22 Қазан, 2010

Сіз не дейсіз?..

386 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қыстан қысылмаймыз Ақсу қаласынан бізге хабар­ласқан тұрғындар биылғы қыс­тан былтырғыдай апатты жағ­дайлар орын алып, қиындық көріп қалмаймыз ба деген­ қауіп­т­ерін айтып хабарласқан бо­ла­тын. Отыз жылдан аса уақыт күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген су құбырларының, жылу желілерінің әдетте суық түсе бастағанда сыр беретіні бар. Осы жердегі ферроқорытпа зауыты, “Еуразиялық энерге­ти­калық корпорациясы” тәрізді ірі кәсіпорындардың тұтынушы­лар­ға қызмет көрсетуден бас тартуы, электр энергиясының, жанар-жағар май материал­да­ры мен басқа да тауарлы ма­те­риалдар бағаларының қым­баттауы тұрғындарды біраз әуре-сарсаңға салатыны тағы анық. Сонымен, биылғы қыс қалай болар екен? “Егемен Қазақстанның” Павлодар облысындағы тілшісі Фарида Бықай Ақсу қаласының әкімі Оразкелді Қайыркелдиновке: – Сіз бұған не дейсіз?.. – Айтылған мәселе дұрыс. Тұр­ғындардың алаңдауына да негіз бар. Ал бірақ биылғы қыс­тан қалай шығамыз деп қорқып-үркуге енді негіз жоқ қой деп ойлаймын. Жалпы, облыс және қала басшылығы тарапынан қа­былданған шұғыл әрекеттердің нәтижесінде  өткен жылы 38,6 миллион теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 8,7 шақырым құбыр ауыс­тырылды. Бөлінген қаржы көзіне қоршалған бөген тұрғы­зылып,  арнасы тазаланып,  уа­қыт­ша су таратқыш құрылды. Төтенше жағдайлар жөніндегі де­партамент, азаматтық қорға­ныс, апатты жою және алдын алу  мекемелерінің мамандары   жағ­дайды зерттеу мақсатында бірнеше рет келіп, қаланың су шаруашылығы құрылысын то­лы­ғымен қайта құру, жаңарту қа­жет деген қорытынды шығарды. Облыс әкімі  Бақытжан Са­ғын­таев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке хат жолдап, қаладағы су құбырларында қалыптасқан апатты жағдайға орай қаржы бөлуді сұрады. Мамандар негізгі су жинағышта апатты жағдай туындағанын және күрделі жөн­деу жұмыстарының жүргізілмеуі қалаға су жеткізуді толық шек­теп,  су басу қаупі бар  екендігін және оны қысқа мерзімде тоқ­тату мүмкін еместігін мойын­дады. Үкімет хатты қабыл алып, мамыр айында  қаланың су ша­руа­шылығы нысандарын қайта құруға 374,5 миллион теңге,  су жинағыш және су сорғы стан­са­ларын қайта құруға 227,1 мил­лион теңге, қысымды кәріз кол­лекторына 147,4 миллион теңге бөлді. Бүгінгі таңда  жаздан бастап қызу жұмыс жүргізілді. Су жи­нағышқа сорғы агрегаты бар су таратқыш салынды, түбі түрлі қо­қыстан тазартылып, тоған құ­рылысы жасалды, су қабыл­да­ғыш камерадан сорғы станса­сы­на дейін су таратқыш құбыр­лар­ды ауыстыру жұмыстары жүр­гі­зілді. Диаметрі 630 миллиметр құбырлар төселді. Енді қала тұрғындары қысты қиындықсыз өткізеді деген сенім бар. Павлодар облысы, Ақсу қаласы.