Жаһандану жағдайындағы ұлттық білімге арналды
Өнер-білімі дамыған жұрттардың қатарына ұлтын қосуды арман еткен Ыбырай Алтынсариннің бала оқыту жөніндегі озық идеясын жаңғырта алсақ, көп құндылықтар бар. Ұлы ағартушы бір замандары “Алыстан хабар алғызған” деп айтқан сөзі бүгін жүзеге асып, алысты қойып, ғарышпен тілдесіп жатырмыз. Бұдан бабамыздың ой-санасының сол заманның өзінде өлшеусіз биік болғанын, тіпті көріпкелдік танытқанын аңғару қиын болмаса керек. Үш жылдан бері халықаралық деңгейде өтіп келе жатқан Ыбырай Алтынсарин оқулары биыл елордада “Жаһандану жағдайында ұлттық білім беру жүйесін дамыту” деген тақырыпта жалғасын тапты.
Ұлтымыздың ұлы ағартушысы, жаңашыл-педагогы, қазақ мектебінің және ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалаушы, ғалым-этнограф, ақын, прозашы Ыбырай Алтынсариннің бүкіл еңбектерін халықаралық оқу үрдісімен салыстыра отырып, жаһандану заманындағы ұлттық білім туралы ғылыми жаңалықтарды оқытудағы жаңашылдық шекара таңдамайтынын, ол өркениет дамуында ортақ үрдіс болып саналатынын ғұлама атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті Т.Балықбаев баян етсе, Беларусь Республикасы ұлттық білім беру институтының директоры Г.Пальчик өз отанындағы білім берудегі ізденістерді тілге тиек етті. Ал Украинадан келген ғалым О.Лященко орта білімді реформалаудағы Қазақстан үлгісін сөз етті. Алқалы басқосуда ұлы ұстаздың жан-жақты ой-байламдарын бүгінгі заман үрдісімен ұштастыра отырып, оқу үрдісіне орнықтыру жайы қозғалды. Сонымен қатар, халықаралық конференцияға қатысушылар ұлттық білім беру жүйесін жаһандану үдерісіне сәйкес жетілдіру, инновациялық ізденістерге оң ықпал ету, 12 жылдық білім беруге көшудің ғылыми-әдіснамалық және оқу-әдістемелік негіздерін қалыптастыру, халықаралық және ТМД елдері ғылыми ұйымдарымен қарым-қатынасты нығайту жайын сөз етіп, ортақ мақсатқа бірлікте болу қажеттігін алға тартты.
Сүлеймен МӘМЕТ.