23 Қазан, 2010

Қазақ тілі мен тәуелсіздік – егіз ұғым

1414 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік талаптары Елдің мақсаты, атап айтқанда, қа­зақ халқының мақсаты тек қана қарын тойғызып, қара көбейту емес. Ұлтсыз, тілсіз, тобырға айналып, топ көбейту де емес. Мақсат – өз тілінде өгейдің кү­нін кешпеу. Еңсесі тік, рухы биік болу. Алаш атының, қазақ даңқы­ның аяқ асты болмауы. Атадан қалған асыл мұрасына, бабадан қалған барша мира­сына толық қожалық ету. Көрінгеннің қолжаулығына айналмау. Қазыналы жерімізге, кең пейілді елімізге лайықты мемлекет болу. Мемлекеттік тіл – қа­зақ тілінің қоғам өмірінің бар белесінде үстемдік етуі. Өзгелерден кем емес, тең болу, десем, Тіл туралы заңның қабыл­данғанына 20 жыл болса да, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне сай дамы­май отыр. Қаншама қаражат бөлінді, қан­шама мемлекеттік құрылымдар құ­рыл­ды, қанша адам ақысыз курстарда дәріс алды. Елбасы тарапынан “қазақ қазақпен қазақша сөйлессін”, “Қазақ­станның болашағы – қазақ тілінде”, т.б. секілді ұрандар ортаға тасталғаны­мен, бұл сөз жүзінде қалудан аса алмай келеді. Оны елеп, ескеріп, қазақтыққа ұмтылып отырған жандардың қатары бірлі-жарым болмаса, айтарлықтай кө­беймей отыр. Мұның себебі неде? Мем­­лекетіміздің тіл жөнінде ұстанған сая­саты­ның, тіл саясатын жүзеге асыру ме­ханизмдерінің тиімсіздігінде. Ал, тиім­сіз, қайтарымы жоқ өнімсіз іске неге қаражат шашып, уақыт сарып қыламыз. Демек, бізге басқа жол қарастыру керек. Өйткені, Қазақстанда бір ғана қазақ тілін білу, қазақ тілін үйрену деген сөз өз-өзіңнің мүмкіндігіңді шектеу, табы­сы көп, лауазымды қызметтерден шет қалу, ауыр, қара жұмысқа жегілу деген сөз болып отыр. Қазақ тілін білгендер­дің, жалпы қазақтың жағдайы осындай болып отырғанда, қалай ел боламыз, қазақ тілін қалай дамытамыз, мем­ле­кет­тік тіл мәртебесіне қалай сай етеміз. Тілді сауықтыру үшін елді сауықтыру керек. Тілді дамыту үшін елді дамыту керек. Тілді өркендету үшін елді өркен­дету керек. Қазақ ұлтының проблемасы шешілмей, Қазақстанның проблемасы шешілмейтінін қанша қайталасақ та құлаққа ілер жан шамалы, Қазақстан­ды мекен етіп жатқан басқа ұлт өкіл­дерінің де мұнсыз ұшпаққа шыға қоюы қиын. Бұны өзге ұлт өкілдері де жақсы түсінеді. Қазақ халқын қолдауға, соның айналасында ұйысып, өз тілі мен мәдениетін дамытуға баршасы құлық­ты. Олардың да “қазақстандық ұлт” бол­ғысы келмейді. Біз осыны түсінуі­міз керек. Жолайрыққа жеткен осы тұста дұрыс шешім қабылдай алмасақ, елдігімізге сын, егемендігімізге мін. Жер иесі, ел иесі ретінде қазақ хал­қы жауапкершілікті қолға алуы керек. Жалтақтықты қоюы тиіс. Нық сенім­мен, отты жігермен алға басуы жөн. Табансыздықтан, солқылдақтық­тан, бағдарсыздықтан арылатын кез жетті. Тәуелсіздік алған 90-жылдары елімізді мекендеп жатқан өзге ұлт өкілдері біз­ден соны күтті. Серке болып баста­сын деді. Болашақ тағдырын Қазақ­станмен байланыстырғысы келмеген­дер, бір­ден-ақ буынып, түйініп өз та­ри­хи Отан­дарына жол тартты. Қазақ­станнан өз болашағын бөліп қарағысы кел­ме­ген­дер балаларын жаппай қазақ мек­теп­теріне, қазақ балабақшаларына бере бастады. Алайда біз көшбасшы­лық жасауға дайын болмадық, ірі тари­хи мүмкіндікті жіберіп алдық. Солқыл­дақтық таныттық. Мызғымас сенім мен шешімтал қимыл болмаған жерде, бір тудың астында бас құрап, бір мақ­сат жолында еңбектену – бос қиял. Ір­ге берік, іс берекелі болмайды. Біз мұ­ны жадымыздан шығармауымыз керек. Сол жылдары бірден осы іске бекем кі­рі­суіміз керек еді. Әйтсе де, сол ке­зең­де мұндай істі көтеруге экономи­калық та, саяси да жағдайымыз мүм­кіндік бере қоймады. Бірақ қол қусы­рып қарап отырдық десек, жалған болар. Елбасының бастауымен қан­шама іргелі істер атқарылды, тарихи қадамдар жасалды. Ашып айтпағанмен, тарихи тұлғаларымызды түгендеу, аруақты бабалар аруағына арнап ат шаптырып, ас беру отарсыздандыру­дың көрінісі болатын. Бірақ жүйелі түрде жүргізілген іс болмағандықтан, нәтижесі шамалы болды. Бастысы, еліміз қиын кезеңнен аман-есен өтіп келеді, ұрыс-керіс, қан­төгіс болмады. Тыныштық сақталды. Шекарамыз айқындалды. Біле-білген адамға бұның маңызы орасан зор. Аз ғана уақыттың ішінде аса ауқымды іс­тер атқарылған. Президенттің аста­наны Ақмолаға ауыстырып, жаңа тұрпатты, сән-салтанатты тағы бір қаланың бой көтеруіне тікелей мұрындық болғаны тарихи ерлік. Қазақ бар кезде, Қазақстан тіршілік етіп тұрғанда бұл іс ұмытылмақ емес. Бұны ұлттық сананы оятуға, елді өзгеше, тың даму арнасына түсіруге бағыттаған тарихи бетбұрыс, ерекше қадам деп санаймыз. Десек те, тоқсаныншы жылдардағы же­ке­шелендіру кезінде негізінен қазақ­тар тағы да үлестен қағылды. Нарық­тық экономиканың қиындығы да тіке­лей қазақтарға тиді. Ауыл шаруа­шылы­ғы тұралады. Дені ауылдық жерлерде тұрып, ауылшаруашылық жұмыстары­мен айналысқан қазақтар жұмыссыз­дық­тан есі шығып, ірі қалаларға ағыл­ды. Қаншама қазақ әйелі отбасын асы­раймын деп қала мен ауыл арасында кіре тартты, денсаулығынан айрылды. Бала-шағасы тәрбиесіз қалды. Шаңы­ра­ғы шайқалды. Ал ірі қалаларда пә­тер­дің тоқсан пайыздайы өзге ұлт өкіл­деріне тиесілі екендігі белгілі. Қазақтар тағы да солардың кірмесіне, есігінің алдында жүретін қызметшісіне айнал­ды. Бұл көрініс осы күні де түзеле қойған жоқ. Пәтер жалдағанның, арба сүйретіп, қара жұмыс істегеннің түгелге жуы­ғы тағы да сол қазақтар. Ішкі көші-қон саласын мемлекеттік тұрғыда реттемеудің кесірінен Алматы іргесінде “Шаңырақ”, “Бақай” оқиғалары, Шым­кент, Астана төңірегіндегі даулы жерлер мәселесі бас көтерді. Мұндай  жағ­дай бірлі-жарым емес, Қазақстан­ның барлық ірі қалаларының маңа­йында орын алып отыр. Сондықтан ел билігі бұған аса байыппен қарап, тиісті кең ауқымды шараларды жедел қолға алуы және әлеуметтік әділеттілікті қал­пына келтіруге кірісуі керек-ау деймін. Осындай құбылыстардың сал­дары­нан көпшілік қазақ жастарының рухы сынды, жігері жасыды. Денсаулығы на­шар­лады. Мұны әскери комиссариат­тар жанындағы медициналық бақылау комиссияларының әскерге шақырыл­ған жастардың денсаулығын тексеру қо­ры­тындыларын, медицина мекеме­лері­нің халық денсаулығының жай-күйі туралы статистикалық деректерін қарау арқылы оңай көз жеткізуге болады. Соншама қазынаның, мол байлық­тың үстінде жарымай отыру – бей­шара­лық. Бұл іс басында отырған бас­шы адамдарымыздың істің көзін біл­меуі. Отаншылдық, мемлекетшілдік қасиеттің жоқтығы. Қолда барда қар­пып қалу пиғылының үстемдік құруы. Ақиқатын айтсақ, бір күндік тірші­лікпен өмір сүруі. Бұл ақтауға болмай­тын әрекет. Ұлттық қорды Америкада, АҚШ долларында сақтау арқылы Амери­каның экономикасын тегін қаражатпен дамы­тып отырғандаймыз. Алатын пайдамыз 2,5 пайыздың ол жақ, бұл жа­ғы. Бұл инфляцияны да жабуға жара­майды. Ал оны басқару, бағалы қағаздар нарығына орналастыру қыз­меті­нің шығындары­ның барлығын Қазақстан көтереді. Сон­да біз ұтылып отырмыз. Мұны мем­ле­кетіміз, қаржы саласының маман­дары көрмей, білмей отырған жоқ. Бірақ олар ұтылысы­мызды, жеңілісі­мізді ақтап, соны жасырып, жабумен әлек. Демек, бұған ішімізде мүдделі күштер бар. Амери­каның қаржылық құрығына түскен соң, одан шығу өте қиын. Ұлттық қор­дағы қаражатты басқа валютада, басқа елдердің қор нарығына орналастыру да мүмкін емес. Бұған Америка ешуақыт­та жол бермейді. Өз қаржымызды қатырып қойып, әлемдік қаржы институттарынан па­йыз­дық үстемесі жоғары қарыз аламыз. Атап айтқанда, Дүниежүзілік банктен, Халықаралық валюта қорынан, т.б. Бұл қаржы институттарының барлығының ар жағында АҚШ секілді алпауыттың тұрғаны ешкімге де жасырын емес. Ай­на­лып келгенде шикізатымыз да, хал­қымыз да Америка экономикасына жұ­мыс істеп жатыр деуге болады. Сон­дық­тан біз Ұлттық қор мәселесін, АҚШ дол­ларына таңылу мәселесін қай­та қа­рауы­мыз керек. Еліміз игілігін көре ала­тындай тетіктерін қарастыруға тиістіміз. Мойындауымыз керек, Қазақстанда іс басындағы ат төбеліндей аз ғана топ болмаса, жалпы халықтың ішінде нашар тұратын, ең кедей тұратын халық – қазақ. Құқы аяққа тапталып жатқан, өзін қор, кембағал санайтын, табысы аз, қара жұмысқа жегіліп, еңбегі еш, тұзы сор болып жүрген де – қазақ. Экологиялық апаттардың зардабын тартып отырған да қазақ. Сіңірі шыққан кедейлер кеселі – құрт ауруымен көп ауыратын да қазақ. Осындай жағдайда отырған қазақ­тарды өзге ұлт өкілдері қалай құрметте­сін, қазақ тілін қалай үйренсін. Оның үстіне әлі күнге қазақтар орыс тілін білмесе, лауазымды қызметтер атқара алмайды. Табысты, беделді қызметтер атқару үшін міндетті түрде орыс тілін білуің керек. Онсыз аттап баса алмай­сың. Осындай әділетсіз жағдайлардың барлығы жиылып келіп, қазақтардың көкірегіне қыжыл кіргізіп отыр. Ер­теңі­не деген сенімі де аз. Қазақ тілінің кең қанат жая алмай отырғаны да осы­дан. Өйткені, оның болашағына деген сенім аз. Мемлекет тарапынан кепіл­дік­ті көрмей тұр. Тіл саясатына қатыс­ты Конституциямыз да, Тілдер туралы заңы­мыз да, Тіл туралы мемлекеттік бағ­дарламамыз да екіұшты, кісіні екі­ұдай ойға қалдырады. Елдің бола­шағын жалғастырады деген “Болашақ” бағдар­ламасы арқылы шетел асып оқып жат­қан жастарымыздың да дені орыс тілді. Қысқасы, Қазақстанда қазақ ұлтының мүддесін көздейтін заңдық база жоқ. Қазақстанда қазақ ұлтының пробле­масы шешілмей, басқа проблемалары­мыз шешіле қоюы қиын. Бұл бітеу жара секілді. Жалап жазбаса, жарылуы мүм­кін. Сондықтан да біз “Отар­шыл­дық салдарынан арылу тура­лы” Қазақ­стан Республикасының мем­лекеттік тұжырымдамасын жасап, оны іске асыруға арналған мемлекеттік бағдар­лама әзірлеуді ұсынамыз. Мұның зәру­лігі мен маңыздылығы мынада. Қазақ­станның қағаз жүзінде КСРО-ның одақтас бір республикасы бол­ғаны­мен, іс жүзінде үш ғасыр бойы Ресейдің отары болғаны санасында саңылауы бар адамның баршасына белгілі. Мұны архивтерде сақталған қазақтардың құ­қы­ғын шектейтін көптеген норма­тив­тік-құқықтық акті­лер­ге сүйене отырып негіздеуге бола­ды. Мұндай құжаттар пат­ша­лық Ресей тұсында да, кеңес өкі­меті тұсында да жетіп артылды. Білікті тарихшылардан жұмыс тобы құрылып, осы мәселемен арнайы айналысатын болса, заттай, құ­жат­тай айғақтарды молынан табатыны­на сеніміміз кәміл. Осы секілді шара­ларды кезінде отар ел болған Африка, Үндістан, Азия елдері (Малайзия, Сингапур) қолға алған. Мұндай мәселені мемлекеттік тұр­ғы­да кешенді шараны қолға алу арқы­лы шешпесе, ұсақ-түйек, бір сәттік, өтті-кетті шаралармен шешу мүмкін емес. Мұны іске асыру механизмі мынадай болуы керек деп санаймыз. Бұл үшін Президент жанынан арнайы ұлттық комиссия құрылып, оның құра­мына әр түрлі саланың білгір, ұлтжан­ды мамандары тартылуы қажет. Ко­мис­­сия тұжырымдаманы дайындап, мемлекеттік ұйымдардың талқылауы­нан өткізіп, Президенттің бекітуіне ұсынуы керек. Тұжырымдама бекітіл­ген­нен кейін Үкіметке, немесе арнайы уәкілетті органға тұжырымдаманы іске асыруға арналған мемлекеттік бағдар­ламаны дайындап, Президенттің бекі­туіне ұсыну жүктелгені жөн. Бағдар­ламада қазақтардың мүддесін ескеретін білім беру, көші-қон, демографиялық, тұрғын үй, тіл, экономикалық, ішкі және сыртқы саясат мәселелері қамты­луы керек. Халықтың тарихи жадын жаңғыртуға бағытталған мәдени-рухани шаралар (айтыс, атақты адамдардың мерейтойлары, тарихи жәдігерлерімізді жинақтау), мәдени мұра, қазақ тілін дамыту, т.б. шаралар осы бағдарлама­ның аясында, бір орталықтың бағыт­тауымен жүзеге асырыла береді. Осы кезге дейін атқарылған ұлттың рухын көтеруге, еліміздің болашағын баян­ды етуге арналған шаралары­мыз­дың ірі тарихи миссиясын жақсы ат­қар­ғанын ескеріп және олардың озық тұстарын алып, ары қарай арнайы бағ­дар­лама аясында атқару жөн деп біле­міз. Осында аталған мәселелерге елі­міз­де тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкіл­дері түсіністікпен қарайтынына және қолдау көрсететініне толық сенеміз. Осындай ауқымды істерді атқарғанда ғана қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен терезесі тең болып, Қазақстанда өзге ұлттардың ұйыса өмір сүруінің ұйыт­қысы болып, дамудың жасампаздық арнасына түсер еді. Қазақстанды мекен­деп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де, шет елдердің де қазақтарға деген құрметі, сыйы арта түсетін болады. Осы күнге дейін біз орыссыз өмір сүруді көзге елестетпейтін секілдіміз. Орыссыз күніміз қараң болатын секіл­ді. Мұндай психологиядан бас тартуы­мыз керек. Әлемде қаншама ел орыс тілін білмей-ақ өсіп-өркендеп, дамып отырғанын ескеруіміз керек. Өзі батыс­тың жаңғырығына айналып, кері кетіп бара жатқан елдің етегіне жарма­суды қоя­тын кез жетті. Әлемдегі ғылыми ақпараттың орыс тіліндегі үлесі 5 па­йыз­ға да жетпейді. Ашылып жатқан ғылыми өнертабыстардың 2 пайызы ғана Ресейдің үлесінде. Біз бүкіл ақпаратты орыс тілі арқы­лы алған соң, дүниеге, әрбір құбылыс­қа орыс көзілдірігімен қараймыз. Сол тұрғыдан баға береміз. Рухани, тілдік тәуелділікке ұшырап, пікір дербестігіне қол жеткізе алмай келеміз. Бұдан бы­лай­ғы уақытта қажет ақпаратты басқа тіл­дерден тікелей алу мәселесін шешпе­сек, өркениет көшінен қалып қоямыз. Мұны мықтап ұғынуымыз керек. Өнер білімі ілгері кеткен елдермен терезе теңестіреміз, өзімізді өзгеге сый­латамыз десек, дипломатиялық қарым-қатынасқа, еларалық келіссөздердің қыр-сырына машықтанған әр түрлі тілден тікелей қазақ тіліне және кері­сін­ше аударма жасай алатын кәнігі тәр­жімашыларды шұғыл дайындауы­мыз керек. Іргелі елдердің келіссөздер барысында аударма жасайтын маман­дарының тәжірибесін зерттеп, соны қолдануымыз керек. Сайып келгенде, қазақ мәселесінің сарқып құяр сағасы тілге келіп тіреле береді. Тіл мәселесі жалқыны емес, жалпыны қамтитын, бар салаға бірдей қатысты болғандықтан, мәселені шешу үшін ауқымды, жан-жақты, жүйелі шараларды қолға алуға тиіспіз. Осын­дай күрмеуі көп күрделі түйінді тарқату үшін төмендегідей шараларды қолға алуды ұсынамыз. 1. Ең алдымен, басы ашық мәселе, қазақ халқының ойынан шығатын нақ­ты әрі айқын ұлттық идеология керек. Жұртшылықты бір тудың, бір ойдың астына жұмылдыруы тиіс. Келер күнге, алдағы тағдырына құлшын­дыруы керек. Қазақ халқы және басқа ұлт өкілдері өздерін алда қандай өмір күтіп тұрғанын нақты білуі, көз алдына елестетуі керек. 2. Мемлекетіміз мықты, тәуелсізді­гіміз тегеурінді болуы үшін халқымыз­дың еңсесі тік, рухы биік, арманы асқақ болуы керек. Қазақ халқының тұрмысын көтеру – басты мақсат болуы тиіс. Ол үшін елдің қаржылық, экономикалық сауатын көтеру керек. Істің көзін көрсетіп, кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік туғызған жөн. Орта тап – ұлттық буржуазия қалып­тастырғаннан кейін қандай іске бол­сын, бел шешіп кірісе беруге болады. 3. Малайзия мемлекеті қолданған тәжірибені қолға алған жөн. Қазақ хал­қын көтеруге арналған “Қазақ ин­вес­тициялық қоры” акционерлік қоғамын құрып, акцияларын бүкіл қазақ халқы­на сату керек. Бұл акцияларды иелері­нің белгілі бір мерзімге дейін сатуына, айырбастауына тыйым салынуы тиіс. Олар үлес (дивиденд) алып, қор құрау­дың қыр-сырын меңгергеннен кейін ғана еркін нарықтық қатынас­тарға көшуіне жол ашса болады. Ин­вес­тиция­лық қор акцияларының бақылау пакеті толықтай мемлекет иелігінде болып, қара­жаты ұлттық экономика­ның табыс­ты салаларына орналасты­ры­луы керек. 4. Тәуелсіздік алар қарсаңда құры­лып, қазақ тілінің кең өріс алуы жо­лын­да қызмет етіп жүрген халықара­лық “Қазақ тілі” қоғамының да қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қыз­метін іске асыру тетіктерін әзірлеуге, ғы­лы­ми-ақпараттық тұрғыдан негіздеу­ге, ұлттық идеологияның ошағы болуға интеллектуалдық та, кадрлық та әлеуеті жеткілікті. Сондықтан халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының жанынан қол­данбалы қазақ тілін зерттейтін, қазақ тілінде әзірленетін баспа өнімдері мен нормативтік-құқықтық актілерге тәуел­сіз сараптама жасайтын, қазақ тілін оқыту-әдістемелік жұмыстарын үйлес­тіретін, әлеуметтік-лингвистикалық талдаулар жасайтын, әлемдік ғылыми ақпаратты қазақ тіліне аударатын арнайы мамандандырылған “Қазақ тілі” академиясын құру керек. Ол мем­лекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің, тіл саясатын іске асырудың ғылыми-әдістемелік негізін жасауы, ресми іскерлік стиль мен ғылы­ми-техникалық тілді қалыптас­тыруы, ұлттық идеология әзірлеудің ошағына айналуы тиіс. Бұл мемлекет тарапынан тілді дамытуға бөлініп жатқан қыруар қаражаттың жүйелі, нәтижелі істерге жұмсалуына ықпал етер еді. Мұны ұлттық даму институт­тарының жылдық табысының белгілі бір мөлшерін бөлу (5 пайыз) арқылы қаржыландыру керек. Сол секілді түрлі гранттарды жеңіп алып та өзін өзі қаржыландырады. 5. Елімізде іргелі діндерге (ислам, христиан, будда, иудаизм) ғана орын қалдырып, қаптаған конфессиялар мен секталарға қатаң тыйым салу қажет. “Діни сенім бостандығы туралы” заңды қай­та қарап, талаптарын күшейту ке­рек. Бізге жалпы жұртшылықтың (келімсек миссионерлердің) көңілін табу­дан гөрі, еліміздің тыныштығы, тәуел­сіздігіміздің баянды болғаны қымбат. 6. Мынаның басы ашық. Біз мың жерден Батысқа, Америкаға еліктеп, қанша тыраштанғанымызбен, олардың даму деңгейіне жете алмаймыз. Елік­теуші, тұтынушы деңгейінен арыға бар­маймыз. Бұған XІX ғасырда фран­цуздарға еліктеген орыстар, Ататүрік бас болып, батысты бетке алған түрік­тер тәжірибесі мысал бола алады. Да­мы­ды деген Малайзия мен Сингапур де Батыс Еуропа мен Америка елдері­нің шеніне келе алмайды. Батыстануға бет алған Үндістан тарихы да сабақ болуы керек. Бұл ретте Қытай мен Жа­понияның тәжірибесін жақсылап зерт­теу қажет. Біз өз тарихи тамыры­мыз бен төл салт-дәстүрімізге табан тіреп, әлемнің ең үздік жетістіктерін бейімдеп пайдалана отырып, өз жолымызды анық­тауымыз керек. Ақыл-ой мен ғы­лым-білімге барынша иек артуға тиіспіз. 7. Жаһандану үдерісі әлем елдері арасында аймақтық, одақтық, саяси интеграция процесінің жеделдеуіне түрткі болуда. Қазіргі кезде әлемдік даму өркениетінде аймақтық интегра­ция ғаламдастыру үрдісінің бір бөлігі ретінде кеңінен таралып отыр. Батыс Еуропалық Одақтың рөлі мен беделі өсіп, Шығыста Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы күшейе түсуде. Еуразиялық кеңістікте Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін тарихи-географиялық ерекшеліктерге байла­ныс­ты бірнеше интеграциялық орта­лықтар нышаны байқалды. Солардың бірі – Орталық Азия аймағы. Геосаяси жағынан бүгін бұл аймақ құрамына жалпы аумағы 4 миллион шаршы километрден астам және халқы 60 миллионнан асатын бес мемлекет енеді. Аймақтың мүмкіндігі зор. Табиғи байлық қоры мол. Әлемдік саясаттың түйінді мәселелерінің көп ретте осынау аймақта тоғысып жатуы да осыған байланысты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарындағы тәуелсіздік алу кезеңінде Орталық Азия мемлекеттері арасында байланыстар бәсеңдеп, өңір халқының қарым-қатынасы мен өзара түсіністі­гінің әлсіреуіне әкеп соққан оқшаулану белгілері көрініс берді. Елдер арасын­дағы ақпараттық, мәдени және ғылыми қарым-қатынастың үзілуі – төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайын­дас халықтардың бір-бірінен алшақ­тауы­на әкеле бастады. Егер бұл жағдай осылай кете беретін болса, біз бір-бірімізді түсінісе алмайтын немесе түсі­ніс­кіміз келмейтін жағдайға жетуіміз мүмкін. Нақты айтқанда, тиімді диа­логтың болмауы жаңа проблемалардың туындауына әкеп соғуы ықтимал. Сондықтан да, ең алдымен, Орта­лық Азия елдерінің арасында мәдени байла­ныстарды күшейту, интеграция­лық про­цестерді үдету жайын қаперге алған лазым. Қазіргі таңда белең алып отырған жаһандану үрдісінің пайдасы­на ортақ, зарарынан қашық болудың да бір жолын Орталық Азия елдері ара­сында мәдени байланыстар арқылы орнығып, тең қарым-қатынастарға негіз­делген ортақ іс-қимылдардан көріп отырмын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­нін тұжырып айтатын босақ, мәселе қа­зір­гідей алмағайып заманда тәуелсіз­дігімізді нығайту, ұлттық болмысы­мыз­ды сақтау, әлемнің дамыған мемлекет­терімен иық теңестіру, тарихи тағдыры мен түпкі тегі бір елдермен интегра­циялық үдерістерді күшейте отырып, жаһанданудың пайда-зиянына бірлесе қам қылу туралы болып отыр. Түркілік-исламдық факторларды алға ұстай отырып, Орталық Азия идея­сын баянды ету бағытында сөзі­міздің ұзын-ырғасын тиянақтай келе мынадай тұжырым жасауға болады. Біріншіден, Орталық Азия елдері­нің алдында тұрған саяси, экономи­калық, демографиялық, әлеуметтік, экологиялық, діни, есірткімен күрес, су тапшылығы сынды өзекті мәселелерді еңсеру осы аймақтағы елдердің басы біріккенде ғана шешілмек. Осы аталған мәселелерді уақтысында шешпей, қандай да бір жетістікке қол жеткізуі­міз мүмкін емес. Интеграциялық про­цестер аймақтағы елдердің жағдайын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Екіншіден, Орталық Азия елдерінің бір-бірімен қарым-қатынасын нығай­тып, ортақ мәдени өріске қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бұған негіз жоқ емес. Орталық Азия елдерінің мыңжылдық ынтымақтастық тарихы бар. Шекара­лары ортақ, шаруашылық байланыс­тары­ның деңгейі жоғары, мәдениеттері мен салт-дәстүрлері ұқсас, ділі жақын және бір тілдік топқа енеді. Бұл аймақ­тағы халықтардың тағдыры тұтасып кеткен. Үшіншіден, Орталық Азия елдерін­дегі ғылыми және ақпараттық байла­ныстарды жүйелі жүргізу үшін ортақ үйлестіру кеңесін құрған жөн. Жоғары­да айтылған ой-пікірлерді біртіндеп орнына келтіре алсақ, Тәңірі бақ тала­йымызға берген тәуелсіздікті баянды етерімізге сеніміміз кәміл. Иншалла, Алла тілегімізді бергей! Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті, академик.