Арман-аңсары Алматы көркемсурет училишесіне алып келген. Одан соң Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында суретші-мультипликатор болып істеп, «Қаңбақ шал», «Дастарқан», «Кішкентай өрмекші», тағы басқа мультфильмдерді жасауға қатысты. Ал енді осы киностудия жолдамасымен Мәскеуде ВГИК-тің кино суретшілері факультетінде оқыған жылдар өресін өрлетіп, санасын серпілте түсіп еді.
Еліміз тәуелсіздік алған соң тарихи тақырыпқа жол ашылды. Осынау бос кеңістікті толтыруға Қ.Отарбай да құлшына кірісті. Қазақ тарихынан өз тақырыбын тапты, қылқаламмен өзіндік кесек ойларын кестелей білді. Тарих қойнауынан, халық өмірінен маржан терген Қабдырахман картиналарының бояулары шыншыл да сыршыл, терең ойлы, жарқын мұңды болып келеді.
Бүгінде аға буын суретшілер қатарындағы Қабдырахман Отарбай туындыларының негізгі тақырыбы қазақ тарихымен үндесіп, сол тұма бұлақ көзінен суыртпақтап сыр тартуымен тартымды. Мұны, әсіресе, оның «Тобылғы», «Түркі», «Қазақ хандығының шаңырақ көтеруі», «Ақбоз атты бұғалықтау» сияқты картиналарынан көріп, көзайым боларымыз анық.
Ал суретші Қабдырахманның жазушылығы бөлек әңгіме. Жай жазушы емес, сатирик. Яғни, көзмергендігіне қоса, сөзмерген. «Замандасым Азанбек» картинасының тағдырлы кейіпкерінің көзіндегі от осынау талант иесінің болмыс-сипатын танытып тұрғандай. Өнер зерттеуші Қабыл Халықұлы: «Суретші еңбектерінде бояу, мағына, пішін және пластикалық ерекшеліктер бірегей шешім тапқан», десе, әділ баға осы.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»