“Хабар” агенттігі” АҚ басқарма төрайымы Гүлнәр ЫҚСАНОВАМЕН сұхбат
– Гүлнәр Мұстақымқызы, ұлы мәртебелі Тәуелсіздігіміздің бел баласындай болып дүниеге келген, бүгінде ақпарат айдынындағы басты телеарналардың біріне айналған, барлық жақсылық-сүйініштеріміздің қарлығаш ниетті хабаршысындай, ел игілігін көздеген Елбасы саясатының сара сөзді жаршысы, өзіңіз басқарып отырған, халыққа танымал “Хабар” агенттігінің 15 жылдық мерейтойы құтты болсын! Ел газеті “Егеменнің” атынан қуаныштарыңызды бөлісе отырып, “Хабар” арнасы құрылған кездегі мақсат-міндеттер, одан кейінгі қаз басып қалыптасу кезеңі, өсу-өрлеу жолдарыңыздың жайын өз оқырманымызға жеткізсек деп едік.
– Рахмет. Алғаш құрылғаннан-ақ біздің “Хабар” Ұлттық телевизиялық ақпарат агенттігі деп аталды. Нақ осында үлкен мән-мағына жатқан болатын. Дариға Назарбаева Қазақстан аумағында ғана емес, жалпы Орталық Азия республикалары ауқымында да аса ірі ақпарат агенттігін құруды жоспарлады. Әңгіме ақпарат ағындарының басын қосып біріктіруге, бірегей ақпараттық кеңістік құруға һәм оны құрылымдандыруға, таңдаулы журналистік күштерді жинап қауымдастыруға, елімізде және әлемде болып жатқан барлық оқиғаларға құлақты түрік ұстауға, шетел оқиғаларының қазақстандық астарлы мәнін ашып отыруға, әлемде болып жатқан үдерістерді қазақстандық көзқараспен беруге сайды. Әрине, “Хабардың” дәл қазіргідей толыққанды, атақты телеарна болып қалыптасуы оңайға түскен жоқ. Бірақ, сайып келгенде, жаңағы айтқан мақсатқа қол жеткізілді де.
Менің пайымдауымша, қарымы мол қуатты құрылым жасақталды. Одан арғы дамудың негізі өте сауатты түрде біліктілікпен қаланып-қалыпталды. “Хабардың” бренді айғақталған, алғашқы логотиптер пайда болған, эфирлік тырнақалдылар қанаттанған сол бір уақыт елдің, әсіресе журналистердің есінде болар. Кабинетте жаураған күндер де болмай қалған жоқ. Сол кезде біздің хабар тарататын эфирлік уақытымыз небары 4 сағат қана еді. Қазір күн сайын 20 сағат бойы көрермендерімізбен жүздесеміз, қуана қауышып дидарласамыз. Негізгі арнаға қосымша “Ел Арна” да дербес жағдайда, өз күш-жігерімен даму үстінде.
– Осы “Ел Арна” әуелде негізінен қазақ тілді арна болып құрылған сияқты еді ғой?
– Иә, сондай бір тәуір идеяны арнаның “Хабар-2” болып тұрған кезінде-ақ Қайнар Олжай сәтімен бастаған-ды. Бірақ, өкінішке орай, әртүрлі қиындықтар қолбайлау болып, арна жұмысын қайтадан құрғанбыз. Ал 2008 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Жас Отан” жастар қанатының съезінде “Ел Арна” негізінде жастар телеарнасын құру жөнінде ұсыныс жасады. Содан бері бұл арна Қазақстанда тұңғыш рет толықтай жас қауымның талап-тілегі мен мақсат-мүддесіне бет бұрып, жастар аудиториясына қызмет етіп келеді.
Сонымен қатар біздің бірден-бір спутникті арнамыз “Каспионет”, міне, сегіз жыл болды, барлық Еуропа елдеріне, Ресейдің Уралға дейінгі бөлігіне, араб елдеріне, Африканың солтүстігіне, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне хабар таратуда. Арнаның қызғылықты да ілкімді ізденістері жетіп артылады. Осы ретте шеттегі қазақ қандастарымыз ғана емес, ТМД-дан шыққан, кеңірек мағынасындағы бұрынғы орыс тілді отандастарымыз да, әрі Қазақстанға қызығушылық танытатын адамдардың барлығы да біздің аудиториямыз болып табылады.
Бұған қоса осы жылдарда бізде тек Алматы қаласына ғана хабар тарататын “Радиоарна” қалыптасты. Соңғы уақытта заманауи үдерістерге ден қоя отырып, “Хабар” телеарнасында жаңа рухтағы интернет-платформалар құрдық. Қазан-қараша айларында “Ел Арна” мен “Каспионетте” тағы екі интернет-портал жасақталуын аяқтамақпыз.
– “Хабардың” жалпы шығармашылық ізденістері жөнінде не айтар едіңіз?
– Ең басты сапалық ілгері басу ретінде мазмұндық тұрғыдағы оң өзгерістерді атап көрсетемін. Біз үнемі хабарды қайткенде жақсы берудің жаңа үлгілерін тынымсыз іздедік. Біз өз жүйемізге тастай батып, судай сіңіп кірігетін шығармашыл адамдарды іздедік. Және оларды таптық та.
Теледидарда қазақ тілді журналистика мектебін қалыптастыруымызды мен біздің сөзсіз табыстарымыздың бірі деп санаймын. Агенттікте тіл тағдырына толғанбай тұра алмайтын белгілі адамдар жұмыс істеді, қазір де істеп жатыр. Олар сұранысқа ие, халықтың ілтипатына ілінген, заманауи форматтарды өмірге келтірді. Ол есімдерді өздеріңіз де білесіздер... Серік Абас-Шах, Арман Сқабылұлы, “Жеті күнді” жаңа сатыға көтерген Бауыржан Омаров, Қайнар Олжай, Ләззат Танысбай, Сайын Есмағи, Нұртілеу Иманғалиұлы және басқалар. “Хабардың” шекпенінен шыққан, солардың көбі қазір жоғарылап, басқа биіктерден көрініп жүргеніне қуанамыз. Олар идеясын айтып іске асырған бағдарламалар елдің есінде.
Шығармашылық ізденіс дегенде тұңғыш қазақ сериалы, яғни кинотоптамасы “Тоғысқан тағдырлардың” “Хабар” агенттігі аясында түсірілуі де сәтін салған еңбек болды. Бұл өзі сол кездегі ең ұзақ сериалға айналды. Өзіміздің дубляж бөлімімізде қазақшаға аударып, біз оны “Каспионет” арқылы шетелдік қазақ телекөрермендеріне ұсындық. Фильм үшін алғыс айтқан жақсы лебіздер келді. “Хабарда” дүниеге келген осы “фильм өндіру” технологиясын қайта жаңғыртып, біз биыл экранға “Жаным” атты жаңа сериал шығардық. Қазір ол да қазақ тіліне аударылуда.
Осы ретте мұнымен де тоқталмақ емеспіз. Серік Абас-Шах пен оның тобы қазақ тілінде сериал жасау жөнінде идеялар айтуда. Ол оны Астана аясында түсіргенді мақұл көруде. Несі бар? Астанада материал жеткілікті, алуан тағдырларға бай. Фильмді жасауға қабілетті адамдар бар. Серік ойын жүзеге асырсын. Түсірсін. Бұдан басқа, жыл аяғында, яғни көп ұзамай “Ел Арнада” жастар сериалын жібермекпіз. Бұл дегеніңіз – тосын оқиғаға құрылған, жастарға жағымды комедия. Осылайша біз өзіміздің телекиноөндірісімізді ары қарай өрістете беруді ұйғарып отырмыз.
– Енді жаңалық хабарларыңыздың қайнар көзі саналатын жер-жердегі тіршілік қосындарыңыз туралы айтсаңыз?
– Әуелі Қазақстандағы қосындарға тоқталайын. Біз өз тілшілерімізді мақтан тұтамыз. Өте тұрақты тілшілер желісі қалыптасты. Мұнда ауыс-түйіс тым сирек болады. Жақсы журналист болса, ақпаратқа да кенеліп отырасың. Ал қоғамда ақпаратқа деген сұраныс мол. Қазір ел ішіндегі өңірлерде 14 тілші қосынымыз бар. Олар өз репортаждарын күн құрғатпай жіберіп тұрады. Технологиялық тұрғыдан алғанда қазір жұмыс істеу көп жеңілдеді емес пе. Егер бұрын материал жіберудің машақаты бастан асып, оларды “Спутник” арқылы алып тұрған болсақ, енді мұның бәрін интернет арқылы оп-оңай атқаруға мүмкіндік туды. Біз өз тілшілеріміздің жедел сюжеттерін іс жүзінде “он-лайнмен” аламыз. Бүгінде “Хабарда” жаңалықтарды жаңартып тұруда ешбір түйткіл де, кідіріс те жоқ. Таңертеңнен-ақ, таңғы таза ауа сияқты, оқиға болған орыннан, ізін суытпай жаңа жаңалықтар легі үзбей түсе бастайды. Жаңалықтар біздің арнаның алтын өзегі десек те болады.
Ал енді соларды дайындайтын тілшілік қосындарымыз өте мықты, ұйымшыл команда. Олардың бізге жіберген ақпараты әрдайым қызғылықты, жаңа, көкейкесті болып келеді. Олар өмірге самарқау қарай алмайтын жандар.
– Негізгі ұйытқылардың есімдерін атай кетсеңіз?
– Болады. Ол дегеніңіз – Владимир Могай, Қарағанды; Павлодардан Салауат Темірболатов, өскемендік тілшіміз Дмитрий Крюкович, байырғы, кәнігі журналисіміз Алма Оразбаева және басқалар. Мен енді бір адамды осы “және басқаларға” қоспай, ерекше атағым келеді. Сірә, оны ең таңдаулы деп айтқаным да ыңғайсыз болар. Себебі, ол өз ісінің нағыз шынайы мэтрі, Талдықорғандағы телетілшіміз Тілеуқабыл Мыңжасар.
– Курстас дос туралы мұндай жылы лебіз естігенімізге қуаныштымыз. Кезінде “Егемен Қазақстан” “Мыңжасаровтың мың репортажы” деген мақала да бергені есімде.
– Ендеше, біздің барлық журналистеріміз Тілеуқабылға қарап ой мен бой түзейді. Мысалы, Астанада үлкен бір маңызды халықаралық жиын бола қалса, біз, әдетте, өңірлерден екі, төрт-бес адамға дейін шақырамыз. Әрі Астана тобына көмек болсын дейміз. Екінші жағынан, олардың да жергілікті оқиғалар төңірегінде қалмай, әлемдік үдерістерге қатысуын, кәсіби деңгейлері мен шеберліктері көтерілуін қалаймыз. Міне, сонда, кімді шақырамыз дегенде басқалар жөнінде пікірталас туып жатқанмен, Астанада болатын барлық оқиғаларға қатысып тұру Тілеуқабыл тарапына келгенде бұлжымас қағида. Байыптылықтан жазбайтын оның мәнерінен басқа әріптестері үйренеді. Меніңше, ол шын мәніндегі халықтық журналист, халықтың шынайы құрметіне ие болған журналист. “Хабардың” делегациясы оның Талдықорғандағы шығармашылық кешіне барғанда адамдардың оған деген ілтипатын көріп, осыған көзіміз жетті.
– Шетелде де тілшілеріңіз бар емес пе?
– Шетелдік тілшілік желіге келер болсақ, әлемде болып жатқан оқиғаларға қазақстандық пайым-көзқараспен өрнектелген халықаралық ақпарат хабарларды біз Мәскеуден, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан күнделікті дерлік алып тұрамыз. Біраздан бері Қырғызстан, Бішкек “ыстығы” төмендемейтін жедел желіге айналды. Лондоннан да өз ақпаратымызды аламыз. Қазір онда біздің тілшіміз жұмыс істейді.
– “Егемен Қазақстанның” назарынан сіздің бұл тілшіңіз де қағыс қалған жоқ. Жансебіл журналисіміз Жақсыбай Самрат Еуропада жолығып, осы жазда газетімізде Лондондағы сол тілші қарындасымыз Бэлла Құдайбергеновамен оңды сұхбат жариялаған.
– Ол үшін де рахмет. Бэлла бұрын Мәскеуде басқа мекемеде жұмыс істеген. Қазір бізге ауысқан. Қосыны Лондонда болғанымен, Еуропаның басқа елдерін, солардағы маңызды оқиғаларды да қамтып тұрады. Бұдан басқа, байырғы журналисіміз Майра Абдрахманова да екі жыл бұрын “Хабарға” қайтып оралған. Еуропадағы ғана емес, ЕҚЫҰ-да да аккредитацияланған арнайы өкіліміз Қазақстан төрағалығы тұсында осынау мәртебелі ұйымның төрінен жедел де өзекті репортаждарын жиі жасап жіберіп жатыр. Қазір Белоруссияда тілшілік қосынымызды ашудамыз.
Сондай-ақ біз ресейлік “ИТАР-ТАСС” жүйесімен ынтымақтастық байланыс орнатқанбыз. Тапсырыс бойынша олар бізге әлемнің тоғыз елінен қажет кезінде сюжеттер жасап беріп тұрады. Яғни, тілшілік желі өрісі кеңейе түсуде. Таяу уақытта Қытайда, Америкада тілшілер қосынын ашуды жоспарлап отырмыз. Соның ең біріншісі осы жақын арада туысқан ел Түркиядан ашылмақ.
– Тіл саясатындағы тепе-теңдікті қалай ұстанудасыздар?
– Бір сөзбен айтсақ, біз бұл орайда заң мөлшерлемесінен бір сүйем де бұра тартпаймыз. Тек ең басты алаңымыз – қазақ тіліндегі контенттің сапасы. Бізде, тіпті, не толық қазақ тілді, не толық орыс тілді деп айтуға келмейтін бір форматымыз бар. “Қазақшаңыз қалай?” деп аталады. Бұл бағдарлама тілді үйретіп шығару міндетін қоймайды. Негізгі міндет – тілге деген қызығушылықты ояту, осы жағдайдың айрықша толғақты, көкейкестілігін айғақтау. Біз өз аудиториясымен жан-тәнімен беріле жұмыс істейтін оқытушыларды көрсеткен кезде мен осындай жан шуағын шашқан мұратшыл мұғалімдер алдынан мемлекеттік тілді меңгеруге талпынбайтын адам сирек кездесетін шығар деп ойлаймын. “Рахат-Лукум” тобының жас жұлдызы Ксения осынау бағдарламаны маусымнан маусымға жандандыра жүргізіп келеді. Өзгеше бір үлгі-әдістемелерді тауып, оның бұл іске құлшына кіріскені соншалық, осы арқылы тілге деген талғамы жаңадан тәрбиеленіп, Ксения үлгісіне ерушілер, сірә, аз болмас.
– Олай болса, өздеріңіздің авторлық төл бағдарламаларыңызға кеңірек тоқталсаңыз.
– Төл бағдарламаларды әрі түрлендіріп, әрі көкейкестілігін арттыру қолға алынуда. Айталық, С.Абас-Шахтың қызғылықты жаңа бағдарламасы “Сонымен, солай дейік” деп аталады. Бұл күн сайын жүретін ток-шоу. Және бір рет қана көрсетіліп қоймайды, тақырыптық желісін үзбейді. Ресейде осы тектес “Пусть говорят” және басқа бағдарламалар бар. Біз ең өзекті мәселелерді қамтитын осындай бағдарламаны қазақ тілінде жасауға ұйғардық. Оның тағы бір ерекшелігі сол, ол Астанадағы біздің жаңа студиямызда жүзеге асуда. Осындай көкейкесті тақырыптар, жаңа идеялар, жоспарлар көп-ақ. Оларды талқылауға келетін аудитория да осал емес.
Аптасына төрт рет көрінетін “Арнайы репортаж” топтамалық бағдарламасы тұсауын кесті. Бұл да қазір жұрт көбірек ден қоятын құжаттық мәнерді негізге алған. Яғни, бұрын болған қандай да бір оқиға қайтадан жаңғыртылады. Сіз соның куәсі болғандай әсерге бөленесіз. Мейлі есірткіге қарсы күрес болсын немесе жастардың бос уақытты өткізуі болсын, әйтеуір осындай, әркімді толғандыратын, ешкімді бейжай қалдырмайтын әлеуметтік тақырыптар алға шығарылуда. Бағаның өсуіне немесе қауіпсіздікке, немесе жанға тиетін басқа да түйткілдерге самарқау қарай алатын қайсымыз бармыз? Мен мұны әркімге арналған тұтынушылық бағдарлама деп атар едім. Сөйтіп біз жұрттың барлығына бірдей: билікке де, қарапайым бұқараға да қызықты әрі түсінікті болатын, қалың жұртшылыққа, тұтас қоғамға арналған әлеуметтік бағдарламалар жолына түстік. Бұлардан басқа ойын-сауықтық “Дудар-ай”, ән және кино тарихын бажайлайтын “Бәрі есімде” бағдарламаларына көрермен ілтипаты тәуір.
– Еліміздегі үлкен саясатты, түрлі оқиғаларға берілер бағаны “Хабардың” хабарлары арқылы таразылайтын үрдіс байқалады. Бұған не дейсіз?
– Осы арада басын ашып алатын бір нәрсе – біз мемлекеттік идеологиялық тапсырыстың орындаушылары болып табыламыз. Одан қала берді, айталық, елімізде болып жатқан оқиғаларды, дәл қазір әуеде қалықтап жүрген ақпаратты халыққа, өз көрерменімізге өте жедел, өте байыпты әрі өте шыншыл тұрғыдан жеткізуді басты міндетіміз деп білеміз. “Казахстанская правдадан” ба екен, жақында бір мақала оқыдым, сонда сұхбат беруші қарапайым адам “Хабарды” ел жағдайының барометрі деп бағалаған екен. Әлеуметтанушылар ел мен қоғам жағдайын, тыныс-тіршілігін тамыршыдай тап басады ғой. Біз де елдің көңіл-күйін, жай-жапсарын тап басып тануға ұмтыламыз. Халық арасына шығамыз. Нысандарға, құрылыстарға, кәсіпорындарға барамыз. Айталық, индустриялық-инновациялық қарқынды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды әрі өзекті бағыты болып отыр. Осыған орай біз болмаған нысанды табу қиын-ақ шығар. Біз дерегі жоқ әлдебір абстрактілі нәрселерді емес, нақты жайларды айтып көрсетеміз. Құрылыс қалай жүріп жатқанын, қанша жұмыс орны ашылғанын, адамдардың қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанын айтамыз. Ел үшін өте маңызды, тағдыршешті саналатын мемлекеттік бағдарламалардың әрқайсымызға түсінікті болуына талпынамыз. Бізге Қазақстанның қуаты артқаны, гүлденіп өркендегені керек. Демек, елде болып жатқанның бәрін актуальдандырып, жандандырып, қан жүгіртіп, ұғынықты әрі қарапайым, әрі шырайлы қалпында көрерменімізге, өз аудиториямызға жеткізу, әрбір қазақстандықты ақпараттандыру – біздің асыл парызымыз.
– Елбасы мен “Хабар” арасына қандай параллельдер тартар едіңіз?
– Ең алдымен, біздің барлық бағдарламаларымыздың нысаналы бағдаршамы – ел Президенті көтеріп жүрген мәселелер. Барлық бағдарламаларымыздың өзегіне Елбасы идеялары, ой-пікірлері алтын арқау болып тартылған. Ең бастысы, біз мемлекетті дамытудың барлық бағыттарын жүзеге асыру мәселелерін күн тәртібіндегі келелі міндеттер ретінде көтеруден ешқашан жазған да, жалыққан да емеспіз. Осы ретте біз Мемлекет басшысының қолғанат көмекшісі болғымыз келеді. Президенттің көмекшісі болу, оның идеологиясын насихаттау, оның ізгілікті бағдарламаларын іске асыруға септесу, халық үшін соның бәрін көкейкесті әрі қызықты ету 15 жылдың өне бойында біздің басты қағидамыз болып келді және солай болып қала бермек.
Президент Жолдауы сіздің газетте әртүрлі сұхбаттар мен мақалаларда сала-сала етіліп қалай жіліктеліп түсіндірілсе, біздің бағдарламаларымызда да дәл солай етіледі. Мысалы, біз “Ел Арнада” жастардың жасампаздығы мен азаматтық рухын көтеруге ұмтыламыз. Оларды қоғамның бүгінгі үдерістеріне, жасампаздық үдерістеріне қатысуға үндейміз. Елбасы талабының деңгейінде болуға шақырамыз. Елдік мұрат жолына рухтандырамыз және жігерлендіреміз. Елбасы қойған талап пен міндетті айшықты мазмұнмен байытамыз.
– Мерейтойға немен келдіңіздер?
– Біз мерейтойды, кеңес кезінде айтылатындай, өзіміздің ерен еңбегімізбен атап өтуді ұйғардық. Яғни, ешқандай дабыралы жиын-шаралар болмайды. Ең бастысы, жаңа маусымға біз барлық телеарналарымыз бойынша жаңартылған бағдарламалардың жарасымды да жарқын шоғырымен келдік. Әрине, олар жайында көп айтуға да болар еді. Бірақ біздің мерейімізді өсіретін бір ғана жай бар. Ол – өткен он бес жылда “Хабардың” халықтың қалаулы телеарнасына айналғандығы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.