“ҚазМұнайГаз” БӨ” АҚ ұжымдық еңбек шарт шеңберінде ғана емес, сондай-ақ әріптестік бағдарламалар негізінде де тиімді әлеуметтік саясат жүргізіп келеді.
2007 жылдан бастап “ҚазМұнайГаз” БӨ” АҚ Қазақстанда ұжымдық еңбек шартын жасаған, яғни өз қызметкерлеріне әлеуметтік қауіпсіздіктің жоғары дәрежесін қамтамасыз еткен алғашқы компаниялардың бірі болып табылады. Бір жылдан кейін бұл құжат “Парыз” бизнес әлеуметтік жауапкершілігі байқауының қорытындысы бойынша республикада үздік деп танылды. “ҚазМұнайГаз” БӨ” жұмысының мақсаты – тек өзінің жұмыскерлеріне ғана емес, сонымен бірге олардың отбасыларына да қолайлы әлеуметтік ахуал орнатып, еңбек етіп, өмір сүрулеріне жайлы жағдай жасау еді. Міне, сондықтан да қазіргі таңда ұжымдық еңбек шартына толықтыру мен өзгеріс енгізу пысықталуда. Онда компанияның өндірістік филиалдарын, жұмыскерлерін және олардың отбасыларын емдеуге жұмсалатын шығыстарды, жәрдемақы мен өтемақы төлеу бөлігіндегі жағдайды жақсарту, еңбек жағдайының сапасын арттыру көзделген.
Кепілдіктер мен жеңілдіктер
“ҚазМұнайГаз БӨ” ұжымдық еңбек шартында көрсетілген барлық жеңілдіктер мен кепілдіктерді қарастыратын қызмет көрсетулерді қатаң сақтайды. Оның ішінде еңбек ақыны төлеудің түрі мен көлемі, өтемақы төлеу мен материалдық көмек, жұмыс уақытының нормасы мен демалыс кезеңі де бар. Оған қоса компания халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыскерлерінің еңбек жағдайына үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Сондай-ақ, тренингтер өткізеді, жұмыс орындарында жан-жақты қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа техникалық шешімдер енгізіп отырады.
Ұжымдық еңбек шартына түзетулер енгізу бойынша келіссөздер жүргізу үдерісі еліміздің қалыптасқан заңдық талаптарға қатаң сәйкестендіріле отырып жүргізілуде. Екі тарап, яғни өндірістік филиалдардың жұмыс берушілері мен жұмысшының мүдделерін қорғайтын кәсіподақтар өз ұсыныстарын айтып, оны осы жобаға енгізуге мүмкіндіктері бар. Кейін бұл ұсыныстар арнайы құрылған жұмыс топтарының отырыстарында талқыланады. Келіссөз жүргізуші екі тарапты да қанағаттандыратын ортақ келісімге келген соң өзгерістер жобасы зерттеуге және талқылау үшін еңбек ұжымдарына ұсынылады. Осылайша, “ҚазМұнайГаз” БӨ” өндірістік филиалдарының жұмыскерлеріне өздерінің ұжымдық еңбек шарттарында көрсетілген еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады. Оның үстіне бұл үдерістер құқық шеңберінде, еңбекке байланысты дау-дамайға ұрынбай және еңбек тәртібін бұзбай-ақ өткізіледі. Еңбек өнімділігін арттырудың маңызды аспектілерінің бірі жұмысшылардың қажеттіліктеріне жауап беретін дұрыс еңбек жағдайын қалыптастыру және соған жағдай жасау деп түйіндейді компания басшылығы. Осы орайда “ҚазМұнайГаз” БӨ” “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалы құрылымдық бөлімшесінің 2009-2012 жылдарға арналған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағдарламасын әзірледі. Бұл үшін тек ағымдағы жылға осы мақсаттар үшін 1 600 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бұл қаражат топтық орнату құру жұмыстарында еңбек ететін операторларға модульды блок сатып алуға және орнатуға, құрылымдық бөлімшелер қызметкерлеріне арнап шаруашылық-тұрмыстық блоктарын, жаңа асханалар құрылысын салуға жұмсалады. Медициналық қосындар салынуда. Жедел жәрдем көрсету үшін автокөліктер мен ыстық тамақ жеткізетін арнайы мәшинелер сатып алынды. Жұмыскерлерді тасымалдайтын автобус паркі жаңартылды. “Өзенмұнайгаздан” өзге компания жыл сайын “Ембімұнайгаз” (ЕМГ) өндірістік филиалының құрылымдық бөлімшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да қаржы бөледі. 2009-2010 жылдарға арналған шығыс бюджетіне сәйкес мұнай өндірісі кешеніндегі қолданыстағы жатақханалар мен асханаларды жөндеуге және тұрмыстық құрал-жабдықтарды ауыстыру үшін, Доссор кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенін қайта жасақтауға, сондай-ақ сегіз жедел жәрдем көлігін сатып алуға, Кенбай ауысымдық ауылында спорт кешені құрылысын салуға 700 млн. теңге бөлінген.
Қай жерде тұрсақ, сол жерге көмектесеміз
“ҚазМұнайГаз” БӨ” тек ұжымдық еңбек шарты шеңберінде ғана емес, оған қоса жер қойнауын пайдалануға және демеушілік жасауға байланысты әріптестік бағдарламалар бойынша шартқа сәйкес тиімді әлеуметтік саясат жүргізеді. Бұл мақсатта компания жыл сайын өндірістік қызмет жүргізілетін аймақтарда тұратын тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге қомақты қаржы бөліп отырады. Мысалы, 2008 жылдан бастап “ҚазМұнайГаз” БӨ” жыл сайын Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасына сәйкес 900 млн.теңге бөлді. Оның үстіне компания мен Маңғыстау облысы әкімдігі аймақтың әлеуметтік жобаларын қаржыландыруға қосымша меморандум жасады. Бұған сәйкес шартта көрсетілген міндеттемелерден өзге компания қаланың 2009-2010 жылғы басқа да қажеттіліктеріне 970 млн.теңге аударды. Бұл қаржыға Жаңаөзенде 1000 әлеуметтік жұмыс орны ашылып, 200 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй құрылысы салынды, “Төңірекшің” мекенінде қосалқы шаруашылық жүргізу көлемі 500 гектарға ұлғайды. Балаларға да ерекше назар аударылды: 63 аулада кіші сәулеттік нысандары бар ойын алаңқайы, қаладағы 10 орта мектепте спорт алаңдары пайдалануға берілген. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарының коммуналдық шығындары компания есебінен төленеді. 2012 жылға дейін Жаңаөзенде сметалық құны 1,3 млрд.теңге тұратын 300 орындық стационарлық емдеу-медициналық мекемесін салу жоспарлануда. Осы жылға дейін құны 250 млн. теңгеден асатын 250 орындық балалар сауықтыру лагері салынып, “Кендірлі” демалыс аймағындағы жатын корпустарының бірі медициналық оңалту орталығына айналдырылмақ. Мұның бәрі мұнайшылар мен олардың отбасы мүшелерінің игілігіне қызмет істейтін болады. Аумақта бұрыннан бар әлеуметтік саладағы нысандарды қайтадан жарақтап, толыққанды жөндеу міндеті тұр. Бұл мақсат – 1,2 млрд. теңгені қажет етеді.
“ҚМГ” БӨ-нің” Атырау облысы бойынша әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды қолдауға бөлетін қаржы шығыстары өсе түсуде. Компания 2009 жылғы шартта көзделген 271,5 млн.теңгені толық өтеді. Бұл қаржы Исатай ауданы, Гран кентіндегі 220 оқушыға арналған мектеп құрылысына жұмсалды, сонымен қатар Мақат ауданындағы Мақат кентіндегі сумен жабдықтау нысандарын салуға, жөндеу жүргізуге бөлініп, өзге де жобалар іске асты.
Бұлардан басқа, “ҚМГ” БӨ” өткен жылы Атырау облысы әкімдігімен бірлескен әлеуметтік әріптестік бағдарламасы бойынша бөлген 165,5 млн. теңгеге Аққыстау ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуда, ойын алаңқайы абаттандырып, шағын сәулеттік нысандар орнатылды. “Мұнайшы” ауылының шағын ауданда орналасқан жылу орталығына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мақат ауылындағы мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі үшін тегін берілген “Мақатмұнайгаз” ҰМДБ-ның бұрынғы әкімшілік ғимаратына жөндеу басталып, Байшонас ауылындағы жылу орталығының жабдығы мен инженерлік желілері жөндеуден өткізілді.
Ағымдағы жылы Исатай ауданындағы Аққыстау Балғымбаев автожолын қайта жөндеуге, Сағыз ауылындағы 140 орындық балалар бақшасының және Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылының мәдениет үйінің құрылыстары мен өзге де әлеуметтік жобаларға компания шарт шеңберінде 276 млн.теңге қаражат аударды. Шарттан басқа, Атырау облысындағы Мақат, Қызылқоға, Жылыой, Махамбет аудандарындағы әлеуметтік жобаларға “ҚМГ” БӨ” бюджетінен 420 млн.теңге бөлінді. Мысалы Комсомол, Қошқар, Бекбике ауылдары тұрғындарын көшіруге 200 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Бұл аудандарда әлеуметтік инфрақұрылымның толыққанды жөндеуден өткізуді талап ететін нысандары қайта жаңғыртылған болады. Мақат ауданында туберкулез ауруы ауруханасының емделушілеріне арнап оңалту орталығы ашылады, ал Миялы ауылында қолданысқа 2011 жылы енгізілетін денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жобасы жасалып, құрылысы басталды. “ҚМГ” ҰК-тың еншілес кәсіпорны Мақат ауданына қарасты Байшонас және Ескене ауылдарындағы коммуналдық кәсіпорындарды тұрғын үйлерді жылыту үшін отындық мұнаймен қамтамасыз етіп отыруды жалғастырмақ.
Осылайша компания Атырау облысы бойынша 2004-2009 жылдар аралығында демеушілік көмек көрсету үшін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 3,8 млрд.теңгеден аса сомада қаржы аударған екен.
Қамқорлықты мұрат тұтып
“ҚМГ” БӨ” “Ақбота” балалар үйіне, мүгедек балалар үйіне, мүгедек аналар қоғамына, мүгедектер және зағип жандар қоғамдарына, көп балалы және Атырау облысының аз қамтылған отбасыларына, спорт ұйымдарына жыл сайын демеушілік және қайырымдылық көмек көрсетеді, сондай-ақ ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық көмек береді. Өткен жылы бұл мақсатқа 119 млн. теңге жұмсалса, биылғы жылы 125 млн. теңге бөлінеді деп жоспарлануда.
Әлеуметтік қолдау бағдарламасы шеңберінде зейнеткерлер де қамқорлықтан тыс қалған жоқ. Компанияның қарауындағы 4 мыңнан астам адам ай сайын зейнетақыларына қосымша өтемақы алып отырады. Ал жылыту үшін үйлеріне көмір түсіріледі. Мереке мен мерейтойларда материалдық көмек көрсетіледі. Оның ішіне санаторийде тегін ем қабылдау, дәрі-дәрмек алу, республикалық басылымдарға жылдық жазылу кіреді.
“ҚМГ” ӨБ” өскелең жас қазақстандықтарды да назардан тыс қалдырмайды. Мұнайшылардың балалары компания есебінен Қазақстан, Ресей, Украинаның жазғы лагерьлері мен емдік сауықтыру орындарына демалуға жыл сайын жіберіліп отырады. Сондай-ақ компания Атыраудағы “Ақбота” балалар үйі мен Жаңаөзен қаласындағы облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілерінің жазғы демалысын Қазақстан санаторийлері мен лагерьлерінде өткізуді қаржыландыруды өз міндетіне алды. “Жетім көрсең жебей жүр” деген қанатты сөз осыларға арналып айтылғандай. Мұндай қамқорлықты “ҚазМұнайГаз” БӨ” одан әрі жалғастыра бермек.
Марат БИМАХАНОВ.