23 Қазан, 2010

Діни ахуал назар аударуды қажетсінеді

458 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздегі діни ахуалдың жайы қалай? Осы мәселенің байыбына бару үшін кеше Астанада Қазақстандағы Діни ахуалдың дамуын зерделейтін сараптау кеңесі “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас” деген тақырыпта республикалық семинар өткізді. Еліміз тәуелсіздігін алған 19 жылдың ішінде конфессиялардың саны 7-ден 54-ке, ал діни қауым­дас­тықтар  700-ден 4000-ға дейін өскен. Осылайша еліміздің кон­фессиялық кеңістігі айтарлықтай құрылымдық жағынан өзгерістерге ұшыраған.  Тіркелген дәстүрлі емес діни бірлестіктер саны 54-тен 1189-ға дейін артуы да ойландырса ке­рек. Мәдениет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитет төрағасы Ардақ Досжан сарапшылардың де­регіне сүйене отырып, діни бір­лес­тіктердің мұншалықты өсімін діни кеңістіктің ашық болуымен, “Діни сенім-наным және діни бірлес­тік­тер бостандығы туралы” Заңның  тір­кеуге алу нормаларының жеңіл­ді­гімен, адамдардың жаппай дінге бет бұруымен және шетелдік мис­сионерлік бірлестіктер қызметінің белсенділігімен байланыстырды. Мемлекеттің дін саласына аралас­пауынан елімізде мешіттермен бірге, көптеген жаңа христиандық храмдар, дәстүрлі емес діни бір­лестіктердің ғибадатханалары пайда болған. Конфессиялық қауіпсіздік мә­се­лесі соңғы уақыттары бара-бара маңызды бола бастады. Ол елі­міз­дің географиялық орналасуынан, этностық құрамының әр түрлі­лігі­нен, аймақ дамуының тарихи ерек­шелігінен, конфессиялық жандану­дың артуынан, сыртқы және ішкі қауіпсіздік проблемаларынан туын­дап отыр. Осы ретте комитет төр­аға­сы қазақстандық саясаттың бас­ты міндеті тек этносаралық келі­сімді сақтау ғана емес, ең алдымен, кон­фессияаралық келісімді, діни төзімділікті сақтау және нығайту екенін атап көрсетті. Өйткені, бірқатар конфессия өкілдері өз мақсаттарына жету үшін заңсыз, кейбір жағдайларда экстремистік тәсілдермен айтарлықтай қауіп тудыруда. Белгілі дінтанушы ғалым, Мә­жіліс депутаты Камал Бұрханов мем­лекет пен дін арасындағы қа­рым-қатынасқа қатысты сөзінде “әркім өз құдайына сыйынады, ешкім ешкімге кедергі жасамайды” деген қағиданың бұзылып отыр­ған­дығына назар аударды. Өте қара­пайым да әділ осы бір ұстаным, өкі­нішке қарай, шыңдықтан алшақ жатыр. БҰҰ құжатындағы әрбір халық өз мемлекетін құра алады деген қағида да жүзеге асырылмақ емес. Қазіргі таңда әлемде 192-ден аса мемлекет болса, ал ұлттар саны 3,5 мыңнан асады екен. Егер олар­дың әрқайсысы жеке-жеке отау тігетін болса, онда  мемлекеттер саны 15 есеге артады екен. Олай болса, қантөгістердің артып кете­рі­не ешкім кепілдік бере алмақ емес. Семинарда ұлтаралық араздық туындаған жағдайда қақтығыстық сараптау мүмкіндіктерін назарға ала отырып, аймақтарда саралау, түсін­діру және түзету енгізу жұмыс­та­рын барынша ауқымды жүргізу қа­жеттігі баса айтылды. Мұндай діни саладағы қиын түйінді шешудің бір тетігі ретінде Дін істері жөніндегі комитет жанындағы Діни ахуалдың дамуын зерделейтін сараптау кеңе­сін қарастыруға болар еді. Екі ғы­лыми орталықтан өзге діни жағ­дай­ды саралайтын кеңестің құрылуы құп­тарлық жәйт. Кеңес мемле­кет­тік органдарға дін өрісі бойынша талдамалық іс-әрекеттерді үйлес­ті­руге оң ықпал жасап, көмек көр­сететін болады. Отырысқа дінтану саласының мамандары, теологтар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.