27 Қазан, 2010

Ой

448 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қызылорда облысы, Шиелі ауданында Мұстафа Шоқай мен Нартай Бекежановтың 120 жылдығына, академик Мұхамеджан Қаратаевтың 100 жылдығына ауданнан шыққан 41 еңбек ерінің ең соңғы могиканы – Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваның 90 жылдығына арналған екі күндік той болып өтті. Іс-шара көтеріңкі көңіл-күйде кең түрде атқарылды. Бірақ айтыс, концерттер болмаса қалың елге түсінікті болар көп жағдай белгісіз қалды. Мұстафа Шоқай мен Мұхамеджан Қаратаев жөнінде еш баяндама немесе дөңгелек үстел, ғылыми конференция өткі­з­ілмегені, яғни мүм­кін­дік­терді пай­да­лан­бағаны өкі­нішті. Мен осы тұл­ға­лардың әр­қа­й­сысына бай­ла­нысты пікір ай­тылар деп ойлап едім және олар қалың жұртқа керек те еді, олай болмады. Енді мен М.Шо­­қай жө­нінде екі үзік ой айтқым келеді. Бірі оның қиын­дықта жол тап­қыш­тығы, екін­шісі ерен ер­лігі, еліне, хал­қына табанды бе­ріл­гендігі. Бар­шаға аян Мұс­тафа Шо­қай Петербург университетін бітірген. Қоғам қайраткері. Ресейде патша өкіметі құлап, Кеңес үкіметі орнаған кезде ежелгі арманы Түркістан Республикасын орнату мақсаты орындалмай, келмеске кеткен соң, елін, жерін тастап, Каспий теңізі мен Баку арқылы Грузияға, одан әрі Қара теңізбен Түркияға келеді. Арманы Орта Азия мен Қазақстанды большевиктер шеңберінен босатып, өз алдына егемен ел ету. Ол үшін әлемге сөзі жететін аудитория қажет болды. Түркия жері оған ондай мінбер бола алмайтынын байқады. Мұстафаға көптеген халықтардың зиялы қауымының тоғысқан жері керек еді. Сондықтан ол Парижге қоныс аударды. Мақсаты сол жерде журнал шығару, түркі елдерінің егемендікке жету санасын ояту. Біз қашанда Ресейден шетелге кетіп, Лондонда ерікті орыс типографиясын орнатып, “Полярная звезда” журналын, сондай-ақ “Колокол” газетін басып шығарып, Ресейдің аймақтарына таратқан А.И.Герценді айтқанда, бұл ерен ерлік деп айтамыз. Бірақ ол Мәскеудегі ең беделді әрі бай-помещик И.А.Яковлевтің семьясынан шыққан болатын. Елін сағынғаны болмаса қаржыдан қиындық көрмеді, Ал Мұстафаның жағдайы бөлек. Патриоттық жігерлік табандылығы болмаса қаржыдан мұқтаждық көрді. Әкесінің байлығы жойылып кетті. Бір күні жұбайы Мария Яковлевна оған бір ғана долларымыз қалды, қайтеміз дейді. Сонда Мұстафа саспай, әйеліне: “Борщ жаса. Осы жерде елінің тағамын сағынып жүрген орыстар көп. Солардың бір-екеуін тамаққа шақыр”, дейді. Әйелі солай етеді. Кешке борщтың қалғанын екеуі ішіп, тиын-тебендерін санаса екі доллар болыпты. Ертеңіне борщты екі долларға жасайды. Сөйтіп, күннен-күнге көбейте келіп өз пәтерін тамақтандыратын орынға айналдырады. Былайша айтқанда Мария ас пісіріп, өздерін асырайды. Ал Мұстафа болса “Жас Түркістан” журналын шығарып, оған мақала жазып, мақсатын іске асыруға кіріседі. А.И.Герценді орыс халқы мақтан етеді. Ал шет елде, бөгде жерде қалтасында тиын-тебені жоқ тәуекелшіл көреген Мұстафа сияқты ерді кіммен салыстыруға болады? Басқа адамның ондай жерде қауқары қайтып, мүсәпір болып қалмай ма. Ал Мұстафа Мариямен бірге бұған төзді, қажырланды. Кейде Мұстафаны іздеп келгендер бола қалса, оның жұмысының қаншалықты ауыр екені сонша, келген кісімен сөйлескен кезде капуста турап, картошка тазартып отырады екен. Бұл уақытты үнемдеу болатын. Осының бәрі алдына үлкен мақсат қойған Мұстафаның аз уақытты пайдаланған шет жердегі өмір сүру көрінісі еді. Мұны жұбайы Марияның өзі жазып қалдырған. Екінші айтайын дегенім, Мұстафаның шексіз ерлігі. Біз Бауыржанды ер дейміз, халық қаһарманы екенін айтамыз. Ол шынында да солай. Десек те Бауыржан Кеңес еліне сүйеніп неміс фашистеріне қарсы соғысты. Артында қалың елі тұрды. Ал Мұстафа жалғыз өзі бүкіл социалистік жүйеге қарсы шықты, Сталин тырнағынан қазақ, басқа Орта Азия халықтарын босатпақ болды. Бұл ерлікті немен салыстыруға болады. Мәселен, А.И.Герцен патшалық Ресей жүйесіне қарсы шыққан жоқ. Ол тек патша өкіметі мен помещиктерді үгіттеп, шаруаларды басыбайлықтан босатуды өтінді. Әйтпесе Ресей артта қала беретінін айтты. Сол үшін еңбектенді. Бірақ бұл Мұстафа ерлігінің тобығына да келмейді. Солай болса да оны Ресей тарихшылары революционер демократ деп дәріптеді. Сонда Мұстафа кім, Герцен кім?! Міне, әңгіме қайда. Керісінше, Мұстафа айға шапқан арыстандай еді. Әрине, оның бұл ерлігі аяқсыз қалмады. Мұстафа бастамасы көп жағдайға үлгі болды. Лондонда корольдік “СентралАзиан Ревью” деген журнал шығарылып, Қазақстан Орта Азия жағдайын бағдарлап, оны орыстың отары деп жазды. Сол авторлардың бірі белгілі Дж.Уилер еді. Дәл осындай пікірді Франциядағы Сорбонна университетінің профессоры Элен Каррэр Д-Анкос та өз еңбектерінде дәлелдеп жазды. Кельн қаласында тұрған Баймырза Хаит “ХХ ғасырдағы Түркістан”, “Ресей мен Қытай аралығындағы Түркістан”, “Кеңес үстемдігіндегі Түркістан” деген кітаптар жазды. Аттарының өзі айтып тұрғандай, автор Түркістанды Кеңес Одағы отары деп қарады. Өз еңбектерінде Баймырза Хаит мені осы еңбектерді жазып шығаруыма Мұстафа Шоқай архивтері мен жазбалары көп әсер етті деп айтады. Осы Шиелідегі тойдан көп оймен оралдым. Ниетім – жерлестерім арыстарды терең білсе деген мақсат қой. Бұл ойды Мұхамеджан Қаратаев жөнінде де айтқым келеді. Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик.