– Жанар Сейдахметқызы, Қазақстан экономикасының 2010 жылдағы дамуының ағымдағы кезеңін қалай бағалар едіңіз?
– 2010 жылдың басында Қазақстан дағдарысқа қарсы жүргізген саясатының тиімділігі бойынша жетістікке жеткен он елдің қатарына енді. Қазақстанның дағдарысқа қарсы шараларына берілген жоғары бағаны “Дағдарыстан кейінгі әлем институты” қорының сауалнамасы да растады. Сауалнама әлемнің 57 елінің 247 жетекші экономисі, қаржы талдаушылары, ғалымдары, компаниялардың топ-менеджерлері, журналистері мен саясаткерлері арасында жүргізілді.
Сонымен қатар, осы жылдың үш тоқсаны бойынша Қазақстан сенімді және тұрақты экономикалық өсу траекториясын көрсетіп отыр. Экономиканың негізгі алты саласының (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік және байланыс) даму динамикасын көрсететін қысқа мерзімді экономикалық индикатор 9 айдың қорытындысы бойынша 8 пайызға, ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,4 пайызға ұлғайды. 9 айда ІЖӨ өсімі 7,5 %-ды құрады. Тұрақты да қарқынды өсу динамикасын экономиканың барлық салалары көрсетті және біз үшін маңыздысы, ол шағын және орта бизнесте байқалып отыр. Әрине, жылжымайтын мүлік пен банк секторында қиындықтар сақталуда, бірақ ондағы қалпына келу үрдістері де көп уақытты қажет етеді.
Энергия тасығыштар, металдар, астық бағалары қалпына келуде, бұл елдің сыртқы саудасына, төлемақы теңгерімінің жағдайына қолайлы ықпал етті.
Қазақстан экономикасының дағдарыстан шығуына, сөз жоқ, банк саласы үшін қосымша өтімділік, пайыз ставкаларын субсидиялау, селективті салалық шараларды қамтамасыз ету сияқты мемлекеттік қолдаудың жедел шаралары әсер етті. Нәтижесінде ол бизнестің экономикалық белсенділігін арттырды. Ал ол өз кезегінде номиналды ғана емес, сонымен қатар нақты жалақының 6,8%-ға өсуіне ықпал жасады. Логикалық тізбек түрінде бұл бөлшек сауда айналымының 13%-ға артуына әкелді. Соның нәтижесінде ішкі сұраныс өсімі ІЖӨ өсуіне біршама ықпал етті.
– Отандық экономиканың нақты секторында бүгінгі күні қандай жаңа даму үрдістері байқалуда?
– Ағымдағы жылы өнеркәсіп өндірісі көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артты. Осы тұста мен экономикамызға тән емес, бірақ қуантарлық үдерісті атап өткім келеді. 2010 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны (19,1%) тау-кен өнеркәсібі салалары өсімінен (5,0%) әлдеқайда артты. Әсіресе, химия өнімі, металл емес минералды өнім, дайын металл өнімдері, мәшине жасау өндірісі көлемінің артқаны байқалуда. Өңдеу өнеркәсібінің дамуы елдің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі екені белгілі. Осыған байланысты өткен жылдың өзінде Үкімет экономиканың өңдеуші секторын қолдау мақсатында төмен мөлшерлеме бойынша несие түрінде 80 млрд. теңге бөлуді жоспарлаған болатын. Бұл өндеуші сектор өндірісі көлемінің күрт артуына ықпал жасады.
Әрине, тау-кен өнеркәсібінің дәстүрлі салалары Қазақстан экономикасы дамуының локомотиві болған және солай болып қала бермек. Атап айтқанда, олар шикі мұнай мен табиғи газды өндіру, металл кендерін, көмір мен лигнитті өндіру, сонымен қатар ауыл шаруашылығы. Бұл ретте, үлкен әлеуетке құрылыс, көлік секторлары да ие, олар жаңа жұмыс орындарын, капиталға инвестицияларды, ІЖӨ өсуін қамтамасыз етеді.
Экономикалық серпінді дамуды қамтамасыз ететін салалардың алдыңғы қатарлысы Индустрияландыру картасындағы басым жобаларға ұсынылып отыр. Картаға сәйкес осы жылдың соңында құны 459 млрд. теңгені құрайтын 72 нысанды аяқтау жоспарланған. Жобалардың 7-уі іске қосылды. Олар Ақтөбе облысындағы мұнай өнімдерін кешенді жаңғыртатын “Синоойл” ЖШС, Қостанай облысындағы макарон өнімдерін өндіруші “Қостанай диірмен комбинаты” АҚ, Солтүстік Қазақстан облысындағы контейнерлер шығаратын “ЗИКСТО” АҚ, Шығыс Қазақстан облысындағы титан құймалары мен қоспаларын шығарушы “Өскемен титан-магний комбинаты” АҚ, Ақтөбе облысындағы қиыршық тас шығаратын “Теміржол Құрылыс Атырау” ЖШС, Жамбыл облысындағы болат құю өндірісіндегі “Жаңатас” металлургия комбинаты” ЖШС, Жамбыл облысындағы топс өндірісі бойынша “ПОШ-Тараз фабрикасы” ЖШС.
Жалпы, Индустрияландыру картасы инвестициялардың жалпы сомасы 7 трлн. 263 млрд. теңгені құрайтын 237 жобадан тұрады. Бұл жұмыссыздық мәселесін шешуге де ықпал жасамақ, атап айтқанда, 86 608 тұрақты жұмыс орындары мен 148 514 уақытша жұмыс орны құрылатын болады.
Жоғарыда айтылғандар аясында ырғақты өсу қарқынын көлік саласы да көрсетіп отыр. Жүктерді тасымалдау көлемі 9 ай нәтижелері бойынша 18,7%-ға, жолаушылар тасымалы 11,5%-ға артты. Көлік қызметтерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға артты.
Әрине, экономиканың ырғақты өсу не-гізін инвестициялар құрайтыны даусыз. 2010 жылы бұл салада да инвестиция көздері құрылымының өзгеруіне қатысты оң үдерістер қалыптасты. Инвестициялардың денін бизнестің жеке қаражаты құрса, олардың үлес салмағы жалпы көлемде 2009 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы 32,9%-ға қарағанда 46,0%-ды құрады. Бұл бизнестің инвестициялық әлеуетінің қалпына келуінен хабар беретін жақсы көрсеткіш.
Негізгі капиталға салынатын жалпы инвестиция көлемінде дәстүрлі түрде көшбасшы орын алатын шетел инвестицияларының көлемі керісінше қысқарды. Бүгінде олардың үлесі 40,9%-дан 25,3%-ға түсті. Шетел инвестициялары үлесінің қысқаруына қарамастан, негізгі капиталға жалпы салымдар көлемінің қысқармағанын атап өткім келеді.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және тұрғын үй рыногына жаңа нысандар шығару арқасында құрылыс жұмыстары көлемінің қысқаруы тоқталды. Тұрғын үй құрылысына салынған салымдар көлемі 0,5%-ға артты, оған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылуы әсер етті. Болашақта несие рыногының белсенділігі және инвестициялар өсімі тәрізді экономикалық өсімнің негізгі факторлары ІЖӨ көлемін арттыруға өз үлесін қосатын болады.
– Еңбек рыногында қандай тенденциялар өріс алуда?
– Қазақстанның еңбек рыногындағы ахуал, кез келген сала тәрізді, мемлекеттің бизнес жүргізуге оңтайлы жағдайлар туғызудағы экономикалық саясатының сәт-тілігіне тікелей байланысты. Іскерлік белсенділіктің жалпы қарқынының артуы және дағдарысқа дейінгі қуаттарды қалпына келтіру, бизнес жүргізу әдістерін қайта бағалау, ұйымдастыруды қайта құрылымдау, компания көлеміне қарамастан шығыстарды оңтайландыру, штатты нақты рынок жағдайларына сәйкес оңтайландыру 2010 жылы экономиканың барлық салаларына тән үдерістер болды. Осы өзгерістер аясында білікті мамандарға сұраныс арта түсуде.
Елдегі жұмыссыздық деңгейі осы жылдың қыркүйек айында 5,6%-ды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда тұрақты төмендеу үдерісін көрсетеді. Жалдамалы жұмысшылар саны 2010 жылдың қыркүйек айында 5440,1 мың адамды құрады, бұл 2009 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда 3,2 пайызға артық. Жұмыссыздықтың қысқаруына бірқатар факторлар ықпал етті, оның ішінде “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасы маңызды рөл атқарды. Бағдарлама банктерді бизнесті несиелеуге, ал бизнесті өндеу өнеркәсібінің басым салаларындағы жаңа белестерді бағындыруға ынталандыра түсті.
Жалақы туралы айтар болсақ, 2010 жылдың тамыз айында жұмысшыларға аударылған орташа номиналды жалақы 80789 теңгені құрады. Өсім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 18%. Сонымен қатар 2010 жылдың 1 сәуірінен бастап бюджет саласы қызметшілерінің жалақысы 25%-ға артты. Елде барлық экономикалық қызмет түрлері бойынша ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұмысшылар жалақысының артуы байқалуда. Аталған фактор ІЖӨ динамикасына мультипликативті түрде оң ықпалын тигізді.
– 2010 жылдың соңғы айларында азық-түлік тауарларына өсім байқалады. Инфляция қауырт өсіп кеткен 2007 жылғы ахуал қайталанып жүрмей ме?
– Инфляция елдегі ахуалды анықтайтын негізгі және маңызды макроэкономикалық көрсеткіштердің бірі екені сөзсіз. Оның ықпалын барлық экономика субъектілері, сонымен қатар бизнес те, халық та сезінеді. Сондықтан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инфляция Ұлттық банк белгілеген шекте қалып отыр. Қазіргі уақытта елдегі инфляция Ұлттық банк белгілеген 6-8 % шегінде сақталып тұр. Бұл ұлттық валютаның нығаюы арқасында жүзеге асырылуда, ол импорт тауарларының бағасына, сонымен қатар тұтыну сұранысының біртіңдеп өсуіне, шетел капиталы ағымының төмендеуіне және ақша массасының біршама өсуіне ықпал етеді.
Мысалы, инфляция қыркүйек айында 0,6%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы өткен айда 0,4%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 0,5, ақылы қызметтер 0,8%-ға өсті. Жоспарланған инфляцияның дәлізіне кіру үшін азық-түлік тауарларының бағалары 9,7%-дан аспауы тиіс.
Инфляция көрсеткіші қалай анықталады? Статистика агенттігі тұтыну бағалары индексін 508 позиция бойынша бақылайды, ал оның 38 % азық-түлік тауарлары.
Инфляция деңгейіне қандай факторлар ықпал етеді? Бұл монетарлық және монетарлық емес факторлар. Монетарлық факторларға елдегі ақша массасының өсуін жатқызуға болады. Мысалы, 2007-2008 жылдардағы инфляция өсуіне (18-20%-ға дейін) монетарлық фактор басымдығы ықпал етті. Бұл кезеңде Қазақстан экономикасы сонымен қатар негізделмеген ақша массасының артуымен, экономикамен салыстырғанда үлкен шетел капиталы ағымы көлемімен, жоғары тұтыну сұранысымен, мемлекеттік шығындар өсімімен, халықтың атаулы табыстарының негізсіз күрт өсуімен, үлкен сыртқы қарыздың қалыптасуына әкелген екінші деңгейлі банктердің агрессиялық саясатымен сипатталды. Осының бәрі экономиканың “қызып кетуіне”, алыпсатарлық көңіл- күйге, бағалардың негізсіз өсуіне әкелді.
Бүгінгі күнгі ахуал мүлдем басқаша. Банктер ақша ұсынуды едәуір қысқартып, несие саясатын абайлап жүргізуде. Бюджет тапшылығы орын алуда. Өсім қарқыны жаһандық экономика қарқыны тәрізді қалыпты болады. Сондықтан 2007 жылғы ахуал қайталанбайды.
Бүгінгі күні инфляциялық қысым факторлары арасында бірінші орынға монетарлық емес факторлар шықты. Ол — рыноктар монополиясы, әлемнің жекелеген елдерінде астық өнімі болмауынан туатын инфляциялық ықтималдар, қызмет бағаларының өсуі, жекелеген алыпсатарлық әрекеттер.
– Осындай жағдайда қандай шаралар қабылдануда?
Ішкі рыноктағы бағалардың өсуін және тиісті инфляциялық болжамдарды болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін отандық тауар өндірушілер азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемін арттыра түсетін болады. Есепті кезеңде өсімдік және мал майлары мен тоңмайлар көлемі, балықты қайта өңдеу мен консервілеу, жеміс пен көкөністі қайта өңдеу және консервілеу, сүт өнімдерін шығару, ет және ет өнімдерінің өндірісі, ұн-жарма өнеркәсібі өнімдерін шығару артты.
Үкімет инфляцияны ұстап тұру жөнінен шаралар қабылдауда. Мәселен, ағымдағы жылдың басында “Азық-түлік қауіпсіздігінің кейбір мәселелері туралы” заң күшіне енді. Осы заңға сәйкес өндірісі, тұтынылуы және баға құрылымы жергілікті атқарушы органдардың тарапынан қатаң мониторингіленетін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесі бекітілді. Осы тауарларға рұқсат етілетін бөлшек сауда бағалары шегінен асып кеткені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар, “Тауар биржалары туралы” заң күшіне енді, ол анық баға құрылымы мен ауылшаруашылық тауарларына фьючерстік сауда өткізуге негіз қалады. Қазіргі уақытта Қазақстанда АҚ түріндегі 4 лицензияланған тауар биржасы және 37 аккредиттелген биржалық брокер мен дилерлер жұмыс істейді.
Бағалардың күрт өсуі жағдайында ішкі рыноктағы маңызды азық-түлік тауарлары бойынша мемлекеттік материалдық қор жасалды. Үкімет 30 күнтізбелік күн ішінде аталған тауарларға бөлшек сауда баға өсімі 30 және одан артық пайыз құраған жағдайда 60 күнге дейінгі мерзімде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін бөлшек сауда бағаларының шекті көлемін белгілеу жөніндегі өкілеттіктерге ие болады.
Ағымдағы жылдың қазан айының басында Үкіметтің “Майлы дақылдарды, өсімдік майларын және қарақұмық жармаларының кейбір түрлерін шығаруға тыйым салу туралы” № 1024 қаулысы қабылданды.
Барлық әкімдіктер азық-түлік тауарларын аренда ақысынсыз сату үшін коммуналдық базарлар пен сауда орындарының санын арттырды. Тауарлы-сүт фермаларын, көкөніс қоймалары мен жылыжайлар құрылысы “ҚазАгро” желісі бойынша қаржыланатын басым инвестициялық жобалар қатарына енгізілді.
Бәсекелестікті қорғау агенттігі заңнаманы бұзатын көтерме сауда компаниялары әрекеттерінің жолын кесуде. Ұн, қарақұмық бағаларының негізсіз өсуіне жол берген компанияларға (Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) тергеу жүргізілді, әлі де жүргізілуде. Азық-түлік тауарларына қолжетімділікті шектеген және төлемдер өндіріп алған ірі сауда желілеріне ірі әкімшілік айыппұлдар салынды.
– Қазақстан өзге мемлекеттермен сыртқы сауданы қалай жүзеге асыруда?
– 2010 жылдың қаңтар айынан бергі кезеңде елдің сыртқы саудасында өсім, тауарлар экспортының артуы, жеке өндірістің көтерілуі және тауар айналымының жандануы байқалады.
Сыртқы сауда айналымы ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында 27,6%-ға артты және 55 млрд. долларды құрады. Сауда теңгерімінің сальдосы оң болды және 2009 жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда үш есе артты.
Отандық экономиканың тұрақты өсуіне Кеден одағы аясында рыноктың кеңеюі ықпал етуде. Қазақстан, Ресей және Белоруссияның құрған Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыпты экономикалық ортаны қалыптастыруға, отандық өндірушілер үшін сыртқы рыноктарға қол жеткізуге және адал емес бәсекелестікті жоюға бағытталған сауда саясатының тиімділігін арттырады.
Кеден одағының қазіргі даму кезеңінде еліміз 409 позиция бойынша бірқатар жеңілдіктерді пайдалануда. Аталған позицияларға дәрі-дәрмек, медицина жабдығы, жиһаз, қағаз, химия өнеркәсібіне арналған шикізат енгізілді. Сондай-ақ Кеден одағына мүше елдер инвестициялық келісім-шарттар негізінде әкелінетін жоғары технологиялық жабдықтар, өндірілмейтін шикізат пен оның құрамдастары үшін кедендік баж төлеуден босатылады.
Аталған факторлар тұтыну рыногын 168 млн. тұрғынға жеткізу, отандық өндірушілерді қолдау шараларымен бірге, экономиканың әртараптандырылуы үшін шетел және отандық инвестицияларды экономиканың шикізаттық емес өндеу секторына тарту арқылы қуатты ынталандырушы күш бола алады.
Кеден одағы шеңберінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілік саясаты шаруашылық қызметі үшін қолайлы жағдай туғызуда көрініс табады. Мысалы, Кеден одағы өз жұмысын бастағаннан бері Ресейдегі және Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі арасындағы айырмашылық едәуір болғандықтан, РФ сыртқы экономикалық қызметінің көптеген қатысушылары өз компанияларын Қазақстан аумағында қайта тіркеді.
2010 жылдың өткен айларындағы республикамыздың экономикалық даму үрдістерін бағалай отырып, отандық экономика дағдарыстан кейінгі тұрақты даму кезеңінде және болашақ дамудың оң тенденцияларын нығайта түсуде деуге болады.
Сонымен бірге, шикізаттық бағытына байланысты Қазақстан экономикасы дамудың теңдес емес тәуекелдерін сақтап отыр. Осы жағдайда экономиканы ауқымды әртараптандыру, шикізаттық бағыттан арылу мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсуде.
Осы стратегиялық міндетті шешу үшін Қазақстанда 2010 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастады. Бағдарламаның мақсаты экономиканы әртараптандыру және Қазақстанның ұзақ мерзімді перспективада бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып отыр.
Бағдарламада жеке бизнес пен мемлекеттің мүмкіндіктерін біріктіруге баса назар аударылған. Басқаша айтқанда, мемлекет күш-жігерін шикізаттық емес бағытты дамытуға жұмсаса, бизнес әртараптандыру мақсаттарына жауап беретін салаларды дамытуға атсалысады. Нәтижесінде 2014 жылы біз экономиканың нақты салаларында бәсекеге қабілетті өндірісті құруды және жоғары өнімділікті қамтамасыз ететін жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз.
Бағдарламаны іске асыру барысында өнеркәсіптің салалары – фармацевтика, тыңайтқыштар, керамика, шыны өндірісі, мұнай химиясы, мамандандырылған мәшине жасау, ақпараттық коммуникация, ғарыш өнеркәсібі құрылатын болады.
Аталған жобалардың кеңінен іске асырылуы жаңа технологияларды тартуды қажет етеді. Бұл тиісті секторларда көшбасшы әлемдік компаниялармен қарым-қатынастарды кеңейтуді қарастырады. Бізде мұндай оң интеграцияның айтарлықтай мысалдары бар. Оған General Electrіc компаниясымен бірлесіп салған Evolutіon сериялы электровоз зауыты дәлел. Кеден одағы және көлік дәліздерін құрудан келетін синэнергетикалық әсер біздің ірі шетелдік инвесторлармен қарым-қатынастарымызды сапалы жаңа деңгейге көтеретін болады. Әңгіме бұл жерде тек Қазақстан рыногы ғана емес, сондай-ақ Кеден одағы және жақын өңірлердегі елдердің ауқымды рыногына бағытталған өнімдер шығару жөніндегі жобаларды іске қосу туралы болып отыр.
Бағдарламаны іске асыру құралдары ретінде Индустрияландыру картасын және Өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру схемасын атап көрсетуге болады. Осылардың негізінде Қазақстанның 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістік дамуының болжамды схемасы әзірленбекші.
Бағдарламаны іске асыру арқылы Қазақстанның экономикасы әртараптандырылып, ұзақ мерзімді перспективада бәсекеге қабілеттілік артады. ІЖӨ 2015 жылға қарай 2008 жылмен салыстырғанда шамамен 50 пайызға артады, экономиканың энергия сыйымдылығы 10 пайызға төмендейді. Аталған басымдықтар бойынша барлық ресурстарды теңгерімді жұмылдыру арқылы экономика 46 млрд. АҚШ долларынан асатын жылдық қосымша қосылған құн құруға мүмкіндік алады.
Бұл Қазақстанның даму жолы. Біз одан кейінгі даму жоспарын да белгіледік және міндеттерді тиянақты жүзеге асыра бермекпіз. Әрине, Қазақстан былайғы әлемнен бөлек дами алмайды, бұл бүгінгі өмір шындығы. Жаһандану үрдісі барған сайын ел экономикаларын тығыз байланыстыра түсуде. Сондықтан әлемдік экономиканың даму мәселелері біз үшін қашанда маңызды, оның үстіне біз осы үрдіске белсенді араласа бермекпіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.