Алыстағы ауданның ауылдарына жан жылытар табиғи газ бен мейір қандырар ауыз су жетті
Атыраудың бір қиырында Қызылқоға деген аудан бар. Облыс орталығынан 400 шақырымдай ең қашықта орналасқан ауданның Сағыз бен Мұқыр ауылдарынан басқаларына не пойыз бармайды, не тікелей салынған автокөлік жолы жоқ. Аудан орталығы – Миялы ауылына бет алған жүргіншілер Мақат не Индер аудандары арқылы қиялай жүретін жолмен жетеді. Қалай айтқанда да, Қызылқоғаға жетудің азапты машақатын тікұшақпен емес, көлікпен барған адам ғана біледі. Ойқы-шойқы жолы өз алдына, бұл аудан тұрғындары “көгілдір отын” аталатын табиғи газдың қызығына қол жеткізуді армандағалы қашан!
Түгелдей қазақтар қоныс тепкен, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын осы аудан тұрғындарының сабырлы қалпы қайран қалдырады. Ауданда да, облыста да бірнеше әкім ауысты. Бірақ ешқайсысына да орынсыз шағым айтқан емес. Ауданға табиғи газдың қажеттігі еш дау тудырмайды. Бұл мәселе өңірді басқарған басшылардың барлығына дерлік мәлім етілді. Бәлкім, қаржының тапшылығы, әлде басқалай себебі болды ма, әйтеуір, бұрын Қызылқоға ауданына табиғи газ желісін тартуға ешбір әкім тәуекел етпеді. Ал бұрнағы жылы облыс әкімі Бергей Рысқалиев ауданға арнайы келіп, жұртшылықтың тілегін тыңдады. Содан соң ауданға табиғи газ желісін жүргізудің бірнеше нұсқасын, қажетті қаржысын іздестірді. Сөйтіп, қаржы көзі табылып, халықаралық “Орталық Азия-Орталық” магистралды газ құбырының 735-ші шақырымынан газ желісін тарту басталды. Алдымен Қарабау ауылына дейінгі 30 шақырымдық газ құбыры тартылса, кейін оның ұзындығы аудан орталығы Миялы ауылына да жетті. Мамандардың пікірінше, тәулігіне 720 мың текше метр “көгілдір отын” беретін қуатты газ тарату стансасы да салынған.
Жалпы, ауылдарға табиғи газ желісін тарту оңай шаруа емес. Машақаты көп осы жұмыстарды атқару “АТГ-Құрылыс”, “АтырауТрансГазЛТД”, “Доссормұнаймаш”, “WesternMunaі”, “РИМстрой” серіктестіктеріне жүктелген екен. Бұларға қоса “СнабойлҒСтрой”, “Орсен-Строй” серіктестіктері табиғи газ желісін тарту жұмыстарынан шет қалған жоқ. Осынша кәсіпорын жұмысшылары өздеріне жүктелген міндетті жұмыстарды сапалы атқаруға ұмтылды. Бюджеттік мекемелер жылу қазандықтарымен қамтылды. Сонымен бірге, ауданның жұмыссыз жастарын газ операторы мамандығына оқыту қолға алынып, 150-ге жуық адам осы кәсіпті игеріпті. Ауданды газдандыруға бастамашы болған облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың айтуынша, бұл мақсатқа 31 миллиард теңге жарату қарастырылыпты. Осынау қомақты қаржы бөлінген жоба шеңберіндегі табиғи газ желісімен жететін “көгілдір отынның” алғашқы алауы алдымен Қаракөл ауылында жағылды. Одан кейін іле-шала аудан орталығы – Миялы ауылында да табиғи газ алауы әр үйде тұтанды. Қиырдағы Қызылқоға ауданына табиғи газ желісін тартудың маңызын облыс әкімі Бергей Рысқалиев былайша түсіндіреді:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы жолдауларында халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Міне, Елбасының осы тапсырмасын орындау мақсатындағы жүйелі жұмысымыздың бір парасы ретінде Қызылқоға ауданына табиғи газ желісін тартуды қолға алдық. Бұл аудан жұртшылығы қиыншылықты жеңер сабыр сақтап, экономикасы өркендей түскен еліміздің кемел келешегіне сенім артты. Өйткені, ауылдары бір-бірінен тым шалғайда орналасқан ауданға газ желісін тартудың оңай емесін түсініп-ақ отыр тұрғындар. Солай екен деп, Қызылқоға ауданына “көгілдір отын” жеткізу мәселесін соза бергіміз келмеді. Қиын әрі көп қаржы жұмсау қажеттігі туындаса да табиғи газ желісі – аудан үшін ең маңызды мәселенің бірі. Биыл табиғи газ алауы 16 елді мекенде жағылып, аудан жұртшылығы “көгілдір отынды” пайдалана бастады. Енді Мақат ауданынан Сағыз стансасына дейінгі аралықтағы елді мекендерге де табиғи газ желісі тартылып жатыр. Сонымен бірге, 114 шақырымдық Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз бағытындағы жолды күрделі жөндеуден өткізуге 16 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл бағыттағы жолды жөндеудің бастапқы жұмыстары басталды. Осы жұмыстардың барлығы Елбасының қамқорлығымен қолға алынуда.
Шынында да бұрын Қызылқоға ауданында қиындық көп еді. Ауыз су бірде жетіп, бірде таусылып қалатын. Күрежолдың үстінде кедір-бұдыр көбейіп, табиғи газды аңсау аспандағы айға қол созғанмен бірдей болатын. Аудандағы ауылдарда жастар тұрақтамаушы еді. Сондай ауылдың бірі – Қаракөл. Бір кездегі ірі кеңшардың, енді Жамбыл ауылдық округінің орталығындағы 321 отбасында 2000-дай адам тұрады. Ауылды алтын бесік санайтын, бұл жерден ешқайда көшпеймізден жаңылмайтын қариялардың айтуынша, мұнда жастар жағы көп тұрақтамайды. Себебі сан алуан. Алдымен, ауылда жастардың көңіліне қонымды жалақы төлейтін жұмыс беруші жоқ. Шаруа қожалықтары болғанмен, олардың жалақысына жастар жағы қанағаттанбайды. Ауылдағы тезек теріп, қи жағу секілді күнделікті күйбең тірлікті қиынсынатынға ұқсайтын жастар өңір орталығында тұрақтап қалуды қолайлы көреді. Өйткені, осы кезге дейін алыс ауылда тұру қиын еді. Айталық, Қаракөл ауылына соңғы 10 жылда көмір жеткізілмеген екен. Биылға дейін көмірді жеткізгеннің өзінде 1 тоннасына 15 000 теңгеден төлеп келген тұрғындар. Көмір бағасы осылай шарықтағанда мал қиының құны да арзан емес. Мәселен, өткен жылы қаракөлдік тұрғындарға 1 тіркеме қиды 7 000 теңгеден сатып алуға тура келген. Қыс айларында бір отбасына кем дегенде 3 тіркемелік қи қажет көрінеді. Оны алу үшін 21 000 теңге амалсыз шығындапты тұрғындар.
Әрине, бұл бір отбасының қыстық отыны үшін аз шығын емес. Және бір ауылдағы емес, ауданның барлық ауылдарына тән қиындық болатын. Енді сол қиындықтың бәрі дерлік артта қалды. Бара-бара мүлде ұмытыла бастамақ. Өйткені, Қаракөл ауылындағы секілді ауданның басқа да елді мекендеріндегі байырғы тұрғындарды осы қиындықтан біржолата арылтатын табиғи газ желісі ауылдарға жетті. Қаракөл ауылына дейін құбыр бойын қуалай келген “көгілдір отынның” алғашқы алауы Аманғали Мамашевтың отбасында жағылғанына куә болғанбыз. Сонда ғой, көп жыл шаруашылық басқарған қарияның қуанғанын көрсеңіз. Алыс ауылға газ желісінің жеткені бір ғана Мамашевтар отбасын емес, Қызылқоға ауданының барлық тұрғындарын қуантқаны жасырын емес. Әсіресе, ойын қызығына еш тоймайтын балалардың қуануы тіптен алабөтен. “Сабақтан кейін үйге тезек тасымайтын болдық қой”, дейді ауылдардағы ойын балалары қуаныштан жүздері алабұртып. Бұл күндері ауылдар, аудан тұрғындарының қай-қайсысымен тілдессек те, айтары біреу – табиғи газ енді қиындықтан құтқарады. Жастардың ауылда тұрақтауына ықпал етеді. Ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Жәдігер Қуанышев соңғы 60 жылда ауданда мұндай ірі жоба қолға алынбағанын айтады.
– Бұл аудан тұрғындарының елдің келешегіне сенімін нығайтты. Әсіресе, әлемді шырмауықтай шырмаған қаржы дағдарысының Қазақстанға әсер етпегенінің дәлелі бұл. Әйтпесе, бір ауданды толықтай газдандыру жұмысына 31 миллиард теңге қаржы бөлінер ме еді?! Мемлекеттің, ұлттық экономикамыздың өркендегенінің дәлелі бұл. Адамның күнделікті тіршілігіне ауа мен су қаншалықты қажет болса, Қызылқоға ауданы тұрғындарының тұрмысына табиғи газ соншалықты қажет еді. Көп жылғы арманымыз орындалып, үлкен шаттыққа кенелдік. Енді өткен күндердің қиындығын ұмытатын болдық. Бұл бір жағынан еліміздегі табиғи байлықты халық игілігіне жарату болса, екіншіден, 60 жыл бойы қиындыққа төзген жергілікті халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жасалған игі қадам. Бұл – еліміздегі жасампаз істердің жемісі, – деп ағынан жарылады ауданның құрметті азаматы.
Қызылқоға ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің айтуынша, бұл Елбасының ауылдарды еңселендіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жасалған кешенді бағдарлама шеңберінде атқарылған аудандағы ең ірі жоба саналмақ. Аудан аумағында 198 шақырымдық табиғи газ желісі тартылған. Бұл желімен ауданның 16 елді мекеніне табиғи газ жеткізілді. Бұған енді Мақат ауданы аумағынан Сағыз стансасына дейін созылған табиғи газ желісін қосыңыз. Темір жол бойына орналасқан ауылдар да көп кешікпей табиғи газдың рахатын көре бастамаққа дайын отыр. Қазір ауылдарға дейінгі газ құбыры тартылуда. Ауыз су мәселесі де шешімін тапты. Әсіресе, Кереген-Сағыз-Жамансор топтама су құбырының құрылысы толық аяқталып, Сағыз, Мұқыр, Жантерек, Кенбай, Жамансор елді мекендеріндегі су жинау қазандары мейір қандырар мөлдір суға шүпілдеп толып тұр. Екі жылға жуық мерзімде осы ауылдарға 123,6 шақырым құбыр тартылды, жоба бойынша оған 1 миллиард 650 миллион теңге бөлініпті. Сағыз ауылына дейін жеткізілген су құбырын енді тарам-тарам көшелерге тарту жұмыстары аяқталып, жобада ауыл ішінде 28 шақырымға құбыр төсеу көзделгенмен, темір жолдың келесі бетіндегі көшелерге де қосымша құбыр тартудың қажеттігі туындапты. Әуелгіде жасалған жобада темір жолдың күншығыс бетіндегі 320 отбасы түгелдей ұмыт қалыпты. Сонымен бірге, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер де есепке алынбаған. Аудан әкімі Б.Сәрсенғалиевтің ұсынысымен Сағыздағы су құбырын жүргізуге 70 миллион теңге қарастырылыпты. Бұл қаржыға Сағыз ауылы ішіне қосымша 15 шақырым су құбыры жүргізілді. Осы жұмысқа ауылдың жұмыссыз адамдары да тартылды. Сөйтіп, темір жол бойындағы тек Сағыз емес, өзге де ауылдардың тұрғындары енді сапасы таза ауыз сумен мейір қандырмақ.
Бұл ауданның Атыраудан шалғайлығы сырқаттанған жандарға үлкен қиындық тудырушы еді. Сол себептен, басы ауырып, балтыры сыздағандар қапелімде өңір орталығына жетудің машақатын көруші еді. Енді бұлай болмайды. Өйткені, аудан орталығы – Миялыдағы аудандық ауруханаға былтыр лапороскопиялық құрылғы, хирургияда кең қолданысқа енгізілген бейне-эндоскопиялық қондырғы әкелінді. Германияның “Ричард-вольф” фирмасы шығарған соңғы үлгідегі бұл медициналық қондырғымен хирургиялық оталарды пышақсыз жасауға болады екен. Сонымен бірге, түрлі аурулардың алдын алу үшін диагностикалық зерттеулер жүргізуге, гинекологиялық оталар жасауға қолданылады. Мәселен, бүйректегі тасты да, соқырішекті де пышақсыз отамен алып тастаудың мүмкіндігі бар. Сөйтіп, шалғайдағы Қызылқоға ауданы медицинасындағы осынау жаңалық бұдан былай аудан жұртының ауруына шипа іздеп 400 шақырымдық алыстағы Атырауға, не Ақтөбеге сабылмай-ақ, Миялыдағы аудандық аурухананың өзінде ота жасатуға мүмкіндік жасап отыр. Сол себептен, аталған қондырғымен пышақсыз ота жасайтын жас хирургтердің әуелі Ақтөбеде, сонан соң Германияда хирургиялық әдіс-тәсілдерді үйренудің, тәжірибеден өтудің қаржысын “Кредо” ЖШС көтеріп алыпты. Ақтөбеде тіркелген бұл серіктестік Қызылқоға ауданына Германиядан медициналық қондырғыны жеткізіп, операциялық блокқа орнатып берген екен. Миялыда “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы шеңберінде жаңа медициналық ғимарат құрылысы жүргізілуде.
Түйіндей айтқанда, Қызылқоға ауданының 60 жылдан аса шешімін таппаған осындай түйінді мәселелері дәл осылайша оңынан тарқатыла бастағаны сан алуан қиындықтар құрсауына шырмалғандай бұйығы жүретін тұрғындарды бір серпілтті. Жөндеу жұмыстары бастау алған Миялы-Сағыз аралығында 120 шақырымдық жол енді екі жылдан кейін ауданның өңір орталығымен қатынасын жақсартады. Жақсылыққа бастайтын жаңа істердің қашанда көңілді шырқау биікке талпындырардай қанат бітіретіні бар ғой. Рас, Қызылқоға ауданының жұртшылығы әуелден өнерге бейімділіктен кенде емес еді. Әр ауылдың мәдени ошағында мереке сайын құлақтан кіріп, шым-шымдап бойға тарайтын әдемі, әуезді дауыстарымен ән әуелететін әншілер мен алуан айшықты жауһар жырдан қалы кілемдей сөз тіркестерін кестелейтін ақындардан, он саусағы қоңыр домбыраның қос ішегіне тиіп кетсе, күмбірлей төгілетін әсем күйлер сауғалайтын шебер күйшілер мен мың бұрала билейтін бишілердің өнерінен шашу шашылып жататын. Ал жақында өңір жұртшылығы Атырау қаласы мен аудандардың өңір орталығында жұртшылықты екі апта бойы мәдени, рухани тұрғыдан сусындатқан “Атырау – алтын бесігім” атты ІІІ өнер фестивалінде қызылқоғалықтар өнеріне ерекше ықылас танытты. Өйткені, Қызылқоға ауданының ұлттық өнерге ғашық, оны халық арасына жеткізуге асық өнерпаздары бұл фестивальге бұрынғыдан да керемет дайындықпен келіпті. Әсіресе, түрлі номинациялар бойынша дипломант атанған ақын-сазгер, әрі әнші Қ. Ізекенов, З. Жұмағалиева, Ж. Исатова, М. Әбуов, Л. Тастаева секілді өнерпаздардың өнері еріксіз елітетін Қызылқоға ауданына фестивальдің бас жүлдесін қазылар алқасы еш талассыз-ақ берді. Демек, жан жадыратарға жол ашқан табиғи газ, мейір қандырарлық мөлдір су жеткізетін ауыз су желілерін тарту секілді жарқын істер қызылқоғалықтарға қанат бітірді. Қызылқоғаның енді екінші тынысы ашылды.
Бұл – еш шүбәсіз шындық.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.