23 Қазан, 2010

Тамырын тереңге тартқан достық

994 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Осыдан 15 жылдан аса уақыт бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде қоғамдық тұ­рақтылықты, ұлтаралық келісім мен татулықты сақтау мақсатында құрылған болатын. Бұл ел Президентінің жанынан құрылған консуль­тативтік-кеңесші орган, ұлтына және діни сенім-нанымына қарамастан барлық аза­маттардың теңдігін қамтамасыз ететін ұлттық сая­сатты іске асырудың ерекше бір тетігі болды. Ғалия ҒИЗАТУЛЛИНА, Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрайымы. Үстіміздегі жылғы 20 қазанда Астанада “Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәс­түр. Транспаренттік. Толеранттылық” атты күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХVІ сессиясы өткізілді. 2009 жылғы Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ХV сес­сия­­сында ұсы­нылған “Ел бірлігі док­три­на­сының” жобасы талқыланып, үстіміздегі жылы бекітілді. Бұл доктринаның мем­лекеттің ұлттық саясатының басым ба­ғыт­тары мен елдегі қол жеткізген этнос­ара­лық келісім мен ұлт бірлігін насихаттайтын, болашақта үлкен жетістіктерге жеткізетін маңызды бастама деп білемін. Қазақстанда ұлтаралық, конфессияаралық келісімді сақтауда Елбасымыздың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында елімізде барлық конфессиялардың құқықтары Ата Заң шеңберінде қорғалып келеді. Барлық ұлттардың өз мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін, діни сенім-нанымын сақтауға, жетілдіруге мем­лекет тарапынан тұрақты қолдаулар көрсетілуде. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы дамуының жаңа кезеңі басталды. Бұл орайда қоғамды одан әрі біріктіру және қазақстандық бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру – Ассамблеяның стратегиялық міндеттері болмақ. Сонау заманнан қалыптасқан достықтың белгісіндей, қазақ жерінде орыстар мен татарлар, украиндар мен кәрістер, немістер мен түріктер, өзбектер мен чешендер, тағы басқа көптеген ұлт өкілдері бауырласып, баянды өмір сүруде. Осы жерде олардың ата-бабаларының талай ұрпағының өмірі жалғасып келеді. Бүгінгі күні Қызылорда облысында шамамен мыңнан астам татар тұрады. 1991 жылғы 24 қаңтарда алғаш рет Қызылордада татар этно-мәдени бір­лес­тігі тіркелді. Бұған Қа­зақ­стан егемендік алғаннан кейін ғана мүм­кіндік туды. Бірлестікті құруға біздерді ын­та­лан­дырған, дем бер­ген Нагима Ахмедеева бол­ды. Кеңпейілді На­ги­ма апайдың ұйым­дас­тырушылық қабілеті мол еді. Ол бірнеше жыл бойы қа­ладағы №112 орта мек­теп­те ди­рек­торлық қыз­мет­те болып, шәкірттер тәрбиеледі. Нагима апай­дың еңбегі облыста ерекше ба­ға­ланып, оған “Қызыл­орда қаласының құрметті аза­маты” атағы берілді. Біздің орталықтың жанынан “Илькаим” жә­не “Чишмә” хор тобы, “Матур кызлар” би то­бы құрылды. Альфия Дильмеева мен Тимур Хакимуллин жетекшілік ететін жастар қанаты орталықтың жұмысына өз үлестерін қосып келеді. Этномәдени бірлестіктің үлкендері жастарды “біздің ізбасарларымыз”деп мақтан тұтады. Біздің бірлестіктің ұйымдастыруымен 2005 жылдан бастап жыл сайын облыс орталығында “Сабантой” мерекесі аталып өтіледі. Кезінде Татар Республикасының бұрынғы президенті М.Шаймиев бұл той жайлы “Сабантой –бұл татар халқы мұрасының нағыз маржаны, татар халқының рухани күші, мәдениетінің ерекше сарқылмас бұлағы, бұл ептілік пен ұшқыр­лық­тың, күш пен ойдың сайысы. Болашақта са­бан­той әлемге танылып, бүкіл әлемдік мирас қорында өзінің алтын ізін қалдыратынына кә­міл сенемін”,– деген болатын. Бұл мереке біз­дің облысымызды мекендеген барлық этностардың ықыласпен қатысатын мерекесіне айналды. Қазіргі таңда, орталықтың жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде. Себебі, біз 2011 жылы қаңтарда өтетін татар этномәдени бірлестігінің 20 жылдық мерейтойына әзірлік жұмыстарын жүргізудеміз. Сонымен қатар, жастар орталығына арналған бесінші этно­мә­дени күнтізбесін шығаруға, “Сыр сағасындағы татарлар” және “Қызылорда – менің рухым­ның астанасы” атты кітаптарды шығаруға әзір­лік жұмыстары аяқталып қалды. Біздің орталыққа жергілікті атқарушы органдар тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Татар этномәдени бірлестігі Қызылорданың тарихи орындарының бірі – А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде орналасқан. Кабинетіміз жұмысқа қажетті барлық техни­ка­лық жабықтармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда, Сыр өңірінде Елбасымыздың стратегиясында көзделген мақсаттардың жүзеге асуы, саяси тұрақтылық пен ұлттық келісімнің, достық пен туысқандық қарым-қатынастың берік орнығуы –осы уақытқа дейінгі бірлесе атқарған іс-шаралар мен жұмыстарымыздың нәтижесі. Осы орайда, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Сыр өңіріндегі әртүрлі ұлт­тарды топтастыруда ерекше рөл атқаруда. Ассамблея мен облыстағы 10 этномәдени бірлестік ұлттық салт-дәстүрлердің, тілдердің сақталуына, этносаралық қатынастарды үйлес­тіруге, рухани-мәдени байланыстарды дамытуға өзіндік үлестерін қосып келеді. Біздің облысымызда тамырын тереңнен тартқан достық қазіргі жаңа кезеңде одан әрі нығая түсуде. Бүгінде ұлттық келісім мен тату­лық­тың негізі болып отырған облыстық Қа­зақ­­стан халқы Ассамблеясымен, этномәде­ни бірлестіктермен бірлесіп жұмыс істеу өз же­місін бе­руде. 20-ға жуық ұлт өкілдері тұра­тын біздің облыста бейбіт өмірдің, саяси тұ­рақтылықтың сақ­талуы да осыған байланысты. Біздің тағдырымыз – ортақ, Отанымыз – ортақ. Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм облыстың әрбір адамы өзінің қандай ұлттың өкі­лі екеніне, діни сенім-нанымына қа­ра­мас­тан, өзін осы жердің, өлкенің төл перзенті, на­ғыз азаматы ретінде сезінгенде ғана қалып­та­са­ды. Бұл орайда, өзара тіл табысу, бір-біріне құр­метпен қарау барлық ұлт өкілдеріне тән. Сон­дықтан елдің береке-бірлігін сақтау, Отан­ды сүю – біздің қоғам алдындағы азаматтық борышымыз. Бірлігі бардың болашағы баянды Сергей БОРОДИН,  Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жол­дау­ын­да ішкі саяси сала мен ұлттық қауіп­сіз­діктің 2020 жылға дей­ін­гі мақсаттары қо­ғам­да келісім мен тұрақ­ты­лық­ты сақ­тау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала беретінін атап көр­сеткен болатын. Шы­нында да, әлеуметтік-экономикалық, саяси жаңа­ру жолына түскен еліміз үшін азаматтық тыныштық, ха­лық­тар арасындағы бейбіт келі­сім орасан зор игілігіміз, басты байлығымыз болып саналатыны даусыз. Қазақстан халқы таңдап алған стратегиялық бағытымыздың дұрыстығы, тәуелсіздігіміздің одан әрі баянды бола түсуі ұлтаралық келісімнің арқасында орныққанын, өркениетті дамуға, жасампаздық­қа жол ашатынын жақсы түсінеді. Президенті­міз әркез Қазақстан халқы бірлігінің жаршысы болып келеді. Оның осы бағытта жүргізген табанды да дәйекті саясатының арқасында кон­фессияаралық, этносаралық бірлік-ынтымаққа, өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнап, қазақстандық үлгі-өне­гені өзге елдер мойындап, әлем таныған бей­біт­шілік пен келісім аймағына айналды. Көп ұлтты Қазақстан халқын ортақ мақсатқа жұ­мыл­дырып, жас ұрпақ бойына жақсы дәстүр­лер­ді орнықтыруда, Отаны мен туған жеріне, тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік пен құрметті, ұлт табысының маңызды құрамы – қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелер міндеттер ұлан-ғайыр. Мемлекет басшысының Ата Заңымызға Ассамблеяны құру туралы норма енгізуі бұл құрылымды беделді қоғамдық институтқа айналдырды. Ассамблея елдің түрлі этностық топтарының өкілдігін қамтамасыз ететін ұйымның конституциялық мәртебесін ал­ғаннан кейін мақсат-міндеті де, жұмыс құры­лымы да, қоғамның әлеуметтік-саяси өмірінің маңызды мәселелерін шешудегі белсенділігі де арта түсті. “Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” тақыры­бында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сес­сиясы өтуінің өзі осы ойларымызды айғақ­таса керек. Облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясының бағдарламасы ауқымды әрі жан-жақты. Қызылжар өңірінде тұратын жүзге жуық ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара түсіністік пен төзімділікті сақтаумен бірге жас буынды мемлекетін, Отанын қорғауға әзір, Қазақ­станмен мақтана алатын рухта тәрбиелеу – бас­ты бағдары­мыз. Осы орайда, Ассамблея мү­шелері көптеген ауқымды жұ­мыстар атқарып, негізгі қыз­метті шешуге бағыт­талған шараларды жүзеге асыра білді. Ақпараттық-үгіттік топ­тар­дың құрамында елді ме­кен­дерді аралап, Жолдау талап­та­рын, Елбасының ұлт­ара­лық саясатын жан-жақты түсін­ді­ру­ге кеңі­нен атсалысты. Қазақстандықтардың мыз­ғымас достығына, бірлігіне шақыратын, рухтан­дыра­тын салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлттық құн­дылықтар әркез насихатталып оты­ра­ды. Сол­түстікқазақстандықтардың шын пейіл­ді дос­тығы, бір мақсатта топтасқандығы әр ұлт­тың өмірінде ерекше орын алатын ме­рекелер мен ұлттық мейрамдарда жарқын көрініс табады. Оның әсерін, мән-маңызын айтып жеткізу қиын. Осындай рухани түсі­ніс­тіктер адамдарды бір-біріне жақындата түсері сөзсіз. Біз дәстүрлі достықты, тіл мен мәде­ниет­тің бай құнарын сабақтастықпен дамыта отырып, жақсы өнегелерді мысал етіп отырамыз. Этносаралық бірлікті, толеранттылықты, конфессияаралық түсінікті сақтауға белсенді қаты­сып жүрген этномәдени орталықтар – аймағымыздағы татулық тірегі, достық арқауы. Бүгінде олардың саны – 23. Олардың жетек­шілері мен өкілдері облыстағы бірде-бір саяси, мәдени шаралардан тыс қалған емес. Этнос­тардың мәдениетін, салттары мен дәстүрлерін сақтауға, мемлекеттік мерекелер мен атаулы дата­ларға жұмыла қатысады. Этномәдени бірлестіктердің саны жүзден асып, елді мекен­дерде кеңінен қанат жая бастағанын айта кету ләзім. Олардың белсене қатысуының арқасын­да жұмысымыз айтарлықтай жандана түсті. Былтыр алғашқы этномәдени фестиваль өткі­зіп, оған Ресейдің шекаралас облыстарынан ар­найы делегациялар қатысты. Мұндай шаралар аудандарда да жүргізіледі. Шекаралас ынтымақ­тастықты одан әрі арттырудың жолдарын қарастырып, Ресейдің қоғамдық ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеудеміз. Ал, биыл ұйым­дас­тырылған “Салт-дәстүр – 2010” байқауы ұлттық тағамдарды, салт-дәстүрлерді, қолөнер бұйымдарын насихаттаумен ерекшеленді. Ата Заңымыздың 15 жылдығы құрметіне орай өткен шара да ұлтаралық келісімді нығайтудағы маңызды қадам болды. Ассамблеяның арналы жұмыстарының бірі – мемлекеттік тілді насихаттау, оқып-үйренуге атсалысу. Бұл жөнінде ХVІ сессияда Елбасы да жақсы айтты. Мемлекеттік тіл мәселесі Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді нышан саналатындықтан, елдің барша азаматтарын біріктірушілік рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Бір қуанарлығы, қоғамдағы қазақ тілін білудің маңыздылығы мен қажеттілігін түсінушілік барған сайын артып келеді. Оны қолдаушылар қатары өзге ұлт жастары арасын­да айтарлықтай. Өз жүрек қалауымен үйрену­ші­лерге жол әркез ашық. Біз де өз тарапы­мыздан мемлекеттік тілді өркендетуге қамқорлық жасап келеміз. Достық үйі жанынан ашылған қазақ тілін үйрету курсының алғашқы қадамы нәтижесіз емес. 1998 жылдан бері жұмыс істейтін №17 ұлттық өркендеу мектебі халықтар арасындағы жарасымды достықты, ынтымақты нығайтудың ошағына айналғанын мақтаныш етеміз. Мұнда 11 ұлттың 180-ге жуық балалары ана тілін, та­рихи, мәдени құндылықтарын үйренумен қатар, қазақ халқының тілін, бай салт-дәстүр­лерін, тамаша әдет-ғұрыптарын да меңгеріп шығады. Ән, би, бейнелеу үйірмелеріне қаты­сып, қарым-қабілеттерін шыңдап отырады. Бір сөзбен айтқанда, білім ордасының әр оқушының бойына қазақстандық отансүйгіштік сезімді қалыптастырудағы өнегесі өзгелерге үлгі екенін айрықша атап өтуге тиіспіз. “Ассамблея” корпоративтік қорының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, Ассамблеяны қаржыландыру және әлеуметтік тапсырыстарды қолдау бағытында бірсыпыра шаруалар атқарылды. Мемлекеттік тілді меңгеру, қолөнерді дамыту, жастар саясатын жүргізу бағыттары бойынша мемлекеттік тапсырыстар орындалды. Ұлтаралық қарым-қатынасты үйлестірудегі қазақстандық тәжірибе барша әлем назарын аударып, қызықтырып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл саладағы қайраткерлігі Қазақстан халқын бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақтыққа, еліміз әлеуетінің артуына зор үлес қосуына жетелей түсері анық. Қазақстан­дық ынтымақтың өнегелі үлгісі бірлігі бардың болашағы баянды екенін паш етіп келеді. Солтүстік Қазақстан облысы. Ежелгі қасиет шуағы Виктор КИСТ, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы  төрағасының орынбасары,  XVІ сессия делегаты. Бүгінде дүние жүзінде бірнеше мыңдаған ұлт пен ұлыс бар болса, солардың 150-ге жуығы байырғы қазақ жеріне бауыр басып отыр­ғаны, тағдырын тұрғылықты ха­лық­пен тоғыстырып, жаңа азамат­тық қоғамды бірге қалыптастырып жатқаны белгілі. Осының бәрі бірлік пен түсіністіктің арқасында мүмкін бо­лу­да екені анық. Этносаралық және конфес­сия­аралық келісімді, азаматтық ынтымақты қамтамасыз ету Қазақстан дамуының маңызды шарты болып табылатындығын Елбасы әрдайым айтып, беріктіре беруге бастап келеді. Біз бәріміз көңілімізге жақын, жү­регімізге ыстық осынау ізгілікті мақсатты қолдаймыз және орынды мақтаныш тұта аламыз. Шынында, қаншама ұлтты ортақ мемлекеттік мүддеге ұйыстырып, бере­кет­тілікпен өмір сүруге үйлестіру оңай мін­дет болмаса, соның үлгісі өз орта­мызда жарқырай танылуы тамаша құбылыс емес пе! Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен сессия­сында сөйлеген сөзінде “Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өр­кендеп, алға басуының басты шарты. Осы бай­лығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – Отанымыздың жарқын болашағының кепілі”, деген болатын. Басты үш тұғырға – ортақ тарихымызға, ортақ құндылық­тарымызға, ортақ болашағымызға негізделген бірлік отандастарымызды тұтастырушы күш ретінде беріктіріп жүр. Қазір әлеуметтік-экономикалық, саяси дамудың жаңа белесі жаңғырып жатыр. Еліміз өз ішіндегі іргелі табыстарымен қатар, Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етуі ұзақ жылдан соң Мем­лекет басшылары деңгейіндегі іргелі саммиттің Астанада өткізілгелі отыруы жас мемлекеті­міздің қандай биікке көтерілгендігінің тамаша кө­рінісі. Менің пайымдауымша, бұл бір жа­ғынан барлық азамат арман-тілегін қорғауға ба­ғытталған мемлекеттік идеяға құрмет. Бүгін­гі­дей жаһандану заманында оның құндылығы жоғарылай түскенін айтуға болады. Біздер, әсіресе, неміс этносының өкілдері қазақ халқының дәстүрінде бауырмалдықтың ерекше орын алатындығын жақсы білеміз. Өт­кен ғасыр ортасындағы алапат соғыс кезінде бей­таныс өлкеге еріксіз қоныс аударылған ата-аналарымыз бұл ғажап қасиетті бірден сезінген еді. Ауыл балаларымен бірге асық ойнап өскен өзіміз де сондай құшаққа бөленгемізді қалайша ұмытармыз. Бірлік пен туысқандық қазақ­тар­дың қанына ежелден сіңген қасиет екенін, бү­гінгі достық пен түсіністікке соның арқасында қол жеткізіп отырғанымызды түсінеміз. Оны құрметтей де, ардақтай да білу әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Кезіндегі жағдайларға байланысты көптеген қандастарымыздың тарихи отанына көшіп кеткеніне, мінеки, жиырма жыл болып қалды. Алайда, біразының бүйрегі әлі де Қазақстанға бұрып тұратындығын білемін. Еліміз өміріндегі өзгерістерді естіп, көріп жүрген кешегі тағдыр­лас­тарымыздың енді қайта оралып жатуы со­ның әсері екені даусыз. Қазақстандағы күн­де­лікті тіршіліктегі қарапайым жолдастық қарым-қатынасты, кең даладағы еркін тыныстықты сағынғандықтарын айтады. Бұрынғыдай емес, тіл мен дінді сақтауға, ұлттық салт-дәстүрден қол үзіп қалмауға мүмкіндік кеңдігі тартады. Былтыр облыстағы “Видергебурт” неміс орталығы” қоғамына 20 жыл толды. Ол ай­мақта алғаш құрылған этномәдени ұйым са­на­лады. Сондықтан бұл бағытта іс-тәжірибеміз жеткілікті. Ортаға салуға құшағымыз ашық. Германияның Қазақстандағы жылына сәйкес ат­қарылған шаралар екі ел арасындағы жақын­дастықты одан сайын жарастыра түсті. Қоғамы­мыз жұмысына қатысты ешқандай мәселе жоқ. Ықыласқа орай ынтамыз да жоғары, белсенді­лігіміз де биік. Барша ұлтпен бірігіп ел мерейін өсіру басты мақсат. Өңірдегі қай этнос өкілі де бүгін “Біз – Қа­зақстан азаматтарымыз!” деуді асқақ рухта айта алады. Осы бір ортақ мәртебе Қазақстанымызға деген сүйіспеншіліктің айғағы. Одан әрі жал­ғасып жатқан ұлан-ғайыр істерге баршамызға терең ұялаған ынтымақ пен туысқандық сезімі берік сүйеніш боларына сенеміз. Қарағанды.