22 Қазан, 2010

Әділ таңдау, әділетті шешім

764 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Оқиғаға орайлас ой Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың жаңа лауреаттары туралы Жарлыққа орай алғашқы болып пікір айтушылардың ішінде белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, ғылым докторлары Қансейіт Әбдезұлы, Құлбек Ергөбеков, Темірхан Тебегенов, Қадыр Юсупов, Жұмат Тілепов, Дихан Қамзабекұлы, Бекен Ыбырайымов, көрнекті композитор, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиев, Мәжіліс депутаты Қайрат Сәдуақасов, қоғам қайраткері Жекен Қалиев, өнертанушы ғалым Лаура Оразбекова, атақты суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбай, белгілі мүсінші Ескен Сіргебаев, халық емшісі, медицина ғылымдарының докторы, академик Жасан Зекейұлы, ақын-жазушылар Рахымжан Отарбаев, Сейфолла Оспан, Әнес Сараев, ғалым тарихшы Абат Үржанов, әуесқой композитор Мақсым Меңкешев және басқалар бар. Енді солардың бірнешеуінің осы шешім туралы пікірлері мен ойларын жариялағанды жөн көріп отырмыз. Біздің гимніміз –еліміздің  мәңгілік мәртебесі Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлық­тарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері. Мен өнер сапарларында әлемнің көптеген елдерінде болып, талай тарихи сахналарда ән салдым. Осы арқылы қазақ өнерінің құдыретін өзгелерге танытуда азды-көпті еңбек сіңірдім. Қай жерде, қай елде жүрсем де құдыретті қазақ өне­рінің, соның ішінде қазақ әнінің қасиеті мен көркемдігін төмендетпеуге тырыстым. Қазір керемет заман туды, егемен ел болдық, басқаға қарап баспалап күн кешкен уақыт өтті. Енді қазақ әндері бұрынғыдан да қанатын кең­ге сермей түсті. Менің репертуарымда халық әндері көп екенін тыңдарман мен көрермендер жақсы біледі. Осылардың ішінде үнемі сахнада орын­дап жүрмесем де көкейімде тұ­ратын бір ән “Ме­нің Қазақстаным” болатын. Жалпы, бұл ән­нің ерекше бір құдыреті бар. Жақсы ғой қазір заманымыз. Өнеріміздің өрісі ашылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы тәуелсіздіктің ең алғашқы күнінен бас­тап, әде­бие­тіміз бен өнерімізге ерек­ше қам­қор­лық жа­сап келеді. Қаншама өнер ошақ­та­ры ашылды, театрлар мен концерт зал­да­рымыз бой көтерді, қаншама адам атақ пен ма­рапатқа ие болды. Осының бәрі Елбасы­мыз­дың көреген де кенен сая­са­ты­ның арқа­сында жүзеге асып жатыр. Бүгін газеттен көріп, мемлекеттік гимні­міз­дің қос авторына – Жұмекен мен Шәмші мар­құм­дарға еліміздің ең жоғарғы сыйлығы беріл­ге­нін біліп, бұл бір әділетті ше­шім бол­ған екен деп қатты қуандым. Өзіне де кез­дес­кен жер­де ай­та жүремін, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының бұл ше­ші­мі та­рихи шешім деп ой­лай­мын және шы­найы көңілден ри­зашы­лы­ғымды білдіремін. Қаумалаған қалың елдің ризашылығы Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық алу жарысына қатысқандардың бірі мен едім. Жарысқа қатысу жалған даңғойлық емес, өзіңді өзің қам­шы­лау­дың, өзіңнің бара жатқан жолыңды бағамдаудың да бір түрі. Өзімді осы байқауға қатысқан 20 жазушының соңы­мын деп есептемеймін, кітаптарым қытай, түрік, орыс, ағыл­шын, француз, араб, т.б. ті­лдерге ауда­рыл­ған. Бірақ Жұ­мекен Нәжіме­денов, Шәмші Қал­даяқов сынды ақ­бе­рен аға­лар тұрғанда, жалпы дүбірге қосылып, жалған на­мысқа тырысып, шаба берудің артық екенін анық сездім. Мен бұл бәйгені алмасам да, қазақтың аса көрнекті ақыны мен композиторы Жұмекен мен Шәмшінің ие болғанын әділ де, дұрыс шешім деп қабылдаймын. Шы­нын айтқанда, осы ағалардың алғанын Жарлықтан оқып, бұл сыйлықты өзім алғандай қуанып отырмын. Қазақтың аруақты сыйлау секілді ұлы дәстүрі әлі де рухымызда бар екенін көру, сезіну мен үшін бір ғанибет. Бұл жалғыз менің ғана емес, қаумалаған қалың елдің де риза­шы­лы­ғы. Айтар алғысы! Сол үшін де Елбасымызға мың мәр­те рахмет. Ел жүрегіндегі құрмет Қайрат СӘДУАҚАСОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Әдебиет пен өнер саласындағы биылғы жыл­­дың Мемлекеттік сый­лығы ғасырда бір туатын Шәм­ші Қалдаяқов пен Жұмекен Нә­­жіме­деновке берілгенін оқығанда қатты қуандық. Тек қана қуаныш емес, осы екі ерекше талант иесінің халқы үшін, елі үшін сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға деп түсіндік. Мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комис­сияның ұсынысы негізінде қа­был­даған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы ше­ші­мі жүрегі елім деп соққан әрбір азаматтың көңіліндегі ойды дөп басты. Президенттің Жарлығы бойын­ша Мемле­кеттік сыйлық Шәмші Қалдаяқовқа “Бақыт құшағында” әндер жинағы үшін берілсе, Жұ­ме­кен Нәжімеденовке “Менің Қа­зақ­станым” өлеңдер мен дастандар жи­­нағы үшін берілген екен. Көз­дері тірісінде халық ішінде бірі қай­таланбас әуендер жазған ком­позитор болып танылса, бірі аз ғана ғұмырында тұлғалы ақын екенін дәлелдеп үлгерді. Бүгінгі Қазақстан тарихында Шәм­ші мен Жұмекен есімдері қа­тар тұрып, Әнұран авторлары деп таңбаланды. Еліміздің қазіргі Әнұраны 2006 жылдың 7 қаңтарында қабылдан­ғанын білеміз. Әнұ­ранның негізін “Менің Қазақстаным” әні құ­рай­­ды. Өткен ғасырдың 60-шы жыл­да­ры жа­зылған әннің бастапқы нұс­қасына ел Пре­зиденті Нұр­сұл­тан Назарбаев бүгінгі күннің ты­нысын енгізді. Жаңа Әнұран алғаш рет 2006 жылы ел Пре­зидентін ұлықтау рәсімінде ор­ындалды. Бойыңдағы биік ұлттық сананы оятатын, ұлы халықтың өкілі екеніңді мақтан етуге жетелейтін, рух­шыл сезімді еселейтін Әнұ­ран­ның мәтіні мен әуенінің әсері ер­ек­ше. Ата-баба аманатын жаңа ға­сырларға жеткізу, жас ұрпақтың са­на­сына сіңіру, ұлттың рухын кө­теру – Әнұранымыздың басты бір қасиеті. Біздің Әнұранда қазақтың кешегі арманы, еліміздің бүгіні мен болашақтағы мақсаты таңбаланған. Шәмші Қалдаяқовтың да, Жұ­мекен Нәжі­меденовтің де еңбектері халқына әбден сіңген. Өздері дү­ниеден өтсе де артында қалдырған рухани мұралары – өлеңдері мен әуендері әлі талай ұрпақты елін сүюге, отаншыл болуға тәрбие­лейтін болады. Ешқашанда халқының махаб­ба­тынан кенде болмаған біртуар ар­ыстарға Мемлекеттік сыйлықты беру Шәмші мен Жұмекен аға­лар­ға Тәуелсіз еліміздің көрсеткен тағы бір құрметі болды. Мұндай құр­меттің түрі елдігімізді нығайту үшін де, бүгінгі мен ертеңгі ұр­пақты тәрбиелеу ісінде де көбірек керек. Қазақ сөз өнерінің қайраткері Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің деканы. Қазақ мәдениеті мен өнерінің аса талантты тұлғалары, шүкір, баршылық, болған және бола береді де. Солардың ішінде қазақ поэзиясының аса көрнекті ақы­ны, қабырғалы қаламгер Жұмекен Нәжімеденовтің, аса көрнекті ком­позитор, ұлттық саз өнерінің саңлағы Шәм­ші Қалдаяқовтың есімдері халқының жадында мәң­гілікке жазылған. Осы екі дара дарынның биылғы жылғы әдебиет пен өнер саласында Мем­лекеттік сый­лық­қа ие болуы тарихи әділ шешім болды деп ойлаймын. Бірнеше іріктеу кезеңінен тұрған бұл кон­курс­тың биылғы жылғы осынау шешіммен бе­кі­тілуі – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ұлт­тық мә­де­ние­ті­міз­ге деген ерекше қам­қор­лы­ғы, шын мәнінде талантты туындылардың ха­лықтың құрметі мен ықыласына бөленуіне барынша жағдай жасауы, ел үшін ерен қызмет ет­кен перзенттерге деген адами ілтипат пен адам­гершілік қолдау деп түсінемін. Және әде­биет пен өнер саласында Мемлекеттік сыйлық бе­ру жөніндегі комиссияның бір мүшесі ре­тінде даусымды беріп, осыған өзімнің де аз да болса үлесімді қосқанымды мақтан етемін. Қо­ғамдық өмірдің ортасында, әсіресе, жас құ­рақ­тай желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұр­пақ­тың санасы мен зердесінде мәдени-рухани бай­лық­қа деген құлшыныс пен құштарлықты ояту тұрғысында екі талантымыз туралы, олардың көр­кемдігі аса жоғары шығармалары жөнінде ен­ді одан әрі көкжиекті кеңейтер нұсқалы әң­гіме айтуға негіз қаланды деп санаймын. Жұмекен қазақ поэзиясындағы құбылыс болды, қайталанбас талант, хас шебер еді. Оның қаламынан ту­ған жырлар мен дастандар қазақ поэзиясының биіктігін одан әрі көтерді, тереңдігін одан әрі асырды. Ақын­ның “Ме­нің то­пырағым”, “Темірқазық”, “Менің Қазақ­ста­ным” секілді таңдамалы жинақтары, олардан бұ­­­ры­ны­рақ­та жарық көрген “Жарық пен жы­лу”, “Же­тібояу”, “Күй кітабы”, “Өз дау­сым­­мен”, т.б. кі­тап­тары өлеңсүйер қа­уымның қо­лынан түс­пейтін, жас ақындардың ше­бер­лік мектебі болды. Жұмекен тек қана поэзияда ғана емес, қа­зақ прозасында да өнімді еңбек еткен қаламгер. Оның “Кішкентай”, “Ақ шағыл” атты ро­ман­дары қазақ про­за­сының таңдаулы туын­дылары қатарынан лайықты орнын алды. Ал ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың есімі қазір ұлттың пас­портына ай­налды десек, артық болмас. Еке­уінің шығар­машылық бірлігінен ту­ған “Менің Қазақ­ста­ным” енді біздің мем­ле­кеттік гимніміз. Осы­нау бір шы­ғармасымен-ақ олар қазақ мә­де­ниетінің тарихына ал­тын әріп­термен жазылды. Орынды шешім ойымыздан шықты Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ, “Жас-Ай” халық емшілігі орталығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, академик. “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған Елбасымыздың әдебиет пен өнер саласында Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі Жарлығын оқып, қатты қуандым. Мен атажұрттан алыста жүргеннің өзінде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов ағаларымыздың “Менің Қазақстаным” деген құдіретті әнін жүрегімізге сіңіріп өстім. Қытайдағы қазақтар бұл әнді әрбір салтанатты той мен мерекелерде ерекше құлшыныспен орындайтын. Осы әнді тыңдаған сайын атажұртымызды сағынып, оның еркін ел, тәуелсіз мемлекет болуын қат­ты аңсайтын­быз. Шүкір, ол күнге де жеттік. Ойдағы ар­ман орындалды. Осы әннің сазымен тарихи отанымызға оралдық, қазақ елінің бір азаматы болып қатарға тұрдық. Қытайда халық медицинасы кеңінен тараған, сол елде инемен емдеу, тамыр ұстап, кеселдің атын атап, түсін түстеу және оны жазудың қыр-сыры мен дәрілік шөптерді тауып, танып пайдаланудың үлкен мектебінен өттім. Қазір осының арқасында туған елге келгесін, көп ең­бектеніп, халық емшілігі орталығын аштым, өз елімнің заң­ды азаматы атандым. Елбасымыз жүргізіп отырған сын­дарлы саясатты барынша қолдап, іске асыруға қо­лым­нан келгенше атсалысып жатырмын. Міне, қай кезде де еліміздің гимні бізге күш пен қуат беріп келеді. 2006 жылы “Менің Қазақстаным” әні мемлекетіміздің гимні болып қабылданғанда, Елбасының осы мәртебелі істегі үлесі мен рөлін терең сезініп, шы­найы сезіммен қолдадым. Ол кісінің жаңа гимнге уақыт талабына сай қосқан өзгерістері мен жаңа өлең жолдары бүгінгі күннің тынысын барынша ашып көрсетеді. Осы гимніміздің қос авторына биылғы жылғы Мемлекеттік сыйлықтың берілуі өте құптарлық жайт. Гимннің заңды авторларының  бірі – Елбасының халық үшін қалт­­қысыз ең­бек етіп жүрген ерен еңбегі он­сыз да құрмет пен ықыласқа лайық. Асқақ гимніміздің абы­ройы мен мәртебесін көтеру бағытында Пре­зи­ден­тіміз тарапынан жасалған бұл шешім жалпы жұр­ты­мыз­­дың көңілінен шығып жатыр. Рахмет Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы! Қапысыз таңдау, қадірлеп бағалау Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің кафедра меңгерушісі. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жаңа тарихында рухани құндылық­та­рымыздың лайықты бағалануы халқымыздың ме­рейін өсіріп, жарқын болашаққа сенімін ны­ғайтуда. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі жария­ланғаннан кейін іле-шала Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанымыз, сол ұйымдағы ЮНЕСКО шешімімен қазақ әдебиеті классик­тері мерейтойларының әлемдік деңгейде мерекеленгені – қазақ­тың ата-бабалары рухын, отандық мәдениеттің мәр­тебесін көтерудің үздік өнегесі болды. Хакім Абайдың, Жамбылдың 150, Мұхаммед Хайдар Ду­ла­ти­дың 500, Махамбеттің 200, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Әлкей Марғұлан­ның100 жылдық мерейтойларының халықаралық дең­гей­де тойланғаны – қазақ сөз өнері мұраларының әлем өрке­ниеті құнды­лық­тары қатарында бағалануының көр­сет­кіштері. 2004 жылдан бері ғасырлар бойы қа­лып­тасқан, дамыған рухани құндылықтарымызды жинақ­тап, фольклор мен әдебиет, әуез, философия, пси­хология, тарих, шығыстану, археология салалары бойынша көп­том­дықтардың жарық көруін жүзеге асырып жатқан “Мә­дени мұра” мемлекеттік бағдарламасы да халық мұ­ра­сының мәңгілік сақталуының нақты нәтижелері болып отыр. Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да­на­лықпен жүргізіліп жатқан қызметінің тарихи же­міс­те­рі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының көркем әдебиет саласы бойынша дарынды қаламгерлерге ғана берілген ұйға­рымы әдебиеттанушы ретінде мені қуантады. Орта мектептерде де, орта арнаулы және жо­ға­ры оқу орындарында да біз классикалық әдебиет деңгейіндегі үздік туындыларды ғана оқытуға қа­лып­тас­қан­быз. Көркемдік сипаты жоғары, мыңдаған, мил­лион­даған оқырманда­рының көңілдерін баураған, рухани азы­ғына айналған дарынды ақын Жұмекен Нәжіме­денов таң­дамалылары жинақталған “Менің Қазақстаным” кітабына 2010 жылғы Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік сыйлығын беру туралы Елбасымыздың ұйға­ры­мы – хал­қымыздың зор ризашылығына, қанағат сезіміне ие болатын әділдік салтанатының көрінісі. Жұмекен Нә­жі­меденов шығармалары – қазақ ұлтының және әлем халықтарының ақыл-ой даналық ұлағатын таныта ала­тын, көркемдік-эстетикалық дүниетаным тереңдігін ұқты­ратын классикалық туындылар. Фәни дүниеде 48 жыл ғана өмір сүрсе де лирикалық өлеңдері мен поэ­­ма­лары, романдары қазақ халқының мың­жылдықтар бойы қалыптасқан адамгершілік-имандылық, ба­тыр­лық-жауынгерлік, аза­маттық-отаншылдық рухын ұр­пақ­тар санасын серпілдіру, сілкіндіру, жігерлендіру сарын­дарымен қуаттандырған Жұмекен ақын жырлары – әлем әдебиетіндегі классикалық рухани құндылықтар қа­тарындағы шығармалар. Бүкілхалықтық талқылау үдерісіне үн қосқан “Дарынды ақынның даналық поэ­зиясы” (Ана тілі, №37, 1030, 16-22 қыркүйек, 2010 жыл) атты мақаламды 40 жыл­ға жуық әдебиетші ұстаздық-зерттеушілік қыз­ме­тіндегі өзімнің және мыңдаған шәкірттерімнің, олар­дың ата-аналарының, бүкіл халқымыздың ұсынысы тұр­ғы­сында жаздым. Жұмекен поэзиясын әдебиетті оқыту мен зерттеу нысаны және тәлім-тәрбие жұмыстарының құ­ралы етіп жүрген республикамыздағы барлық ұстаздар мен олардың шәкірттерінің, ата-аналардың, бүкіл оқыр­мандардың, халқымыздың бұл Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы шешіміне риза болатыны ақиқат. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың барлық қызметі де Отанымыздың әлемдегі алып мем­лекет­термен иық теңестірген мәр­те­белі биіктерден орын алуын қамтамасыз еткен біліктілікпен, білімділікпен ат­қа­рып жүрген парасатты жұмыстары. Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп келе жат­қан ішкі және сыртқы саяси-әлеу­меттік, эко­но­ми­ка­лық қарым-қатынастарды шебер үйлестіруші, дарынды, білімді ұйым­дас­тырушы, әділдіктің жүзеге асуын қамтамасыз етуші аса көрнекті Қайраткер-Аза­мат тұр­ғысында бағалайды. 2010 жылдың желтоқсан айын­да Астанада өткізілуі жоспарланып отыр­ған Еу­ро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммитін өткізуге дайындық жұмыстары да, Саммиттің өтетіні бәрімізде де қанағат сезімін тудыруда. Елбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың даналық ойларын жүзеге асырушы халқы еліміздің ішкі және сыртқы саяси-әлеуметтік, экономикалық, мә­дени даму әлеуеті бағыттарының әлем өрке­ниеті кеңістігінде абыройлы жолмен алға баса беретініне кәміл сенеміз. Жұмекен Нәжі­ме­денов пен Шәмші Қалдаяқовқа берілген бұл жоғары атақ – қапысыз бағалау мен қадірлеп таңдаудың озық үлгісі.