Облыс орталығындағы медициналық жедел жәрдем ауруханасының экстропорпоральды уытсыздандыру бөлімінде бүйрек дертінің созылмалы түрімен ауыратын науқастар үшін осы заманғы “ИННОВА” (ІNNOVA) аппараты пайдалануға берілді. Бұл аппарат Швейцарияның “ГАМБРО” фирмасынан шығарылған. Қалаға мұндай аппараттың он данасы жеткізіліпті. Оның әрқайсысы 6 миллион теңге тұрады. Облыстың бас хирургі Әсет Қалиевтің айтуынша, қазіргі таңда облыста 61 адам бүйрек дертінің созылмалы түрімен ауырады екен. Мұндай науқастар диализдік терапия алуы қажет көрінеді. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бүйрек дертінің созылмалы түрімен ауыратындар үшін диализдік терапияны жақсарту мақсатында арнайы бағдарлама қабылдап, әр облыста осындай ауруларды емдейтін бөлімшелер ашуда. Біздің облыста да он кереуеттік осындай бөлімше ашылыпты. Мамандардың мәлімдеуінше, “ИННОВА-ның” басқа аппараттарға қарағанда артықшылығы көп. Бұған дейін қышқыл мен бикорбана тұздары қолмен дайындалса, енді зауыттың дайын ерітінділері пайдаланылады. Пультпен басқарылатын аппаратта жұқпалы аурулардан қорғайтын тораптар бар, сондай-ақ, науқастардың қан қысымы мен тамыр соғысын автоматты түрде өлшеп, тексеріп отырады. Аппаратта аурудың жағдайын бақылайтын “Диаскан” бағдарламасы жұмыс істейді. Ал “Экзамес-ИННОВА” бағдарламасы бойынша интернет арқылы еліміздегі және шетелдердегі гемодиализдік орталықтармен байланысқа шығуға болады.
Осы заманғы аппаратта жұмыс істейтін ақтөбелік дәрігерлер Киев қаласында тәжірибеден өтіп келді. Саратов қаласының гемодиализ орталығының бір топ мамандары медициналық жедел жәрдем ауруханасының дәрігерлеріне оқу-жаттығу семинарын өткізіп, кеңес берді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.