырма жасқа толды. Жаңа заманда өскен жастардың тілек-талғамы, рухани сұранысы кешегі кеңес кезеңіндегіден өзгеше. Бүгінгі жастар жеңіл музыкаға әуес, техника тілін жақсы біледі, компьютер, телевизор, киноға сұранысы жақсы, кітап оқудан гөрі іздегенін, керегін интернеттен табады. Ұялы телефон арқылы өзара байланысқа жиі шығады.
Аға ұрпақ болса, жастардың бұл кәсібіне күдікпен қарайды, жеңіл өмірге әуес, қиналып, терлеп еңбек етуден аластап барады, киім киісі де, жүріс-тұрысы да бөлек, ашық-шашық жүреді, шетелдік тауарлар мен киімдерге құмар, деп ренжиді.
Жастардың жаңалыққа жаны жақын тұрады, өмірге тез бейімделеді, ескілікке еліре қарайды. Кейбір ескіше тәрбиеленген егде жандар мұның бәрін тәуелсіздік әкелген еркіндіктен көреді, егемендік елді жайылтып, еркінсітіп жіберді, жастарға еш тыйым жоқ, өз бетімен кетті деп сөгушілер де аз емес.
Қарттар мен жастар арасындағы бұл қайшылыққа түсіністікпен қарау керек. Жастардың жалындаған күш-жігерін дұрыс бағалай білу керек. Билік жастарға қарсы күресті қолдамай, олардың сұранысын қанағаттандыруға, күш-қайратын дұрыс пайдалануға, рухани талап-тілектерін әрдайым ескеруге тиіс. Осыған орай елімізде жастар саясаты туралы заң қабылданып, “Нұр Отанның” жастар қанаты біраз жұмыс атқаруда. Көркем өнер, спорт, туризм, шығармашылық бірлестіктерге жастарды көптеп тартуға байланысты шаралар жүзеге асырылуда. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша көптеген игі істер атқарылуда. Мұның бәрі жастардың отаншылдыққа, өткен мұраға, тарихқа оңды көзқарасын қалыптастыруға игі қызмет етуде.
Билік пен азаматтық қоғамның бірлесіп жұмыс істеуі жақсы жемісін беруде. Азаматтық қоғамның белсенділігі артып, тәуелсіздік жағдайында адамдардың өз қабілеттерін тереңірек ашуға, қоғамдық, саяси белсенділігін арттыруға қолайлы жағдай жасап отыр.
Өмірде шешілмеген мәселелер көп болса да, тәуелсіз Қазақстан бұл күнде дамудың дұрыс жолында. Барлық салада жеткен табыстарымыз баршылық. Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздіктің іргесін бекітті. Әлемге танымал, дүниежүзілік қауымдастықта өз орны, едәуір салмағы бар беделді елге айналды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі осы сенімнің айғағы. Бұл ұйымға басшылық еткен қадамы жаман болған жоқ, бірқатар беделді халықаралық шараларды жүзеге асырудың ұйтқысы болды. Биылғы желтоқсанда Астанада болғалы отырған ЕҚЫҰ-ның Саммиті Қазақстанның халықаралық беделінің тағы бір дәлелі болып саналады. Қазақстанның 55 елдің басшылығын Астанада жинап, халықаралық ахуал, әлемдік саясаттың ертеңгі тағдыры жайлы келелі кеңес ұйымдастыруы үлкен планетарлық тарихи оқиға болғалы отыр. Осы Саммитті шақыруға әлем саясаткерлерінің, мемлекет басшыларының көзін жеткізу, назарын аудару тікелей Елбасы Н.Назарбаевтың қажыр-қайратының, салиқалы саясаткер ретіндегі сұңғылалығын танытатыны сөзсіз.
Бұл тарихи басқосуды тыңғылықты, өркениетті түрде дипломатиялық биік деңгейде өткізу Қазақстанның өсу дәрежесін, бүгінгі келбетін, саясат саласындағы сауаттылығын танытатын болады. Сол үшін оны ұйымшылдықпен өткізу билікке ғана емес, қазақ халқына үлкен сын. Сынға түспей ешбір жан ысылмайды, есеймейді. Саммит бәріміз үшін есеюдің, ел қатарлы өркениет биігіне көтерілуіміздің көрсеткіші болмақ, әлемде қордаланып қалған мәселелер жетіп артылады. Қоғамды басқарудың жетілген, мінсіз әдістері әлі де қалыптасып үлгерген жоқ. Ел басқару саясаты күрделіленіп, қиындап, ғылым жетістіктерін кеңінен пайдалануды қажет етіп отыр.
Халықаралық саясатта ашық қоғам құру көптен айтылып жүрген қағида. Бұл не деген сөз? Кез келген мемлекеттің сыртқы саясаты ғана емес, ішкі саясаты да әлемдік құбылыстарға өз әсерін тигізеді. Мәселен, АҚШ-тың қаржылық саясатының басқа елдердің мүддесімен санаспауы әлемді қаржылық дағдарысқа душар етті. Бір елдің солақай саясаты өзге елдердің өміріне нұқсан келтірді. Жер шарында климаттың жылынуы, ормандардың өртенуі, бірнеше елді басып өтетін өзендердің суын пайдалану өзімшілдіктері, экономикалық саясатты дұрыс жүргізбеу жеке елдердің деңгейінен шығып, көрші мемлекеттердің ауасын ластауға, экологиясына кері әсерін тигізеді. Мұның өзі соғыс ашпай-ақ көрші елдердің экономикалық, әлеуметтік ахуалына елеулі зардап шектіреді.
Сондықтан да басқа елдердің сыртқы саясатымен қоса ішкі саясатынан да хабардар болып отыру өз елінің қауіпсіздігін (экономикалық, энергетикалық, экологиялық, рухани қауіпсіздігін) сақтауға көмектеседі.
Бүгінгі жаһандану жағдайында әлем елдерінен темір шымылдықпен жасырынып отыра алмайсың. Бұл халықаралық саясатқа қайшы. Әр елдің саясаты мөлдір, ашық, таза, көзге анық көрініп тұруы керек. Мұндай саясаттың жақтаушылары да, қолдаушылары да көп болады.
Елдер арасындағы дипломатиялық қатынасты, мемлекет басшыларының бас қосуын, үн қатысуларын жиі ұйымдастыру халықаралық саясатты сауықтыру, ізгілендіруге, әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға сөзсіз оң ықпалын тигізеді. Алдағы желтоқсанда өтетін Астана Саммиті де халықаралық ахуалды жақсартуға, елдер қауіпсіздігін арттыруға көмектесетін болады.
Тәуелсіз Қазақстан алдында үлкен істер тұр. Соларды жүзеге асырып, Тәуелсіздікті баянды ету – биліктің ғана емес, бүкіл халықтың, барша қоғамның парызы. Сонда ғана Тәуелсіздіктің шын мәнін, жасампаз күшін танитын боламыз.
Тәуелсіздік халық үшін, ұлт үшін өз жемісін беретіні сөзсіз. Бұл үшін еңбек ету керек. Үмітіміз зор, болашаққа кәміл сенеміз.
Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.