26 Қазан, 2010

Аграрлық білім мен ғылымның көшбасшысы

817 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Биыл еліміздегі ауыл шаруашылық мамандарын даярлаудың флагманы, аграрлық саладағы әлемдік заманауи ғылымның даму үрдісін үлкен тәжірибемен ұштастырып, дамыту мүмкіндігіне ие болып отырған аграрлық саланың жоғары мектебі – Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 80 жыл толып отыр. Осы айтулы оқиғаға орай білім ордасында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен университет түлегі, қазіргі қала әкімі Ахметжан Есімовтің, сондай-ақ Қазақстан, ТМД және алыс шет мемлекеттері жоо ректорлары, университет түлектерінің қатысуымен салтанатты шара өтті. – Қазақ ұлттық аграрлық университеті өзінің 80 жылдық мерейтойын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау, республиканың агроөнеркәсіптік кешенінің үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жағдайында қарсы алып отыр, – деді жиынды ашқан университет ректоры Тілектес Есполов. Осы жылдар аралығында университет қабырғасынан республикадағы аграрлық білім мен ғылымның, өндірістің дамуына қомақты үлес қосқан 135 мыңнан аса маман түлеп ұшты. Оқу орнын тәмамдаған түлектер арасында 3 Кеңес Ода­ғының Батыры, 35 Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғары Кеңесі және Қазақстан Парламентінің 80 депутаты, ҚазКСРО Ғылым академиясы және ҚР ҰҒА-ның 52 академигі, 12 Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаттары бар. Сонымен қатар университет өзінің 80 жылдық тарихында өндірісті жо­ғары деңгейде ұйымдастыра алатын мемлекет және қоғам қайраткерлері мен агроөндіріс кешенінің басшы­ларын ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан азаматтарды тәрбиелеп шығар­ғанын мақтанышпен айта аламыз. Ұжымды мерейтойымен құт­тық­­тауға арнайы келген Білім және ғы­­лым министрі Бақытжан Жұма­ғұлов тарихы терең шежірелі уни­вер­ситеттің болашағы зор екенін, оған Елбасымыздың үлкен үміт ар­тып отырғанын жеткізді. “Универ­ситет түлектері арасынан барша Қазақстанның есімін көпшілікке әйгілеген өндірістің белді өкілдері, ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққан университет ұжымы өзінің бұл тәжірибесімен, осы заманғы жаңа технология­сымен байыта отырып, еліміздің аграрлық секторының индустриал­ды-инновациялық жағынан дамуына айрықша үлес қосып келе жатыр. Сіздердің университет ұжымы қазақстандық білімнің көшбасшы­сы ретінде өзінің мерейтойлық белесіне алдыңғы қатарлы жоо қатарына кіретініне сенімдімін. Сіздерге оқуда табыс және Ота­нымыз­дың игілігі жо­лында жемісті еңбек тілеймін” делінген екен Елбасының құт­тықтау хатында. Сондай-ақ, қос палаталы Парла­менттің – Сенат төрағасы Қ.Тоқаев пен Мәжіліс төрағасы О.Мұхамед­жановтың жолдаған құттықтау лебізін де жеткізген министр өз атынан оқу орнына келешекте табыс тілеумен қатар өз ведомствосы атынан тойға тарту ретінде 10 млн. теңгеге жаңа құрал-жабдықтар алып беруді ұйғар­ғандарын мәлімдеді. Одан кейін құттықтау сөз алған университет түлегі, қала әкімі А.Есімов еліміздің іргелі жоо мерей­тойы­мен құт­тықтай келе, бұл мереке осы оқу орнының ұстаздарының, оны әр жылдары бітірген түлектері мен студенттерінің тойы екендігін, солардың бірі ретінде осы оқу орнымен мақтанатынын әсерлі жеткізді. Сексеннің сеңгірін еңсерген білім ошағы еліміздің аграрлық ғылымын халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге де барынша ат салысып келеді. Бүгінде Еуропаның 157 жоо-мен байланыс орнатып, 2001 жылдан бастап, әлемдік аграр­лық университеттердің жаһандық консорциумының мүшесі. Мұнда мемлекеттің индустриалды-инно­ва­ция­лық даму стратегиясы негізінде 3 ғылыми-зерттеу инсти­туты, әр саладағы 3 ғылыми-зерттеу орталы­ғы жұмыс істейді. Маман­дардың кәсіби жоғары біліктілігін қалып­тас­тырудың негізі – оқы­тушылар құрамының деңгейі десек, бүгінде аталмыш оқу орнында ҰҒА-ның 37 академигі, 600-ден астам ғылым докторы мен канди­да­ты жемісті қызмет атқарып ке­ле­ді. Мұнда маман даярлаудың үш сатысы енгізілген: бакалавр-магистр­-доктор Ph.D. Қазіргі таңда бака­лавриаттың және жоғары білім берудің 42 мамандығы бойынша 10 мыңнан астам студент, магистра­тураның 39 мамандығы бойынша және докторантура (Ph.D) 16 ма­ман­дығы бойынша білім беру бағдар­ла­ма­лары жүзеге асырылуда. 2007 жылдан аграрлық салада Ph.D док­то­рантын дайындайтын жалғыз жоо. Университеттегі тағы бір жағымды жаңалық, мерейтоймен қабат қазақ-жапон инновациялық орталығының да тұсаукесер рәсімі өткізілді. Онда электронды микроскоп, экология мен тағам қауіпсіздігі, сонымен бірге ғылыми диагностикалық зертханалар орын алған. Зертханада жаңа құрал-жабдықтардың мүмкіншіліктерімен биотехнология және нанотехно­логия, ғылым мен техниканы дамыту бағыттарының басымды­лық­тары бойынша жобалар мен бағ­дарламалар іске асырылмақ. Сонымен бірге қонақтар университеттің ғылыми жетістік­терін паш ететін “Аграрлық ғылым мен білім кешенінің 2020 жылға дейінгі инновациялық-индустриал­дық даму бағдарламасын іске асыру жолында” атты ауқымды көрмені тамашалады. Университет аула­сында құдды Қазақстанның ауыл шаруашылығы жетістіктері көрме­сін аралағандай әсер алдық. Олар “біздерде мынадай бар, мынадай бар” дегендей, өздерінің 80 жыл­дағы табыстарын, қол жеткізген жетістіктерін көрсетуге тырысыпты. Көрмеге агротехнологияның ин­тенсивті тұрғыдағы озық үлгілері: ағаштардың, өсімдіктердің, жеміс-жидектердің, асыл тұқымды мал­дардың түрлері, ауыл шаруашы­лығы техникалары мен азық-түлік өнімдері, емдеу-профилактикалық және диагностикалық жұмыстар жүргізетін құрал-жабдықтар, т.б. ауыл шаруашылығына қатысты жетістіктер қойылған. Мәселен, ірі қарадан етті Әулиекөл тұқымының бұқасын көрдік. Олардың 15 айында тірідей салмағы 450 кило болса, 17-18 айында 522, 24 айында 620 килоға жетеді екен. Сондай-ақ, көрмеден омарташыны омарта­сымен, жинаған балымен, әсіресе, тұяқ тартып тыпыршып тұрған Еркет атты таза қанды ағылшын тұқымының айғырын, қазақтың Еділбай тұқымы мен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылынан ғарышқа эмбионы ұшқан Дегерес қойының тұқымын да, Орман және су ресурстары факуль­тетінің қойған 80 түрлі экспонатын да көріп, тамашаладық. – Қазақстан – ауыл шаруашы­лығы басым мемлекет болып табы­лады, – деді Жоғары аграрлық білім мен ғылым бойынша жаһан­дық консорциум президенті Фи­липп Шуке мырза. – Жә­не бұл сала ел үшін өте маңыз­ды. Ал аграрлық университет бой көтергелі осы салаға көптеген мамандар даярлап, өсіруде. Жалпы, алда бұл университетпен тығыз-қарым қатынас орнайды деген сенімдеміз. Университетте 45 жылдай қыз­мет еткен экономика ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Ғалижан Мәдиевтің де өз университеті жай­лы айтар пікірі бар екен. “Ел эко­номикасында ауыл шаруашылы­ғы­ның орны бөлек. Қазақстан аг­рар­лы ел. Біздің дініміз де, біліміміз де, рухани байлығымыз да ауылдан. Ендеше, 80 жылда дайындалған 135 мың маманның сол ауылды көр­кейтуге, дамытуға, елдің эконо­ми­ка­сын көтеруге қосқан үлестері шексіз. Соған біздер қуанамыз. Оның үстіне ауыл шаруашылығы са­ла­сының өсуіне, өркендеуіне қой­ы­лып жатқан талаптарға, ин­но­вация­лық-индустриалдық техно­логияны жетілдіруде, оны игеруде, ауылдың бәсекелестік деңгейін көтеруде білім берудегі ғылыми мүмкіншілік­теріміз, тәжірибеміз, материалдық базамыз жеткілікті. Осы бағытта жұмыс жасап жатыр­мыз, әрі де дами береміз деген үміт­теміз” деді ғалым. Ол бір айта кететін жайт, білім ордасының 80 жылдық мерейтойына байланысты “Агро­өнер­кәсіп кешенінің инно­вация­лық-индустриялық даму: қа­зіргі жағдайы және болашағы” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция табыспен өтті. Конференция жұмысына К.Тими­рязев атындағы Мәскеу ауыл­шаруа­шылық академиясының – Ресей мемлекеттік аграрлық уни­вер­ситетінің проректоры Е.Кош­кин, Украинаның ұлттық био­ре­сурстар және табиғатты пайдалану универ­сите­тінің ректоры Д.Мель­ни­чук, Белоруссия мемлекеттік ауыл ша­руашылығы академия­сы­ның про­ректоры А.Чещоткин, сондай-ақ АҚШ, Жапония, Қытай, Гер­ма­нияның аграрлық жаһандану орталықтарының өкілдері, т.б. аграр­­лық саланың маман­дары қатысып, келелі кеңес өткізді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.