27 Қазан, 2010

Таң және іңір

3992 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Ала жіп аттамау салты қайдан шыққан? Ертедегі түркі халықтарының “Тәңірге сыйынғанын Құлтегін, Білге қағандарға арналған балбал тастардағы қашап жазылған жазулардан анық білеміз. Қазірге дейін Тәңір сөзінің этимологиясын іздеушілердің пікірлері әртүрлі болып, олар “Тәңірдің” не себепті “Тәңір” атануын ашып, дәлел­деп бере алмауда. Бірқатар жазушылар “Тәңір” “аспан”, “көк аспан” деген ұғым­ды білдіреді дегенді айтады. Миф­тік аңыздар бойынша, “Таң” және “Іңір” деген екі періште кезектесіп, жердегі тіршілікті күзетеді екен, “Таң” күн ұйықтар орынға кеткенде “іңір” оның орнына күзетке тұрады деген ұғым қалыптасқан. Соған орай “Тәңір” делінген дейді. Біреулері Тәңір “Таң” + “Ра” сөз­дерінің қосындысы, таңның атуы, ал “ра” ертедегі күннің Египеттегі діни атауы. Міне, осыдан “Танра” делініп, “күннің шығуы” дегенді біл­діреді дейді. Тәңір сөзі екі түбірден: “таң” және “ертеден” деген сөздерден тұра­ды дейтіндер де бар. “Таң” күннің шығар уақыты, ал “ер” күллі түркі тілдерінде, ер, ержүрек, еркек, батыр деген мағынаны білдіреді десе, енді бірі тәңірі атауы екі сөзден: Таң және йер, яки кир /жер/ сөздерінің бірігуі арқылы жасалғанын жорамал­дайды. “Тәңір” сөзі қытайдың “Тян” – “ас­пан” деген сөзінен туындаған деуші­лер де бар. Қытайлықтар өздерін әліге дейін “Таң елі”, “Аспан асты елі” деп атайды. Оларда цин, хан им­перия­сынан соң тан империясы болған, жазба дерек­терде тян им­периясы деп жазба­ған, тан империя­сы деп жазыл­ған, сонда қалайша “Аспан асты елі” болады. Меніңше олай емес, “Қытай дуалын” салуға мәж­бүрлеген, оларды “таң елі” деп те атаған осы түрік, прото­түрік­тер, олар қытай­лықтарды өздерінен қарағанда таң ататын жағында орналасқандықтан “таң елі” деп атаған, ал қытайлықтар олардың “таң” сөзін өздерінше “аспан” деп түсінген болса керек. Тәңірдің дін екенін, оның “Таң” мен “Іңір” сөзінен /құралғанын/ тұратынын, әрі оның біздің аталарымыз түрік, прото­түріктердің діні болғанын ашып айтқым келеді. Бұл айтқанымды, қазақ, қырғыз, хакас, бурят, чуваш, карачай, т.б. түрік, прототүріктерден таралған ұлттардың кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, ырым­дары, діни сенімдері дәлелдейді. “Тәңір” сөзі, қазақ тілінде әліге дейін өзгеріссіз қол­даны­латын, түрік, прототүрік сөзі болып есептелетін “Таң” және “Іңір” сөзінің қосы­лып, бірік­тіріліп айтылуы. Таң+іңір деп ай­тылғандағы, “іңір” сөзіндегі жіңішке ды­быстың себебінен “Тәңір” болып айтылып кеткен. Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғат-ит-түрік” деген түрік сөздігінде: – Таң-таң - таң; таң атар шақ, таң атты. – Іңір-іңір-іңір. Жарық пен қараңғылықтың өзара шарпысып астасуы, деп берілген. Міне, көрдіңіз “Таң” мен “Іңір” сөзі қазақ тілінде өзгеріссіз сол қалпында, сол түсінігінде қолданылады. Демек, “Таң” – бұл таң атуы, ол күн­нің шығуы емес, оның бірінші сәулесінің, жарығының, нұрының көріне бастауы, аңғарыла басталуы. Жарықтың шығуы, көтерілуі, жоғары көтерілуі. Осы жерде, “ғалымдар мифтік аңыздар арқылы, тәңір этимонын “та” “жоғары” дегенді білдіретін тау, төбе, тақа, таңдай, тамақ, таңқы, /таңқы мұрын/ танау, тамыздық, тамшы т.б. көптеген сөздер арқылы, ал, - ің – “төмен” дегенді білдіретін: еңіс, еңкіш, еңбек, еңсесі түсу, еңіреу, /ін, үңгір/ т.б. сөздер арқылы түсін­діреді” дегенді есепке алсақ, ал “Таң” сөзіндегі “аң” - “жа­рық”, “сәуле”, “нұр” де­генді білдірсе, онда “Таң” сөзі жарықтың көтерілуі, шығуы дегенді білдіреді. Бұған дәлел Шумерлердің Ан, Анну деп аспанға сыйынды делі­нуі,сондай-ақ біздегі “Ана” сөзіндегі “Ан­ның” “жарық” дегенді, ал “Ана” сөзінің “сә­би­ді жарық дүниеге әкелуші” дегенді білдіретіні. Алтай-саян елдері Тәңіріні “Ақ янг”, “Ақ аң” деп те атайды екен. Демек, Шумер “Аны­мен” біздің “Таңымызда” бірлік бар­дай, мүмкін ертедегі шумерлер “ан” деп жарық­қа, ал анну деп аспанға сыйынған шығар. “Іңір” – бұл күннің батуы емес, оның батқаннан кейінгі қалған жарығының, нұрының, шапағының қараңғыға өтуі. Міне осылайша, жарықты қараңғыға, қараң­ғыны жарыққа айналдырушы таңмен іңірді, тіршілік пен өлімді реттейтін, жара­тушы – ұлы күш “Тәңір” деп, оған сыйынған. Ертедегі түрік, прототүріктердің әрбір тайпа, рулары Тәңірді көз алдарында елес­тету үшін, өздеріне түсінікті болуы үшін, оның сыйпатына ұқсас (“Таң”-“жарық”-“ақ”, “Іңір” -“қараңғы” – “қа­ра”) “ақ” пен “қара­н­ы” теңеу етіп алған. Олар өздеріне көбі­рек кездесетін нәрсе­лерден Тәңірді елестететін затты белгілеп алған. Солардың бір түрі қазақ, қырғыздағы “ақ”-“қарадан” тұратын “Ала жіп” біз қазірге дейін оны салт-дәстүр деп келдік, оның “ағы” “таңды” – “жарықты”, ал “қарасы” іңірді” – “қараңғыны” білдіріп бізге “Тәңірді” елестетеді екен. Біздің есімізде қалғандары: біреудің “Ала жібін” аттамасын, күнә істемесін деген ырыммен, ала жіппен баланың тұсауын кесу; қараңғы түсіп, елсіз жерде, далада қал­ғанда ала жіпті шеңбер етіп, оның ортасында ұйық­таса тірі жан тиіспейді, ала арқанды қора­ның айнала­сына керіп қойса қораға ит-құс, қасқырлар шаппайды деген түсінік. Сондай-ақ өлген кісінің жаназасын шығару­дан бұрын дәуір айналдырғанда “ала жіп”, “ала жіп” осы кісінің күнәларын ала жат” деп айтылуы; дау шешкенде, даулас­қан екі адам­ды татуластырғанда, бидің ала жіпті кесіп, әділ шешім шығаратыны; күнә істеді деп күдікті болған адамның кінәсін анықтау үшін “Ала жіптен аттату сияқты ырым-жы­рымдар. Бұл сөзіміздің бір айғағы бола алады. “Ала атылы йол тәңірі” деген көне түркі жазба ескерткіштерінде “медиатр” термині бар, ол “жол тәңірі” деген сөз екен десек, “ала тау” – оны мекендеген барша халық­тар үшін Тәңіртау деген ұғымды беретінін де айта кетсек дейміз. “Көз моншақ” – оны біздің қазақтар көз тимесін деп ырымдап балаларының омырауына, бас киімінің маңдайына тағып қояды. Бұны тіл көзден сақтаушы ырым ғана емес, бұл да Тәңірдің сыйпаты екен, сол белгі арқылы Тәңірден жарылқау тілеу, жар бол деуі екен. Қазақ халқының жауынгерлік каруының бірі қолшоқпар болған, бұл қару “ақ қа­йың” ағашынан жаса­лын­ған. Міне, бұл да ала болып, Тәңірге сы­йынып, соның қол­дауы­­мен жеңіске жету­ге ұмтылудың белгісі. Алтай жерін ме­кендейтін хакастар – качиндер және бель­тирлер деп бөлінеді. Біз бүгін олардың Тәңі­рісіне қалай құр­бандық шалатынын айтсақ, олар да киелі ақ қайыңның ғана түбінде құрбандық шалады екен. Оған тек ер адамдар қатысып, құр­бандыққа тек ғана еркек тоқты ғана шалы­нып, ол ақ түсті, басы, немесе бір шекесі қара болуы шарт көрінеді. Неге ақ қайың дейсіз ғой. Өйткені, “ақ қайың” басқа ағаштардай емес қабығының “ақ-қарасы” бар, яғни ала. Шу-Іле тауында, Тамғалыдағы жар­тастардағы тасқа қашап салынған ежелгі суреттердің бірінде екі ірі тұлға тұр: бірі, оң жағындағысы таңдидарлы адам қарап тұр, бұл “Таң” – “жарық”. Оны таңди­дарлы дегенім, ол жердегі басқа тастарда адам кейіпті күн дидарлы тұлғаның суретінің бар екенінде. Күндидарлы адам кейіпті тұлғаның басы, сыртқа нұр шашып тұрған шеңберінің ішінде сызығы жоқ дөңгелекпен қоршалған. Ал Таңдидарлы тұлғаның басында ішкі және сыртқы шеңбері бар, ортасы сызықсыз дөңгелекпен салынған, ішкі және сыртқы шеңберлер майда дөңгелек­шелермен бедерленген. Осы майда дөңгелек­ше­лер күн әлі шықпаған кездегі таң­ның жа­рығын меңзеп тұр. Іңірдидарлы тұлға­ның басы, азғана нұрлары шеңбер сызығының ішкі жағынан ортасына қарай сызылған дөңгелекпен сурет­телген, шеңбердің сыртында бірқатар майда дөңгелекшелер бар, бұл жарық­тың қараңғыға өтуі дегенді білдірсе керек. Бұл “Іңір” — “қараңғы”. Жартас­тағы екінші адам кейіпті ірі тұлға осы “ІҢІР” — “қараңғы”. Екі ірі тұлғаның аяқтарының тұсында екі екіден қара малды көруге болады. Таңдидарлы тұлғаның аяқ тұсында, төменінде бұзау, одан жоғарысында семіз бұқа бейне­ленген, ал Іңірдидарлы тұлғаның аяқ тұсында жоғарыда арық сиыр тұр, оның төменінде мүйізі жоқ көтерем сиыр бедерленген. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам би­леп жүр. “Таңның” – алдыңғы тұс­ын­дағы бұзау мен бұқа “жарықтың” құді­ретінен күш алған тіршілікті – өмірді көрсететіндей, ал “Іңірдің” – алдындағы екі сиыр қартаюды – өлімді суреттегені, астындағы 12 бейне-жылдың 12 айы болса керек. Бұл тастағы көріністе “Тәңір” діні суреттелген. А.Аманжоловтың Там­ғалы­дағы ежелгі суреттер б.д. дейінгі 2000 жыл­дың аяғы – 1000 жылдың басында тас­қа қашалған дегенін ескерсек, “Тәңір” діні христиан, ислам дінінен бұрын тү­рік, прототүріктердің діні болғаны анық. Төреғұл ДӘУЛЕТОВ, медицина ғылымдарының кандидаты. Алматы.