БАҒДАРЛАМА БАҒЫТЫ
білім сапасын арттыру, мұғалім беделін көтеру
“Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономиканың орнықты өсімі мен азаматтардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ететін адамдық капиталды дамытып, заман талабына сай түбегейлі жаңартуды көздейді. Бұл реформа мен жаңарудың негізгі бағыттары қандай дегенге келсек, білім менеджментін жақсарту, педагог мәртебесін арттыру мемлекеттік қолдауды күшейту, шағын жинақты мектептердің даму стратегиясын жүзеге асыру, “Балапан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру арқылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды толық қамту, 12 жылдық білім беруге көшу мәселелері қарастырылған. 2020 жылға дейінгі бағдарламада көрсетілген міндеттерге сәйкес еліміздің орта білім беру ұйымдарын 12 жылдық оқыту үлгісіне толықтай көшіру жүзеге асырылып, құзыреттілік тәсіліне негізделген бұл білім жүйесінің жаңа стандартын әзірлеу және енгізу жан-жақты жоспарлануда. Білім беру стандарттарының өзгеруі білім берудің жаңа мазмұнын әзірлеуді талап ететіні белгілі. Жаңа білім беру мазмұнының базалық принципі – әрбір мектепте тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуды ынталандыратын ізгілендірілген білім беру ортасын құру: өзін-өзі тану, өзін-өзі анықтау және өзін-өзі жетілдіру. Білім беру ұйымдары мен отбасыларда адамгершілік-рухани мәдениеттің жоғары деңгейіне қол жеткізілетін болады. Қазақстанның жаңа мектебін ұйымдастыру идеясы білім берудің мақсаттарын қайта қараудан тұрады. Бұл оқыту пәндерінің мазмұнын, технологиясын, құрылымын, басқаруды, оқулықтарды, қаржыландыруды, тағы басқаларды жаңартуға мүмкіндік береді. 12 жылдық оқыту моделіне көшуге дайындық шеңберінде қызметтің негізгі бағыттары айқындалып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соның қатарында жалпыға міндетті білім берудің “Негізгі ережелері”, “Бастауыш білім беру” стандарты бекітілді. Негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, бастауыш, негізгі және орта мектептің оқу бағдарламалары әзірленді. Білім беру мазмұнын жаңарту бір жағынан, оқушының оқу жүктемесін азайту, екінші жағынан қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары жетістіктерімен байыту, кіріктіру және пәнаралық байланыс арқылы іске асырылады. Оқыту технологиясы туралы айтар болсақ, саралап және жекелеп оқытуға, бейіндік оқытуды енгізуге ерекше назар аударылатын болады. Білім берудің жаңа моделіне көшу процесін ғылыми-әдіснамалық және оқу-әдістемелік қамтамасыз етуде іске асырылған жұмыстар: бірінші, 12 жылдық білім берудің, бейіндік оқытуды дамыту тұжырымдамалары; екінші, білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесінің ережесі; үшінші, оқу-тәрбие процесін, білім берудің негізгі деңгейіндегі оқушылардың бейіналды дайындықтарын ұйымдастыру жөнінде әдістемелік құралдар мен ұсынымдар әзірленді. Бұл құжаттар педагогикалық және ғылыми қоғамдастықта кеңінен қаралып, талқыланды. 12 жылдық оқу жүйесі сапалы кәсіптік және техникалық білім беру мүмкіндігіне жол ашады. 2015-2020 жылдар арасында кәсіптік-техникалық білім берудің стандарттары, оқу бағдарламалары мен жоспарлары еңбек нарығының талаптарына сай қайта құрылымдалу мектеп пен жұмыс берушілер арасында іскерлік қарым-қатынасты нығайтып, екі жақты сұраныс артады. Сонымен бірге, аталған бағдарламада шағын да жинақы мектептерде білім сапасын арттыру мәселесін шешу жан-жақты қарастырылу үстінде. Мысалы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының базасында шағын да жинақы мектепті дамыту орталығы, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіруді жүзеге асыратын институттар базасында 14 өңірлік бөлімдер ашылып, шағын да жинақы мектеп қызметінің типтік ережесі әзірленетін болады. “Мектебі жоқ елді мекендерде тұратын білім алушылар мен тәрбиеленушілерді мектепке дейін және кері қарай тегін және қауіпсіз тасымалмен қамтамасыз ету” стандарты әзірленеді. 2011 жылдан бастап оқушы саны 10 және одан да көп шағын, жинақы мектептер жаңа модификациялық компьютерлермен, кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі. “Е-learnіng” электронды оқыту шеңберінде қашықтықтан оқыту ұйымдастырылады. 2011-2015 жылдар аралығында өңірлердегі аудан орталықтарында 160 тірек мектебін ашу көзделуде. Тірек мектебі дегеніміз – базасына шағын, жинақы мектептер біріктірілетін жалпы білім беру ұйымы. Әрбір тірек мектепке бірнеше шағын жинақы мектеп бекітіледі. Шағын жинақы мектептегі балалар жылына 3 рет (оқу жылының басында, ортасында және аяғында) 10 күннен тірек мектебіне келіп білім алады, сол жерде аралық және қорытынды аттестаттаудан өтетін болады. Сессиялардың арасындағы білім беру шағын жинақы мектептің өзінде ресурстық орталық мұғалімдерінің қатысуымен қашықтықтан білім беру арқылы өткізіледі. Сонымен бірге, шағын жинақы мектеп оқушыларына білім берумен қоса басқа да әлеуметтік қызметтер: медициналық тексеру, қосымша білім беру көрсетіледі. Бағдарламада мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарына сапалы қызмет көрсету мәселесі де қарастырылған. Осы игілікті іске 2015 жылға қарай мектепке дейінгі жастағы балалардың 70 пайызы қамтылса, 2015 жылдан кейін 5-6 жастағы балаларды мектепалды даярлықпен толық қамту міндеті алға қойылып отыр. Бүгінгі күнде республикада 5429 мектепке дейінгі ұйымда 397,5 мың бала тәрбиеленуде. Соңғы 3 жылда 538 бірлікке балабақшалар саны артып отыр. Сонымен қатар, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісінің өсу динамикасы байқалуда. Бүгін 311 жекеменшік балабақшада 27079 мың бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік “Балапан” бағдарламасын іске асыруда биыл мектепке дейінгі ұйымдарға қосымша 89732 орын енгізу жоспарланған болатын. Бұл мектепке дейінгі балалардың 48%-ын қамтиды деген сөз. Мемлекеттік Бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай қалада да, ауылда да балабақша тапшылығы толықтай шешімін табады. Мектепке дейінгі мекеменің мемлекеттік, жекеменшік, отбасылық және ведомствалық түрлері болады. Жеке меншік балабақшаларды ашу Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана, Алматы қалаларында жақсы жолға қойылған. Елімізде арнайы білім беру 37 арнайы балабақшада, 101 түзеу мектептерінің балабақшаларындағы 240 арнайы топ пен жалпы білім беретін 1098 арнайы сыныпта жүзеге асырылуда. Арнайы топтар мен сыныптардың ашылуы есебінен даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды біліммен қамту 2009 жылмен салыстырғанда 3,4%-дан 41,4%-ға көбейді. Республикада дамуында ауытқуы бар балаларға диагностика жасайтын және кеңес беретін, медициналық-педагогикалық-психологиялық қолдау көрсететін 56 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жұмыс жасайды. Туғаннан бастап 6 жасқа дейінгі балаларға арналған 129 инклюзивті білім беру, 123 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде, 15 оңалту орталығында, 345 логопед пункттерінде оларға көмек көрсетілуде. Педагог мәртебесін көтеру барысында 2013 жылдан бастап ваучерлік жүйе арқылы педагогтің біліктілігін арттыру; бейіндік мектеп үшін педагог-магистрлерді дайындау жүйесін жетілдіру; 2015 жылы айлыққа үстеме ақша қосу, мұғалім жалақысын еліміздегі орташа деңгейдегі жалақы мөлшеріне жеткізу; “Болашақ” бағдарламасы арқылы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдерді дайындау жан-жақты қарастырылуда. Осы арада нақтылай түсетін бір мәселе, педагог мәртебесі “Білім туралы” Заңға арнайы тарау болып енгізілгені еді. Осыны мұғалімдер қауымы әр кез еске сақтап, өз құқықтарын қорғауға мүмкіндіктері бар. Қазіргі кезде педагогтарға көтерме ақы төлеу, тұрғын үй алу үшін ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беру, барлық мұғалімдерді тегін медициналық тексеруден өткізу, білім беру гранттарын тағайындау, ауылдық жерлерде тегін коммуналдық қызмет көрсету, жалақыға 25 пайыз үстеме ақы төлеу мәселелері тиянақты шешілуде. Атап айтсақ, 2005 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы, оның ішінде мұғалімдердің жалақысы 32 %-ға, 2007 жылы 30 %-ға, 2009 жылы 25 %-ға, 2010 жылдың 1 сәуірінен бастап 25 %-ға өсті. Кезекті еңбек демалысын алған кезде мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне жылына бір рет сауықтыруға жәрдемақы берілуде. Бастауыш сынып мұғалімдерінің апталық жүктемесі 20 сағаттан 18 сағатқа азайтылған болса олардың жалақысы 10 пайызға өсті. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу үшін келген жас мамандарға Үкіметтің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысының негізінде 70 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдауға – 630 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік несие берілуде. Қай дәуірде болмасын, жас ұрпаққа сапалы білім үйретіп, заманына сай лайықты тәлім-тәрбие беріп балапандай баулыған ұстаздар қауымы жоғарыда айтқан мерейлі міндеттерді де абыроймен атқарады деп сенеміз. Мұғалім беделін биіктетуге, ұл мен қыздың өсіп, өркендеуіне бағытталған мұндай жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың өркениет жолына бет алған қоғамда маңызы үлкен деп білеміз. Нұрғали АРШАБЕКОВ, Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры.* * *
БҰЛАҚ КӨРСЕҢ – КӨЗІН АШ
Қостанайда математика пәні бойынша дарынды балаларға арналған алғашқы семинар өтті
Әрбір талантты, дарынды бала халқымыздың алтын көмбесі секілді. Онан қалды әрбір кішкентай дарын – ертеңгі жанартау. Оның ешкімге ұқсамайтын еңбегімен, жаңалығымен елімізді, тіпті әлемді таңғалдырмасына кім кепіл. Алайда, халқымыз “бұлақ көрсең–көзін аш” деген қағидасын ұстанып, дарынды балаларды тәрбиелемесе, олардың білімін ұштамаса, көселмеген шоқтай таланттың өшіп қалуы да талас тудырмайды. Осы жөнінде биылғы оқу жылы қарсаңында ұстаздардың тамыз мәслихатында Қостанай облыстық білім басқармасының бастығы Сәуле Бөрібаева ханым бір бастама көтерген еді. – Облыс мектептерінде өте қабілетті оқушылар аз емес. Бірақ олар өздерінің сорпасына өздері қайнап жүре береді. Қазір жаңа техника, технология уақыты. Дарынды оқушылардың білімін ұштау үшін оларды жинап, семинар, арнайы оқулар сияқты шаралар өткізгеніміз дұрыс болар еді. Биылғы оқу жылында осы жұмыстың ыңғайын келтіру керек. Жас дарынның жүрегіндегі шоқты үрлеу біздің, ұстаздар қауымының қасиетті парызы болуы тиіс,–деген Сәуле Бөкейханқызы ұстаздар алдында. Міне, білікті басшы бекер айтпаған екен, Қостанай қаласының сыртындағы “Жайлау” демалыс үйіне облыс аудандары мен қалаларындағы мектептердің 8-11 сыныптарында оқитын 100 оқушы жиналды. Олардың барлығы да математикадан аудандық, облыстық, тіпті алды республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлдегер болып жүрген өрендер. Ал математик оқушылардың алдында мектеп мұғалімдері емес, Алматының, Ресейдің Челябі қаласының және Қостанайдың жоғары оқу орындарындағы математика кафедраларының жетекші оқытушылары төрт күн бойы дәріс оқыды. Оқушылар күндіз пән бойынша жұмыс істеді де, кешке олар үшін сауық кештері ұйымдастырылды. Ондағы ойындардың өзі таза математика бағытында құрылды. – Семинар қостанайлық балалардың математикадан қабілеті өте жоғары екендігін көрсетті. Олардың арасында мектеп бағдарламасын ғана емес, одан да күрделі тапсырмаларды орындағандары болды. Мұндай кездесулердің болашақ математиктерге берері көп,–дейді математикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері, халықаралық математика олимпиадасының еліміздегі бас координаторы Дәмер Елеусізов. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.* **
ЖЕТІЛДІРІЛУ ҮСТІНДЕ
Білім және ғылым министрлігі 2010 жылғы 11 тамызда “Егеменді Қазақстан” газетінде жариялаған “Ұлттық бірыңғай тест нәтижесі қашан талапкер білімінің көрсеткіші болады?” атты мақалаға қатысты мына жайды хабарлайды. Әлемдік тәжірибеде оқушылардың білім деңгейін таразылаудағы озық технология болып саналатын ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі елімізде 2004 жылдан бері қолданылып келеді. Осы уақытқа дейін жыл сайын аталған жүйе жетілдіріліп, техникалық, мазмұндық жағынан толығып отырады. Тестілеу жүйесін білім беру үрдісіне ендіру және қолдану аясында Ұлттық тестілеу орталығының ұйымдастыруымен тест тапсырмаларын әзірлеушілер мен сараптамашыларға Ресей Федерациясының тестолог ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Вадим Аванесовтың қатысуымен оқыту семинарлары өткізіліп тұрады. Бұл семинарларда әзірлемешілер мен сараптамашылар бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар, Барокко стиліндегі, логикалық, гетеорогендік, ситуациялық, тіркесті, фасеттік, сәйкестікті анықтауға арналған тест тапсырмаларымен қатар, көп сатылы және логикалық тест тапсырмаларының құрылымы, ерекшелігі туралы білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, шет елдердегі білім деңгейін саралаудың жаңа форматтағы тест тапсырмаларын талдау, қолданысқа енгізу барысында ұлттық білім беру сапасын бағалау және Әлемдік даму банкімен бірлесіп ҰБТ-ның мазмұнын жетілдіру, бақылау-өлшеуіш құжаттарын әзірлеу және кәсіптік тест әзірлемешілерін даярлау мақсатында АҚШ-тық тестолог Марк Зелманның оқыту семинарлары өтуде. 2008-2009 жылдардағы оқу-әдістемелік құралдардың соңына бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмалары, ал биылғы, яғни 2010 жылға арналған оқу-әдістемелік құралдарда логикалық тест тапсырмалары үлгі ретінде енгізілген болатын. Бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмалары және логикалық тест тапсырмалары құрастырылып зерделеу өткізіліп, оқушылар мен ата-аналардың көзқарастарына сараптама жүргізілуде. Тест тапсырмаларының жаңа түрлерін ҰБТ-да қолдану болашақтың еншісінде. * * * ОҚУЛЫҚ ОҢАЛАДЫ Миллиондаған ұл мен қызға білім үйрететін төл оқулықтарымыз туралы әр алуан әңгімелер аз айтылып жүрген жоқ. Алқалы жиындар да өтеді. Тарау-тарау әңгімелер де айтылады. Бірақ жетістігі мен кемшілігі айтудай айтылғанымен, сапасы жақсарды деген түйінді сөзді әлі естігеміз жоқ. Жақында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен республикалық кеңес өткізілді. Оған елуден астам баспа басшылары, оқулық және оқу әдістемелік кешендердің 540 авторы, оқулықтарға сараптама жасаған мамандар, педагогтар қатысты. Кеңесте бар мен жоқ әңгіме арқауына айналып, оқу-әдістемелік кешеннің мазмұны мен тақырыбына баса назар аударылды. Бағалаудың дәстүрлі критерилері сараптауға салынып, нарықтық нақты жағдайға бейімдеу мәселесі сөз болды. Баспагерлер оқулықтардың мазмұны мен полиграфиялық безендірулері жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Сол секілді заман талабына сай электрондық білім беру мәселесі де сөз болды. Әсіресе, дайындалған оқулықтарды сараптамадан өткізу жөніндегі әр алуан пікірлер кімді де болса ойға қалдырары анық. Шындығына келсек, оқулық ұжымдық еңбек. Авторлар жазады не құрастырады, оны арнайы ақша бөліп, сараптаудан өткізетін мамандар. Бұл екі баспалдақтан сүрінбей өткендер баспаның “табалдырығын” аттайды. Ол арада редакторлар оқып, кемшілігін авторлармен кеңесе отырып түзеп, өндіріске жібереді. Бір таңқаларлығы, осы сүзгіден кейін де басқасын айтпағанда, стилистикалық және орфографиялық қателердің кездесетіні өкіндірмей қоймайды. Мұндай қателерге кім жауап беруі керек? Осыған қарай отырып, оқулық сапасына нұқсан келтірген адамдар айтылуы керек секілді. Және бір айтарымыз, оқулықты жазу кезінде ғалым – әдіскер – білім-білігі мықты мұғалім кеңесе отырып орындаса, тиімді болар ма еді. Жалпы, оқулық жазудың қиын екенін мықты мамандар әр кез айтып жүреді. Ал ұрпақ тағдырынан бұрын өзінің абыройын көтеру мақсатында талпынатындар, кітап сыртында аты-жөнінің тұрғанын мәртебе санайтындар да кездесіп жатады. Оқулықтағы кемшілік осындай жағдайда орын алатын тәрізді. Тағы бір айтарымыз әрбір оқулықтың салмағы ғылымда дәйектелген оқушы жасына лайықты болуы десек, кейбір оқу кешендерінің талапқа сай келмейтін ауырлығы бүлдіршіндеріміздің иығын “жаншып”, тірсегін дірілдететінін көріп жүрміз. Қалай десек те тәуелсіз елдің болашағы, алдыңғы толқынның ертеңгі ізбасары саналатын жас ұрпақтың ой-санасына лайықты оқулық әзірлеу мәселесін бір ізге салатын уақыт жеткен секілді. Бұл үшін алдымен ауыл-қала балаларының талап деңгейі қалай, қандай бағыт-бағдар олардың көңіліне қонымды, санасына сіңімді дегенді саралай келіп, бұрынғы бар тәжірибенің жақсы жақтарына, ілікке ілінетіндеріне ілтипат танытып, әлемдік үдерістердің үлгісімен ұштастырып, әлеуметтік зерттеулер жүргізіп барып оқулық жазсақ, ондай оқулық алдымен оқушыға одан кейін ұстазға, ата-анаға тиімді болатынына иманымыз кәміл. Жоғарыдағы алқалы жиынға көптен бері оқулық шығарып келе жатқан Мәскеу баспаларының өкілдері де қатысып, атап айтқанда: “Просвещение”, “Дрофа”, “Мнемозина” редакторлары өз ойларын ортаға салды. Қорытындысында еліміздің білім ведомствосының басшысы Б.Жұмағұлов ұлттық оқулыққа ерекше мән беруді қозғағандардың пікірін мұқият тыңдап, оған оң тұжырымын білдіріп, балама оқулықтар жасауды жетілдіру, ол үшін бәсекелі орта қажет екенін атап өтті. Алты мыңнан астам оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің ішінде жақсы баға алғандары аз емес. Олар оқушылардың өскелең ой-өрісін ескере отырып, түсінікті тілмен жазылған және жақсы безендірілген. Осы үлгіні темірқазық етіп ұстауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, отандық оқулықтарды жасаушылар мен оның авторлары баспагерлермен шығармашылық тұрғыда жұмыс істеуі керек, деді. Ол бұдан кейін жаһандану дәуірі алдымызға жаңа талаптар қойып отырғанын, оқулықтарды басып шығаратын базаны жетілдіру, сапасы уақыт талабына сай келмейтін дүниелердің мазмұнын жариялы түрде жұртшылыққа жеткізу үшін оны министрліктің веб-сайтына орналастыру керектігін де алға тартты. Оқулық авторлары мен сарапшылардың, баспагерлер мен полиграфистердің елдік істе бірлікте жұмыс істеуі оң нәтиже беретінін, алдағы уақытта бұл ұрпақ тағдырын айқындайтын құндылыққа ерекше мән берілетінін, осы игілікті шараны жүзеге асырған азаматтарға материалдық жағынан ынталандыру болатынын да атап өтті. Сүлеймен МӘМЕТ.* * *
БАСТАУЫШ – БІЛІМ БИІГІНІҢ БАСПАЛДАҒЫ
Теміртау қаласында қазақ мектептерінің қатары жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұрын мүлдем жоқ болатын. Металлургтер шаһарында өзім сабақ беретін №8 мектеп жаңадан ашылған мемлекеттік тілдегі білім ордаларының бірі. Ол қазір теміртаулықтарға жақсы танымал. Осы заманғы оқу құрал-жабдықтарымен толық жасақталған. Білікті мұғалімдер сапалы білім беру мен тәрбиені санаға сіңіру жолындағы ізденістері арқылы ата-аналар мен оқушылардың құрметіне бөленуде. Осындағы бастауыш сыныптарға сабақ беріп келе жатқаныма біраз жыл болып қалды. Кейінгі кездегі жағымды бір құбылыс – өзге ұлт жеткіншектерінің де қазақ балаларымен бірге оқуға ынта-ықыласының өсе түсуі. Соның жарқын айғағы менің сыныбымда Аня Холькина есімді орыс қызы үздік оқып жүр. Бұдан үш жыл бұрын оны әжесі Наталья Ефимова жетектеп әкелген болатын. Талабы таудай шәкіртім ана тілімізді тез үйренді. Бүгін де кейбір құрбы-құрдастарынан да артық мүдірмей сөйлейді. Мұны айтып отыруымның бір себебі, мемлекеттік тілде оқуға барлық ұлт ұландарын тартуға мүмкіндік бар. Соған ниет танытушыларды қолдап, қамқорлықты күшейте түсу қажет. Бұл бағыттағы үгіт-түсінік жұмыстарын жан-жақты жүргізудің де ықпалы үлкен болары даусыз. Бастауыш білім – білім биігіне баспалдақ. Мен сол жауапкершілікке кір келтірмеуді бір сәт те естен шығарған емеспін. Ж. МАНАПОВА, бастауыш сынып мұғалімі. Теміртау қаласы.* * *
БАЛАБАҚШАСЫ ЖОҚ, ЖҮЗ БАЛАСЫ БАР АУЫЛ
“Жол картасы” бағдарламасынан үміттері бар
Бұл ауыл Қаратерек деп аталады. Мыңнан аса халық тұратын ауылға Орджоникидзе және Тіктоғай атты бөлімшелер қарайды. Осы үш ауылдағы қазақ арасында 16 орыс, 4 украин, 5 беларусь, 7 татар, бір шешен қалыпты. Дастарқан мол. Мал-жан, бала-шаға аман. Жолдары жөнделіп, таза ауыз суға да қолдары жетіпті. Мектепке Сандуғаш, Арайлым деген жас мұғалімдер келіпті. Оларды қолдап үй-қаражат беріліпті. Дәрігер Алмагүл Базарова басқаратын емхана жұмысы талапқа сай. Тұрғындарды алаңдатып отырғаны – өткеннен қалған құрылыстар: аурухана, балабақша, тұрғын үйлердің бос тұрғаны. Бұл “Жол картасы” бағдарламасы үшін жаңа ғимарат салып әуреге түспей-ақ, нағыз іздегенге сұраған. Балабақша ашылса, ауылдың 100 баласы қуанышқа бөленіп, әрі бірқатар адамға жұмыс орындары табылар еді. Айтпақшы, жекешелендіру жылдары балабақша үйін сатып алған шаруа қожалығының басшысы Оразбай Құрманов жиырма жыл уақыт өткенде тұрғындарға тегін қайтарып беріпті. Ауылдастары ризалықтарын білдіріп, ештен кеш жақсы деп отыр. Бәрі жабылып бәленбай жыл бос тұрған үйдің төбесін күл-қоқыстан тазалапты. Ендігі көмек – “Жол картасынан” болса, қараусыз қалған үйдің іші-сыртын жөндеп, балабақшаны қалпына қайта келтіргенге біраз қаражат көзі керек дейді. Балабақшаның кезінде “Қарлығаш” деген атауы болыпты. Осы ауылға барғанымызда ата-аналар Ризагүл Спанова, Айман Арын, Тұрсын Маржан, Дина Божақан, Қизат Шаймарданов, Анар Балмағанбетқызы және басқалары “Қарлығаш” ұясына қайта оралса екен деген тілектерін билік орындарына жеткізуімізді өтінді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы, Май ауданы.* * *
ТАЛАНТТАР ТАҒЫЛЫМЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемен еліміздің дарынды жастарына жол ашу мақсатында арнайы Жарлық шығарып, 1998 жылы “Дарын” орталығын құрған еді. Содан бері, 12 жыл ішінде еліміздің талантты жастары төрткүл дүниеде үздіксіз өтіп келе жатқан білім сайысында 170-ке жуық алтын, 193-тен аса күміс, 220-дай қола медальға ие болды. Сонымен қатар, орталық өз Отанымызда да жүзден жүйріктер арасында халықаралық жарыстар өткізуді дәстүрге айналдырды. Соның ең бастысы елордада математикадан өткен 51-ші халықаралық олимпиада дер едік. Жүзге таяу мемлекеттің ішінен топ жарып 5-ші орынға көтерілуіміз, 3 алтын, 2 күміс медальды иеленуіміз жастарымыздың ерекше дарыны мен қарымын көрсетті. Мұндай жанарыңа қуаныш ұялататын, Отаныңның абыройын асыратын игілікті істер алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Тілдаш БИТУОВА, Республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталығының директоры.