“Егемен Қазақстанның” арнаулы беті
Ауқымды міндеттерді шешу жолында
Парламент Сенатында Төраға орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен “Дағдарыстан кейінгі кезеңге өту кезінде Қазақстанның қаржы жүйесінің дамуы” тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы болды. Басқосуға палатаның Қаржы және бюджет комитетінің басшысы Қайрат Ищанов төрағалық етті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Дөңгелек үстел отырысын аша келіп Қ.Ищанов жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жалпы әлемдік тұрғыдағы және ұлттық деңгейдегі қаржы қатынастарының қазіргі үлгілеріндегі жетіспеушіліктерін көрсеткенін атап өтті. Қаржы жүйесінің орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңдегі дамыту тұжырымдамасы әзірленген болатын. Бұл тұжырымдама биылғы ақпан айында Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен мақұлданды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар алдында сөз алған сенатор Рашит Ахметов экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі дағдарысқа қарсы шараларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Оның айтуынша, қаржы жүйесінің орнықтылығы жөніндегі қолданыстағы құқықтық базаға мезгілінде түзетулер енгізу, ұжымдық инвестициялау және жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін, Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржыны қадағалау агенттігінің 2009-2010 жылдардағы экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыруға, кейінге қалдыруға болмайтын міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
Тұжырымдаманы жүзеге асыруды құқықтық қолдауға қатысты Р.Ахметов ипотекалық несиелеу және қаржылық қызмет көрсетудегі тұтынушылар мен инвесторлар құқығын қорғау, банк пен қаржы ұйымдарының тәуекелін азайтуды реттеу, исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері туралы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары әзірленгенін атап өтті. Бұл құжаттар қазіргі кезде Мәжілісте қаралып жатыр.
Қаржы жүйесіндегі тәуекелдің ұлғайып отырғанын, ал қаржы ұйымдары қаржыландырудың дағдарысқа дейінгі тәжірибесін іске асырып отырғанын ескере келіп, Р.Ахметов тиісті нормативтік актілерді жедел түрде қабылдау қажеттігін атап өтті. Сенатор сондай-ақ институционалды инвесторлар қаржысын тарту секілді жаңа қаржы саясатының бағытын жүзеге асырудың маңызына назар аударып, жинақтаушы зейнетақы қорлары активтерін, халық жинақтарын тарту жөніндегі шараларды заңнамалық тұрғыда қолдау мәселелеріне тоқталды. Депутат кейінгі мәселенің келешегі зор екенін айта келіп, оның отандық қаржы рыногының бұрынғы кеңестік кеңістік пен Орталық Азия аймағындағы алдыңғы қатардағы он қаржы орталығының қатарына кіру мақсатына жауап бере алатынын атап көрсетті.
Дағдарыстан кейінгі кезеңге өтердегі қаржы жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылау барысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Д.Әкішев, Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі басшысының орынбасары Қ.Қожахметов, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Ш.Қанапиянов, Қаржы министрінің орынбасары А.Шоқпытов, Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары М.Құсайынов, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің өкілі Ж.Әбдікәрімова депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар қаржы секторын мемлекеттік реттеу, тәуекелдерді азайту, қаржы рыноктарын дамыту, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономиканы ынталандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Жас маманға ауылға баруды міндеттеу керек
Парламент Мәжілісінде “Нұр Отан” ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес пен Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті “Медициналық және педагогикалық кадрларды ауылдық жерлерге бекітудің жағдайы және оған қажетті шаралар туралы” деген тақырыппен бірлескен отырыс өткізді.
Жас мамандарды орнықтырудың Үкімет және жергілікті билік қабылдап жатқан шараларына қарамай, олардың әлі де ауылдан кетуі жалғасып, педагогтар мен дәрігерлер жетіспей жатыр. Республика бойынша мамандармен қамтамасыз етудің 10 мың тұрғынға шаққанда орташа көрсеткіші: дәрігерлер – 30,9-ды, орта буын медициналық қызметкерлер 74,8-ді ғана құрайды.
Әлеуметтік кеңес Қазақстан Республикасының “Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексін, “Білім беру туралы” және “Ауылдық аумақтарды дамыту туралы” заңдарды, сондай-ақ “Дипломмен – ауылға” акциясын іске асыру шеңберінде жас мамандар – дәрігерлер мен педагогтарды ауылдық жерде орнықтырудың жағдайын қараған болатын. Үкімет тарапынан бұл бағытта нақты шаралар қабылданған. Кемінде 25 пайыз жалақы мен тарифтік ставка өсуде, 70 ең төменгі есептік көрсеткіштен кем емес көлемде көтерме ақша және 630 АЕК көлемінде тұрғын үй алуға қаражат бөлінуде. Педагогтарға тұрғын үй, соның ішінде қызметтік немесе жатақханадан орын беру кепілдендірілген. Жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері бөлінуде, ипотекалық несиемен берілетін тұрғын үйлер салынуда, коммуналдық қызмет ақыларын жабу үшін бір реттік ақшалай өтемақы бөлінуде.
Отырыс барысында медициналық және педагогикалық кадрларды ауылдық жерлерге орнықтырудың жағдайы мен шаралары туралы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Садықов, Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков, Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы Санат Тұңғышбеков баяндама жасады. Мәжіліс депутаттары Д.Нөкетаева, Д.Клебанова, А.Соловьева, Қ.Ыдырысов, Қ.Бисенов аталған мәселеге орай сұрақтар қойды. Депутат Нұрлан Өнербай “Жас мамандарды шақыра бергенше, ауылға барып белгілі уақытқа қызмет етіп қайтуға міндеттеген дұрыс шығар”, деген ұсыныс айтты.
Отырысқа шақырылған аталмыш проблемаға мүдделі министрліктер, ведомстволар, колледждер мен жоғары оқу орындары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері медициналық және педагогикалық кадрларды ауылдық жерлерге бекіту мәселелерін көтеріп, оларды шешу жолдарын талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.
Қытай елшісімен кездесті
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжоу Лимен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Комитет төрағасы елшіні өкілетті қызметімен құттықтап, екі ел арасын бұдан әрі жақындастыру жолында еңбек жасайтынына сенімділік білдірді. Тарихы ғасырлар тереңінде жатқан көрші мемлекеттердің арасындағы байланысты дамытуға ел басшыларының сіңіріп жатқан еңбегін айтып өтті. Сонымен қатар, елшіге Қазақстан Республикасы Парламентінің құрамы мен заң шығару жұмысы жайында әңгімелеп берді.
Елші Қазақстан мен Қытай арасында тек стратегиялық серіктестік қана емес, парламентаралық та байланыстың маңызды болып отырғанын хабарлады. Алдағы уақытта екі елдің арасындағы достық байланыстарды жандандыру жолында қызмет ететінін мәлімдеді.
Мәжіліс – бундестаг – “халықаралық парламенттік тәжірибе”
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Наталья Геллерт, Сансызбай Есілов, Виктор Киянский Германия Федеративтік Республикасы Бундестагының депутаты Вольфганг Бернзен бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
“Біздің елімізді сіздердің мемлекет дамуы мен халықаралық жүйеге белсенді араластыратын сот-құқықтық жүйеге жүргізген реформаларыңыз қызықтырады”, – деп сөз бастады Мәжіліс депутаты Н.Геллерт. Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасында тұрақты түрде әртүрлі кездесулер, конференциялар өткізудің бел алып келе жатқанын айтты. Мәдениет пен өнер, білім, гендерлік және жастар саясаты бойынша қолдау көрсетіп отырғандарына ризашылығын білдірді. Германия Бундестагында халықаралық парламенттік бағдарлама шеңберінде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері өтетін тәжірибе алмасу жайына айырықша тоқталды.
Мәжіліс депутаты еліміздің құқықтық өзегі болып отырған Қазақстан Конституциясына 15 жыл толған мерейтойын атап өтіп, құқықтық саясат тұжырымдамасын қабылдағанымызды жеткізді. Сонымен бірге, азаматтық қоғамның ерекше институты – Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі жайыннан да хабардар етті.
Германия Федеративтік Республикасы Бундестагының депутаты В.Бернзен осы кездесуде алдына қойып келген басты мәселесін айтты. Әлемнің 30 елінен жастарға Германияның парламенттік жүйесімен таныстыратын Бундестаг қаржыландыратын “Халықаралық парламенттік тәжірибе” бағдарламасы бүгінге дейін Қазақстаннан бес жылда 25 стипендиат шығарған. Енді 2011 жылға тағы 5 қазақстандыққа мүмкіндік туғызбақшы.
Сондай-ақ осы бағдарламаға орай неміс азаматтарының да Қазақстанның ең жоғарғы өкілетті органында тәжірибеден өтуіне мүмкіндік туғызылса деген өтініштерін жеткізді. Осы бағдарламаға Қазақстан жағынан ресми қамқор бекітілуін қалайтындықтарын мәлімдеді. Екі ел елшіліктерінің қолдауымен неміс және қазақ тілдерінде шығарған халықаралық парламентаризм туралы кітаптарын әріптестеріне тапсырды.
* * *
Наталья Геллерт, Сансызбай Есілов, Виктор Киянский Қазақстан-Германия парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшелері болып табылады.
Қызылорданың қорғаныш дамбасына қаражат бөлінсе
2007 жылы “Сырдария өзенінің жағалауын бекіту және Қызылорда қаласының қорғаныш дамбасын қайта жасау” жобасының техникалық экономикалық негіздемесін жасау үшін облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген болатын. Мемлекеттік сараптамадан өткен осы жоба Сырдария өзенінің сол және оң жақ жағалауын қажетті құрылыстармен бекітіп, Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Жоба бойынша облыс орталығы Қызылорда қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қорғаныш дамбасының жоғарғы жағын арнайы ұзына бойына 16,43 км. ұзындықтағы қаптағыштармен қаптау қарастырылған.
Жоба екі кезектен тұрады. Бастапқы баға бойынша құны 16 млрд. 570 млн. теңге, оның ішінде оң жағалау бойынша (бірінші кезек) – 8 млрд. 860 млн. теңгені, сол жағалау бойынша (екінші кезек) 7 млрд. 711 млн. теңгені құрайды. Бірінші кезек құрылысының мерзімі 4 жылға есептеліп, 2008-2011 жылдар аралығын қамтыған болатын.
Жобаны жүзеге асыру үшін 2008 жылға республикалық бюджеттен 500 млн. теңге бөлінген болатын. Бұл қаражат Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата мемориалының тұсындағы ұзындығы 300 метрді құрайтын дамбаны бекітуге жұмсалған.
Сонымен, қауіпсіздік маңыздылығы республика деңгейіндегі және облыс халқы үшін өте қажетті жоба екі жыл бойы қаржыландырылмай келе жатыр. Биыл Алматы облысындағы апатты жағдайдың өзі елімізді дүр сілкіндіргені белгілі. Бүгінгі күні Қызылорда қаласын тасқын су апатынан қорғаудың бірден-бір амалы осы жобаны іске асыру болып табылады.
Осы жағдайды ескере отырып, Үкімет жоғарыда аталған жобаның бірінші кезегін аяқтап, Сырдария өзенінің оң жағалауын бекіту мақсатында республика бюджетінен 8 359,357 млн. теңге қаражаттың бөлінуіне ықпал жасаса, нұр үстіне нұр болмақ. Өйткені, бұл мәселе жеңіл-желпі қарауды көтермейді.
Қылышбай Бисенов, Мәжіліс депутаты.
Тиімділігі көп хаттама
Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінде “1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы темір жол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасы талқыланды.
Хаттаманың мақсаты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында темір жол көлігі саласындағы кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметін құқықтық реттеу болып табылады, бұл темір жол учаскелерін оларды пайдалануды жүзеге асыратын тараптың меншігіне беруге мүмкіндік береді.
Осы хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасына темір жолдардың жалпы ұзындығы 261 шақырым транзиттік учаскенің және ұзындығы 314 шақырым транзиттік емес, барлығы 575 шақырым учаскенің мүлкін беру жоспарлануда.
Ресей Федерациясына темір жолдардың ұзындығы 514,4 шақырым транзиттік учаскенің және ұзындығы 52 шақырым транзиттік емес, барлығы 566,4 шақырым учаскенің мүлкі берілетін болады.
Хаттаманы іске асыру Қазақстан Республикасына мынадай мәселелерді тиімді шешуге:
- жүктерді тасымалдаудың құнын төмендетуге;
- меншікке өтетін объектілер мен учаскелердің жай-күйін жақсартуға;
- Ресей аумағында күзет қызметтерін құруға, күзет қызметін жүзеге асыруға;
- темір жол көлігі саласындағы құқықтық реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Хаттамаға 2009 жылғы 21 мамырда Астана қаласында қол қойылған болатын. Заң жобасы палатаның қарауына жіберілді, деп хабарлады парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Еңбек кодексі толықтырылады
Парламент Мәжілісіндегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен “Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы” заң жобасының таныстырылымы өтті. Таныстырылымды палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева жүргізіп отырды.
Заң жобасы жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.
Аталған заң жобасының негізгі міндеті қоғамдық келісімді және экономикалық дамуды қамтамасыз етуге, лайықты еңбекке заң жүзінде қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге, бағытталған демократиялық, құқықтық және әлеуметтік тетіктерді одан әрі дамыту мақсатында еңбек қатынастарын құқықтық реттеуді жетілдіру болып табылады.
Заң жобасы қоғам мүшелерінің экономикалық белсенділігін ынталандыруға, жұмыскерлерге берілетін экономикалық және әлеуметтік кепілдіктерді, олардың еңбек жағдайларын жақсарту арқылы еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін, жалпы экономиканың үдемелі дамуын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, бұл құжатта жұмыскерлердің еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алатын ережелерді күшейту, Еңбек кодексінің тәжірибеде әр түрлі түсіндірілетін нормаларын жетілдіру, кереғар нормаларды алып тастау ұсынылады.
Министр таныстырылымға қатысқан Мәжіліс депутаттары М.Тінікеев, Л.Питаленко, В.Нехорошев, Г.Исімбаева, Б.Баймағамбетова, В.Котович, В.Вишниченко және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, түсініктемелер жасады.
Заң жобасы енді жұмыс тобының жетекшісі депутат Қылышбай Бисеновтің басшылығымен одан әрі талқыланатын болады, деп хабрлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Сыннан өткен әдісті қолдайық
“Оңтүстік Қазақстан облысының мақташылары ауылшаруашылық зиянкестерінің зардабынан тиісті өнім ала алмай үлкен қаржылай зиян шегіп отыр. 2010 жылы мемлекет тарапынан химиялық өңдеуге 284 млн. теңге қаржы бөлінді. Ол қаржыға алынған химиялық препараттар зиянкестерге әсер етпей, көптеген шаруашылықтар өнім ала алмады, алғандары гектарына 8-10 центнерден асқан жоқ. Бұл – мақта шаруашылығының тарихында болмаған жағдай. Диқандар мақта бағасының көтерілгеніне сенім артып отыр. Мақта бір миллионнан астам адамның жұмыс орны, яғни күн көрушіліктің көзі, экспорттық дақыл – ұзақ сақтауға төзімді басқа дақылдардың барлығы маусымдық – дақыл төзімсіз сол себептен мақталы өңірде 55-60 пайыз жерге мақта егуге мәжбүрміз.
Халықаралық сарапшылардың болжамдары бойынша, келешекте де мақта бағасының көтерілетіні айтылуда. Алдағы мақсат – гектар өнімділігін арттыру. Кеңес өкіметі кезінде ұшақпен, ауылшаруашылық техникаларымен химиялық препараттарды пайдаланып, зиянкестерді құрта алмағанбыз. Сол себептен мемлекеттен бөлінген қаржыларды экологиялық таза, халықтың денсаулығына зиян келтірмейтін, зиянкестерге жақсы әсер ететін, әрі өте арзан, табиғи пайдалы фауналарды көбейтуге жұмсау керек. Ол үшін биолабораториялардың, биофабрикалардың жұмысын жолға қойса жеткілікті. Бұл – өндірісте пайдаланылған, тәжірибеден, сыннан өткен әдіс. Үкімет министрліктің тиісті мамандарын, ғалымдарды 2011жылдың басынан бастап осы әдістің іске асуына бағыттаса құба-құп.
Өстемір БЕКТӨРЕЕВ, Мәжіліс депутаты.