2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында қаламен жапсарлас Жоламан кентінің бір топ азаматы, нақтылап айтсақ, Ерлан Кеңесбаев, Әскер Смаилов, Бауыржан Қайсажанов және Адай Қылышев ешкімнің бұйрық, нұсқауынсыз бір игілікті шаруаны қолға алып, іске кірісіп кеткен еді. Ең алдымен, олар тиісті орындардың табалдырығын тоздыра жүріп, Жоламанмен бірге іргедегі Суықбастау және Кірпіш кенттерінен қанды майданға аттанып, мерт болған боздақтардың есімдерін анықтаған болатын. Сонсоң 150 жауынгердің есімі жазылған темір тақта мешіт жанындағы аялдама тұсындағы көрнекті жерге орнатылған-ды.
Өкінішке қарай, 2010 жылы арадағы небәрі бес жыл ішінде темір тақтадағы жазулар тотығып, көмескілене бастаған. Абырой болғанда осы игі істің бастамашылары азаматтық танытып, бұрынғы шаруаны қайтадан қолға алған. Ал бұл жолы құрылыс материалдарымен көмектескен демеушілер де, қол ұшын берген құрылысшылар да табыла кеткен. Алғашқы бастамашылар болса, ұйымдастыру жұмыстарын қалтқысыз атқарған.
Сөйтіп, ең алдымен, сәнді кірпіштен қабырға тұрғызылған. Ал мәрмәр тасқа таңбаланған боздақтар есімі сол қабырғаларға енді өшпестей болып ілінді. Ерлерге, ерлікке ескерткіштің ашылу салтанатына келген Жоламан кентінің тұрғыны, 96 жастағы соғыс ардагері Николай Круглов ақсақал көзіне жас алды. Өйткені, бүгінде іргелес үш кенттегі көзі тірі жалғыз соғыс ардагері осы кісі ғана еді.
Игіліктің ерте кеші жоқ дейді халқымыз. Сондықтан, Жеңістің 65 жылдығына орай қолға алынған бұл шараға енді нүкте қойылып жатса, оның еш әбестігі жоқ деп білеміз. Ең бастысы, оның орта жолда қалмай жеріне жеткізілгенін айтсаңызшы! Бәрінен де бұрын мұның кейінгі ұрпаққа өнегелі іс екендігінде дау бар ма?
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.