Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Иордания Парламенті Сенатының Төрағасы Тахер әл-Масриді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында екі жақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту және парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Сенат Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Иордания Королі Абдалла ІІ-нің сәлемін жеткізді.
Журналистерге арналған брифингте Тахер әл-Масри Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның дамуы деңгейіне жоғары баға берді.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік деңгейде мемлекет құрды, Қазақстанды табысты және прогресшіл ел жасады, – деп атап көрсетті ол.
Сенат спикері сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығын атап өтті.
– Қазақстан Батыс пен Шығыс арасын байланыстыратын көпірге айналуда. Ел тыныштық пен тұрақтылықты сақтау ісіне орасан күш-жігерін жұмсауда. Қазақстан көп кешікпей Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық жасайды және бұған Президент Нұрсұлтан Назарбаев көп еңбек сіңірді. Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы мен бастамалары тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде бағалануда, – деп атап көрсетті Иордания Парламенті Сенатының Төрағасы.