23 Қазан, 2010

Салиқалы саясаттың салтанаты

629 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Германия басшылығы мен көрнекті неміс саясатшыларының көзқарасы тұрғысынан Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы бірқатар стра­тегиялық артықшылықтар береді, олар ең ал­дымен мыналарға байланысты: бұл ел халық­аралық саясаттың тоқайласқан алаңында болып, Орта­лық Азия өңірінде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістердің көш басында келеді.

Қазақстанның саяси жеңісі

Маттиас ДОРНФЕЛЬДТ, Потсдам саясаттанушысы. Германия.

2010 жылдың күн тәртібі

Қазақстан Республикасы – ЕҚЫҰ-ға төрағалық­ты қабылдап алған алғашқы посткеңестік мемлекет, сондықтан да мұның өзі елді артықша халықаралық назардың ортасына қоймастан шығарды. Ұйымға төрағалық етудің мүмкіндігі елдердің кең ауқымы үшін ресми мойындалғанына қарамастан, оны осы күнге дейін ЕО мен НАТО-ға қатысушы мемлекеттер ғана атқарып келеді. Сонымен қатар, Түрік Республикасын есептемегенде, олар христиандық мемлекеттер еді. Сондықтан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін елінің ЕҚЫҰ төрағасы функциясын қабылдап алуы ортақ демократиялық құндылықтарды мойындайтын батыс мемлекеттері қауымдастығымен белсенді ынтымақтастық жолындағы маңызды кезең болып табылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы осы Ұйым тарихындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келді. 2010 жыл – “Жаңа Еуропаның” конституциялануы үшін шешуші құжаттар – “Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясы” мен “Копенгаген актісі” бекітілуінің 20 жылдығын атап өтетін ЕҚЫҰ үшін қос мерейтой жылы, бұл екі құжат әлемдегі “қырғи-қабақ соғысы­ның” аяқталуын және қатысушы ұлттар дәйектілік­пен қорғау туралы уағдаласқан адам құқығы саласын­дағы серпілісті танытты. Сонымен қатар ағымдағы жыл еншісіне сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның құрылтай құ­жаты болып табылатын “Хельсинки кеңесінің Қоры­тынды актісіне” қол қойылуының 35 жылдығы келе­ді. Осылайша, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық – Орталық Азияның ең үлкен мемлекеті үшін маңыз­ды саяси жеңіс, бұл оның өскелең халықаралық мәні мен өңір елдері арасындағы көшбасшылығын атап көрсетеді.

Германияның қолдауы

Төрағалық қарсаңында және кезінде Германия мен Қазақстанның түрлі салалардағы байланыстары айтарлықтай жиі бола түсті. Үстіміздегі жылдың 3 ақпанында Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Германияның Қазақстандағы жылының ашылуы болды. 18 шілдеде Германияның Федерал­дық канцлері Ангела Меркель Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша Қа­зақстанға ресми сапармен келді. Бұл келіс Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы ГФР-ға сапарына жауап болды. Қазақстанда болған кезінде Ангела Меркель Халықаралық экономикалық форумға қатысып, Қазақстан Президентімен екіжақты экономикалық қатынастарды дамыту проблемаларын талқылады. Мемлекет басшысымен қатар ол сондай-ақ Қазақ­станның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен кез­десті. Ангела Меркель түрлі мәселелер бойынша ЕҚЫҰ саммиттері мен келіссөздерде бірнеше рет Қазақ­станның ұстанымына қолдау білдірген болатын, алайда қандай мәселелер нақты талқыланатыны оған алдын ала хабарлануын талап ететін. Федералдық канцлердің Қазақстанға сапарынан екі күн бұрын бұл елге Германияның Сыртқы істер министрі Гвидо Вестервелле келіп, 2010 жылдың 16-17 шілдесінде Ақбұлақта Қазақстан СІМ-інің басшысымен және ЕҚЫҰ елдерінің басқа да сыртқы саясат ведомстволарының жетекшілерімен бейресми кездесулер өткізген. Германия дипломатиясының басшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын “мүмкіндік және сонымен бірге үлкен жауапкершілік” ретінде сипаттаған. Германияның Ангела Меркель бастаған федералдық үкіметі Қазақстан Үкіметінің ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымы үшін басқа үміткер мемлекеттермен күресіне белсене қолдау білдірген еді, өйткені, энергия тасымалдаушыларына бай, ТМД-ның тиімді де көпке танымал билігі бар, белсенді де тұрақты түрде даму үстіндегі мемлекеті Германияның Орталық Азиядағы ең маңызды сауда әріптесі ғана емес, сонымен бірге болашағы зор саяси әріптесі де. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы миссиясына Германияның қолдау білдіруі Қазақстан басшылығы бастамашысы және ТМД-дағы көрші мемлекеттер үшін бағдар болып табылатын реформалардың одан әрі ілгерілеуі мен табыстарына деген үмітпен байланысты болатын. Сонымен қатар Қазақстанның күш-жігері арқасында ЕҚЫҰ-дағы реформаторлық үдеріс белсенді бола түсіп, оның ЕО мен НАТО-дағы мәртебесі артып келеді. Бұл ретте Германия 2007 жылы ЕО кеңесіндегі төрағалығы кезінде Орталық Азияға деген назарды күшейте түсу жөніндегі бастамасын айрықша ескеріп отырғандығы анық. Бұлардың сыртында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы арқасында бұл Ұйымның Орталық Азия мен ТМД-дағы ықпалы күшейіп келеді.

Саясатшылардан сипаттама

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға өзекті төрағалығына көрнекті неміс саясатшылары берген баға әлдеқайда қызықты көрінеді. Мәселен, бундестагтағы ХДС/ХСС фракциясының депутаты Манфред Грунд неміс жұртшылығының шарасын өткізу кезінде қазақстандық төрағалықты ЕҚЫҰ мен Қазақстан Үкіметі үшін “қосарланған мүмкіндік” ретінде бағалаған.  Грунд соңғы бірнеше жыл бойына Қазақстан ЕҚЫҰ-ны дамыту мәселелері бойынша сын айтып келгендіктен, ЕҚЫҰ стандарттарын жаңа адами өлшемдермен толтыруға қабілетті деп біледі. Бұл ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары мен сайлау еркіндігіне қатысты. Сонымен қатар Қазақстан белсенді сыртқы саясаты арқылы Орталық Азия өңірі мен Батыс елдері арасында айтарлықтай байланыстырушы функцияны атқаруға қабілетті. ГФР СІМ-інің Орталық Азия істеріне жауапты Йоханнес Редженбречт ЕҚЫҰ Қазақстан төрағалығы арқасында біржолата “Батыстың ұйымы” болудан қалып, Шығыс пен Батыстың арасындағы өзіндік бір үнқатысулар форумы бола алады. Сонымен қатар Ұйымды одан әрі дамыту үшін бұрынғы КСРО республикаларының Ұйым құрылымына кірігуі маңызды. Қазақстан тарапынан бұл өз кезегінде ЕҚЫҰ-ның дербес құндылығын мойындауды, реформаларды белсенді жүргізуді, сондай-ақ Орталық Азияның осы заманғы проблемаларын шешу жөнінде міндеттемелер қабылдауын талап етеді. Неміс үкіметіне жақын “Ғылым және саясат” қорының Орталық Азия бойынша сарапшысы Андреа Шмиц ханым Қазақстанды посткеңестік кеңістіктегі саяси жағынан барынша тұрақты және экономикалық тұрғыда табысты мемлекет ретінде сипаттайды. Қазақстан, – дейді ол, – бұл ұзақ мерзімді де стратегиялық бағытты сыртқы саясатқа ие және өңірдегі ЕО мен АҚШ-тың маңызды әріптесі ретінде әрекет ететін бірден-бір мемлекет. Қытай Халық Республикасы, Ресей және Батыс елдері арасындағы көпір ретінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның пісіп-жетілген реформасын жүзеге асыру жағдайында маңызды рөл атқаруға қабілетті. Өз кезегінде бундестагтың 90/“Жасылдар” одағы партиясының фракциясындағы депутаттар 2010 жылғы 29 сәуірде герман парламентінде талқылауға бірқатар ұсыныстар енгізді. Олар, атап айтқанда, федералдық үкімет Қазақстанды оның демократияны дамытуға, құқықтық мемлекет қағидаттарын енгізуге және адам құқықтарын қорғауға бағытталған реформаларында қолдауды талап етті. Сонымен қатар “жасылдар” партиясының депутаттары Қазақстан қазіргі бар экологиялық проблемаларды шешуде ЕО елдері тарапынан айтарлықтай қолдау алуға тиістілігін мәлімдеді. Мұндай көңіл бөлушілік ЕО елдері тарапынан өзара қатынас жүйесіндегі Қазақстанның рөлін атап көрсетсе керек.

Тиімді ерекшеленушілік

Демек, Қазақстан реформаны жалғастыруға және өзінің беделін нығайтуға байланысты төрағалық етуден көп жайларды күте алады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы тұсаукесерлігі үшін барынша маңызды құрал – ішкі және сыртқы саясат салаларындағы зор әлеуеті бар тиімді мемлекеттік билік болса керек. Бұл ел сондай-ақ өзін Шығыс пен Батыстың арасындағы қатынастарда шешуші арағайын ретінде ерекшелей аралады. Төрағалық күн тәртібіне әскери-саяси және экономикалық кооперация туралы мәселелерді қоюға мүмкіндік берді. Бұл ретте ұйымның адами өлшемдері де жаңа серпінге ие болады, мұның өзі Қазақстан белгілеген басымдықтарға сай келеді. Бұл жағдайда әңгіме толеранттылық, жалпыға ортақ және негізгі адам бостандықтары мен құқықтарын сенімді қамтамасыз ету және кеңейту туралы болып отыр. Қазақстанның толеранттылық және ұлтаралық қатынастар мәдениеті саласында айтарлықтай тәжірибесі бар, өйткені, мұнда Орталық Азияның ең үлкен мемлекетінде көптеген халықтар тыныштық пен келісім жағдайында өмір сүріп, елдің бұл тұрғыда өнеге болуын көрсетіп отыр. Сонымен қатар жанжалдық менеджмент пен сенімді нығайту жөніндегі шаралармен бірге әңгіме қарусыздану, ең алдымен Еуропадағы қарапайым саладағы қарусыздану туралы болып отыр. Бұл ретте Ресей Федерациясының ең сенімді әріптестерінің бірі саналатын Қазақстан Ресей Президенті Дмитрий Медведев 2008 жылғы маусымда Берлинде ұсынған Еуропалық қауіпсіздік туралы келісім жобасын қолдайды. Ал бұл жоба Атлантикадан Тынық мұхитына дейін жалпы еуразиялық қауіпсіздік кеңістігін құруды көздейді. Қазақстан сондай-ақ гректің Корфу аралында басталған үдерісті барынша ілгерілету ниетінде. “Корфу үдерісінің” табысы бірнеше факторға байланысты екені белгілі. Бұл ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің еуразиялық кеңістікте ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға саяси әзір екендігінің өзекті тесті. Алайда кез келген жағдайда Қазақстан осы үдеріске қолдау білдіре отырып, төрағалық тәжірибесінің күшеюіне қарай өзінің сыртқы саяси салмағын арттырып, осы арқылы ықпалды халықаралық ұйым ретінде ЕҚЫҰ-ның дамуына жаңа серпін береді. “Известия”, 2010 жылғы 20 қазан.

Ел беделін бекемдейтін ерен жиын

Мемлекет, қоғам қайраткері санатында жаңа­­шылдығымен, күрескерлігімен, рефор­ма­тор­лығымен ерекшеленетін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде елі­міздің экономикалық, әлеуметтік, саяси-құ­қық­­тық дамуын жаңа деңгейге көтерді. Әлем­ді қыспаққа алған экономикалық дағд­арыс­тар­дың “емін” табуда да президентіміз бас­қа­ларға үлгі болды. Айдарынан жел ескен, қуатты мемлекеттердің өзі оның экономикасын тұра­лататын дағдарысты болдырмау әдістерін, қуат­ты тәжірибесін меңгеруге ықылас қоя бастауы қуанарлық. Ұлыбританиялық саясаткер Джо­на­тан Айткеннің “Назарбаев және Қазақстанның дүниеге келуі: “коммунизмнен – капи­та­лизмге” деген кітабында: “Дүниедегі саяси ли­дер­лер маңайына ауа райын жасай біледі. Ма­ңайына жарқыраған шуақ шашсын, я болмаса нөсер әкелсін, әйтеуір өзінше ауа райын туғызған лидерлер тегін болмайды. Олар ту­ра­лы жазу да, оқу да қызық. Мен айтсам: өзінің саяси өмірін Кеннеди мен Хрущевтан бастап, осы күнгі Обама және Медведевпен бір бой­лықта қажыр-қайрат танытып жүрген жам­поз­дар некен-саяқ. Өмір баспалдағы өнеге бас­пал­дағына айналған адам ретінде Назарбаев оқыр­манды қатты қызықтырады”, деп тамсануы орынды. Халқына кейде көктемдей жаңбырын сыйлап, жаздай жылу беріп, күздей жемісін уыс­тап татыруы Елбасының табиғат пен бірлігін байқатады. Елбасы мемлекет басына келісімен этносаралық, конфессияаралық келісімді сақтау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. “Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы” деп айқайлап, даурықпасақ та әлем біліп-танып отырған жай – бізде жүз отыздан астам этнос өкілдері бейбіт өмір сүруде. Қазақстанға кешегі тоталитарлық жүйе зорлап көшіріп әкелгендер, жер аударылып келгендер кеңес империясы құласымен өз отандарына жаппай қоныс аударды. Объективті себептер мәжбүрлеген бұл жаппай қозғалысқа түсіністікпен қарап, оң қабақпен шығарып салдық. Алайда, бірнеше аталарынан бері Қазақстан Отанына айналып, ата-бабаларының осында жатқанын қимай, оның үстіне жергілікті ұлтпен төсекте басы, төскейде малы қосылып, ниеті, пиғылы жарасқан кейбір өзге ұлт өкілдері туған кейбірі тұрып қалған жерлерін тастап кете алмай түпкілікті мекені етуге бекінді. Елбасымыз ондай “қазақтанған” бауырларымыз алаңсыз өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Бірлігімізге алғышарт болып табылатын Қазақстан халқы Ассамб­лея­сын құрды. Бүгінде тіпті Ассамблеяның кейбір өкілдері Парламенттің төменгі палатасына депутаттыққа сайлану құқын иеленді. Этнос­тар­дың ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, олардың дамуына мүмкіндік берді. Олардың Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік, қо­ғам­дық-саяси, мәдени өміріне белсене арала­сып, Отанының гүлденуіне үлес қосып жүрген өзге этностардың өз ана тілін сақтауына, мәде­ниет­ті, салт-сана, әдет-ғұрпын  дамытуына, қыс­қасы, еркін өмір сүрулеріне бар жағдай туғызды. Елбасымыз бұрын шешілмеген, шешілуге тиіс те емес, даулы мәселелерді де халықтың мүддесіне орай оңтайлы орындады. Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанмен шектесетін сан мыңдаған шақырым шекара мәселесіне ың-шыңсыз екі жаққа да тиімді дипломатиялық ептілікпен нүкте қойды. Егер бүгін дәл осылай етілмесе, ертең сан ұрпақ жапа шегіп, қырқысып, түйіні табылмаған проблемасы бар мемлекеттің бейбіт те біртұтас өмір сүруі екіталай болар еді. Мәселенің бұлайша шешілуі Президентіміздің сұңғыла саясаткерлігінің арқасында ғана мүмкін болды. Елбасы тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңістігінде интеграция үдерістерін жетілдіру мақсатында тың идеялар айтып, жүзеге асырды. Мәселен, ТМД елдері арасында экономиканы интеграциялау, әскери саладағы байланыс­тар­ды, саяси қарым-қатынасты қалпына келтіріп, бірге қимыл жасау, бауырлас халықтардың тұ­тас­тығын сақтау, Орталық Азияда қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту, Қазақ елінің ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қо­сылуы, әскери саладағы байланыстар бойынша айбынды, алпауыт империялармен жасасқан келісім-шарттары, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы, Белоруссия, Ресей мемлекеттерімен Ке­ден одағын құруы, түркітілдес мемлекет­тер­дің ынтымақтастық кеңесі айтылғандардың ай­қын дәлелі. Бұл факторлар ЕҚЫҰ-ға төраға­лық­ты жоғары деңгейде атқаруға септігін тигізді. Еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жас мем­лекет, сондықтан бізге сыни көзбен қарап отыр­ғандар көп. Өзгелер қалай десе де Қазақ­станның бар-жоғы 19 жылда мұндай биікке шығуы, сөз жоқ, Елбасының ерен еңбегі. Бұл тұлымды ұлдың кәмелетке толып, бірден ел ісіне араласуы іспетті. Үш континенттің 56 елі бас қосып, әлемдік деңгейдегі проблемаларды талқылағанда, шешуші сөз айту кез келген елдің пешенесіне жазыла бермейтін бақыт екенін де білеміз. Елбасы “Егемен мемлекеттің басшысы ре­тінде мен Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жай стратегиялық ұлттық жоба және елдің халықаралық беделі өскендігінің дәлелі деп қана емес, сонымен бірге, Ұйымға жаңа тыныс, жаңа серпін берудің мүмкіндігі деп бағалаймын”, – деді. Төрағалығымыздың көп мерзімі өтіп, азы қалғандықтан, ауыз толтырып айтатын жаңалығымыз көп. Елбасы бұл Ұйымға төрағалық қызметіне кірісуіне орай жасаған үндеуінде төрт қағидат ұсынған болатын. “Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт “Т” – “траст” (сенім), “традишн” (дәс­түр), “транспаренси” (ашықтық) және “толе­ранс” (төзімділік) болады. Біріншісі – бір-бі­рімізге деген бізге аса қажетті сенімді білдіреді. Екіншісі – ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттары мен құндылықтарынан тұрады. Үшіншісі – халық­аралық қарым-қатынастарда “қосарланған стандарт” пен “жіктеу шектерінен” азат барын­ша ашықтық пен транспаренттік. Қауіпсіздікке төнетін қатерлерді еңсеруде сындарлы ынты­мақтастыққа ұмтылу. Ал төртіншісі – бүгінгі әлемде барған сайын маңызы артып отырған мәдениеттер және өркениеттер арасындағы үнқатысуды нығайту жөніндегі жаһандық трендтің көрініс табуы”. Міне, осы төрт қағи­дат жыл бойындағы төрағалығымызда басты назар­да болады. ЕҚЫҰ-ның басты органы – жоғары деңгейдегі кездесу. Соңғы 10 жылдың ішінде Ұйымға мүше елдердің мемлекет, үкімет басшылары қатысуымен өңірдегі жағдайға баға беретін, Ұйым қызметінің негізгі бағыттарын айқындайтын кездесуі өтпеген. Биыл Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мұндай ірі саммит Астанада өткізілмекші. Негізі, 11 жылдан кейін ЕҚЫҰ Саммитін Аста­на­да ұйымдастыру Қазақстан диплома­тия­сының жеңісі деуге болады. Мұнда көтерілетін ең басты мәселелер қазіргі төрағалыққа бай­ла­нысты болып отыр. Беделі берік бұл Ұйым­ның о бастағы қызметі мен бағыт-бағдарының біріншісі – әскери қауіпсіздік пен қару-жа­раққа бақылау орнату, екіншісі – экономи­калық, ғылыми-техникалық және экологиялық ынтымақтастық, ал үшіншісі – гуманитарлық саладағы ынтымақтастық пен адам құқығы мә­селелері екені баршамызға мәлім. Осы айтыл­ған жәйттер бойынша атқарылған істерге сам­митте оң баға беріледі деп сенемін. Жекелеген жәйттерге тоқталсақ, біз төрағалыққа кірісер кезде ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар алдында ауғанстандықтарға соғыс нә­ти­жесінде қираған елді бейбіт елге, демо­кра­тиялық қағидаттар негізінде құрылған жасампаз және дербес қоғамға айналдыру міндеті тұрған болатын. Осыған байланысты біз Ауған­стандағы ахуалды жаһандық қауіпсіздік, тер­роризмге, діни экстремизм мен есірткі сау­да­сына қарсы күрес тұрғысынан қарастырдық. ЕҚЫҰ-да мұсылман елдері аз. Осы тұрғыдан келгенде, Ауғанстанмен келіссөз жүргізу оңайлау тиді деп ойлаймын. Бұл жерде Қа­зақ­станның функциясы бітімгерлік болғандықтан араға түсіп мәселені оңтайландыруға көмек­тестік. Қазақстанның Ауғанстанға біраз жылдар бойы гуманитарлық көмек көрсетіп келе жатқаны баршаға аян. Төрағалық жылында Ауғанстан үкіметінің келісіміне сәйкес мың ауғандықты азаматтық мамандықтарға оқыту жобасы жүзеге асырылды. Ғаламдық қаржы дағдарысына қарамастан, осы мақсатқа 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді. Бұл мамандар ертең Ауғанстанның дамуына қызмет етуі керек. Қазақстаның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы бары­сында қолға алған тағы бір мәселесі – Таулы Қарабақ дауы еді. Бұл өзі ұзаққа созылған жанжал болғандықтан, қандайда бір нәтижеге қол жеткізу қиын екендігін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер жақсы біледі. Қиын нәрсе екен деп қарап отырған біз жоқпыз. Осы мәселеге тікелей араласып, тараптарды келіссөзге шақырып, оны бәсеңдетуге күш салудамыз. Қырғызстандағы саяси дағдарыс және осының салдарынан болған оқиғалар ЕҚЫҰ-ға біз төрағалық етіп отырғанда үлкен сын болғаны рас. Қазақстан мен Қырғызстанды тығыз тарихи, әлеуметтік-экономикалық, этнос­тық жақындық байланыстыратындықтан, бұл елдегі қайғылы оқиғалар біздің жанымызға батып, алаңдаушылығымызды тудырды. Сондықтан біз алғашқылардың бірі болып Қырғызстандағы дағдарысты оқиғаларға үн қаттық. Бірінші күннен азамат соғысына жол бермеуге үлкен үлес қостық. Қырғыз үкіметіне көмек ретінде бірлескен комиссия да жұмыс істеп жатыр. Қазақстан тарапынан барған сарапшылар Жалалабадтағы, Оштағы қирап қалған үйлерді есептегенде, Қырғызстанға кем дегенде 1 миллиард доллар көлемінде көмек керектігін айтты. Қазақстан бауырлас халыққа екіжақты негізде де, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекет ретінде де қолдау мен көмек көрсетті. Қорыта келгенде, біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете отырып, көп нәрсе ұттық. Бірнеше Еуроодақ мемлекеттері – ЕҚЫҰ мүшелерімен стратегиялық әріптестікті күшейттік. Қазақстан мен Франция, Қазақстан мен Германия, сол сияқты Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық экономикалық әріптестігімізді де нығайттық. Төрағалықты пайдалана отырып, аймақтағы экономикалық, экологиялық жағдайға әлемдік қоғамдастықтың назарын аудара білдік. Арал, Балқаш мәселесін, жалпы экологиялық тазалықты дер кезінде көтере білдік. Аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекеттердің әскери-саяси рөлін қайта қарау үшін көп жұмыс атқарылды. Аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету саяси-әскери “қоржынға” байланысты болғандықтан, Қазақстан – Ресей, Қазақстан – АҚШ, НАТО әскерилерімен бірлескен жаттығулар өткізіп, әріптестікті күшейту бағытында жұмыстар жүргіздік. Гуманитарлық сала, адам құқықтары бойынша іштегі тұрақтылықты баянды етуге қосымша мүмкіндік алдық. Өйткені, біз халық­тар достығы, ұлтаралық татулық мәселесіне бос сөз ретінде емес, үлкен саясат ретінде қарап, көп көңіл аударуға тырыстық. Беделді Ұйымға төрағалық етуіміз әрбір қазақстандықтың патриоттық сезімін арттырды. Әлемдік мәселелерді шешуде тәжірибе жинақтадық. Еліміз өз мүмкіндігін әлемге паш ете алды. Қазақстан халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде тек аймақтағы қауіпсіздік мәселесіне ғана араласпай, кейбір жағдайларда, тіпті жаһандық қауіпсіздік ісіне де араласа бастады. Сондықтан бұл саммит Қазақстанның жалпы халықаралық имиджі мен халықаралық саясаттағы рөлін анықтауға мүмкіндік беретіні анық. Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор. Алматы облысы.