Германия үкіметінің басшысы Ангела Меркельдің иммигранттардың өздерін қабылдаған елдің өміріне сіңісіп кетуі жөн деген сөзі ел ішінде де, сондай-ақ сыртта да, әсіресе Еуропа елдерінде біраз әңгімеге арқау болды.
Оның да жөні бар. Иммиграция мәселесі Еуропаның көптеген дамыған елдері үшін проблемаға айналып отыр. Және де бұған дейін Ангела Меркель иммигранттарға төзімділікпен қарау керек, қолдан келгенше жағдай жасау керек деген пікірде болған, мультикультурализм идеясын қолдап келді. Бұл идеяның мәні мынада: мәдени және этностық топтардың өз мәдени, салт-дәстүрлерін сақтап, дамытуларына мүмкіндік беру қажет.
Ангела Меркель бұл идеядан бас тартты. Оны Христиан-демократтар одағы (ХДО) партиясы жастар ұйымының съезінде сөйлеген сөзінде арнайы тоқтап айтты. “Біз мультикультурализм идеясына сүйеніп, қатар өмір сүреміз, бір-бірімізді қолдап отырамыз деп ойлап едік, ал бұл болмайды екен, мүлде болмайды екен”, – деді канцлер.
Сонда не істеу керек дегенде, ол ойын айқын жеткізді: біз шетелдіктердің келгенін құптаумен қатар, оларға қатаң талап та қоюымыз керек, деді үкімет басшысы. ГФР-де тұрған шетелдіктер елдің заңын сақтаумен қатар, неміс тілін де білуге тиіс, сондай-ақ христиандық құндылықтарды сыйламайтындарға бұл елде орын жоқ.
Канцлердің ойынша, иммигранттар неміс қауымына кірігуге ұмтылуға міндетті. Өз еріктерімен келген соң, осында тұрған соң, олардың мақсат-мүддесі жергілікті халықтың мақсат-мүддесімен сай болуға тиіс. Мұндай талапты жүзеге асыру жақын болашақтағы саяси міндетке айналмақ.
Неге ГФР канцлері өз пікірін күрт өзгертті деген сұраққа жұрт жауап іздейді және әртүрлі болжам айтады. Шын мәнінде қазір көп елдерде иммиграция мәселесі айрықша өткір қойылып отыр. Оны реттеп отырмаса, елге экстремистік элементтердің де, қоғамға масыл болатын топтардың да келуі айтарлықтай ауыртпалық тудырады. Осы жай үкімет басшысын мықтап ойландырса, оған түсіністікпен қарауға да болар. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, алдағы көктемде – сайлау. Жұрттың көңіл күйіне де қарау керек. Қазір неміс қоғамында иммигранттарға теріс көзқарас айтарлықтай. Бір жағынан оған келімсектердің де іс-әрекет, қылықтары да себепші. Өз елдеріндегіден мұнда әлдеқайда көбірек табыс тауып, неміс қоғамының жемісін жеп отырғандарына қарамай, олардың бөлініп, өздерінің тектеріне тартуы жергілікті халықтың қарсылық сезімін тудырады. Мұны елемеген жағдайда кез келген партия сайлау кезінде біраз дауыстан айырылуы мүмкін. Ангела Меркель де өз партиясының мүддесін ойлауға тиіс.
Осы жерде мына мысалға тоқтала кеткен жөн. Жақында Германия мен Түркия футбол командалары кездескенде, жергілікті құрамадағы тегі түрік болғанмен, осында туған Месут Озил қарсыластарының қақпасына гол соққанда, стадионға көп жиналған иммигрант түріктер ызалы айқайға басқанда, оған немістер де, Германия азаматтары бола тұрып, неге басқаға бүйректерің бұрады деп ызыланған.
Өз халқының саны Еуропадағы ең көп болғанымен, Германияға да сырттың жұмысшы күші, иммигрант-жұмысшылар келгені керек. Және аз да емес, жыл сайын жарты миллиондай адамның келгені керек. Бұрындары келгеніне рахмет десе, енді айтарлықтай талап қоймақ. Тілімізді білесің, неміс қауымына кірігесің, дейді. Мұндай талапты қабылдағысы келмегендерге есігін жаппақ. Талап күшейгенмен, бұл елге келгісі келетіндер азаймас.
Германия – жетекші ел. Оның жолына басқалар құрметпен қарайды. Сірә, еуропалық елдер өздерінің миграциялық саясатын қатайта түсетін болар. Бұған дейін Францияның өз елінен сығандарды қуып шыққанын біраз жұрт айыптағандай болса, енді Германияның иммигранттарға талабын күшейткенінен кейін бұл проблемаға қатысты саясат айтарлықтай өзгерер.
АТТАН ТҮСКЕНГЕ СӘЛЕМ СЕЛСОҚ БЕРІЛЕДІ
Сірә, Мәскеу қаласының мэрін ауыстыру Ресейде ел басшысын ауыстырудан да көбірек сөз болған шығар. Әңгіменің айтылғаны қашан. Лужков кетті, Собянин сайланды, бірақ әңгіме бітер емес.
Мәскеудің мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты екені де рас. Оны кім басқаратыны да маңызды. Тіпті жұрт оған кімнің келуіне байланысты Путин мен Медведевтің қайсысының беделі көтерілетінін де аңғармақ болған. Кезінде Мәскеу басшысы Борис Ельциннің КСРО-дай құдіретті елдің басшысы болған Михаил Горбачевтің түбіне жеткенін де жұрт ұмытпағандай.
Юрий Лужков Мәскеуді ұзақ басқарды. Ел басшылары ауысып жатқанда, ол ауысқан жоқ. Әлі де ауысқысы келмеген, бірақ оны ауыстырды. Сірә, оны ауыстыру да оңай болмағандай. Алдымен ауыстыру жөнінде оған емеурін білдірілді. Лужков оны ұқпады емес, жақсы ұқты. Татарстан басшысы Минтемир Шаймиев пен Башқұртстан басшысы Мұртаза Рахимовтың қалай кеткені де үлкен сабақ еді. Лужков өзін қолдаушыларға көбірек сеніп қалғандай. Ол Путиннің сенімін ақтағанмен, Медведевтің сенімін ақтай алмады.
Осыдан тура бір ай бұрын, қыркүйектің соңында президенттің “сенімін ақтамағаны үшін” сол президенттің жарлығымен орнынан алынды. Әйтеуір кететінін білген соң, абыроймен кетуі керек еді-ау дейді жұрт. Абыроймен дегенде, өз өтінішімен, ел басшылығына рахметін айтып, арқа қағысып дегендей кеткенде, аттан түскендей болмас еді-ау дегенді айтады.
Алдымен оны ақпарат құралдары арқылы қаралау басталды. Сонда Лужковты жақтайтындар ара түсе алмады. Содан кейін-ақ оны әшкерелеушілердің жарысқа түскені бар. Тіпті мэрдің командасында болғандардың өздері Мәскеуде орын алған кемшіліктерді тауып жатты.
Бұл жерде біз әсте де Лужковқа ара түскелі отырғанымыз жоқ. Оның көп ісі бізге де жұмбақ. Бізді қызықтыратын да, көзге айқын көрінетіндей жай – бұл жұрттың екіжүзділігі. Азамат аттан түскен соң, оған жұрттың сәлемі де өзгерді. Қарап тұрсаң, бір адам, бір Лужков. Арасы бір-екі айдың ішінде ол тым өзгере қойған жоқ. Ал оған деген сәлем өзгерді. Кешегі құдіретті Мәскеу мэрінің кемшіліктерін көргіштер көп, сынаушылар жетерлік, әшкерелеушілер де табылып отыр.
Ең сорақысы – солардың арасында оның бұрынғы достары жүр. Кезінде өзі құрған “Справедливая Россия” партиясының басшылары оны жауап беруге шақырды. Лужков барған жоқ. Енді сот арқылы шақыруы мүмкін. Мәскеуге мэр болуға үміткердің бірі Александр Лебедев өздерін қоя тұрып, өткен айда Лондон сотына Лужков пен оның әйелі кәсіпкер Елена Батуринаның қызметін тексеру жөнінде шағым түсірді. Тағы біреулердің ұйымдастыруымен Мәскеу маңындағы Речник поселкесінің тұрғындары да сол Лондон сотына Лужковтың үстінен шағым бермектігі белгілі болды.
Ал әзірге Лужков Лондонға барған жоқ. Тек сонда бару ниеті барлығын аңғартып отыр. Ағылшын елшілігінен виза алуға барған көрінеді. Виза беріліп, ол Лондонда тұруға барса да, онда да оған тыныш өмір бола қоймайтын сияқты. Лондон қазір қашқандарға пана жер болып отыр. Басқасын айтпағанда, олар сонда қашып барғандарды ұстап алып, кері қайтармайды. Байлардың, беделді саясаткерлердің келгенінен оларға зиян жоқ, қайта олардың шашқан дүниесінен пайда бар.
Жасы келген адамның туған жеріне сыймай, шетел аспақтығы оның өзіне қасірет болса, оны сыйдырмаған отанына да абырой емес. Соған қарап елге де баға беріледі.
Мамадияр ЖАҚЫП.