* * *
ҚАРАТАЛДЫҚТАР ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жаңа онжылдықта экономикалық жоспарларды дәйекті саяси жаңғыртудағы құқықтық реформаның маңыздылығы атап көрсетілген. Осы орайда халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы жандандырылып, құжат рәсімдеу мен тағы басқа да мәселелердің шешімін тапқанын айтуға болады. Талдықорған қаласында “Бір терезе” қағидатымен барлық мүмкіндіктері қарастырылған көп қабатты ғимарат пайдалануға беріліп, шаһар халқының игілігіне айналғалы көп мәселенің түйіні тарқатылған еді. Енді халық көп шоғырланған “Қаратал” шағын ауданынан тағы бір халыққа қызмет көрсету орталығы ашылып, онда 25 маман тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Жаңа орында кеңес беру, құжат қабылдау, құжат тапсыру және “Қазпоштаның” арнайы кассасы орналасқан. Аталған орталықта Еркін ауылдық округі, “Қаратал”, “Шығыс” шағын аудандарының тұрғындары қажетін шешіп, құжаттарын реттеуіне мүмкіндік туды. Алдағы кезде қалада осындай 10 орталық ашу көзделген. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.* * *
ЖАЙЫҚ ӨЗЕНІНЕ ТҰРҒЫНДАР ДА АЛАҢДАДЫ
Президент Әкімшілігінің бас инспекторы Қалдыбай Байымбетов Индер ауданында болып, жұртшылықтың көкейіндегі мәселелерін тыңдады. Мәселен, “Жанбай” шаруа қожалығының жетекшісі Ғалымжан Нұғыманов жаз айларындағы аптап ыстық пен құрғақшылықтың салдарынан мал азығын дайындаудың қиын болғанын, сонымен қатар, Жайық өзенінің суы ортайып, арнасы тартылып бара жатқанына алаңдап, өңірдегі басты су көзі саналатын Жайық өзенінің ахуалына тиісті министрліктер тарапынан бақылаудың болғанын қалайтынын жеткізді. Бас инспектор бұл мәселені салалық министрліктер алдына қоятынын, сөйтіп, тиісті шешімдер алынуына ықпал етеріне тоқталды. Бас инспектор аудандағы Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жаңадан іске қосылған құрғақ құрылыс қоспаларын шығару зауытының жұмысымен де танысты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.* * *
ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС ЖИЫНЫ
Студенттер сарайында жасөспірімдер мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жайында жиын болып өтті.Жиында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов қатысушыларға оның мән-маңызын егжей-тегжейлі түсіндіріп, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықты болдырмау шараларын жүйелі жүргізуді қадап айтты. Мұнан соң облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Шархан Бихожаев хабарлама жасады. Басқарма бастығы облыс аумағында жастар арасында орын алған нақты қылмыстық оқиғаларды айта келіп, онымен күрес шараларына тоқталды. Биылғы жылдың 9 айында облыс бойынша жасөспірімдер арасында 78 қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10,3 пайызға төмен. Жиында облыстық білім басқармасының бастығы Ж.Жонтаева, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің бірінші проректоры Б.Сайлыбаев, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Б.Муятов сөз алып, қоғамдық дертке қарсы күреске байланысты өз ойларын білдірді. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.