(Қаз-қалпында)
– Жолың болсын, Жортпасжан! – деді Сағидолла жездесі оны аудан орталығына шығарып салып тұрып. Жортпастың үстінде жездесі сыйлаған үр жаңа сұр костюм-шалбар. Басында күнқағары күректей ақ телпек. Жездесімен аялдамада тұрған ол қара көзілдірігін бір шешіп қайта киіп, әлгінде тасырлата жауып өткен нөсерден қалған шалшыққа үңіліп әлек...
– Автобус та келіп қалар, – деді Сағидолла жездесі балдызының тым тапырақтап тұрғанына риза болмағандай, маңындағы көлік күткен ауылдастарынан қысылып.
– Келсе келер, – деді есерлеу балдызы еш нәрсеге мән бермейтін қашанғы мінезіне басып...
– Аудан орталығы ауыл емес,жұмыс орындары жетеді ғой. Жалақысы аз деп кездескен жерден бас тартпа. Басыңды мекемеге бір сұғып алсаң, ары қарай етіңді үйретіп, басшыларыңның да көзіне жақсы жағыңнан түссең, жоғарылайсың, ақшаң да артады. Енді сол “фюрер” пәлеге күнің түспес, – деді Сағидолла балдызының жүгі сықай толған жол қапшығын қояр құрғақ жер іздеп.
Жортпастың мектеп бітіргеннен бергі екі жылының ішінде туған ауылынан ұзап шыққалы тұрғаны осы. Майтабандығынан әскерге алынбаған соң, бірер жыл амалдап ауылдағы Әлтай фермерге жалданған. Бірақ, жарытып жалақы тапқан жоқ. Егінін сепкізіп,астығын орғызып, шөбін де шапқызып алатын фермер, жыл соңында шаруашылығына жалданғандарға бес тоннадан көмір, бес-алты қапшық картоп пен ұн береді де: “Осыған риза болыңдар”, – деп ат құйрығын келесі жылға дейін бір-ақ кеседі. Ақша сұрап, айқай көтерсең, келесі жолы маңайлатпай қояды. Еңбек шартын жасайық деп талап қоймақшы болған Жортпас секілді ауылдың бір-екі жігіті қазір жұмыссыз.
– Еңбек шарты керек болса, қалаға, түріктерге бар. Мен шарт-март, шорт-мортыңды білмеймін, – деген фермер ауылдастарына адырая қарап.
Бүкіл ауылдағы жалғыз жұмыс берушінің түрі. Жергілікті әкімнің шөп-шаламы, сабан-жемі Әлтайдың қолында болғаннан соң, ол бұған батып ештеңе айта алмайды. “Әй, неге елдің ақысын жейсің?” деп ұрсатын бұл ауылда тірі пендеңіз болмағаннан соң, фермердің әбден мейманасы асқанына талай жыл.
– Мен сендердің фермерлерің емес, фюрерлеріңмін, – деп көпірген жаңа жылдың тойына жиналған жерлестеріне былтыр, араққа сылқия тойып алған Әлтай... Содан “фюрер” атанып кеткен...
– Атаңа нәлет, осыдан қолым бірдеңеге іліксе бар ғой!.. Жортпас жорта мінез көрсетті. Жездесі мен апасы кеше бұның әлі күнге үйленбегенін, ынжық екенін, қолынан өз бетімен ештеңе келмейтінін екі жақтап езіп, ит-жынын әбден құрыстырған. Әке-шешесі марқұмдар жарық дүниеден өткелі бері Жортпас апа-жездесін паналаған. Ата-анасынан қалған қоржын үй жауыннан, борандардан қабырғалары езіліп, құлағалы қашан. Әуелде Жортпасы үйленіп қалар, өз алдына шаңырақ құрар деп ойлаған апасы оны сатқызбаған. Бастапқыда 2 мың долларға бағаланған сол баспанасы, ауылдан ел көше-көше, ешкімге керексіз болып, қаңқиып, адыра қалған...
– Ауданның орталығында менің әскерде бірге болған Жанайдар деген досым тұрады. Соны тауып ал, – деді жездесі көк түтіні бұрқырап, ытқи жөнелген автобустың соңынан айқайлап... Жортпас түсіндім дегендей, ақ телпегін терезеден бұлғаған...
Аудан орталығының да берекесі кетіп қалған сыңайлы. Бұрындары еңселері ту алыстан асқақтай көрінетін төрт-бес қабатты тұрғын үйлері есік-терезелері аңырайып, жау шауып кеткендей маңының сұрқын бұзып-ақ тұр...
– Осылардың бірінің терезелерін салып, есіктерін қойып, баспана етуге болмас па екен. Жо-оқ, алдымен жұмыс тауып алайын, – деп ойлады Жортпас жабырқаған көңілін демдеп алмаққа, қарсы беттегі жеке меншік дәмханалардың біріне беттеп...
Қуырылған кәуәптің исі бұрқыраған дәмханада адам аз. Милицияның атам заманғы көнерген бас киімін киген егделеу адам бұрыштағы столда әлденені қаужаңдап, өзімен-өзі сөйлесіп отыр...Анда-санда жалпақ алақандарымен столды бір соғып қояды.
– Вот, солай, – деді әлгі Жортпас жаққа адырая қарап...
–Дядя, Рома! Келген адамдарды қорқытпаңыз, – деді кір-кір алжапқыш таққан сатушы жас қыз оған...
– Мен кезінде аудандық айықтырғыштың кезекшісі болғам, шорту, – деді бұрынғы Рома-милиционер жан-жағына қоқилана қарап.
– Онысы рас, – деді Жортпастың қарсысына жайғасқан жалпақ бет қазақ жігіті. Біздің бала кезімізде бұл кісі осы аудан орталығын ұстап тұрған...
... “Ұшарға қанаты болғанымен, қонарға тұғыры жоқ” Жортпастың бөстекі әңгімеге де зауқы жоқ. Алдындағы сорпасын сораптап әзер тауысты да далаға шықты. Орталықтағы бұрынғы қонақ үйден қазір із жоқ. Әлдеқандай мекеме орналасқан. Кіл бір кіндіктерін ашып тастаған жас қыздар сағыздарын малжаңдатып, жөнді жауап бермейді. Жортпас жұмыс іздеп, аудан орталығын ұзыннан да, көлденеңнен де аямай кезді. Бәрі жеке меншік. Айтатындары: “Қалаға бармасаң, бұнда жұмыс жоқ!..” Табанынан таусылған Жортпас ымырт үйіріле бастаған соң жездесінің әскерде бірге болған досының шаңырағын іздеді. Құдай сәтін салғанда, көп қиналмай-ақ тапты... Аудан орталығының шетінен созыла ағып жатқан өзеннің жарлы жағасындағы биіктегі үй екен. Ауласында тартылған сымның бойымен шынжырын сылдырлатын тарғыл төбет жүгіріп жүр. Үсті-басы, дөкей бәтеңкесі шаң-шаң Жортпасты ит жақтырмай, ырылдай қарсы алды.
– Қой бұған бірдеңе бермей болмас. Қазір жемқорлықтың заманы ғой, – деп ойлаған ол жолдың екінші бетіндегі “Жаз жайлауы” дәмханасынан бес-алты бауырсақ сатып алып, төбеттің алдына тастап еді, әлгі риза болды да қалды. Құйрығын бұлғақтатып, қонағының аяғына оралды. Басынан сипатты... Жортпас ауыз үйге бәтеңкесін шешіп, төрге озды. Үйдің іші қара көлеңке. Қабырғаларды сипап, электр қосқышын іздеп еді, таппады... Ылғи бір қоржын бөлмелер. Біріне-бірін жалғап сала берген сыңайлы.Терезелерге газет тұтып қойыпты.
– Кім бар-ау, – деді ақыры Жортпас, жан иелерін іздеп...
Еденде жатқан әлденелерге қайта-қайта сүрініп,сыртқа шықты. Бұл шаңырақтың адамдары қайда кеткен деп, алаңдады қонағы... – Қой не де болса, осында қалайын. Иелері әйтеуір бір келер деген ұйғарымға келген Жортпас, есік алдындағы орындыққа жайғасып отыра кетті... Шынжырлаулы төбет те осының жөн, маған серік боларсың дегендей, қасына келіп, созыла жатты...
– Кешірерсіз, Масатов көшесі қай тұста екенін айтып жібермес пе екенсіз, — деген дауысқа жалт қараған Жортпас қарсы алдында тұрған орыстың орта бойлы, жүзі жарқын келіншегін енді байқады...
– Сіз сол көшеде тұрсыз, – деді Жортпас адам баласына жолыққанына іштей қуанып. Осы үйді іздеп жүргенде мана көрші қапталдан оқып алған. – Масатов деген кім? Батыр ма, ақын ба? – деп ойлаған сонда бұл...
– Онда 23-ші үйдің қай тұста екенін көрсетіп жібермес пе екенсіз, – деп келіншек қайыра тілек айтты.
Зерігіп, екі қолына бір жұмыс таппай жүрген Жортпас орыс келіншегін ертіп Масатов көшесінің 23-ші үйін таппай қоймауға белді буып, орнынан атып тұрды... Дуалдың сыртына шықса, орыс келіншегінің су жаңа шетелдік мәшинесі тұр...
...Енді бұл әңгімені созбайық. Қысқасы ауыл жігіті Жортпасқа Жаратаушы бір жақсылығын жасады. Ыңыршағы шыққан кедей Жортпас, бұлшық еттері бұлтыңдаған балуан тұлғалы Жортпас байыды. Орыстың кәсіпкер келіншегі екеуі жездесінің әскерде бірге болған досының ауласындағы байлауы тарғыл төбетті мың долларға сатып алысты. Масатов көшесінің 23-ші үйінде байланған алыпсоқ ит те саудаға түсті. Қысқасы Жортпастың тіл табысқан кәсіпкер келіншегі сол күні жеті ит сатып алып, артынан келген фургон мәшинеге артып жіберді. Тұрғындарының дені қалаға қоныс аударып кеткен аудан орталығының енді іске жарайтын иттері де шаһар жаққа жөнеп берісті. Жаратушының Жортпасқа аямай берген дене мүсініне қызыққан кәсіпкер келіншек ауыл жігітін сатып алған “жауынгер иттеріне” қосып, қала шетіндегі коттеджіне әкелді. Жігітіміздің екі міндеті бар. Бірі – “жауынгер иттерді” айдың аяғында Астанадан отыз шақырым қашықтықтағы “алыпсоқтар айқасы” алаңына әбден жаттықтырып, жеткізу. Екіншісі – тәуліктеп жоғалып кетіп, аптаның соңында шалдығып оралатын кәсіпкер келіншекті саунаға түсіріп, өзі де бірге шомылып, буға бөгіп, ыстық суда сілесі қатқандарынша рахаттанған соң, тыр жалаңаш көтеріп, екінші, не үшінші қабаттағы жатынжайлардың біріне апару... Одан арғы тірлік жігіт үшін жұмақтың өзі...
Бірде түн ішінде ит үрді. Жортпас кеудесіне басын қойып ұйықтап жатқан Оляны ақырын ысырып, сыртқы бақылау камерасының экранына үңілді. Самаладай жарқыраған сырттағы шамдардың шұғылаларына молынан малынып, қарқ болып жездесі тұр.
– Әй, Алпамыс, шық! – дейді жарықтық жездесі. – Апаң іздеп жатыр!..
Бұны Астанадай алып қаладан ол қалай тапты екен. Ол жағы беймәлім.
– Алпамыс, дедім ғой, әй, енді, шықсай!.. Сен осындасың. Кеше қара мәшинеден әйеліңмен бірге түсіп жатқаныңды біздің “бесбас” көріпті... Елге айтып келді. Сені көршілерің “Алпамыс” дейтін көрінеді...
Сағидолла сампылдап тұр... Бұл Оляны оятып, ауылдан жалғыз апасының жолдасы келіп тұрғанын түсіндірді... Сол жолы Сағидолла ауылға мініп келген “Джип” мәшинесінен қап-қап киім, жеміс-жидек дейсіз бе, әйтеуір бұл жақтың өмірі көрмеген байлықтарын түсірді. Іле Сағидолла мен Жаңылдың ұлдары қолдарына екі-екіден алқоры, банан ұстап көшеге шықты. Бет ауыздары сағал-сағал...
– Жортпас байыпты. Астананың шетінде тастан салған үш қабатты биік үйі бар екен. Айналасын кісі бойынан асатын дуалдармен қоршап, жан-жағына камералар орнатып тастапты. Амандық біле барсаң, қабылдамайды екен. Тек туыс, бауырларын болмаса!.. Енді қонаққа Әлтайды шақырып,кеткен есесін алмақ көрінеді...
Ауыл іші гу-гу,ду-ду...
Әсіресе, Сағидолла мен Жаңылдың беделдері сұмдықтай шырқап шыға келді сол күндері. Көшеде бетпе-бет кездесіп қалса, әзер амандасатындар, енді екеуін көрсе, құшақтап, шұрқыраса қалатынды шығарды. “Өмір кезек, терме тезек” деген... Осылайша бедел мен бақ шіркіндер бұлардың мұржасы қисайған үйлеріне келіп қона бастады... Бәрі Жортпастың “Алпамыс” аталатын жаңа қызметінің арқасы... Оның дәл қандай кәсіп екенін байыптап түсініп жатқан ешкім жоқ. Тек, шытырман оқиғалы көркем фильмдерді босатпайтын Бораш қана Жортпастың жұмысы кәдімгі бай адамдарды қорғап жүретін “оққағарлық” екенін елге түсіндірген.
– Жортпастың байыса да, мақтаншақтығы қалмаған екен. Әйтпесе, өзіне-өзі Алпамыс деп ат қойып алушы ма еді, – десті ауылдастары...
– Алпамыс-Жортпасқа барайық. Анау-мынау бай-бағыланыңызды қорғап жүруге біздің де күшіміз жетеді. Жүрегіміздің де түгі бар. Талай ауылды төңіректеген қасқырларды соғып алғанбыз, — деп күпіністі жастар жағы...
...Альфонс-Алпамыс болса, Астананың бай да, кәсіпкер, сұлу да, жесір келіншегінің етегіне жел тигізбей, өмірдің бар рахатын кешіп, жүріп жатыр. Жақында елорданың супермаркеттерінің бірінен шығып келе жатқанын көрдім. Ауылының адамы болған соң, маған шұрқырай сәлем берді.
– Әй, “Алпамыс” інім, қалайсың, – деймін...
– Жақсымын, аға. Абай атам: “Есектің құйрығын жусаң да, мал тап”, – деген. Мен малды да, жанымның қалауындай жанды да таптым, аға, – деді ауылдас інім, ағынан жарылып.
Әуелінде “Алпамыс” дегеніме ренжіп қалды ма деп ойласам да, елде жүргенінде Жортпастың күреске түскенін және талай жүлделі орындарды жеңіп алғанын қаперіме оралтып, егерки, қабақ шыта қалса, жуып-шаюға сылтаудың барлығымен көңілді орнықтырдым.
...Мейлі ғой! “Алпамыс” де, “Альфонс” де, әйтеуір Жортекеңнің ауылдағы жұмыссыз отырған көп балалы апа-жездесіне масыл болмай, жолын тапқаны осы шығар. Әйтеуір, қылмыстан аулақ жүрсе болғаны, – деп өзімді сабырға және шақырдым, сүліктей су жаңа қара түсті жарқыраған “Лексус” мәшинесіне мардымси мініп жатқан “бақытты” ауылдасыма қарап тұрып...
Смағұл РАХЫМБЕК, журналист.
Ақмола облысы.