Бұған дейін хабарланғанындай, жақында Мальтаның астанасы Валетта қаласында ЕҚЫҰ-ның жерортатеңізіндік кезекті конференциясы болып өтті. Аталған форум жылына бір рет өткізіледі және Ұйымға мүше мемлекеттер өкілдері мен ЕҚЫҰ-ның жерортатеңізіндік әріптестерін жинайды. ЕҚЫҰ-ның жерортатеңізіндік әріптестері Алжир, Египет, Израиль, Иордания, Марокко және Тунис мемлекеттері болып табылатыны белгілі.
Конференцияға қатысушылар алдында сөз сөйлеген ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің төрағасы, елші Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен олардың жерортатеңізіндік әріптестері арасындағы бірлескен жұмыс Ұйымның жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздікті нығайтуға оң ықпал ететінін мәлімдеді.
Осы орайда Қ.Әбдірахманов былай деді: “ЕҚЫҰ-ның жерортатеңізіндік әріптестері – Алжир, Египет, Израиль, Иордания, Марокко және Тунистің қатысуымен қауіпсіздік мәселелері бойынша семинарлар өткізу сияқты жобалар әріптестікті нығайтуға жәрдемдесетін болады. Алдағы жылы ЕҚЫҰ әріптес елдердің жас дипломаттарына Ұйым құрылымдарында жұмыс істеу үшін демеушілік жасайды; қазіргі кезде Оңтүстік Жерорта теңізі аймағында қоршаған орта және қауіпсіздік мәселелерін бағамдау үшін бірлескен консультациялар жүргізілуде”.
– Білім алмасу және бірлескен жұмыстардың арқасында біз өзіміздің әріптестігіміздің негізгі мақсаттарының бірі ортақ қауіпсіздігімізді кеңейту және нығайту болып табылатынын түсінеміз, – деді ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің төрағасы елші Қ.Әбдірахманов.
Кездесу барысында ЕҚЫҰ-ның сенім шараларын нығайту мен қауіпсіздік, экономикалық және экологиялық проблемаларды шешу жолдарын іздестіре отырып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты бекемдеу, сондай-ақ төзімділік пен қысым көрсетпеу салаларындағы тәжірибелер секілді тақырыптар талқыланды. Мальта Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Тонио Борг ЕҚЫҰ аймағы көпшілігі трансұлттық және аймақаралық болып табылатын аса күрделі және барған сайын сан түрлі кейіпте көрініс беретін проблемалармен бетпе-бет келіп отыр, деп мәлімдеді.
“Бұл проблемалар құрамына қару-жарақ, есірткі және адам саудасы, заңсыз миграция, терроризм, төзімсіздік, тиісті басқарудың болмауы, кедейшілік пен теңсіздік, сондай-ақ энергия жетіспеушілігінен немесе су тапшылығынан пайда болатын қауіпсіздік тәуекелдері кіреді, – деді ол. – Осы проблемалардың кейбіреулері бұған дейін таза гуманитарлық дерлік астарда қарастырылып келсе, күні бүгін де аймақтық және субаймақтық қауіпсіздікке тікелей әсер етуші проблемалар қатарында қарастырылып отыр. Олар тұрақсыздыққа немесе тіпті жанжалдар пайда болуына алып келуі ықтимал”.
Литваның ЕҚЫҰ-дағы елшісі, Жерортатеңізіндік әріптестермен ынтымақтастық байланыстар жөніндегі топтың төрағасы Ренатас Норкус жиында былай деді: “Литва ЕҚЫҰ-ға 2011 жылы төрағалық ететін болады. Ал тұрақтылық пен өркендеуге қатер төндіретін қауіпсіздік саласындағы қазіргі заманғы қыр көрсетулер шекара, ұлт және дін дегендерді таңдамайды және мойындамайды. Сондықтан іс-қимылдарымызды үйлестіріп және сәйкестендіріп отыруға септесетін бірлескен шешімдер қажет. ЕҚЫҰ халықаралық проблемаларды шешуде тиімді ұжымдық қадамдар жасауды қамтамасыз етуге қабілетті”.
ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо кездесу нәтижелері 1-2 желтоқсан күндері Қазақстанның астанасында өтетін алдағы ЕҚЫҰ Саммитіне айтарлықтай үлес қосатынын атап көрсетті. Ол кездесуге қатысушыларды әріптес елдер үшін Саммит тақырыбын талқылауға үлес қосу мүмкіндіктерін қарастыруға, сондай-ақ айтылғандардан үйренетін бір нәрсе табуға шақырды.
“ЕҚЫҰ мен жерортатеңізіндік әріптестер арасындағы тиімді және тығыз ынтымақтастық – бұл таңдау мәселесі емес, бұл – қажеттілік”, – деді ол.
ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастық жөніндегі басқа әріптестерінің құрамына Жапония, Корея Республикасы, Тайланд, Ауғанстан, Моңғолия және Аустралия кіреді.
“Егемен-ақпарат”.