ҚАЗАҚСТАН ТУБЕРКУЛЕЗДІ АУЫЗДЫҚТАЙ БАСТАДЫ
Бұл жөнінде Алматыда “Алатау” шипажайында Қазақстан фтизиатрларының кезекті VІ съезінде атап өтілді. Бес жылда бір өтетін республика фтизиатрларының алқалы жиынына Әділет, Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстанның фтизиатрия ҒЗИ директорлары, ДДҰ-ның Орталық Азиядағы туберкулезді бақылау аймақтық бюросының, бірқатар халықаралық ұйымдардың, Туберкулез бен АИВ/ЖИТС және безгекпен күрес жаhандану қорының өкілдері, медициналық жоо-ның ректорлары мен фтизиатрия кафедраларының меңгерушілері, еліміздің әр аймағынан келген фтизиатр дәрігерлер қатысып, осы уақыт аралығында атқарылған жұмыс нәтижелерін қорытындылады және алыс-жақын шетел мамандарымен туберкулезге қарсы алдағы мақсатты іс шаралар туралы тәжірибе алмасты.
Алдымен осы бес жыл аралығындағы қандай нәтижелерге қол жеткіздік деген мәселеге келсек, елімізде туберкулездің эпидемиологиялық жағдайын ДДҰ ұсынысына сай жақсарту мақсатында ауқымды шаралар жүзеге асырылған. Мәселен, 2002 жылы науқастану көрсеткіші 100 мың тұрғынға 165,1-ден келсе, 2005-2009 жылдары аталған көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 28,5 пайызға, яғни 147,3-тен 105,3-ке төмендеген. Бұл тұрғыда балалардың науқастану көрсеткіші 2005 жылы 39,4 болса, 2009 жылы 20,9 құрапты. Яғни, төмендеу қарқыны 47,0 пайызға жеткен. Жасөспірімдер арасында да науқастану деңгейі бәсеңдеген. Соңғы 5 жыл ішінде туберкулезді алғаш жұқтырғандар арасында туберкулездің асқынған түрлері 669 жағдайдан 122, туберкулез менингиті 46 жағдайдан 18 жағдайға кеміп, өлім көрсеткіші 38 пайызға азайған.
Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Садықовтың айтуынша, елімізде денсаулық сақтау саласын қаржыландыруда, соның ішінде фтизиатрлық қызметте үлкен өзгерістерге қол жеткізілген. “Соңғы үш-төрт жылда барлық емдеу мекемелері қазіргі заманғы соңғы диагностикалық аппаратуралармен жабдықталып, екі жылда дәрігер-фтизиатрлардың жалақысы көтеріліп, мамандардың бұл саладан кетуі тоқтады. Сондай-ақ бұл әлеуметтік маңызы бар ауруға жергілікті билік және орталық атқару органдарының көзқарасы, қарым-қатынасы өзгерді. Былтырғы жылы аймақ бюджетінен 200 млн. теңгеге туберкулезбен ауырған науқастарға әлеуметтік пакет үлестірілді, – деді жауапты хатшы.
Туберкулезге қарсы бағдарламаның айрықша бағыттарының бірі – бірнеше дәріге төзімді туберулезге қарсы күрес болып табылса, осы мақсатта 2008-2009 жылдары барлық туберкулезге қарсы мекемелерде туберкулез диагностикасын жылдамдату және бірнеше дәріге төзімді туберкулезді емдеуді ертерек қолға алу мақсатында заманауи зертханалық “Bactec-Mgіt-960” қондырғысы кеңірек пайдаланылған. Ең бастысы – ТМД елдерінің ішінде Қазақстанда ғана бактерия бөлуші науқастар КДТ ТБ түріне толықтай тексеріліп, бюджет есебінен әсері жоғары қымбат дәрілермен қамтамасыз етілген.
– Қазақстан өкпе ауруларының қазіргі диагностикасы проблемаларына жеткілікті көңіл бөліп, медициналық мекемелерді жарақтандыруда өте қомақты қаржы салуда, – деді бізге мәскеулік қонақ, “Филипс-Денсаулық сақтау” компаниясының “компьютерлік бағыт, ядролық медицина” бағытының жетекшісі Дмитрий Киселеев. – Мәселен, рутиндік рентген аппаратурасы, сонымен қатар аз ғана сәуленің әсерімен өкпедегі ауру ошағын тез анықтайтын сезімталдығы жоғары сандық рентген жабдығы, ал жаңа технологиялық қазіргі заманғы компьютерлік томографтар ең жоғары тиімді диагностикалық құрылғы, өйткені онда бір мезетте үлкен жылдамдықпен әрі жоғары сапада өкпені бірнеше қабатта кесіп, бейнеленуі дәрігердің кеселді анықтауына септігін тигізбек.
Сондай-ақ, Қазақстанда инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруде үлкен іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, тиісті салалар мен мекеме мамандарының біліктілігі арттырылып, облыстық, аймақтық, аудандық туберкулезге қарсы диспансерлерде төсектік қор қайта құрылып, эпидемиологиялық қауіптілігіне байланысты стационарларға жатқызу белгіленген. Туберкулезге қарсы мекемелер қорғаныс деңгейі өте жоғары респиратор-маскамен жабдықталды.
Съезд делегаты, Шығыс Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Майгүл Жігітекованың айтуынша, екі съезд аралығында бұл қызметте сапалық жағынан көп өзгерістер болған. “Егер съездің бес жылда бір рет өткізілетінін ескерсек, – дейді ол, – бұл шара еліміздің фтизиатр дәрігерлері үшін маңызды оқиға болып саналады. Мұнда осы жылдары атқарылған жұмыстарымызға қорытынды жасалып, алдағы жұмыс жоспарлары қабылданады.
Сонымен қатар съезде Қазақстандағы, ТМД және әлемдегі эпидемиологиялық хал-ахуалды тұрақтандыру, жақсарту жолдарын, алыс жақын шетелдіктердің іс тәжірибесін ескере отырып талқылау және нақтылау қарастырылды. Қазақстандағы туберкулезге қарсы күрес Ұлттық бағдарламасын жүзеге асырудағы түйінді мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары әңгіме өзегіне айналды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
* * *
ПЫШАҚСЫЗ ОТА ЖАСАУ МӘСЕЛЕСІН РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒАЛЫМДАРЫ БІРЛЕСІП ТАЛҚЫЛАДЫ
Озық технологиялардың енгізілуі – бүгінгі заманғы медицинаның басты жетістігі әрі артықшылығы болып табылады. Осындай технологиялар мен құрал-жабдықтар халықаралық хирургиялық тәжірибеге де берік орнығып келеді. Соның нәтижесінде, бүгінде пышақсыз ота жасаудың жаңа мүмкіндіктері мен әдіс-тәсілдері пайда болды. Орал қаласында бас қосқан Ресей мен Қазақстанның медик ғалымдары осы өміршең мәселе жөнінде ой тарқатты.
Мұндағы жетістік аталған озық технологияны мақсатты түрде үйренуден әрі игеруден бастау алмақ. Оның түрлері мен әдістерін санар болсаңыз, оған бүгінде он саусақтың өзі жетпес еді. Микрохирургиялық техниканың көмегімен ота жасау – соның бірі. Мұндай жағдайда дене тілінбейді, кесілмейді. Ота жасау үшін наркоз берілмейді. Ағзаға жарақат түгіл сынық сызық түспейді.
Оралдағы форумда атап көрсетілгендей, хирургиядағы мұндай жаңа емдеу тәсілдері науқастың клиникада жататын күндерін әжептәуір қысқартады. Яғни, мұндай емдеу жағдайында олар тез сауығып кетеді. Екіншіден, ол хирургиялық көмек түрлерін жаңа сапалық деңгейге көтере алады. Сондай-ақ пышақсыз ота жасау тәсілі бюджет қаражатын үнемдеудің бір көзі.
Халықаралық конференцияда Самара мемлекеттік медицина университеті онкология кафедрасының ассистенті, медицина ғылымдарының кандидаты Олег Каганов пен осы қаладағы онкологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Александр Скупченко осындай тәсілмен өт жолдарына, өкпе және бауыр ісіктеріне ота жасаудың тиімділігі туралы әңгімелеп берді. Ал микрохирургиялық техниканы пайдалану арқылы есту қабілетін жақсартатын оталар жасау жөніндегі оралдық хирург Р.Канкиевтың тәсіліне де жиынға қатысушылар қызығушылықпен құлақ түрді. Сондай-ақ, мәскеулік хирургтардың жаңа технологияның көмегімен мидағы қатерлі ісіктерді емдеу жөніндегі ой-пікірлері де ешкімді селсоқ қалдырмады.
Орал қаласының осындай халықаралық медициналық қауымдастықтың бас қосатын орны ретінде таңдалуы неліктен? Әрине, мұны тектен тек деуге болмайды. Өйткені, мұнда бүгінгі заманғы медициналық технологиялар екі мыңыншы жылдан бері қолданылып келеді. Осы кезден бастап хирургиялық емдеудің заманауи тәсіліне көшкен облыс оташылары жылына 1400-ге жуық пышақсыз ота жасап келеді екен. Әрі жедел және жоспарлы түрде мұндай оталардың дені бюджет есебінен тегін жасалатыны атап айтуға тұрарлық мәселе.
Оралдық әріптестерінің осындай оңды іс-тәжірибелері жөнінде Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институты урология және андрология кафедрасының меңгерушісі Болат Шәлекенов өз ой-пікірін газет тілшісіне былайша жеткізді.
– Несеп жолдарында жиналған тастарды ұсақтап, уатып, отасыз емдеу, жүрекке жасалатын жеңіл оталар – батысқазақстандық хирург-дәрігерлердің күнделікті дағдыларына айналғанына куә болып отырмыз. Мұндай тәжірибелер үйренуге әбден болады. Бұл қазіргі қазақстандық медицина алға ұстап отырған басты бағыттардың бірі.
Міне, осы бағытта халықаралық конференция қарарында Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасы базасында емдеудің интервенциялық тәсілдері (пышақсыз ота) бөлімшесін ашу жөніндегі мәселе көрініс табуы өте қисынды деп білеміз. Бұл кез келген жағдайда әрі тұрақты түрде бүгінгі заманғы ең озық технология бойынша тұрғындарға медициналық көмек беруге алғышарт қаламақ.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
* * *
МҮГЕДЕК БАЛАЛАР МҰҢАЙМАС ҮШІН
Астанадағы “Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы” АҚ базасында “Педиатриядағы кохлеарлық имплантация” атты бес күндік мастер-сыныпты Инсбрук қаласындағы (Австрия) медицина университетінің профессоры Георг Шпринциль өткізді. Ал көп ұзамай еліміздің әр аймағындағы оториноларингологтарға арналған кохлеарлы имплантация бойынша көрнекі операциялар өткізілетін болады. Өйткені, Қазақстанда соңғы жылдары құлағы естімейтін патологиясы бар балалардың саны арта түсуде. Медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясының дерегіне жүгінсек, тек Астана мен Ақмола облысында 150-ден астам бала есту қабілетінен айырылған болса, 500-ден астам ересектер тіркеуге алынып, мүгедектік бойынша жәрдемақы алуда. Әрине, республика бойынша бұл деректер едәуір арта түседі және шұғыл шешім қабылдауды талап етеді. Соның нәтижесінде, әлем бойынша осы есту кохлеарлық, діңгекті импланттарды медициналық практикаға енгізу өз шешімін тапты.
Қазіргі таңда Қазақстанда кохлеарлы импланттар Алматы қаласының “Ақсай” республикалық балалар клиникалық ауруханасында ғана қолданылады. Мұнда шетелдік мамандардың тартылуымен барлығы 70-ке жуық импланттар жасалды. Ал республика бойынша импланттарға кезекте тұрған балалардың саны 400-ден асып тұрған болса, соған орай мұндай операциялар санын көбейту қажеттігі туындап отыр.
“Егемен-ақпарат”.
* * *
ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ “ДЕНСАУЛЫҚ”
пойызы жамағатқа аурудың алдын алуды үйретуде
Стансадан стансаға, темір жол бекеттеріне, ірі елді мекендерге жылжып отыратын “Денсаулық” пойызы туралы жұртшылық жақсы біліп қалды. Ақпараттық ғасырда жаңалық жерде жатпайды, ә дегенше өзге елді мекендерге де жетіп тұр. “Пойыздың ішінде бүкіл емхана орналасқан, хирургтен бастап тіс дәрігеріне дейін бар екен, ең бастысы бәрі де тегін қарайды” деген хабар құлаққа жетісімен адамдар вокзалға қарай ағылады. Тоғыз вагоннан тұратын “Денсаулық” пойызында сырқатты анықтауға арналған медициналық құралдардың барлығы да бар. Алдымен терапевт дәрігердің қабылдауында болғандар ауруының түріне қарай басқа мамандарға жазылады және оның себебін анықтайтын медициналық көмекші құралдарға жүгінеді. Вагонның іші дәрігер кабинетіне, зертханаға айналып кеткен, тарлығы да білінбейді, қайта ұядай, өте қолайлы көрінеді. Пойыз әр бекетте ең кемінде 13 сағат тұрып, науқастарға қызмет көрсетеді. Негізінен екі тәулікке жақын аялдайды. Мысалы, Қайранкөл стансасында 47 сағаттан астам тұрды. Бала-шағадан еңкейген кәріге дейін осында. Педиатрға анасы әкеліп көрсеткен он бір жасар қыз баланың денсаулығы дәрігерлерді алаңдатты. Әлгі әйел қызының соңғы кездері басы айналып, құлап қала беретінін айтты. Баланың жүзі солғын, тым әлжуаз екені де көрініп тұр. Зертханада саусағынан қан алып, тез арада оның құрамы анықталды. Баланың қанындағы гемоглобиннің мөлшері тым төмен түсіп кеткен, 28 грамм/литр болыпты. Бұл баланың әлсіздігімен қатар оның жалпы денсаулығына да қатерлі болатын. Дәрігерлер оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Анасымен жеке әңгіме өткізіп, қызының ағзасындағы өзгерістер туралы түсіндірді және оны дұрыс тамақтандыру, демалдыру, таза ауада көп қыдырту керектігіне кеңес берді. Біздің айтып отырғанымыз, дәрігерлердің бір ауруға көрсеткен қызметінің шет жағасы ғана. Ал пойыздағы дәрігерлерге қаралуға ол тоқтаған елді мекендердің тайлы-тұяғы қалмай келді.
– Күніне 230-240 адамға дейін қабылдаймыз. Дәрігерлер таңертеңнен кешке дейін тынымсыз жұмыс істейді. Біз стансаға тоқтағанмен, оған жақын жерлердегі ауылдардың тұрғындары да келіп жатыр. Адамдар бір күннің ішінде өзінің денсаулығы туралы барлық ақпараттан хабардар болады, – дейді “Денсаулық” пойызының бас дәрігері Сырым Әжіғалиев.
Орайы келгенде айта кетсек, үстіміздегі жылы медициналық қызметпен қамту мәселелерінде өзара іс-қимыл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мен “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы арасында қол қойылған меморандум шеңберінде “Денсаулық” пойызы жобасы өмірге келген еді. Меморандумда айтылғандай, шойынжол бойындағы бекеттер мен стансаларда тұратын теміржолшылар мен олардың отбасына арнайы және жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында тоғыз вагон тіркелген пойыз бірінші шілдеде жолға шыққан болатын. Оның төрт вагонында медициналық қызмет көрсетіледі, екі вагонында дәрігерлер мен медбикелер, қызметкерлер жатақханасы орналасқан, ал екі вагоны асхана, қойма, ресторан болып саналады. Үш айдай уақытта “Денсаулық” пойызында 20 мың адамға 60 мың дәрігерлік қабылдаулар жүргізілді.
– Пойыздағы УЗИ, рентген, зертхана, стоматология кабинеті, көз ауруларын, оның қысымын өлшейтін қондырғылар, мидың қан тамырларын анықтайтын электроэнцефалография аппараты, ЭКГ және тағы басқа ауруларды анықтайтын құрылғылар сияқты көптеген медициналық құралдарда тексерілуге адамдар толық мүмкіндік алды. Тісін емдетуге келгендер кезекке тұрды, – дейді бас дәрігер Сырым Әжібаев. Пойыздағы дәрігерлер көптеген аурулардың диагнозын қойғанмен, олар қаладағы ауруханалар мен емханаларда ары қарай толыққанды тексеруден өтуді қажет етеді. Рентгеннен өткізгенмен туберкулез ауруын арнайы мамандандырылған зертханада тексеріп қана толық анықтау керек. Ал ауылды жерлерден келгендер арасында рентген айнасы күдік келтіргендер аз болған жоқ.
“Денсаулық” пойызы жаз айларында каникулда жүрген студенттер мен мектеп оқушыларын да көптеп қамтыды. Оқып жүргенде студенттердің мұндай толық тексерілуден өтуге уақыты келе бермейді. Ал ауылдағы тек малға қарап отырған ағайынға денсаулығын тегін тексертіп, тісін тегін емдетіп алудың да олжа екенін жасырудың қажеті жоқ. “Денсаулық” пойызындағы уролог және хирург дәрігерлерге ұл баласын сүндетке отырғызуды сұраған ата-аналар да көп кездесті. Осы ата-аналық парызын орындау үшін ауыл адамдары бар жұмысын тастап, 6-7 жасар ұлын жетектеп аудандық немесе қалалық ауруханаларды жағалап кететін. Сондай-ақ, пойыздағы түрлі салалық дәрігерлер кабинетінде сырқаттың ауыр-жеңіліне қарай медициналық қандауырдың араласуымен жасалған кішігірім ота да жақсы нәтиже берді.
Қазір пойыз Қостанай облысындағы стансалар мен бекеттерді аралап жүр. Көкшетау жағынан оралған пойыз Қостанай облысының шекарасындағы стансаларға келіп тоқтағанда эстафетаны “Апаттар медицинасының темір жол госпиталі” акционерлік қоғамының филиалы – “Қостанай темір жол ауруханасы” қабылдап алды. Өткен айдың қыркүйегінен бастап, осы аурухананың он бес дәрігері мен он медбикесі “Денсаулық” пойызында денсаулық күзетінде тұр. Олардың арасында лор, педиатр, окулист, невропатолог, акушер-гинеколог, терапевт, стоматолог, хирург, уролог мамандардың бәрі табылады. Тұрғындарға медициналық қызметпен қатар дәрі-дәрмек те тегін беріледі. Стансалар мен бекеттер тұрғындары медициналық қызметтің бұл түріне өте риза.
– “Денсаулық” пойызы облыс өңіріне келісімен біздің аурухана оны бірнеше рет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Тексеру жұмыстарының арқасында науқас жандарға диагноз дер уақытында қойылып, ауру түрлері ерте анықталады. Ондай ерте анықталған аурулар емдеуге де тез көнеді, адамның өзі де тез айығады. Сонымен қатар, пойызда дәрігерлер жүргізген профилактикалық-ағарту жұмыстары тұмау, туберкулез, дезинтерия сияқты жұқпалы аурулардың азаюына кепіл болады. Созылмалы аурулардан зардап шегетіндер уақтылы емделуді, күтінуді әдетке айналдырады, – дейді Қостанай темір жол ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мәрзия Есқазина.
Медициналық қызмет пойызының бас дәрігері Сырым Әжібаевтың айтуынша, қазан айының аяғына дейін республикада осындай тағы бір “Денсаулық” пойызы жолға шықпақ. Ал келер жылдың басында еліміздегі темір жол желісінің бойында үшінші “Денсаулық” пойызы жұртшылыққа медициналық көмек көрсететін болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.
* * *
АУРУЫН ЖАСЫРҒАНДЫ, ӨЛІМ ӘШКЕРЕ ҚЫЛАДЫ
Облыстағы денсаулық сақтау саласына жаңа бетбұрыс қажет
“Бірінші байлық – денсаулық” деп бекерге айтылмаған. Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев өңір басшысы болып тағайындалысымен әуелі денсаулық саласына баса назар аударды. Оның облыс халқы алдында:
– Біз үшін адам денсаулығы өте қымбат. Әрине, мәселе бар. Оны жасырмай айту қажет. Туберкулез, жүрек-қан тамыры, онкология аурулары алаңдатады. Облысымызда ана мен бала өлімі орын алмауы керек. 2008 жылмен салыстырғанда, 2009 жылы ана өлімі 2 есеге көбейген. Ендігі жерде бұған жол беруге болмайды. Сондықтан, дәрігерлер жауапкершілігін қатаң бақылауға алып, барлық жағдайды жақсартамыз, – деген сөзі әлі есте.
Сонымен, бүгінде денсаулық сақтау саласында қандай жұмыстар атқарылып отыр? Басты мәселе ақшаға келіп тірелетіндіктен, осы салаға әр жылдары бөлінген қаржы көлемін салыстырып көрейік. Мысалы, 2008 жылы денсаулық саласындағы бюджет шығындары 22 млрд. теңге болыпты. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда, біршама көп десек, экономикалық даму дәстүрі бойынша салаға қаралған қаржы осы екпінмен жыл өткен сайын көбейе беруі керек еді. Бірақ облыстың денсаулық сақтау саласына 2010 жылы 21,4 млрд. теңге қарастырылған болып шықты. Бұл 2009 жылдың деңгейінен 2,7 пайызға төмен. Оның ішінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету көлемін қамтамасыз етуге бөлінген 11,6 млрд. теңге де бұрынғы жылға қарағанда 31,1 пайызға аз. Неге бұлай болды? Әлде қаржыны қайда және қанша бөлуді қадағалап отыратын облыс депутаттары аз қаржымен де көп іс тындыруға болады деп шешті ме?
Биылғы қаңтар-маусым айларында емдеу мекемелері бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ана өлімі деңгейінің өсуі Жуалы, Т. Рысқұлов атындағы, Сарысу аудандарында және Тараз қаласында байқалған. Ал сәби өлімінің көбеюі Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Т. Рысқұлов атындағы және Сарысу аудандарында тіркелген. Адам өмірін ажалдан арашалау деген күрделі мәселеде көп жағдай дәрігерлердің біліктілігіне келіп тіреледі. Облыста дәрігерлермен қамтамасыз ету 2009 жылғы 24,8 деңгейден үстіміздегі жылдың алты айының қорытындысы бойынша 25,3-ке дейін өскенмен, кадрлар тапшылығы Жамбыл және Меркі аудандарында көбірек сезіліп отыр, дейді сарапшылар.
Ауруды ажалға бермеу үшін алдымен оны емдейтін, сауықтыратын орындар мен оның құрал-жабдықтары бүгінгі медицина талабына сай болуы керек. Ол үшін емханалар мен ауруханаларда жөндеу, күрделі жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізіп және оларға қажетті заманауи жаңа құрал-жабдықтар сатып алу шарт. Облыста алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының 39 нысанын жөндеу қарастырылыпты. Мұның ішінде “Жол картасы” шеңберінде 12 нысан бар. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне осы 12 нысан бойынша 271,9 млн. теңге игерілген. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жөнделіп жатқан 27 нысанда 271,4 млн. теңгенің жұмысы атқарылған.
Өңірдегі “100 мектеп, 100 аурухана” шеңберінде қолға алынып отырған игілікті істерді қазіргіден де қарқынды дамыту керек сияқты. Мысалы, Тараз қаласы мен Шу және Жамбыл аудандарында салынып жатқан денсаулық сақтау нысандарының пайдалануға беру мерзімі сағыздай созылып, “сақалды құрылыстар” қатарын көбейте түсуде. Әсіресе, Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы емхана құрылысының басталғанына, міне, табаны күректей үш-төрт жылдың жүзі болып қалды.
Бірақ, бұл “әттегенайлар” атқарылып жатқан нақты істерді жоққа шығара алмайды. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен 482 млн. теңгеге 19 ауылда медициналық нысандар іске қосылып, 85 денсаулық сақтау орындарына күрделі жөндеу жұмысы атқарылыпты. Ауылдық ауруханаларда төсек саны көбейіп, емдеу сапасы арта түскен. Облыстық ауруханада кардиохирургия бөлімшесінің ашылуы да осы бір шетін аурудың кезегінде тұрған адамдардың көңіліне үміт отын қайта жаққандай. Қалалық емханада хирургия орталығы қосылды. Ал биыл жаз Тараз қаласындағы “Мейірім” орталығында компьютерлік томография іске қосылды.
Дегенмен, облыстағы денсаулық сақтау саласының сапасы қазіргіден де жетілдіре, жақсарта түсуді талап етеді. Мысалы, ана мен бала өлімінің азаймауы – алдын алу шараларына қажетті медициналық заманауи құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігін, дәрігерлердің жайбарақаттығы мен қабілетсіздігін көрсетеді. Сондай-ақ, облыста туберкулезбен ауыратындарды емдеу арқылы олардың санын азайту жөніндегі медициналық сауықтыру іс-шараларын да тез арада жолға қою керек. Өйткені, туберкулез – әлемді жайлаған әлеуметтік дерт. Жыл сайын әлемде 10 млн. адам осы аурумен ауырып, 3 млн. адам қайтыс болса, оның ішінде жыл сайын 8 мың адам дүниеден өтеді екен. Ал Жамбыл облысындағы туберкулез ауруына шалдыққандардың саны 18 526 адамды құрап отыр. Өңірдегі әрбір елу жеті адам өкпе ауруын жұқтыру қаупі зор аймақта өмір сүріп жатыр. Тұрғындар мен үйлер санының өсуіне байланысты Байзақ және Қордай аудандарының орталықтарындағы ертеректе салынған туберкулез ауруханаларының халық көп қоныстанған жерде қалып қоюы да мәселені шиеленістіре түсуде.
Денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселенің бірі кадр әлеуетіне келіп тіреледі дедік. Мысалы, облыстағы фтизиатрлардың жалпы саны 43 болса, оның ішінде учаскелік фтизиатрлар – 36. Бұл қарапайым есептен шығатын қорытынды, облыста әр дәрігерге 430 аурудан келеді екен. Мысалы, облыстағы кадр тапшылығы 2010 жылдың 1 қаңтарына 330 маманды құраған.
Басқа өңірлерге қарағанда, оңтүстікте аналардың бала туу деңгейі жоғары болатыны белгілі. Соңғы жылдары облыстағы демографиялық жағдай жақсарып келеді. Өткен жылғы мәліметтерге көз жүгіртсек, адамдардың туу индексі артып, қайтыс болу индексі төмендей түскен. Алайда, қазақстандықтардың өмір жасының орташа ұзақтығын 72 жасқа дейін жеткізуге талап жасалып отырған қазіргі кезде облыстағы адам өмірінің орташа ұзақтығының 67 жасты құрауы (ерлер – 62, әйелдер – 72 жас) алаңдата береді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.