29 Қазан, 2010

Жанар АЙТЖАНОВА, Экономикалық даму және сауда министрі: “Қазақстан экономикасы тұрақты даму траекториясына шықты”

1955 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
– Жанар Сейдахметқызы, Қазақстан экономикасының 2010 жылдағы дамуының ағымдағы кезеңін қалай бағалар едіңіз? – 2010 жылдың басында Қазақстан дағдарысқа қарсы жүргізген саясатының тиімділігі бойынша жетістікке жеткен он елдің қатарына енді. Қазақстанның дағ­да­рысқа қарсы шараларына берілген жоғары бағаны “Дағдарыстан кейінгі әлем инс­титуты” қорының сауалнамасы да рас­тады. Сауал­нама әлемнің 57 елінің 247 жетекші экономисі, қаржы талдаушылары, ғалым­дары, компаниялардың топ-менеджерлері, журналистері мен саясаткерлері арасында жүргізілді. Сонымен қатар, осы жылдың үш тоқсаны бойынша Қазақстан сенімді және тұрақты экономикалық өсу траекториясын көр­сетіп отыр. Экономиканың негізгі алты сала­сының (өнеркәсіп, ауыл шаруа­шы­лығы, сауда, көлік және байланыс) даму дина­микасын көрсететін қысқа мерзімді эконо­микалық индикатор 9 айдың қоры­тын­дысы бойынша 8 пайызға, ал өнер­кәсіп өні­мінің көлемі 10,4 пайызға ұлғай­ды. 9 айда ІЖӨ өсімі 7,5 %-ды құрады. Тұрақ­ты да қарқынды өсу динами­касын эконо­миканың барлық салалары көрсетті және біз үшін маңыздысы, ол шағын және орта бизнесте байқалып отыр. Әрине, жыл­жымайтын мүлік пен банк секторында қиындықтар сақталуда, бірақ ондағы қалпына келу үрдістері де көп уақытты қажет етеді. Энергия тасығыштар, металдар, астық бағалары қалпына келуде, бұл елдің сыртқы саудасына, төлемақы теңгерімінің жағдайы­на қолайлы ықпал етті. Қазақстан экономикасының дағдарыс­тан шығуына, сөз жоқ, банк саласы үшін қосымша өтімділік, пайыз ставкаларын субси­диялау, селективті салалық шаралар­ды қамтамасыз ету сияқты мемлекеттік қолдаудың жедел шаралары әсер етті. Нәти­же­сінде ол бизнестің экономикалық бел­сен­ді­лігін арттырды. Ал ол өз кезегінде номи­нал­ды ғана емес, сонымен қатар нақ­ты жала­қының 6,8%-ға өсуіне ықпал жа­сады. Логи­калық тізбек түрінде бұл бөл­шек сауда айна­лымының 13%-ға ар­туы­на әкелді. Соның нәтижесінде ішкі сұ­ра­ныс өсімі ІЖӨ өсуі­не біршама ықпал етті. – Отандық экономиканың нақты секторында бүгінгі күні қандай жаңа даму үрдістері байқалуда? – Ағымдағы жылы өнеркәсіп өндірісі көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артты. Осы тұста мен экономикамызға тән емес, бірақ қуантар­лық үдерісті атап өткім келеді. 2010 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны (19,1%) тау-кен өнеркәсібі салалары өсімінен (5,0%) әлдеқайда артты. Әсіресе, химия өнімі, металл емес минералды өнім, дайын металл өнімдері, мәшине жасау өндірісі көлемінің артқаны байқалуда. Өңдеу өнеркәсібінің дамуы елдің эконо­микалық саясатының басым бағыттары­ның бірі екені белгілі. Осыған байланысты өткен жылдың өзінде Үкімет экономи­каның өңдеуші секторын қолдау мақса­тын­да төмен мөлшерлеме бойынша несие түрінде 80 млрд. теңге бөлуді жоспарлаған болатын. Бұл өндеуші сектор өндірісі көлемінің күрт артуына ықпал жасады. Әрине, тау-кен өнеркәсібінің дәстүрлі салалары Қазақстан экономикасы дамуы­ның локомотиві болған және солай болып қала бермек. Атап айтқанда, олар шикі мұнай мен табиғи газды өндіру, металл кен­дерін, көмір мен лигнитті өндіру, сонымен қатар ауыл шаруашылығы. Бұл ретте, үлкен әлеуетке құрылыс, көлік секторлары да ие, олар жаңа жұмыс орындарын, капиталға инвес­тицияларды, ІЖӨ өсуін қамтамасыз етеді. Экономикалық серпінді дамуды қамта­ма­сыз ететін салалардың алдыңғы қатар­лысы Индустрияландыру картасындағы басым жобаларға ұсынылып отыр. Картаға сәй­кес осы жылдың соңында құны 459 млрд. теңгені құрайтын 72 нысанды аяқтау жос­парланған. Жобалардың 7-уі іске қосыл­ды. Олар Ақтөбе облысындағы мұнай өнім­дерін кешенді жаңғыртатын “Синоойл” ЖШС, Қостанай облысындағы макарон өнім­дерін өндіруші “Қостанай диірмен комби­наты” АҚ, Солтүстік Қазақстан облы­сындағы контейнерлер шығаратын “ЗИКСТО” АҚ, Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы титан құймалары мен қоспаларын шығарушы “Өскемен титан-магний ком­би­на­ты” АҚ, Ақтөбе облысындағы қиыршық тас шығаратын “Теміржол Құрылыс Аты­рау” ЖШС, Жамбыл облысындағы болат құю өндірісіндегі “Жаңатас” металлургия ком­бинаты” ЖШС, Жамбыл облысындағы топс өндірісі бойынша “ПОШ-Тараз фа­бри­касы” ЖШС. Жалпы, Индустрияландыру картасы инвестициялардың жалпы сомасы 7 трлн. 263 млрд. теңгені құрайтын 237 жобадан тұ­­ра­­ды. Бұл жұмыссыздық мәселесін ше­шуге де ықпал жасамақ, атап айтқанда, 86 608 тұрақты жұмыс орындары мен 148 514 уақытша жұмыс орны құрылатын болады. Жоғарыда айтылғандар аясында ыр­ғақты өсу қарқынын көлік саласы да көрсетіп отыр. Жүктерді тасымалдау көлемі 9 ай нәтижелері бойынша 18,7%-ға, жолау­шылар тасымалы 11,5%-ға артты. Көлік қызметтерінің көлемі өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға артты. Әрине, экономиканың ырғақты өсу не­-гі­зін инвестициялар құрайтыны даусыз. 2010 жылы бұл салада да инвестиция көздері құрылымының өзгеруіне қатысты оң үдерістер қалыптасты. Инвес­ти­ция­лар­дың денін бизнестің жеке қаражаты құрса, олар­дың үлес салмағы жалпы көлемде 2009 жыл­дың қаңтар-қыркүйек айларындағы 32,9%-ға қарағанда 46,0%-ды құрады. Бұл бизнес­тің инвестициялық әлеуетінің қалпына келуінен хабар беретін жақсы көрсеткіш. Негізгі капиталға салынатын жалпы инвестиция көлемінде дәстүрлі түрде көшбасшы орын алатын шетел инвес­ти­ция­ларының көлемі керісінше қысқарды. Бүгінде олардың үлесі 40,9%-дан 25,3%-ға түсті. Шетел инвестициялары үлесінің қыс­қа­руына қарамастан, негізгі капиталға жалпы са­лымдар көлемінің қысқармағанын атап өткім келеді. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және тұрғын үй рыногына жаңа нысандар шы­ғару арқасында құрылыс жұмыстары көле­мінің қысқаруы тоқталды. Тұрғын үй құрылысына салынған салымдар көлемі 0,5%-ға артты, оған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылуы әсер етті. Болашақта несие рыногының бел­сен­ділігі және инвестициялар өсімі тәрізді экономикалық өсімнің негізгі факторлары ІЖӨ көлемін арттыруға өз үлесін қосатын болады. – Еңбек рыногында қандай тенденциялар өріс алуда? – Қазақстанның еңбек рыногындағы ахуал, кез келген сала тәрізді, мемлекеттің биз­нес жүргізуге оңтайлы жағдайлар туғызудағы экономикалық саясатының сәт­-ті­лігіне тікелей байланысты. Іскерлік белсенділіктің жалпы қарқынының артуы және дағдарысқа дейінгі қуаттарды қалпына келтіру, бизнес жүргізу әдістерін қайта ба­ға­лау, ұйымдастыруды қайта құрылымдау, компания көлеміне қарамастан шығыстарды оңтай­ландыру, штатты нақты рынок жағдай­ла­рына сәйкес оңтайландыру 2010 жылы экономиканың барлық салаларына тән үдерістер болды. Осы өзгерістер аясында бі­лік­ті мамандарға сұраныс арта түсуде. Елдегі жұмыссыздық деңгейі осы жыл­дың қыркүйек айында 5,6%-ды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда тұрақты төмен­деу үдерісін көрсетеді. Жалдамалы жұмыс­шылар саны 2010 жылдың қыркүйек айында 5440,1 мың адамды құрады, бұл 2009 жыл­дың қыркүйек айымен салыстырғанда 3,2 пайызға артық. Жұмыссыздықтың қыс­қаруына бірқатар факторлар ықпал етті, оның ішінде “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасы маңызды рөл атқарды. Бағдарлама банктерді бизнесті несиелеуге, ал бизнесті өндеу өнеркәсібінің басым сала­ла­рындағы жаңа белестерді бағындыруға ын­таландыра түсті. Жалақы туралы айтар болсақ, 2010 жыл­дың тамыз айында жұмысшыларға аударыл­ған орташа номиналды жалақы 80789 теңгені құрады. Өсім өткен жылдың осы ке­зеңі­мен салыстырғанда шамамен 18%. Соны­мен қатар 2010 жылдың 1 сәуірінен бас­тап бюджет саласы қызметшілерінің жала­қысы 25%-ға артты. Елде барлық эко­но­микалық қызмет түрлері бойынша ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұ­мыс­шылар жалақысының артуы бай­қа­луда. Аталған фактор ІЖӨ динамикасына мультипликативті түрде оң ықпалын тигізді. – 2010 жылдың соңғы айларында азық-түлік тауарларына өсім байқалады. Инфляция қауырт өсіп кеткен 2007 жылғы ахуал қайталанып жүрмей ме? – Инфляция елдегі ахуалды анықтайтын негізгі және маңызды макроэкономикалық көрсеткіштердің бірі екені сөзсіз. Оның ықпалын барлық экономика субъектілері, сонымен қатар бизнес те, халық та сезінеді. Сондықтан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инфляция Ұлттық банк белгілеген шекте қалып отыр. Қазіргі уақытта елдегі инфляция Ұлттық банк белгілеген 6-8 % шегінде сақталып тұр. Бұл ұлттық валютаның нығаюы арқасында жүзеге асырылуда, ол импорт тауарларының бағасына, сонымен қатар тұтыну сұраны­сының біртіңдеп өсуіне, шетел капиталы ағы­мының төмендеуіне және ақша мас­сасының біршама өсуіне ықпал етеді. Мысалы, инфляция қыркүйек айында 0,6%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының баға­сы өткен айда 0,4%-ға, азық-түлік емес тауар­лар – 0,5, ақылы қызметтер 0,8%-ға өсті. Жоспарланған инфляцияның дәлізіне кі­ру үшін азық-түлік тауарларының ба­ға­лары 9,7%-дан аспауы тиіс. Инфляция көрсеткіші қалай анық­та­ла­ды? Статистика агенттігі тұтыну бағалары ин­дек­сін 508 позиция бойынша бақылайды, ал оның 38 % азық-түлік тауарлары. Инфляция деңгейіне қандай факторлар ықпал етеді? Бұл мо­нетар­лық және монетарлық емес фактор­лар. Монетарлық фактор­ларға елдегі ақша массасының өсуін жатқызуға болады. Мысалы, 2007-2008 жылдар­да­ғы инфляция өсуіне (18-20%-ға дейін) монетарлық фактор басым­ды­ғы ықпал етті. Бұл кезеңде Қазақ­стан эко­номикасы сонымен қатар негізде­л­меген ақша массасының артуы­мен, эконо­микамен салыс­тыр­ған­да үлкен шетел капиталы ағымы көлемімен, жоғары тұтыну сұраны­сы­мен, мемлекеттік шығындар өсімімен, халықтың атаулы табыстарының негізсіз күрт өсуімен, үлкен сыртқы қарыздың қалыптасуына әкелген екінші деңгейлі банктердің агрес­сия­лық саясаты­мен сипатталды. Осының бәрі экономи­ка­ның “қызып кетуіне”, алыпсатарлық көңіл- күйге, бағалар­дың негізсіз өсуіне әкелді. Бүгінгі күнгі ахуал мүлдем басқаша. Банктер ақша ұсынуды едәуір қысқартып, несие саясатын абайлап жүргізуде. Бюджет тапшылығы орын алуда. Өсім қарқыны жаһандық экономика қарқыны тә­різ­ді қалыпты болады. Сондықтан 2007 жылғы ахуал қайталанбайды. Бүгінгі күні инфляциялық қысым фак­тор­лары арасында бірінші орынға моне­тар­лық емес факторлар шықты. Ол — рыноктар моно­полиясы, әлемнің жекелеген елдерінде ас­тық өнімі болмауынан туатын инфля­ция­лық ықтималдар, қызмет бағаларының өсуі, жекелеген алыпсатар­лық әрекеттер. – Осындай жағ­дайда қандай шаралар қабыл­да­нуда? Ішкі рыноктағы ба­ға­лардың өсуін және тиісті инфляциялық болжамдарды болдыр­мау мақсатында ағым­да­ғы жылдың соңына дейін отандық тауар өнді­рушілер азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемін арттыра түсетін болады. Есепті кезеңде өсімдік және мал майлары мен тоңмайлар көлемі, балықты қайта өңдеу мен консервілеу, жеміс пен көкөністі қайта өңдеу және консервілеу, сүт өнімдерін шығару, ет және ет өнімдерінің өндірісі, ұн-жарма өнеркәсібі өнімдерін шығару артты. Үкімет инфляцияны ұстап тұру жөнінен шаралар қабылдауда. Мәселен, ағымдағы жылдың басында “Азық-түлік қауіпсіздігінің кейбір мәселелері туралы” заң күшіне енді. Осы заңға сәйкес өндірісі, тұтынылуы және баға құрылымы жергілікті атқарушы органдардың тарапынан қатаң мониторин­гі­ленетін әлеуметтік маңызы бар тауарлар­дың тізбесі бекітілді. Осы тауарларға рұқсат етілетін бөлшек сауда бағалары шегінен асып кеткені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, “Тауар биржалары ту­ралы” заң күшіне енді, ол анық баға құры­лы­мы мен ауылшаруашылық тауарларына фьючерстік сауда өткізуге негіз қалады. Қазіргі уақытта Қазақстанда АҚ түріндегі 4 лицензияланған тауар биржасы және 37 аккредиттелген биржалық брокер мен дилерлер жұмыс істейді. Бағалардың күрт өсуі жағдайында ішкі рыноктағы маңызды азық-түлік тауарлары бойынша мемлекеттік материалдық қор жа­сал­ды. Үкімет 30 күнтізбелік күн ішінде аталған тауарларға бөлшек сауда баға өсімі 30 және одан артық пайыз құраған жағ­дайда 60 күнге дейінгі мерзімде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін бөлшек сауда бағаларының шекті көлемін белгілеу жөніндегі өкілеттіктерге ие болады. Ағымдағы жылдың қазан айының басында Үкіметтің “Майлы дақылдарды, өсім­дік майларын және қарақұмық жар­ма­ларының кейбір түрлерін шығаруға тыйым салу туралы” № 1024 қаулысы қабылданды. Барлық әкімдіктер азық-түлік тауарла­рын аренда ақысынсыз сату үшін ком­муналдық базарлар пен сауда орын­да­ры­ның санын арттырды. Тауарлы-сүт фер­ма­ларын, кө­көніс қоймалары мен жылыжайлар құры­лы­сы “ҚазАгро” желісі бойынша қар­жы­ла­на­тын басым инвестициялық жобалар қа­тарына енгізілді. Бәсекелестікті қорғау агенттігі заңна­ма­ны бұзатын көтерме сауда компаниялары әрекеттерінің жолын кесуде. Ұн, қарақұмық бағаларының негізсіз өсуіне жол берген компанияларға (Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) тергеу жүргізілді, әлі де жүргізілуде. Азық-түлік тауарларына қол­жетімділікті шектеген және төлемдер өн­ді­ріп алған ірі сауда желілеріне ірі әкімшілік айыппұлдар салынды. – Қазақстан өзге мемлекеттермен сыртқы сауданы қалай жүзеге асыруда? – 2010 жылдың қаңтар айынан бергі ке­зеңде елдің сыртқы саудасында өсім, тауар­лар экспортының артуы, жеке өндірістің көтерілуі және тауар айналымының жандануы байқалады. Сыртқы сауда айналымы ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында 27,6%-ға арт­ты және 55 млрд. долларды құрады. Сауда теңгерімінің сальдосы оң болды және 2009 жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда үш есе артты. Отандық экономиканың тұрақты өсуіне Кеден одағы аясында рыноктың кеңеюі ық­пал етуде. Қазақстан, Ресей және Белорус­сия­ның құрған Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыпты эконо­ми­ка­лық ортаны қалыптастыруға, отандық өндірушілер үшін сыртқы рыноктарға қол жеткізуге және адал емес бәсекелестікті жою­ға бағытталған сауда саясатының тиім­ділігін арттырады. Кеден одағының қазіргі даму кезеңінде еліміз 409 позиция бойынша бірқатар жеңіл­діктерді пайдалануда. Аталған позицияларға дәрі-дәрмек, медицина жабдығы, жиһаз, қағаз, химия өнеркәсібіне арналған шикізат енгізілді. Сондай-ақ Кеден одағына мүше елдер инвестициялық келісім-шарттар негізінде әкелінетін жоғары технологиялық жабдықтар, өндірілмейтін шикізат пен оның құрамдастары үшін кедендік баж төлеуден босатылады. Аталған факторлар тұтыну рыногын 168 млн. тұрғынға жеткізу, отандық өндіру­ші­лер­ді қолдау шараларымен бірге, эконо­ми­каның әртараптандырылуы үшін шетел және отандық инвестицияларды эконо­ми­каның шикізаттық емес өндеу секторына тарту арқылы қуатты ынталандырушы күш бола алады. Кеден одағы шеңберінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілік саясаты шаруашылық қызметі үшін қолайлы жағдай туғызуда көрініс табады. Мысалы, Кеден одағы өз жұмысын бастағаннан бері Ресейдегі және Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі ара­сын­дағы айырмашылық едәуір болғандықтан, РФ сыртқы экономикалық қызметінің көп­теген қатысушылары өз компанияларын Қазақ­стан аумағында қайта тіркеді. 2010 жылдың өткен айларындағы республикамыздың экономикалық даму үрдіс­терін бағалай отырып, отандық эконо­мика дағдарыстан кейінгі тұрақты даму кезеңінде және болашақ дамудың оң тен­денцияларын нығайта түсуде деуге болады. Сонымен бірге, шикізаттық бағытына байланысты Қазақстан экономикасы дамудың теңдес емес тәуекелдерін сақтап отыр. Осы жағдайда экономиканы ауқымды әртараптандыру, шикізаттық бағыттан арылу мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсуде. Осы стратегиялық міндетті шешу үшін Қазақстанда 2010 жылы үдемелі индустрия­лық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастады. Бағдарламаның мақсаты экономиканы әртараптандыру және Қазақстанның ұзақ мерзімді перспективада бәсекеге қабілет­тілігін арттыру болып отыр. Бағдарламада жеке бизнес пен мем­лекеттің мүмкіндіктерін біріктіруге баса назар аударылған. Басқаша айтқанда, мем­лекет күш-жігерін шикізаттық емес бағытты дамытуға жұмсаса, бизнес әртараптандыру мақсаттарына жауап беретін салаларды дамытуға атсалысады. Нәтижесінде 2014 жылы біз экономиканың нақты салаларында бәсекеге қабілетті өндірісті құруды және жоғары өнімділікті қамтамасыз ететін жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаны іске асыру барысында өнеркәсіптің салалары – фармацевтика, тыңайтқыштар, керамика, шыны өндірісі, мұнай химиясы, мамандандырылған мәши­не жасау, ақпараттық коммуникация, ғарыш өнеркәсібі құрылатын болады. Аталған жобалардың кеңінен іске асы­рылуы жаңа технологияларды тартуды қажет етеді. Бұл тиісті секторларда көшбасшы әлем­­дік компаниялармен қарым-қатынас­тарды кеңейтуді қарастырады. Бізде мұндай оң интег­рацияның айтар­лықтай мысалдары бар. Оған General Electrіc компа­ниясымен бір­ле­сіп салған Evolutіon сериялы электро­воз зауыты дәлел. Кеден ода­ғы және көлік дәліз­дерін құрудан келетін синэнергетика­лық әсер біздің ірі шетелдік инвестор­лармен қарым-қатынастарымызды сапалы жаңа деңгейге көтеретін болады. Әңгіме бұл жерде тек Қазақ­стан рыногы ғана емес, сондай-ақ Кеден одағы және жақын өңірлер­дегі елдердің ауқымды рыногына бағыттал­ған өнімдер шығару жөніндегі жоба­ларды іске қосу туралы болып отыр. Бағдарламаны іске асыру құралда­ры ретінде Индустрияландыру картасын және Өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру схемасын атап көрсетуге болады. Осылардың негі­зінде Қазақстанның 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістік дамуы­ның болжамды схемасы әзірленбекші. Бағдарламаны іске асыру арқылы Қазақстанның экономикасы әртарап­тан­дырылып, ұзақ мерзімді перспек­тивада бәсекеге қабілеттілік артады. ІЖӨ 2015 жылға қарай 2008 жылмен салыстырғанда шамамен 50 пайызға артады, экономиканың энергия сыйымдылығы 10 пайызға төмендейді. Аталған басымдықтар бойынша барлық ресурстарды теңгерімді жұмылдыру арқылы экономика 46 млрд. АҚШ долларынан асатын жылдық қосымша қосылған құн құруға мүмкіндік алады. Бұл Қазақстанның даму жолы. Біз одан кейінгі даму жоспарын да белгі­ледік және міндеттерді тиянақты жү­зеге асыра бермекпіз. Әрине, Қазақ­стан былайғы әлемнен бөлек дами алмайды, бұл бүгінгі өмір шындығы. Жаһандану үрдісі барған сайын ел экономикаларын тығыз байланыстыра түсуде. Сондықтан әлемдік экономи­каның даму мәселелері біз үшін қашанда маңызды, оның үстіне біз осы үрдіске белсенді араласа бермекпіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.